«Наурызбай» мұнарасына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет

0
2890

Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылының солтүстік-батысында орналасқан, халық арасында «Наурызбай белгісі» атауымен белгілі мұнараның салынуы шамамен XVIII ғасырдың еншісінде екенін кезінде ауыл ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайып Досмайыловтан (1916-2009) естіген едік.

Бала кезімде есімде, белгі биік төбенің басында тұратын. Ол уақытта мұнара орналасқан тұстың айналасы салт атты адам көрінбейтіндей қалың ну қамысты көлдермен жанасып жататын. Сырдария өзенінен бастау алатын «Көксу» арнасының бір тармағы Оспан көпірі арнасымен ағып, Қарауылтөбе ауылының шығысындағы Таубай көліне құйып, одан Алтықұлаш, Шортанкөл, Қойтан, Айнакөл, Қаракөл көлдерімен жалғасып, әрі қарай созылып кете бара-тұғын. Сол көлдердің айналасында жаз жайлауды Арқа жақта жайлайтын Таубай, Ұзақбай, Медетбай, Құлбай, Башпай, Махан есімді байлардың қыстаулары орын тепкен. Біз қоныстанған орын кейіннен «Махан тамы» атауымен белгілі қыстаудың оңтүстік қапталындағы «Алатайдың табаны» деп аталатын жерде 5-6 үй азын-аулақ малмен отырып қыстайтын азғантай ғана төбе қолтықтар болатын. (Қазір ол жердегі электр трансформаторы орнатылған темір жәшік тұрған төбешік қана «Махан тамының» орнынан естелік болып тұр, – Қайып ақсақал). Кеңес үкіметі құрылғаннан кейінгі уақытта Қарауылтөбе ауылының батыс жақ тұсындағы «Қарлықұм» деп аталатын шағын ғана ауылға көшіп келгеніміз есімде.

Жаппас руының Жәдікбай аталығынан тараған Наурызбай деген ауқатты кісі болған. Кейінгі ұрпақтары туралы нақты білмедім. Білетінім, XVIII ғасырда өмір сүрген Наурызбай он екі қанат боз үйі, төрт түлігі сай, бес уақыт намазын қаза қылмаған діндар кісі болған екен. Сыр бойының өзіне сыңар болатындай бірнеше кісімен Меккеге аттанып, қажылық жолында ауыр науқастан қайтыс болған. Уақыт өте келе Наурызбайдың жоғын жоқтаған ұрпағы мен ағайындары осы мұнараны тұрғызғаны ақиқат.

Қайып ақсақалдың әкесі мұнараны қазақы асар тәсілімен ел жайлауға көшкен жаз мезгілінде салынғанын бала күнінде атасының өз аузынан естігенін айтып, былайша жеткізген екен: «Әкем Досмайылдың атасынан естіген сөзіне сүйенсек, мұнара кірпішін Төсбай деп аталатын жердегі жылқының сүтіне иленген боз саздан құйған көрінеді. Түйеге жегілген бірнеше тарантасқа астына құрым киіз төсеп дайын кірпішті тасығанын және құрылыс жұмыстарымен 10-12 адам айналысып, белгіні жаз ортасындағы аптап ыстықта тұрғызып бітіргенін Досмайылдың атасы өз көзімен көрген екен. Келер жылғы Көкөзек мезгілі өтіп, Ұзынсарының келер тұсында айналадағы ат тұяғы жететін ауылдардың жас-кәрісін жинаған Наурызбайдың ағайындары арнайылап мұнара басында ас беріп, бірнеше күннен соң ел жайлауға көшкен екен».

Қайып ақсақал көзі тірісінде белгінің құрылысынан артылған кірпіш сынықтарынан қаланған екі қазан асатын ошақ мұнара тұсында бертінге дейін, 1950 жылдар кезінде де болғанын және бала көтере алмай жүрген келіншектер ырымдап мұнара басына қонып, зиярат етіп келгенде сол ошақтарға шай-суларын қайнатып, ас пісіретінін айтып отыратын.

Қайып ақсақалдың: «Бала кезімдегі есімде қалғаны, ашқұрсақтың әуресі шығар, мұнараға зияратшылардың келгенін білсек, үйден алыс болса да, ерінбей барып, көзімізді сатып жүріп талай рет сол ошақтарда көтерген қазанның сорпа-суынан көрші балалармен бірге ауыз тигеніміз бар. Бірақ, уақыт өте келе ошақтардың ізі де қалмады. Анығы, ошақ кірпіштері жауын-шашын, аптап ыстық немесе суықтың ызғарынан емес, Қарауылтөбе тәжірибе шаруашылығының алғашқы күріш еккен егіншілері мен механизаторлары  кірпіштерін шаруаға пайдаланып тауысты-ау деп ойлаймын, әйтеуір мен күріш еккен жылдары ошақтар орнында болмай шықты. Одан кейін айтып отырған ошақтарды қайтіп есіме де алған емеспін, сен салып тұрсың жадыма сол шақты. Ендігі жерде «Наурызбай белгісі» де сол ошақтар секілді жоқ болып кетпесе игі еді», – дегені есімде.

Қайып атаның айтқанындай, мұнараның түбі жауын-шашын салдарынан мүжіліп құлау қаупі туындап, қазіргі таңдағы жағдайы сын көтермейді.

Қорыта айтқанда, атадан балаға мұра болып қалған «Наурызбай мұнарасы» қазіргі таңда мемлекет қорғауында болғандықтан, келер ұрпаққа тарихи құндылық ретінде қалдыру бүгінгі күннің еншісінде. Сондықтан, Қарауылтөбе ауылының тұрғындары тарапы уақыт шығырына ілінген белгіні сақтап қалу мақсатында және Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоғарыда аталған мұнараға қайта жаңғырту (реставрация) жұмыстарын мемлекеттік деңгейде жандандырып жүргізуді тез арада қолға алу қажет деп есептейді.

Е. Шуменов, Қарауылтөбе ауылдық клубының директоры

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here