Маңғыстау облысында Ардагерлер үйі пайдалануға берілді

0
1324

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Форт-Шевченко қаласының 175 жылдығы, 1-қазан Халықаралық қарттар күніне орай, Форт-Шевченко қаласынан «Ардагерлер үйі» пайдалануға берілді. шараға Түпқараған ауданы әкімі Айбек Қосуақұлы, Маңғыстау облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Құдайбергенұлы, бір топ аудан ардагерлері, ауған ардагерлері, қала, ауыл әкімдері, мекеме басшылары қатынасты. «Ардагерлер үйінің» ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі А. Қосуақов ардагерлердің қоғамдағы рөліне,ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталып өтті.

Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген тағылымды сөз бар. Біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз. Өйткені, ғұмыры ғибратқа толы ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолы – өнеге мен тағылым мектебі. Бүгінде ауданда 67 тыл ардагері және 2281 зейнет жасындағы қария бар. Олардың әлеуметтік жағдайы, күнделікті тыныс-тіршілігі, тиісті қолдаулар мен жеңілдіктерге ие болуы мемлекет назарында. Бүгін өздеріңізбен бірге, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесіне орай аудан орталығында «Ардагерлер үйінің» жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашу үшін жиналып отырмыз. Ардагерлер отауының ашылуы ұйымның жұмыс аясын кеңейтетіні сөзсіз.

Көңілі дария аға буын өкілдері осы орында бас қосып, уақыттарын тиімді өткізумен қатар, түрлі тақырыпта пікір алмасып, қоғам дамуына өзіндік үлесін қосатын болады. Бұл ғимараттың ашылуына демеушілік көрсеткен Мусабаев Самат Базарбайұлына ерекше алғысымды білдіремін. Құрметті аға буын өкілдері! Өздеріңіз білетіндей, биыл Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл, Форт-Шевченко қаласына 175 жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақстан мен көркейген туған қаламыздың бүгінгідей жетістіктерінің барлығында да сіздердің қолтаңбаларыңыз бар екендігін баса айтқым келеді. Жасым ұлғайды демей, ағайынның арасында елдіктің сөзін айтып, мағыналы өмір сүрудің биік өнегесін көрсеткен ақжарқын пейілдеріңіз бен адал ниеттеріңізге үлкен рахметімді, шексіз алғысымды білдіремін»,- деді А. Қосуақұлы.

Шара барысында Маңғыстау облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлетов Серікбай Құдайбергенұлы мен Түпқараған ауданының Құрметті Азаматы, ардагер, Күзембаев Аманғали Жұмашұлы «Ардагерлер үйінің» салтанатты түрде лентасын қиып, ашып берді. Бұдан бөлек, Ардагерлер үйіне аудан әкімінің атынан сый-сияпаттар табысталды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here