Жазылбек Қуанышбаевқа арналған республикалық конференция өтті

0
945

Жамбыл облысында 2014-2020 жылдар аралығында «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 210,0 мың бас қой сатып алынса, соңғы бес жылда 3,9 мың тонна қой еті экспортталды. Бұл туралы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған бірінші Республикалық ғылыми-тәжірибиелік конференциясында айтылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Республикалық мал өсірушілер слеті-2021» шарасы аясында өткен конференцияға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев және Премьер-Министр Кеңсесі, Шымкент қаласының, Алматы, Қызылорда, Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен Тараз өңірлік Университетінің профессор – оқытушы құрамы қатысты.

Шараның ашылуында облыс әкімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған хатын қатысушыларға таныстырды.

Мемлекет басшысының хатында Жазылбек Қуанышбаев – еліміздің мал шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан даңқты шопан екендігі, көп жылғы ерен еңбегінің арқасында аса танымал тұлғаға айналғандығы айтылған. Сонымен қатар, Таразда тұлғаға лайықты құрмет көрсетіліп, барынша дәріптеліп жатқанын құптарлық қадам деп бағалап, мұндай шаралар әсіресе, жас буынды атакәсіпке адал болуға үндеп, өнімді еңбек етугежігерлендіретіндігін атап өткен Мемлекет басшысы конференция жұмысына сәттілік тілеген.

Бердібек Сапарбаев жиынның маңыздылығына тоқталып, Елбасы мен Мемлекет басшысының қолдауының арқасында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар ірі мақсатты бағдарламалар жүзеге асырылып, оң нәтижелер беріп жатқанын айтты.

– «Еңбек – ер атандырады» деген нақыл сөз дәл «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» атианған, бүкіл ғұмырын ақтылы қой өсіруге арнаған, өңірдің гүлденіп, көркеюіне үлкен үлес қосқан Жазылбек Қуанышбаевқа арнап айтылғандай.Ол жарты ғасырдай адал еңбегімен шалғайда жатқан ауданның атын аспандатып, мерейін көтерді.

Оның даңқы кешегі Одақ көлеміне дейін белгілі болып, облыстың ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Қырқыншы жылдардың басында қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, Жазылбек Қуанышбаев онымен алғаш айналысқандардың бірі еді. Аға шопанның, әсіресе, соғыс кезіндегі еңбегі елге ерекше үлгі болды,- деген аймақ басшысы данқты шопанның игі ісін бүгінгі жерлестері де жалғастырып жатқанын жеткізді.

Қазіргі таңда облыста қаракөл қой шаруашылығын дамыту мақсатында 3 қаракөл қой шаруашылығына бейімделген қожалық ұйымдастырылды. Осы саладағы жетекші ғалымдармен бірге қойды қолдан ұрықтандыру технологиясы пайдаланылуда.

Өңірдегі мал саны 4,0 миллион басты құрап, 4,5 пайызға артқан. Ұсақ мал басы 3,7 пайызға өсіп, 3 435,5 мыңға жеткен. Биыл қаржы институттары арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1 271,0 миллион теңгеге 29,7 мың бас қой сатып алынған.

Бұл конференция Жаз-атаның тәжірибесін насихаттап, таратуда, сол арқылы қой шаруашылығын дамытуға ықпал етуде маңызы зор болады деп ойлаймын. Жамбыл облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті жоғары. Оны тиімді пайдалана білген жергілікті билік пен халық салаға оң серпіліс беруде. Мал санының өсімі соның бір дәлелі,-деп атап өтті ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Әбдірахман Омбаев.

Қонақтар өңірдегі оң өзгерістерді, шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалап, облыс басшылығына алғыс білдірді. Конференция барысында «Жалпақ жұрттың Жаз атасы» кітабының тұсауы кесілді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here