Ел мен екпе: Әлемдегі 7,9 млрд халықтың қаншасы екпе алды?

0
1001

Қазіргі уақытта әлем халқының 28%-ы коронавирусқа қарсы екпе алды. Жоспар бойынша, жыл соңына қарай әлем бойынша екпе алғандардың үлесі 46%-ға жету керек. Бұл деректерді британдық Airfinity ғылыми-талдау компаниясы ұсынып отыр. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әзірге екпе алу қарқыны коронавирустың өршу деңгейімен салыстырғанда әлдеқайда төмен екендігін мойындайды. Халқының жартысына жуығы екпенің толық дозасын алған АҚШ, Израиль және Еуропалық Одақ елдерінде де коронавирустың жаңа штамдары өршіп барады. ДДСҰ өкілдері жағдайды реттеу үшін вакцинацияны одан әрі жалғастыру керектігін айтады.

ЕКПЕ НАУҚАНЫ: АҚШ ПЕН ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ КӨШ БАСЫНДА, АФРИКА ЕЛДЕРІ КӨШ СОҢЫНДА

ДДСҰ-ның соңғы мәліметіне сүйенсек, 7,9 млрд адам тұратын Жер бетінде екпенің 5 млрд-қа жуық дозасы бар. Дегенмен, антиваксерлердің жетегінде кеткендердің көп болуына байланысты қолда бар екпені салдырмай отырғандар аз емес.

Әрине, дамыған елдер вакцинациялау үрдісінде көш бастап тұр. Қазір АҚШ халқының 52%-ы, Ұлыбритания халқының 64%-ы, Еуропалық Одақ тұрғындарының 57%-ы толықтай екпе алды. Егерде тек ересек адамдарды ғана есепке алып, қайта есептеуді жүргізетін болсақ, онда 31 тамызда Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен мәлімдегендей, Еуропалық Одақ тұрғындарының 70%-ы екпенің толық дозасын алған болып шығады. Сонымен қатар, Латын Америкасының кейбір елдері (Чили, Эквадор, Уругвай), Таяу Шығыс елдері (БАӘ, Сауд Арабиясы) және Моңғолия, Қытай, Сингапур, Малайзия, Жапония, Камбоджа сынды Азия елдері де вакцинациялау науқанын ойдағыдай атқарып жатыр.

Африка құрлығы әдеттегідей әлемдік үрдістің соңында қалды. Ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі африкалық орталықтың мәліметінше, қара құрлықтағы халықтың тек 1,75%-ы ғана толық вакцинацияланған. Тек жеті ел ғана өз азаматтарының 5%-дан астамын вакцинациялауға қол жеткізген. Соның ішінде Сейшел аралдары (68%) мен Марокко елінде (30%) вакцинациялау салыстырмалы түрде белсенді жүргізілу үстінде.

ДҮНИЕНІ ДІҢКЕЛЕТКЕН ДЕРТ

Тамыздың ортасында ДДСҰ қазірдің өзінде әлемнің көптеген елдерінде таралып үлгерген дельта-штамының әлем бойынша коронавирустың ең қауіпті мутацияланған түріне айналғанын ескертті. Дәл осы штамды әлем бойынша коронавирустық инфекцияның деңгейін қайта өршіткені үшін айыптайды. ДДСҰ-ның Еуропа бойынша басшысы Ханс Клюге осы аптада мәлімдегендей, соңғы уақытта аймақтағы вакцинациялаудың қарқыны бәсеңдеп қалған. 53 елдің 33-інде дельта-штамының тез таралуымен және саяхатшыларға қойылған шектеулерде бірқатар жеңілдіктердің пайда болуымен вакцинациялау қарқыны төмендеген. Өкінішке қарай, соңғы екі аптада ЕО елдерінде коронавирус жұқтырғандар саны 10%-ға артқан.

Клюгенің айтуынша, індеттің салдарынан 1,3 млн тұрғынынан көз жазып қалған Еуропада өткен аптада өлім-жітім деңгейі бірден 11%-ға өсті. ДДСҰ-ның болжамынша, желтоқсан айының басына қарай Еуропада індеттен қайтыс болғандардың қатары 236 мың адаммен толығуы мүмкін.

АҚШ-та ауру деңгейі шілде айынан бастап көтерілді. Ал, айдың соңғы апталарында жаңадан індетті жұқтырғандардың орташа саны тәулігіне 158 мың адамды құрады. Сонымен қатар, АҚШ-та жан басына шаққандағы тәуліктік өлім-жітім Ұлыбританиямен салыстырғанда екі есе, Еуропалық Одақпен салыстырғанда төрт есе көп болды. Осыған орай ЕО Кеңесі 30 тамызда АҚШ азаматтарын кәрі құрлыққа қатаң тексерусіз саяхаттай алатын қауіпсіз елдердің тізімінен шығарып тастады. Бірақ, бұл барлығына бірдей тыйым салғанды білдірмейді. Вакцинациялаудан толық өткен АҚШ азаматтарына ЕО елдеріне кіруге рұқсат. Алайда, ол үшін АҚШ азаматтары Дәрілік заттар жөніндегі Еуропалық агенттік (EMA) мақұлдаған вакциналарды ғана қабылдаулары қажет. Pfizer, Moderna, AstraZeneca, Johnson&Johnson екпелерін қабылдағандар үшін ЕО есігі ашық. Сондай-ақ, ЕО Кеңесі Косово, Черногория, Ливан, Солтүстік Македония және Израильді де қауіпсіз елдер тізімінен шығарды. Соңғысы өз халқының 75%-ын коронавирусқа қарсы вакцинациялаған болатын. Алайда, жаппай вакцинациялау аяқталған соң, бес айдан кейін Израильде індет қайтадан өрши бастады. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, соңғы аптада індет жұқтырғандардың орташа саны бір тәулікте 8,9 мыңнан асты. Бұл – пандемия басталғалы бері тіркелген ең жоғары және маусымның аяғында тіркелген көрсеткіштен 30 есе көп көрсеткіш.

КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ РЕВАКЦИНАЦИЯ КЕРЕК ПЕ?

Израиль, Ресей, Франция, Германия және Таяу Шығыстың кейбір елдері коронавирусқа қарсы ревакцинация науқанының басталғанын жариялады. Бұл жайында АҚШ пен Ұлыбритания да ойланып жатыр.

Даниялық вирусолог Аллан Рандруп Томсеннің айтуынша, екпенің үшінші компоненті бірінші кезекте қарт адамдарға қажет. Содан кейін ғана індеттің таралу жылдамдығына байланысты халықтың қалған бөлігін ревакцинациялау туралы ойлануға болады.

Женева университеті Жаһандық денсаулық сақтау институтының директоры Антуан Флао ревакцинация жасауға әлі ерте екенін айтады.

«Бұл кезеңде иммунитеті төмен науқастар мен қарт адамдарды есепке алмағанда, толық вакцинацияланған адамдарға үшінші компонентті салудың қажеттілігі туралы сенімді дәлелдер жоқ. Бұл ұстанымымыз мүмкін алдыңғы айлардағы жағдайға байланысты өзгеруі де ғажап емес. Бірақ, қазіргі уақытта әлі екпе алмаған адамдарға қолжетімді вакцинация ұсыну ең маңызды қадам болып саналады», – дейді швейцариялық сарапшы.

Иә, әлемді жайлаған індеттен құтылудың бірден бір жолы – екпе салдыру. Өйткені, коронавирустың емі екпеде болып тұр…

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here