Қайым Мұхамедхановтың 105 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

0
1682

Өткен аптада Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығы, «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы және Филология және көптілді білім беру институтының ұйымдастыруымен абайтану, әуезовтану, алаштану, әдеби текстологияның негізін қалаушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың 105 жылдығына арналған «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған…» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланов, «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, абайтанушы ғалым Жабал Шойынбет, «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет» қоғамдық қорының директоры, Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедханова, шәкәрімтанушы ғалым Балтабай Әбдіғазыұлы, Түркияның Коджатепе университетінің профессоры Hüseyin Kahraman Mutlu мен онлайн ZOOM арқылы 250-ден астам білім алушылар мен оқытушы-ғалымдар қатысты. Дөңгелек үстел бағдарламасы бойынша ғалымдар зерттеу баяндамаларын ұсынып, Қайым Мұхамедханов туралы естеліктерімен бөлісті.

Дөңгелек үстелдің алғы сөзін Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланов ашты.

«Қайым Мұхамедхановтың әдебиеттану саласындағы көптеген мақалалары қазақ әдебиетіндегі жаңа белесті айқындап, қазақ әдебиетінің даму бағыттарын белгіледі. Қайым Мұхамедханов абайтану ғылымына бүкіл саналы ғұмырын арнады, ой еңбегі мен физикалық күш қуатын сарп етті. Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты – студенттерге көрнекті ғалымның асыл мұраларын насихаттау, бірегей тұлғаның кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өмір жолы, қызметі және оның абайтануға қосқан орасан үлесі мен ғалымның музей ісін дамытудағы еңбегі жөнінде кеңінен мағлұмат беру», – деді Шыңғыс Нұрланұлы.

«Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет» қоғамдық қорының директоры, Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедханова осындай игі іс-шараны ұйымдастырып отырған университет ұжымына алғысын білдіріп, Қайым Мұхамедханов туралы естеліктерімен бөлісті.

«Бір қолжазбасында Қайым Мұхамедханов «1923 жылы Сталин бұйрығымен Абай творчествосына репрессия басталды» деп жазды. Сол себепті Абайдың мәтіндері бұрмаланған және көп тарихи тұлғалардың туындылары өртенді, олардың фотолары жойылды. Яғни, сол кездегі бір мақсат – ұлттың қазынасын жою болды. Ал, Қайым Мұхамедханов бәрі тыйым салынған кезде қазақ халқының мұрасын сақтады. Белгілі жазушы Тұрсын Жұртбай айтқандай, Қайымның аруағы разы болмай – Әуезовтің, Әуезовтің аруағы разы болмай – Абайдың аруағы разы болмайды. Бұл үш тұлғаны тұтас алып зерттеп, танығанда ғана олардың құпиясы ашылмақ», – деді Дина Мұхамедханова.

Дөңгелек үстел барысында Міржақов Дулатовтың қызы Гүлнар Міржақыпқызының Қайым Мұхамедханов туралы бейнебаяны, 1940 жылғы Қайым Мұхамедхановтың Абай музейінде экскурсия жүргізу сәтінен бейнебаяны, академик Рабиға Сыздықованың Қайымның әдеби текстологиясы туралы бейнебаяны мен жазушы Герольд Бельгердің «Қайым аға, тұлға!» естелік бейнебаян сұқбаттары көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ, Дина Қайымқызы университет кітапханасына Қайым Мұхамедхановтың ғылыми кітаптар топтамасын сыйлап, университеттің білім беру бағдарламасында, диссертациялық ғылыми жұмыстарға белгілі ғалымның еңбектерін зерттеуде қажырлы еңбек, танымдық терең ізденістер тіледі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here