Мемлекеттік Думаның заң жобасына Татарстан депутаттары неге қарсы шықты?

0
2813

Ресей Федерациясында Мемлекеттік Думаның су жаңа депутаттары федерация аймақтарындағы атқарушы билік лауазымын біріздендіруге бағытталған заң жобасын қарастырып жатыр. Мәселен, аталған заң қабылданса, онда президент, губернатор, мэр және басқа да лауазымдар жойылады. Бірақ, бұл заң жобасына Татарстан Мемлекеттік кеңесінің депутаттары бірауыздан қарсы шықты.

ТАТАРСТАНДЫ ҚАЙ ТҮЛЕН ТҮРТТІ?

Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасында 450 депутат бар. Соның басым бөлігі билік партиясының өкілдері. Атап айтқанда, 17-19 қыркүйектегі соңғы сайлаудың қорытындысы бойынша «Единая Россия» партиясы 326 мандат алды. Яғни, билік партиясы немесе оның депутаттары ұсынған заң жобалары көп жағдайда Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы (РФКП) мен Владимир Жириновский бастаған Ресейдің либерал-демократиялық партиясы (РЛДП) депутаттарының қарсылығына қарамастан басым дауыспен қабылданып жатады. Осыны жақсы түсінетін Татарстан Мемлекеттік кеңесінің депутаттары «Ресей Федерациясының субъектілерінде мемлекеттік билікті ұйымдастырудың жалпы принциптері туралы» заң жобасының барлық субъектілердің басшыларын «аймақ басшысы» деп атауға міндеттейтін нормасына бірауыздан қарсы дауыс берді. Өйткені, заң жобасын депутат Павел Крашенинников пен сенатор Андрей Клишас ұсынғанымен, оны Владимир Путиннің әкімшілігі дайындағаны айтылып жүр. Демек, бұл заңды Мемлекеттік Думаның қабылдайтынына күмән жоқ.

«Ресей Федерациясының субъектілерінде мемлекеттік билікті ұйымдастырудың жалпы принциптері туралы» заң жобасы бойынша, Ресей Федерациясындағы 83 аймақтың, соның ішінде әлемдік қауымдастық мойындамаған Қырымды қосқанда 22 республиканың басшылары бірдей «аймақ басшысы» деп аталады. Яғни, қазіргідей президент, губернатор, мэр деген сияқты лауазымдар болмайды. Бұл заң жобасына басқа аймақтар мен республикаларда ешқандай қарсылық жоқ. Сонда Татарстанды қай түлен түртті?!

Иә, Татарстан депутаттарының шулайтынындай бар. Өйткені, Ресей Федерациясының Татарстаннан басқа 21 республиканың ешқайсында «президент» деп аталатын лауазым жоқ. Оларда «республика басшысы» деп қана аталады. Мысалы, Шешенстан басшысы – Рамзан Кадыров. Ал, «Татарстан басшысы – Рустам Минниханов» деп жазсаңыз немесе атасаңыз заң бойынша қате саналады. Дұрысы – «Татарстан президенті – Рустам Минниханов».

Рас, бұл – «бір сөзде тұрған не бар» дейтіндей шаруа емес. Неге десеңіз, «президент» ұғымы тәуелсіз елдерге ғана тән. Алдымен бұл идеология. Татарлар түбі азаттық алатындарына сенеді, үміт артады. Демек, татарлар осы сөз үшін жан алысып, жан берісуге дайын тұр.

Заң жобасына қарсы шыққан Татарстан Мемлекеттік кеңесі депутаттарының көбі заң жобасы өздеріне қарсы бағытталғанын айтады. Олардың пікірінше, Мемлекеттік Дума депутаттарының қолымен от көсеп отырған Президент әкімшілігі осылайша президент лауазымы бар Ресей Федерациясындағы жалғыз республиканың меселін қайтармақ.

ЕЛЬЦИННІҢ «ҚАТЕЛІГІН» ПУТИН ТҮЗЕТПЕК ПЕ?

Ұзақ жылдар қаншама елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген алып империя (КСРО) құлағаннан кейін Кремльдің алдынан күйіп тұрған өзекті мәселелер шықты. Өйткені, Мәскеуден бөлініп кеткен 14 елден (ішінде Қазақстан да бар) бөлек, Ресей Федерациясында азаттықты аңсаған сол тұстағы 16 автономиялық республика қалды. Солардың ішінде Татарстан толыққанды тәуелсіз ел болуын қатты талап етті. Ал, сол елең-алаң шақта татарлардың азаттық алуы Ресей Федерациясының құрамындағы өзге 15 республиканы да азаттық алу арманына бір қадам жақындата түсер еді. Мұны жақсы түсінген сол кездегі Ресей Федерациясының президенті Борис Ельцин Қазанға аттанып, Минтимер Шаймиевпен (Татарстанның экс-президенті) келіссөздер жүргізеді.

1990 жылы 6 тамызда Қазан қаласына барған РКФСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Борис Ельцин: «Берите столько суверенитета, сколько сможете проглотить. Но вы находитесь в центре России, и об этом нужно подумать», – деп ашық мәлімдеме жасады. Борис Николаевич айтқан бұл екі сөйлемнің бірінші сөйлемі (Берите столько суверенитета, сколько сможете проглотить) орыстар үшін қанатты сөзге айналса, екінші сөйлемі (Но вы находитесь в центре России, и об этом нужно подумать) татарларды қатты ойландырды. Неге десеңіз, Татарстанның тым құрығанда жақын жатқан Қазақстанмен де ортақ шекарасы жоқ, тәуелсіздік алған күннің өзінде географиялық жағынан қарағанда татарлар ормандай орыстың ортасында қалады. Сондықтан да, Татарстанның «өгіз өлмейтіндей, арба да сынбайтындай» саясат ұстанудан басқа амалы болмады.

Дегенмен, Борис Ельцинге Қазан сапары оңайға түскен жоқ. Әсіресе, оның «Иттифак» партиясының төрайымы Фаузия Байрамовамен болған кездесуі өте әсерлі өтті. Татардың бұл қоғам қайраткері, көрнекті жазушысы Мәскеудің татар халқын басып-жаншып жатқанын Ельциннің бетіне басты. Ал, Ельциннің Байрамоваға қарсы айтар уәжі болмады. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей, Борис Николаевич татар ұлтшылдарымен болған кездесуден кетуге асықты.

Саяси сарапшылардың айтуынша, Минтимер Шаймиев Борис Ельцинді татар ұлтшылдарымен әдейі кездестірген. Өйткені, сол кездегі Татарстандағы ұлтшылдықты минаға теңесек, бұл елде ақырын іске қосылған «мина» кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін еді. Ал, Татарстанда жарылған «минаның» салдары Шешенстан, Башқұртстан сияқты республикалардағы онсыз да күрделі жағдайды ушықтыра түседі. Демек, Мәскеу Қазанның кейбір шарттарымен келісуге мәжбүр болды.

«Минтимер, я тут суверенитета людям наобещал, что же теперь будем делать? Татарстан же не выйдет из России?» – деген Ельциннің сұрағына Шаймиев: «Выход один, Борис Николаевич, писать договор!» – деп жауап беріпті.

Ельцин мен Шаймиев келіссөздері негізінен Татарстанның пайдасына шешілді. Татарстан толыққанды тәуелсіздік алмаса да, Ресей Федерациясынан бөлініп шықпаса да, 1990 жылы 30 тамызда Тәуелсіздік туралы декларациясын, ал 1992 жылы 30 қарашада Конституциясын қабылдады. Ата заңында татар тілінің орыс тілімен бірдей мемлекеттік мәртебесі тайға таңба басқандай айқын көрсетілді. Енді Ельциннің бұл «қателігін» әккі саясаткер Путин түзетпек болып жатыр. Демек, аталған заң қабылданса, Рустам Миннихановтың Қазақстанға келген келесі сапарында «Татарстан басшысы Рустам Минниханов жұмыс сапарымен Қазақстанға келді» деп жазатын боламыз…

Айта кетейік, Татарстан Конституциясының 89-бабында: «Президент – Татарстан Республикасының мемлекет басшысы, Татарстан Республикасының ең жоғары лауазымды тұлғасы» делінген.

 Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq» газеті

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Татарстан – Ресей Федерациясының құрамындағы республика. Астанасы – Қазан қаласы. Жер көлемі – 67 847 км2 (Грузиямен шамалас). Халқы – 3,9 млн адам (Хорватиямен шамалас). Халқының 53,2%-ын татарлар, 39,7%-ын орыстар құрайды. Президенті – Рустам Минниханов. Премьер-министрі – Алексей Песошин.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here