Дәурен Абаев: «Жамбыл мұрасын насихаттау ісі күн тәртібінен түспейді»

0
898

ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың бүгін Таразда өткен «Ұлы дала ақыны» атты республикалық конференцияда сөйлеген сөзін төменде жариялап отырмыз.

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Қадірменді Жамбыл жұрты!

Баршаңызды конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазіргідей күрделі кезеңде ел еңсесін көтеріп, ұлт руханиятын байытатын мұндай жиынның маңызы зор.

Іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған Жамбыл облысы әкімдігіне, өңір басшылығына ризашылығымды білдіремін.

Бүгін тамыры терең тарихымыздың алтын діңгегі – киелі Тараз шаһарында жиналып отыруымызда терең мән бар.

Бұл өлке – мыңжылдықтардың құрдасы, Қазақ хандығы құрылуының куәсі. Әулиеата өңірі – көптеген ғұлама ғалымдар мен қаһарман батырлардың, атақты ақын-жыраулар мен қарымды қаламгерлердің құт мекені.

Солардың бірі әрі бірегейі – Мойынқұм өңірінде, Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген жыр алыбы – Жамбыл Жабаев.

Қазіргі таңда елімізде ұлы жыраудың 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастыру үшін арнаулы мемлекеттік комиссия құрылды.

Бұл айтулы датаның былтырғы Абай жылымен сабақтасып, биылғы Тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор.

Себебі қазақтың қос ұлы ақынының да асқақ арманы –жұртының дербестігі мен өсіп-өркендеуі еді. Олар осы ізгі тілекті өлеңіне өзек, шығармашылығына арқау етті.

Біз бүгін абыздарымызға арман болған азаттықтың айшықты белесіне шығып, бабалар мирасын дәріптеп отырмыз. Байыптап қарағанға бұл – тарихи сәт.

Сондықтан бүгінгідей берекелі басқосудың жырау бабамыздың есімін иеленген облыста өтуі заңды деп ойлаймын.

Қадірменді әріптестер!

Жамбылдың рухани мұрасы бізге несімен құнды? Әрине, жыр жампозының шығармашылығын егжей-тегжейлі талдап, оған ғылыми және көркемдік тұрғыдан лайықты баға берумен әдебиетші ғалымдарымыз айналысады.

Дегенмен бүгін мынадай маңызды мәселелерге тоқталып өткім келеді.

Ең алдымен, Жамбылдың өнегелі өмірі мен өнері – туған халқын шексіз сүюдің, оған қалтқысыз қызмет қылудың озық үлгісін айшықтайды.

«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым», – деп жырлаған ұлы ақын әрдайым жұртының жанынан табылып, қамын жеді. Ел басына күн туған сәтте жалынды сөзімен көпшіліктің рухын көтеріп, жігерін жаныды.

Қос ғасырда ғұмыр кешіп, талай аумалы-төкпелі заманның куәсі болған абыз бабамыз ешқашан адамдықтың асқақ биігінен төмендемеген.

 Қоқан бектерінің де, Патшалық Ресейдің де, Кеңес үкіметінің де екпінінен ықпай, әрдайым қалың қазақтың сөзін сөйлеуі Жамбылдың тек ақын емес, азамат ретіндегі тау тұлғасын аңғартады.

Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлы Жамбыл – қазақтың дәстүрлі әдебиетінің аса дарынды, асқақ жаратылған алып өкілі», – деп тарихи бағасын берді.

Бұл тұрғыдан алғанда, дала данагөйінің дара жолы елдік мүддеге қызмет етіп жүрген әрбір адамға үлгі-өнеге.

Екінші, Жамбыл жырлары – отансүйгіштікті оятып, ұлттық деңгейдегі ұлы істерге үндейтін ұранға айналған.

 «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт. Ел бірлігін сақтаған татулықты айт…», – деген абыз бабамыз туған жерге деген сүйіспеншілікті, татулық пен бірлікті, адамгершілік асыл қасиеттерді жырына арқау еткен.

Дала Гомерінің отты жырлары қиын сәттерде тек бізге ғана емес, өзге де көптеген халыққа серпіліс сыйлады.

Оның «Ленинградтық өренім» атты өлеңі Ұлы Отан соғысының бейресми әнұранына айналды десек артық айтпаймыз. Фашистік басқыншыларға қарсы күресіп жүрген әр солдат бұл жыр жолдарын жүрегіне жазып алған еді.

Осылайша жыр алыбы қазақтың асқақ рухы мен ерлік даңқын әлемге әйгілеп, ХХ ғасырдағы аса ауыр сынақтардан еңсесі түскен туған халқына үміт берді.

Сол үміт аталарымыз бен әкелерімізді жеңіске жетеледі, ұлтымызды егемендікке бастады.

Дарабоз ақынның «Менің тамырым – туған халқым, бұтағым – жырларым, елімнің жарқын күнін, халқымның бақытын жырлап өтемін» – деген ұстанымын әрбіріміз өмірлік қағида қылып ұстансақ, ұтылмаймыз.

Үшінші, Жамбыл жырлары жалпы адамзатқа ортақ құндылықтармен үндесіп, әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған.

Ақын шығармалары елуге жуық тілге аударылып, әлемдік әдебиет қорына қомақты үлес болып қосылды.

Оның жыр-дастандары адамзат тарихындағы танымал ақыл-ой иелерінің таным-түсінігімен тамырлас.

Суырып салма ақындық қабілеті мен қайраткерлік қыры жағынан өзге халықтардың мақтан етер тұлғаларымен терезесі тең.

Өз заманында қазақ зиялыларының арқа сүйер асқарына, ақылман ақсақалына, бағыт түзер темірқазығына айналуы Жамбылдың кемеңгерлік қырын айғақтайды.

Осы ретте Жамбылдың рухани мұралары әлі де болса қазақы түсінік тұрғысынан терең бойлап, егемен елдің көзімен қарауды, жан-жақты баға беруді қажет етеді.

Азат көзқарастың бір тармағына ақынға сыртынан таңылған өлеңдер мен сөздерді анықтап, оларды саралау жұмыстары да жатады. Бұл – отандық жамбылтану саласының алдында тұрған үлкен міндеттің бірі.

Ардақты ағайын!

Тұтастай алғанда, Абай, Сүйінбай, Жамбыл сияқты халқымыздың біртуар перзенттерінің асқақ арманы – қазақтың іргелі де өркениетті ел болуы еді.

Енді қазір, Тәуелсіздіктің маңызды межесіне жеткен тұста ұлттың жаңа болмысының бабалар мирасына сай келуіне мән беруіміз керек деп есептеймін.

Осы ретте, әл-Фарабиден бастап бүгінге дейінгі ойшылдарымызға тән ортақ ұстаным бар. Ол – білім мен мәдениет ғұрпы.

Құстың қос қанаты болса, адамды да биікке жетелейтін екі қасиет бар. Ол – білім және тәрбие.

Біз білімді де мәдениетті ұлтқа айналуды басты идеология етіп ұстанғанымыз жөн. Жаңа ғасырдағы қазақ келбеті осы айтылған екі қасиетпен сипатталуға тиіс деп есептеймін.

Соңғы кезде қоғамда «идеология жоқ» деген пікірді көп естиміз. Алайда, бәріміз түсінуіміз керек бір дүние бар – қазір бүкіл әлем, сонымен бірге идеология да өзгерген.

Кеңес кезіндегідей идеология келмеске кетті. Себебі ол кезде ақпарат саласы бір қолда еді. Ал қазіргідей цифрландыру заманында барлық ақпарат көздері ашық.

Тіпті жалған мәліметтер де жылдам тарауда, оған түбегейлі тосқауыл қою мүмкін емес. Ең өкініштісі, ақпараттың ақ-қарасын ажырата білмейтін адам бұған сеніп қалып жатады.

Сондықтан өткенге қарайлай бермей, ұлттық ұстынымызды білім және тәрбиемен қалай ұштастырамыз деп ойланғанымыз абзал.

Осы ретте бір маңызды мәселе бар. Азаматтарға, әсіресе, өскелең ұрпаққа білім беру – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі.

Ал мәдениет – отбасында және өскен ортада алған тәрбиеден басталады. Сол үшін қоғамның мәдениетті болуына мемлекетпен қатар әр отбасы да жауапты.

Мұндай ортақ жүкті мемлекет пен қоғам тізе қосып, теңдей көтерісуге тиіс.

Бұл істе, әсіресе, зиялы қауымға артылар салмақ ерекше. Қай заманда да елдік мәселенің дұрыс-бұрысын ел ағалары бағдарлап келген.

Ағылшындар Шекспирмен мақтанып, орыстар Пушкинді пір тұтса, біз де ұлы тұлғаларымыз бен классиктерімізге сүйенеміз.

Осы ретте кеше ғана Жазушылар одағында болып, зиялы қауым өкілдерімен кездестім. Осы айтылған ойларымды ортаға салдым.

Елдік мүдде жолында тізе қосып қимылдау баршамыздың қасиетті парызымыз деп есептеймін.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде қаламгерлерді, әсіресе жас ақын-жазушыларды қолдау ісі қарқынды түрде жалғасатын болады.

Былтыр бірқатар зиялы қауым өкілдері Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Биыл да көптеген қаламгерлеріміз Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік наградалармен марапатталады.

Жыл сайын елімізде әдебиет және мәдениет қайраткерлеріне Елбасының мемлекеттік стипендиясы беріледі.

Өткен жылдары Әл-Фараби мен Абай жылы аталып өтсе, биыл Жамбыл жылы тойлануда, келесі жылды Ахмет Байтұрсынұлына арнау көзделіп отыр. Яғни ұлы тұлғаларымызды ұлықтау ісі жүйелі түрде жүргізілуде.

Бүгінде «Кітап – мұнайдан да қымбат қазына».

Сондықтан «Кітап оқитын ұлтты» қалыптастыру бағытында отандық шығармаларды шығару көлемін арттыру көзделуде.

Осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының бір тармағы балалар әдебиеті мен отандық баспа ұйымдарын қолдауға бағытталған.

Биыл мемлекеттік тапсырыспен шыққан Жамбыл Жабаевқа арналған 10 томдық, сондай-ақ, «Жамбыл әлемі» сериясымен дайындалған 30 томдық мәдени мұрамызға сүбелі үлес болып қосылады деп сенемін.

Бүгін тұсауы кесілгелі отырған «Жамбыл жырау» жинағы да отандық мәдениетті толықтырар қомақты еңбек болары анық.

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Тәуелсіздіктің тұғырлы белесінде тұрып, өткенімізге көз салу, болашағымызды бағамдау аса маңызды.

Егемендіктің отыз жылында алдыңғы буын жаңа мемлекет құру үшін орасан зор еңбек етті. Соның арқасында Қазақстан заманауи, қуатты елге айналды.

Біздің мақсат – азаттықты ардақтап, Отанымызды одан әрі нығайтып, келер буынға табыстау. Өскелең ұрпақ бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру.

Сапалы білім мен саналы тәрбие – ұлтымыздың ұлы, ұрпағымыздың ұлағатты болуының кепілі. Әлем жылдам өзгеріп жатқан уақытта дамыған мемлекеттер көшінен қалмаудың бірден бір жолы – осы.

Жамбылдан жеткен өнегелі өсиеттің де табан тірер тұғыры, тамыр тартар тереңі – осы айнымас құндылықтарда.

Сондықтан Жамбыл мұрасын жаңғыртып, жан-жақты насихаттау ісі күн тәртібінен түспейді.

Назарларыңызға рахмет!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here