Министр жас ғалымдарды қабылдады

0
1815

14 қазанда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев Нұр-Сұлтан қаласында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің үздік жас ғалымдарымен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамыту және министрлік үшін кадрлық резерв даярлау мәселелерін талқылады.

Министр өз сөзінде еліміз үшін білікті кадрлар даярлау сапасын жақсарту, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарын мемлекеттік қолдау, агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасалынып жатқан игілікті істер туралы айта келіп, ҚР Үкіметі бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Ербол Шырақпайұлы ҚазҰАЗУ жас қызметкерлерінің кәсіби өсулерін ынталандыру деңгейін арттыру және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кадрлық әлеуетін университеттің 30 үздік жас ғалымдарының арасынан толықтырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Университет келесі бағыттар бойынша: ауыл шаруашылығы ғылымдары және биоресурстар, ветеринария, үш деңгейлі сатылық білім (бакалавриат, магистратура, докторантура) аясында білікті мамандар дайындайтын Қазақстандағы бірден-бір жоғары оқу орны болып табылады.

«Министрлік үшін кадрлық резервті қалыптастыру – бұл өте ауқымды, шығармашылық сипаттағы және стандартты емес белгілері бар күрделі процесс. Кадрлық резервті қалыптастыруға, дамытуға және пайдалануға тән әлемдік бірқатар тәжірибелік тәсілдер бар. Олардың барлығы да әдетте, ауыл шаруашылығы кешеніне қажеттіліктерге жауап беретіні анық. Біз де сол халықаралық тәжірибелерге сүйенеміз, әрі осындай ашық диалог арқылы өтетін кездесулердің де жақсы нәтижелер беретініне сенеміз. Бұл Мемлекет басшысының агро саласының алдына қойған мақсаттарға жетуімізге көмектеседі. Сондықтан біз үшін өзекті зерттеулер мен ғылыми жұмыстар жүргізу арқылы жергілікті жерлерде мәселелерді шеше алатын жастар, сіздермен кері байланыс орнату өте маңызды», – деп атап өтті министр.

Кездесуге ҚазҰАЗУ-дың атынан 10 жас ғалым – университет жас ғалымдар Кеңесінің Төрағасы, халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Бекзат Төрегелдиев; халықаралық рейтинг басқармасының басшысы, «Ветеринарлық санитарлық сараптама және гигиена» аға оқытушысы Абзал Абдраманов; ғылым департаментінің директоры Асан Байболов; «Машина пайдалану» кафедрасының аға оқытушысы Қанат Хазимов; «Микробиология, вирусология және иммунология» кафедрасының аға оқытушысы Динара Сарыбаева; «Өсімдіктерді қорғау және карантин» кафедрасының аға оқытушысы Гүлнұр Сүлейманова; «Топырақтану және агрохимия» кафедрасының аға оқытушысы Жайнагүл Ертаева; «Тамақ өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының аға оқытушысы Алмас Мухамедов; «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша 2-курс докторанты Гүлназ Искакова; ҒЗЖ үйлестіруді жоспарлау, жобаларды сараптау бөлімінің бастығы Гүлнар Ахметқанова қатысты.

Өз кезегінде топ жетекшісі, жас ғалым Бекзат Төрегелдиев ҚазҰАЗУ жас ғалымдар кеңесінің қызметі және университеттің жетістіктері мен алдағы даму жоспарлары туралы айтып берді. Университеттің жас ғалымдар кеңесі еліміздің жоғары оқу орындары арасында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының «Үздік жас ғалымдар кеңесі» атағына ие болды. Университеттің Халықаралық білім Хабы табысты жұмыс істеуде: академиялық ұтқырлық дамуда, үш тілде білім беру, сондай-ақ ағылшын тілінде оқыту жүргізілуде. 15 бағыт бойынша халықаралық жазғы және қысқы мектептер өткізіледі. АҚШ, Еуропа, Тынық мұхит аймағы елдерінің беделді университеттерімен белсенді ынтымақтаса отырып, жоғары оқу орны қос дипломның бірқатар бағдарламасын қалыптастырды. Соңғы кездері конкурстық негізде оқытушылар қатарын университеттің магистратурасы мен докторантурасын табысты аяқтаған, сондай-ақ жетекші шет елдерде білім алған 200 жас ғалым толықтырды. Құрамында 7 ғылыми-зерттеу институты, 8 инновациялық орталық, 49 зерттеу зертханасы, 18 халықаралық зерттеу орталығы жұмыс істейтін халықаралық Агротехнологиялық хабтың инновациялық қызметі кеңейтілуде. Университетте 100-ге жуық ғылыми жоба орындалып, коммерциялық стартап-жобалар іске асырылуда. Бүгінде бірнеше министрліктің ұсынымы бойынша 2021-2023 жылдарға арналған 26 ғылыми жобаларды орындауда. ҒЗЖ бойынша орындалған жобалардың 25%-ы өндіріске енгізілді.

Кездесу барысында жас ғалымдар ведомство басшысының назарын саланың дамуына және АӨК жүйесіне жаңа технологияларды енгізуге кедергі келтіретін бірқатар мәселелерге аударды. Өз кезегінде Ербол Шырақпайұлы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-білім беру саласының түрлі мәселелеріне қатысты барлық сұрақтарға жауап беріп, алдағы уақытта мұндай кездесулер тұрақты сипатқа ие болып, аграрлық сектордың дамуына жаңа серпін беретініне сендірді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here