Ақсу тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілттері табысталды

0
982

Ақсу тұрғындарына қаланың мерейтойына орай жаңа пәтер кілті табысталды. Шара Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Ақсу қаласының 60 жылдығы қарсаңында өтті.

Қоныс тойын тойлаушыларды алғашқылардың бірі болып Павлодар облысының әкімі құттықтады. Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, Ақсу өзінің тарихында шағын жұмысшылар ауылынан біздің елдің ірі өндірістік орталығына айналды. Қазақстанның әрбір алтыншы тұрғыны осы жерден өндірілген электр энергиясын алатынын айтсақ та жеткілікті.

«Ақсу қаласы заңды түрде еліміздің металлургиялық және энергетикалық орталығы болып саналады. Оны энергетиктер мен металлургтер қаласы деп бекер атамаған. Бұл даму көбіне ақсулықтардың жанқиярлық еңбегінің арқасында жүзеге асуда. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойында мұнда маңызды әлеуметтік мәселелерді шешетін, соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқаны өте маңызды», – деп атап өтті облыс әкімі.

Әбілқайыр Сқақов жаңа қонысқа ие болушыларды және барлық тұрғындарды қаланың мерейтойымен, өмір сүру жағдайларының жақсаруымен шын жүректен құттықтап, жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.

Екінші топтағы мүгедек Нұргүл Жұманова да бақытты баспана иелерінің бірі атанды. Оның айтуынша, ол 2012 жылдан бастап бала кезінен мүгедек ретінде пәтер кезегінде тұрған. Сондықтан бүгінде оның қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөліп, қамқорлық жасап жатқан мемлекетке рахмет. Менде қазір бірінші қабатта бір бөлмелі пәтер бар, өте жылы», – дейді Нұргүл Жұманова.

Жаңа бес қабатты ғимаратта 80 пәтер, оның ішінде 24 бір бөлмелі, 36 екі бөлмелі және 20 үш бөлмелі пәтер бар. 16 пәтер ата-анасыз қалған балаларға, 50 – халықтың әлеуметтік осал топтарына (1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнеткерлер, толық емес отбасылар) және 14 – көп балалы отбасыларға беріледі.

Тұрғын үйдің құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бюджет қаражаты есебінен 661,9 млн теңгеге салынды. Мердігер «Идеал-Строй ПВ» ЖШС болды. Ғимараттың жалпы ауданы 7,7 мың шаршы метрді құрайды

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here