Қожанасыр. Қожа-ғасыр

0
5970

Қожанасыр (1208-1284) – қазақ күлдіргі әңгімелерінің кейіпкері. Әңгімелерде бірде қу, бірде аңқау бейнесінде сипатталады. Қожанасыр туралы әңгімелер қазақта ғана емес, Азия, Арабия, Грекия, Румыния, Сербия, Еділ бойы, Түстік Кавказ халықтары фольклорында Молла Насреддин, Қожа Насреддин, Насреддин әпенді деген аттармен кең тараған. Мұның өзі Қожанасыр туралы әңгімелердің орта ғасырларда Азия мен Еуропаның арасындағы мәдени-экономикалық қарым-қатынастар күшейген шақта пайда болғандығын аңғартады.

Әдетте, Қожанасыр туралы әңгімелердің сюжеттері бір ғана (кейде екі-үш) қысқа, тұжырымды, оқиғалық логика қағидасы бойынша біріккен эпизодтардан құралады. Қожанасыр туралы күлкілі әңгімелердің негізгі сюжеттік қоры – аталған аймақтарда тұратын халықтардың барлығына бірдей ортақ.

Рас, Қожанасыр атымен байланысты айтылатын әңгімелердің ең алғашқы шыққан жері мен кезі туралы анық мағлұматтар жоқ. Кейбір зерттеушілер орта ғасырларда өмір сүрген «Насреддин» деген аты бар түрлі адамдарды Қожанасырдың прототиптері деп дәделдеуге тырысқан болатын. Алайда, бұл ізденістер нәтижелі болып шықпады. Ендігі бір зерттеушілердің пікірінше, Қожанасыр туралы әңгімелер тобы әр жерде және әр уақытта пайда болған сюжеттерден құралған. 

Бұрыннан бар әңгімелерге жаңадан шығарылған, не айтылып жүрген сюжеттер де қосылды. Бір жерден екінші бір жерге, бір халықтан екінші халыққа ауыса келе, Қожанасыр туралы әңгімелер тобы өз ішіне өзге кейіпкерлердің аттарымен байланысты айтылып жүрген әңгімелердің кішігірім топтарын қабылдай берді. В.Гордлевский, И.Брагинский, Қ.Дәулетов сияқты ғалымдардың ойынша, Қожанасыр атына байланысты әңгімелердің негізгі қоры орта ғасырлардың аяқ кезінде қалыптасқан. Қожанасыр туралы әңгімелер халық арасына кең тарап, сюжеттік қоры байи келе, Қожанасыр бейнесі де күрделене түсті. Ол енді әрі фольклорлық, әрі тарихи кейіпкерлердің сипаттамаларын бойына жиған бейнеге айналды. Қожанасыр бейнесінің бірде қу, бірде ақымақ, бірде жомарт, бірде сараң болып көрінуінің сыры осында жатыр.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап күлдіргі әңгімелер мен Қожанасыр хикаяларын Әбубәкір Диваев, Мұхтар Әуезов, Бейсембай Кенжебаев, Өтебай Тұрманжанов, Есмағамбет Ысмайылов, Төкен Әбдірахманов, Нысанбек Төреқұлов, Көбей Сейдаханов, Леонид Соловьев, Балтабай Адамбаев, Қыдырәлі Саттаровтар зерттеп, еңбектер жазған. Енді бүгінгі айтпақ болып отырған әңгіме сол орыс жазушысы Леонид Соловьевтің «Қожанасыр» повесінің желісі бойынша қойылған Жамбыл облыстық орыс драма театрының «Ходжа Насреддин» атты қойылымының премьерасы еді…

Театр!

Иә, театр – бұл өлілерді «тірілтетін» жер ғой.

Иә, Қожанасыр жайлы айтылар әрбір әңгіме, қойылған көрініс, спектакльдер де осы аталмыш тұлға жайлы деректер іспетті ғой. Енді осы орыс театрының әпенді Қожанасырды қалай, қай қырынан көрсете білгенін айта кетейік.

Сонымен, қойылым әр елде бас сауғалаған Қожа мен қатыны екеуінің туған елге деген сағынышымен басталады. Қожанасыр шыншыл ғой, сол мінезінен әмірлер мен патшалармен сыйыспай, солардың қудалауынан бас сауғалап жүрген пенде ғой. Бұл музыкалық комедияда Қожаның тағдырдың тәлкегінен жапа шеккендерге қол ұшын созуы, өзі жүрген Бағдат қаласындағы байқұс Рақымбай дәруіштің қаланың бай-манабы қатынқұмар, жылпос алаяқ Ағабектен карта ойнап ұтылып қалған дүниелерін қайтарып алуы және байқұс Рақымбайдың қызын қатынқұмар Ағабектің алтыншы қатын қылып алу тойын болдырмай, Рахымбайдың қызы Зүлфияны өз махаббаты Саидқа қосуы баяндалады. Басты рөлді (Бекназар Ізбасаров) сомдаған актер Қожаның образын шынайы түрде көрсетіп, оның қыр-сырын аша білген. Өзі бір күлмей, өзгелерді күлдіре білген Қожаның образын жасай білген актëрдің шеберлігін көрдік. Бұл театрдың белді актëрі, режиссëрі – Бекназар Ізбасаров. Актëр образ жасауда музыка екпініне билей жүріп, сахнаны емін-еркін илей жүріп, партнëрларын түйрей жүріп, Қожаның күрделі образын жасай білді.

Қожаның қатыны Гүлжан (Нұрғайша Ибаділдаева) өзінің жуан да салмақты дауысымен көрерменді өзіне тәнті етті. Актриса алдына қойылған режиссëрдің тапсырмаларын тапжылмай тиянақты етіп көрсете білген. Гүлжанның тұла бойынан шығыс әйелдеріне тән мінез бен ибалықты көрдік. Бұл актриса Нұрғайшаның жетістігі.

Қулығына құрық салдырмайтын алаяқ Ағабек (Евгений Орлов) өзінің кім екенін көрсете білді. Ағабектің бойынан рухани еркіндікті көрдік. Мұны актëр керемет жеткізе білді. Ал, Рахымбайда (Анатолий Просалович) қанша жанын салып ойнап жатса да, дәруішке лайықты элементтер жетіспей жатты. Үстірт ойнайды. Үстіртін ойнады дегенше, үстінен кетті деген сөз ғой. Бізге астын қазып тұрып ойнау керек қой, қанша жерден комедия болса да. Өйткені, ол – дәруіш. Ал, дәруіш салмақты тұлға. Демек, актëр ізденбеген. Сол дәруіш Рахымбайдың қызы Зүлфия (Марина Просалович) бір беткейлігімен, сымбаттылығымен сахнада аққудай жүзіп жүрді. Бір де бір рет күлмей, артық қадам жүрмей, тәккаппар Зүлфия қыздың бейнесін жарқ еткізіп жеткізді. Маринаға риза болдық.

Жұмыртқадан жүн қырыққан саудагер Арзыгүлдің (Ольга Ізбасарова) образы керемет ұтымды шыққан. Арзыгүл рөліндегі актрисаның көп ізденіп, тер төккені көрініп тұр. Саудагердің бейнесін шынайы жеткізе білді. Ольганың сахнаға әбден төселген талантты актриса екенін көрдік.

Спектакльдің көркін кіргізген тағы бір кейіпкерлер – алаяқ, қатынқұмар Ағабектің тастап кеткен төрт әйелінің, яғни Бану (Галина Соколова), Гүлшан (Эльмира Аққұлиева), Гүлбара (Елена Казаченко) және Шоқсанамның (Надежда Новикова) образдары да сәтті шыққан.

Спектакльдің декорациясы, костюмдері қазіргі заманауи стильде қойылған. Қағаз қораптардан құралған декорацияларға «Продам ишака без пробега», «Продается диплом», «Сдам жену в аренду» деген сияқты жарнамалар жабыстырылған. Бұл да еріксіз езу тартқызады. Бұл қоюшы суретші Сарвар Мирзаевтың шешімі болса керек. Спектакльдің тағы бір ұнаған, әсерлі шыққан тұсы – қойылымға автор Леонид Соловьевтың (Тимур Романюк) қатысуы. Автор әр көріністер арасында қысқаша баяндама жасап тұрады. Мұны да қоюшы режиссëр ұтымды қолдана білген.

Қожанасыр жайлы айтылып жатқан соң, ол жайлы бір әзіл әңгіме айта кетпесе болмас. Қожа бір әмірге барып: «Мен, мына есегімді он жылдан кейін французша сайратып, арабша құран оқитын қыламын», – депті. Әмір: «Егер он жылдан кейін есегің осы айтқаныңды жасамаса, басыңды аламын», – дейді. Екеуі қол алысып, Қожа жөніне кете барады. Мұны естіген Қожаның жолдастары: «Есің дұрыс па, өле алмай жүрсің бе?» – дейді. Сонда Қожа саспай: «Әй, он жылдан кейін не әмір өледі, не менің есегім өледі», – депті.

Өзбекстаннан арнайы келіп, осындай керемет музыкалық комедия қойған Сайфиддин Мелиев мырзаға мың алғыс айтсақ болады. Осылай ғасырлар өткен сайын Қожанасырдың бейнесі жаңара түседі.

Иә, халық бар да Қожанасыр өлмейді. Қожанасыр тірі. Әне, келе жатыр!..

Фархат ОМАРБЕКОВ, қазақ өнерінің қайраткері

ТАРАЗ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here