Українська мова: Украина мемлекеттік тілін өз тұғырына қалай қондырды?

0
1943

Украин тілі славян тілдерінің бірі болып табылады. Сөйлеушілердің саны шамамен 45 млн адамды құрайды. Соның ішінде 37 млн адам оны ана тілі санайды. Әрине, ол Украинаның мемлекеттік тілі. Сонымен қатар, украин тілінің Молдова, Румыния, Сербия, Словакия, Хорватия, Босния және Герцеговина, Польша елдерінде ресми немесе аймақтық тіл мәртебесі бар. Күні кеше бұл қатарға алыстағы Бразилияның Прудентополис ауданы қосылды. Яғни, Парана штатына қарайтын ауданда украин тілі ресми тіл мәртебесін алды. Заң жобасын 5 қазандағы отырысқа қатысқан депутаттардың барлығы бірауыздан мақұлдады.

50 мыңнан астам халқы бар Прудентополис ауданында украин тіліне ресми мәртебе берілуі негізсіз емес. Өйткені, мұнда украиндар көп тұрады. Олар халықтың 75%-ын құрайды. Сонда украиндар алыстағы Бразилияда қайдан жүр? Енді бұл сұраққа қысқаша жауап беріп көрелік.

Қысқаша айта кетсек, 1890-шы жылдардың ортасында Бразилияда құл иеленушілік жойылғаннан кейін жұмыс күшінің тапшылығы пайда болды. Осыдан соң жергілікті үкімет елге иммигранттар тарту үшін жер учаскелерін он жылға беретіндерін мәлімдеді. Бұл ұсыныс сол тұста жері жоқ украин шаруаларына өте тиімді болып көрінді. Нәтижесінде, 1895-1899 жылдар аралығында 15-20 мың украин Бразилияға қоныс аударды. Бұл көштің бірінші толқыны болатын. 1908 жылы Бразилия үкіметінің шақыруымен  Сан-Паулу мен Риу-Гранди-ду-Сул штаттарының арасында теміржол салу үшін тағы да 20 мың украин келді. Сөйтіп, 1920 жылдары Бразилияда шамамен 50 мыңға жуық украин тұрды. Иммиграцияның екінші толқынында украин зиялыларының үлесі жоғары болды. 1918-1939 жылдар аралығында Бразилияға Украинаның Галиция, Волынь, Полесье, Буковина, Закарпатье аймақтарынан 9 мыңға тарта адам келді. Сонымен қатар, Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін тағы жеті мың украин Бразилиядан пана тапты. Олардың арасында бұрынғы кеңестік әскери тұтқындар, саяси босқындар көп еді. Бүгінде Бразилиядағы украиндердің саны шамамен 600-800 мыңның арасында.

Заң жобасының оқылымында украин тілі Прудентополистегі португал тілінен кейінгі кең таралған екінші тіл екенін атап өтті. Аудандағы украиндардың көпшілігі негізінен Украинаның Тернополь облысынан келгендер.

«Жаңа заң мамандарды алмастыруға, жастарды Украинаның жоғарғы оқу орындарына жіберіп оқытуға немесе қашықтықтан оқытуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Украина үкіметі украин тілін Еуропалық Одақтың ресми тілі деп танылғанын қалайды. Украинаның мемлекеттік тілді қорғау жөніндегі өкілі Тарас Кремень украин тілінің жаңа мәртебесі Украинаның халықаралық аренадағы позициясын күшейтетінін айтады.

Украинада мемлекеттік тілді дамыту үшін бірқатар шаралар атқарылып келеді. Мәселен, 2020 жылдың наурызында ел президенті Владимир Зеленский «Жалпы орта білім туралы» Заңға қол қойды. Бұл елдегі орыс тілді отбасыларға салмақ салғаны анық. Себебі, заң бойынша мұндай отбасылардан шыққан оқушылар бесінші сыныпқа дейін пәндердің 80 пайызын украин тілінде оқуға міндетті. Сөйтіп, орыс тіліндегі оқыту бағдарламалары алынып тасталды.

Украина үкіметі мемлекеттік тілдің ауқымын білім беру саласында ғана кеңейтумен шектелмеді. 2021 жылдың 16 қаңтарынан бастап 2019 жылы қабылданған «Украин тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданылуын қамтамасыз ету туралы» Заңның жаңа ережелері күшіне енді. Дәл осы күннен бастап елдегі барлық қызмет көрсету орындары заң талабын орындауға міндеттелді. Аталмыш заңның жаңа ережелері мемлекеттік меншікке де, жекеменшік кәсіпорындарға да қатысты деп танылды. Атап айтқанда, дүкендердің, мейрамханалардың, жанармай құю бекеттерінің қызметкерлеріне келушілерге тек украин тілінде қызмет көрсету талап етіледі.

Мемлекеттік тілде сөйлеуден бас тартқан қызметкерлердің басшыларына 2022 жылдың 16 шілдесіне дейін санкциялар қарастырылмайды. Алайда, бұл мерзім аяқталғаннан кейін тәртіпке бағынбағандарға 5 100-ден 6 800 гривенге (шамамен 82 366-109 822 теңге) дейін айыппұл салынады.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here