Қасіретіміз де, мақтанышымыз да – Желтоқсан

0
3206

1986 жылдың 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де сол тұстағы астанамыз – Алматы қаласындағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) «Әр халыққа – өз көсемі!» деген талаппен алғашында 300-дей жастар жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ, көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, «бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға әр облыстан құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын-86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды.

Солдан оңға қарай: Түгелбай Тәшенов, Жамбылбек Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзембаев өздеріне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр.

18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды.

Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2 401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде, барлығы – 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова, Кенжегүл Молданазарова, Қайрат Рысқұлбеков, Мырзақұл Әбдіқұлов, Ләззат Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.

Желтоқсанның 19-23 күндері аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілері Қазақстанның біраз облыс орталықтары мен елді мекендерінде жалғасты.

Елімізді дүрліктіріп, соңына мұң қалдырған желтоқсанның ызғарлы күніне бүгіндері 35 жыл толып отыр. Одан бері қылышынан қан тамып, қара дегені қарғыс болып тұрған Кеңес үкіметі де келмеске кетті. Егеменді ел болдық. Енді міне, ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын да атап өтіп отырмыз.

Ұзақ жылдар алып аждаһаның уысында болу біздің болмысымызда өз ізін қалдырғаны тарихи шындық. Оның салдарын бүгінге дейін кездестіріп отырмыз. Метрополия аз халықты адамға санамай, оның үнін тұншықтырып отыратындығын мектепте оқыдық, кеше өз басымыздан өткіздік. Осы азаттықтың жолында бетке ұстар арыстарымыз Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сияқты қаншама зиялыларымыз мерт болды. Бірақ, «тәуелсіздік» деген тәтті сөз үшін қарулы-қарусыз күрестер қазақ жерінде қашанда жүріп жатты, оған деген халқымыздың ұмтылысы тоқтаған жоқ. Бұған тарих куә.

Алысқа бармай-ақ қояйық, қолынан тізгін кете бастағанын сезген отаршы елдің Парламенттегі өкілдері, соңғы минутқа дейін, сан жағынан басымдығын пайдаланып, осы ақ жолымызға кедергі болуға бар күштерін салғандарын білеміз. Мысалы, 1992 жылы Парламент отырысында шовинизм «угарындағы» 17 депутат, олардың ішінде қостанайлық жерлестеріміз де бар, ақты қара деп, ашықтан ашық біздің тәуелсіздігімізге қарсы шыққаны әлі есімізде. Бір таңқаларлық жайт, осы қарсы болғандардың кейбіреулері билік басына жету, депутаттыққа қайта сайлану үшін күні кеше ғана үгіт-насихат науқанында өздерінің осы содыр мінездерін мақтаныш ретінде алға тартып, көпшіліктен қолдау іздегендеріне не айтарсың. Топас қыңырлығы ма, әлде бізді – егеменді елдің халқын басынғаны ма?!

Осы еліміздің тағдыры шешілер кезде жарғақ құлағы жастыққа тимей, осындай топастармен айтыс-тартыста болған қазақтың ұл-қыздарына болашақ ұрпақ риза, олардың есімдері тарих бетіне алтын әріптермен жазылып қалатындығына мен кәміл сенемін. Халқының болашақ қамын ойлап, осы күші тең емес артыс-тартыста саяси көрегендікпен көпшілікті жеңіп шыққан ұлтымыздың ұл-қыздарының ерлігіне қалайша сүйсінбейсің…

Парламентте дауыстың қорытындысы таблоға шыққанда Алаш ұлдары Нұрсұлтан Назарбаев, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Серікболсын Әбділдин, т.т. баладай қуанып, екі қолдарын аспанға көтеріп жатқанда, теледидарға үңіліп, айтыс-тартыстың ақыры не болар екен деп қобалжып отырған алыстағы қалың ел – біздер қуанғаннан көзіміздің жасын тежей алмадық. Айтарым, бұл тәуелсіздік бізге оп-оңай төбеден түсе қойған жоқ. Өкінішке қарай, осы азаттықтың қадірін түсінбей жүргендер де бар.

Отаршы ел отарындағы халыққа егемендікті өз еркімен бере қоймайтындығы хақ. Ол көбіне тек қана қарулы, не қарусыз күрестердің нәтижесінде келетіні белгілі. Қазақтың егемендік үшін күрестерін тізбелеп айтпағанның өзінде, ойлап отырсақ кеше ғана өзіміз куәгері болған Желтоқсан көтерілісі осы тәуелсіздігіміздің қарлығашы болған екен ғой.

Сол 1986 жылы ел ағасы Дінмұхамед Қонаевты партия пленумында 15 минуттың ішінде орнынан алып, оның орнына Қазақстанда бұл қызметке лайық ешкім жоқтай қайдағы бір жайдағы Колбин дегенді қойғаны пісуі жеткен процесті тек қана жылдамдатты. Менің ойымша, оның мынандай басты себептері болды:

Біріншіден, еліміздің экономикалық жағдайы кейбір одақтас республикалардан төмен болды, шығарған байлығымыздың қызығын басқалар көрді. Эшелондап азық-түлік пен кен байлығымыз Орталыққа жөнелтіліп жатты. Бағасы арзан тамақ өнімдері Мәскеуді ғана қамтамасыз етіп қойған жоқ, оған жақын облыстарға да нәпақа болды. Қазақстан тек қана шикізат қоры рөлін атқарды. Орталық «сендер тек қана егіндеріңді егіп, қойларыңды баға біліңдер, озаттарыңды партияға алып, наградаларымызды аямаймыз, ал басқа мәселелерді біз сіздер үшін ойлап, өзіміз шешеміз» деген жоқ па?! Қазақтың ежелгі тамағы ет, май елде тапшы болғанда, Ресейдің ірі қалаларының дүкендерінің сөрелері осы азық-түліктен майысып тұрды. Не зат болса да тапшылық, ұзын қолың болмаса құр қаласың.

Сол кезде билік басында жүрген бір азаматтың айтуынша, Орталық тіпті астанамыз Алматының өзінде бір ірі құрылыс жүргізуге, сәнді бір биік үй салуға рұқсатын бере бермепті. Әйтеуір, Дінмұхамед Қонаевтың атақ-абыройының арқасында қалада бірқатар ірі нысандар салуға қол жетіпті. Сондағысы, басқа қалалар Мәскеуден төмен тұруы керек. Өлеңнің өзінде «Ташкент, ты младший брат Москвы» деп мақтанышпен әндеткен жоқпыз ба?! Ал, астанамызда салынған Үлкен Алматы каналы, «Арасан» сауықтыру орталығы соңынан үлкен дау-дамайға айналыпты.

Екіншіден, қазақ тілінің мүшкілдігі сондай, қоғамдық жерлерде екі қазақтың өзара ана тілінде сөйлесуі «мәдениетсіздік», тіпті «ұлтшылдық» деген сынға душар болды. Радио мен теледидардан қазақ сөзін естісек, құлағымыз елең ете қалатын. Оған қоса, қазақ тілінде сөйлеп тұрған құралды өзге ұлт өкілі «хватит балакать» деп басқа арнаға ауыстырғанда, жігерің құм болудан басқа не амал бар еді. Қазақ тіліндегі былайша да саны аз мектептер жабылып, редакциялар таратылды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл емес, оңтүстік өңірдегі тұрмыстық тілге айналды.

Қазақ жігіттері бір жиынның үзілісі кезінде бір-бірімен танысып, қазақша сөйлесіп тұрғанда, ішіп алған басқа ұлт өкілі «сендер ұлтшылсыңдар, неге орысша сөйлемейсіңдер, мүмкін бізге қарсы сөз айтып жатқан шығарсыңдар?» деп пәле салыпты. Соңынан сол орыстың арызымен қазақ жігіттерін мемлекет қауіпсіздігі комитетіне шақырып, «қылмыстың алдын алу шараларын» жүргізгеніміз әлі есімде. Қазақстанда қазақша сөйлесу ұлтшылдыққа әкеп соғады дегенде не айтарсың?! Ал, орысша сөйлеңдер деп мәжбүрлеуі орынды іс болғаны ғой. Анау жылдары Санкт-Петербургте қаза болған қарындасым көз алдыма келеді. Хайуанның кейпіндегі тобырлар жазықсыз қазақ қызын автобуста пышақтап жатқанда, басқа тобырлардың іштей мақұлдап қарап тұрғандарына не айтарсың?! Сондағы марқұмның бар кінәсі – елдегі туғандарынан ұялы телефон арқылы ана тілінде амандық сұрағаны. Бұдан асқан не масқара болмақ?! Біздерде осындай жабайылыққа жол беріле ме?! Әрине, жоқ!

Үшіншіден, кадр мәселесі ешқандай сын көтермейтін. Басқару органдарында қазақтың саны кемде-кем, облысымыздағы екі қазақ аудандарындағы қара көз басшыларды санамағанда, тіпті кеңшар директорларының саны бір қолдың саусағына жетер-жетпес еді десем, аға буын менімен келісер. «Туған» партиямыздың оған сылтауы – азшылық көпшілікті басқаруға тиіс емес дейтін. Мұндай диспропорцияны олар әдейі істегенін кім білмейді?! Бірен-саран қазақтан облыстық мекемелердің басшыларын айтыңызшы, олардың өздері қандай қиындықпен осы «дәрежеге» жеткендерін мен айта аламын.

Облыстық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған Петр Черныш өзінің «Эпоха Бородина. Время Демиденко» кітабында сол кездегі облыс басшысы  кадр мәселесі туралы солақай саясат ұстанғанын ашық жазған. Ол: «…кеңшар директоры қызметінде (облыс бойынша, – автор) қазақтар аз, өте аз болды», дей келе: «…Қостанай және Федоров сияқты ірі аудандардың партия аппараттарында хатшылық қызметті айтпағанда, басқа жауапты қызметте де қазақтар болмады» деп көрсетіпті. Тіпті, тұрғындарының 60 пайызын қазақтар құрайтын Наурызым ауданының басшысы өзге ұлт өкілі болғанын жазады.

Мысалы, МҚК, ІІМ қызметіне ұлт санының пайызына сәйкестендіріп қана алатын. Тобыл поселкелік ішкі істер бөлімінің бастығы қазақ болған соң, «бұл ұжымның құрамын қазақтандырып жіберді» деген ұжымдық арызды тексергенім әлі есімде. Ал, қазақтың санын пайызға шаққанда бұл арыз жалған болып шықты. Сауаты мол қабілетті азаматтарымыз өзінен төменге бағынышты болып, қатардағы жұмыс атқарды, не сәл жоғарылатып қазақ аудандарына жіберілетін болды.

Төртінші себеп, ол қазақ жерінің экологиясының күрт өзгеруі. Ол полигондар, Арал тағдыры, жарым-жанды адам санының көбейуі, өлім-жітімнің өсуі. Біздің Қостанай даласын алсақ, тың көтереміз деп, ауылдың тап іргесіне дейін жыртып, мал ұстау қиындап кеткеніне куә болдық. Кен байлығын іздеу мақсатында осы Наурызым және басқа оңтүстік аудандарда бірнеше атом құрылғыларын жарғанын әркім біле бермес. Оны мен бір жергілікті жердің жігітінен естіп, таңқалғаным бар. Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар Наурызымның жанындағы көлдерден балық ауламайды, суына түспейді екен. Сонда біз тәжірибе жүргізетін жәндік болғанымыз ба?!  Осының бәрі халық санасынан ізсіз кетпеді.

Қазақ жастары Кеңестік Конституция жәй ғана декларация емес, соның баптарында көрсетілгендей, бейбіт шерудің заң бойынша қылмыстылығы жоқ дегенге сенді. Бірақ, ол іс жүзінде басқаша болып шықты. Алаңға шыққандар, сол кезде ақпарат құралдарында таратылғандай, ұлтшыл топ емес, ұйымдасқан, нақтылы саяси мақсаты бар, мәдениетті жастардың шеруі еді. Менің ойымша, көшеге шығу, плакаттар арқылы өз ойын білдіру, жоғарыда жазылғандай, ертеден пісуі жеткен шешім еді. Ал, жоғарыдағы жазылған пленумның шешімі тек қана сол наразылықтың басталуының себебі болды.

Әрине, қазіргі жастарымыз бұл көтеріліс туралы көп біле бермеуі де мүмкін, себебі бүгінге дейін оған объективті дұрыс баға берілмей келеді. Біле білсек, жастарымыздың бұл ерлігі отандық тарихымыздың ғана емес, бүкіл әлемдік тарихтың ерекше бір беті деп айтуға болады. Бұл көтеріліске көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері кезінде осындай баға берген. Мысалы, атақты академик Андрей Сахаровтың әйелі Елена Боннэр қазақ жастарының Кеңес Одағында бірінші болып Коммунистік партия саясатына ашық қарсы шыққанын, осы күннен алып империяның ыдырай бастағанын айтқан. Міне, Желтоқсан көтерілісі сол құлауға жақын тұрған үйді бірінші болып шайқап өтті.

Өкінішке қарай, Желтоқсан көтерілісі өзінің лайықты бағасын әлі алған жоқ. Осы кезге дейін біреулер мұны ауылдан шыққан мас жастардың бүлігі десе, кейбіреулері жай оқиға санайды. Ол кезде жауапқа тартылған 103 адамның екеуінен басқасына (кісі өлімімен байланысты) Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 60 (нарушение национального равноправия) және 65 (бандитизм) баптары бойынша айып тағылып, қылмыстық жауапқа тартылды. Жас балаларымызды қалай қарақшы (бандит) деп айта аламыз? Бұл екі айдардың бірі де, меніңше, болған жағдайдың мазмұнын толық қамтымайтын сияқты. Себебі, бүлік дегеннің мағынасы – астыртын әрекет, ашудың кернеуі, заңды өкіметке халықтың қарулы қарсылық көрсетуі деп түсіндіріледі. Аталған анықтамаға келісуге болмайтындығы, жоғарыда айтылғандай, жастар көшеге мас болып шыққан жоқ. Бұл – жала. Астыртын әрекет деген атымен жоқ. Ал, Орталық және Колбин «бұл көтерілісті жасырын қазақ ұлтшылдары немесе Дінмұхамед Қонаевтың өзі ұйымдастырды» деген де сандырақ айтыпты. Құқық қорғау органдары осы өздерінің миға қонбайтын болжамдарын тексеру үшін көп күш салғанын білемін. Олардың мақсаты – ардақты азаматтарымызды қылмыскер ретінде жауапқа тарту болды. Дегенмен, олардың арам ойлары орындалмағанына іштей қуандық. «Осы жағдайдың алдында Қазақ мемлекеттік университеті жатақханасының алдына бір қара түсті «Волга» келіпті» деген хабарды тексерумен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бастары қатқаны есімде. Олар осы «Волга» көлігінде «бүлікті ұйымдастырушы» кісі болуға тиіс деп есептеді.

Желтоқсанды осы кезге дейін «оқиға» деп атайтындар өз арамыздан табылады. Бұл сөздің де бірнеше мағынасы бар. Оқиға қуанышты не қайғылы болуы мүмкін. Басқа халық үшін бұл қазақтың ар-ожданын аяққа басу болса, біз үшін қайғы-қасірет әкелді. Демек, «оқиға» деген сөз істің қыр-сырын толық ашпайды. Ал, Желтоқсанға «оқиға» сөзін қолдансақ, онда оған «қайғылы» деген сөзді қосу керек шығар. Дегенмен, мұны «жастардың саяси көтерілісі» десе әділетті болар. Сол тоталитарлық өкімет кезінде «саяси көтеріліске» дейін өскен жастарымыздың мәртебесі бір сатыға жоғарылар еді.

Бастапқыда қазақ жастары Орталықтың бұрыс саясатына өз келіспеушіліктерін көрсету мақсатында бейбіт шеруге шығып, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланды. Алайда, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арандату жұмысы екі жақтың қақтығысуына әкеліп соқты.   

Енді арандатушылыққа келсек, Орталықтың бұйрығымен бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарына өрт сөндіретін машинамен сол аязды күні су шашылды. Олардың жаны мен тәніне өмірлік жазылмайтын зақым қалдырды. Қыздарымызды итпен талатқандарын, жатырларынан тепкілегендерін көзіміз көрмесе де, жәбірленушілерден құлағымызбен естіген жайымыз бар. Орталықтың «иттері» сол айуандықтарын ашық айтып та жүрді. Мысалы, біреулері қыстың қақаған аязында 20-25 қазақ баласын қаланың «Геологострой» жақтағы елсіз жерге машинамен алып барып, ұрып-соғып, киімсіз жапан далаға тастап кеткендерін мақтанышпен айтқандарын да естідік.

Жақыпова деген қыздың: «Аға, көшеде келе жатқан біздерді милиция қызметкерлері «УАЗ» автокөлігімен әдейі соғып, ішімізден тепті», – деп еңірегенін естігенде, іштей езілдік, жұбатудан басқа қолдан келетін көмек болмады.

Жастар бұл қорлыққа көнбеді, сөйтіп теке-тірес басталды. Екі жақ қарама-қарсы тіресіп тұрғанда (бір жағы қаруланған, екінші жағы қарусыз), бір арандатушы: «Соғыңдар қырғыздарды, олар жаңа ғана балабақшадағы 25 орыс баласын өлтіріп, оның ғимаратын жағып жіберді», – деп айқай салыпты. Содан бата алмай тұрған солдаттар саперлік күректерімен жұмыстарын істеуге кірісіпті. Жас солдаттардың бастапқыда батылсыздық көрсетулерінің себебі, меніңше, алдыңғы қатарда қыздарымыз тайсалмай бетпе-бет тұрыпты. Тайсақтағандарға «шешіңдер шалбарларыңды, біз киеміз» дегенге дейін қатты сөздер айтылыпты. Сондықтан шаштары жұлынып, жарақат алғандардың да біразы қыздар.

Бір айта кетерлігі, үсті-басын мұз қатып тұрса да, олар алаңнан кетпей, «Менің елім, менің жерім» деп ән шырқап, бір-біріне рух берген, бүкіл қанға боялып жатқан алаңды күңіренткен. Біздің Әнұранымыздың саяси аренаға шығуы осы күннен басталатынын айтқан жөн.

Оқырман сөз саптауымнан түсінген шығар, мен де сол оқиғаның шет жағында болып, кейбір келеңсіз жағдайлардың куәсі болғанмын. Сол елең-алаң тұста менің Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің Қостанай облыстық басқармасында тергеу жұмысында қызмет атқарып жүрген кезім еді. Ұмытпасам, 18 желтоқсан болуы керек, біздерден оншақты қызметкерді арнайы рейспен астанамызға алып барды.

Бұрындары іссапармен келгендерді әуежайдан арнайы көлікпен күтіп алатын. Бұл жолы комитеттің кеңсесіне автобуспен өзіміз жеттік. Мүмкін, бұл кезде көлік тапшылығы болған шығар. Дзержинский (қазіргі Наурызбай батыр) көшесімен ғимаратқа кіру есігіне жақындаған кезімізде, алдымыздан темір таяқтармен қаруланған 15 шақты басқа ұлт өкілдері шығып, біздің кім екенімізді сұрай бастады. Түстері суық, ешнәрседен тайынатын кісілерге ұқсамайды. Мен олардың бұл қылығын ерсі көріп күліп жібере жаздағанымда, біздің бір қызметкер: «Ғалеке, байыптылық көрсетіңіз, шамдарына тиіп, пәлеге қалмайық», – деді. Сол кезде бір орыс жігіті жүгіріп келіп, «ана көшеде бір қазақ жігіті кетіп барады» дегені сол-ақ екен, жаңағылардың екі-үшеуі темір көсеулерін сүйретіп солай қарай жүгіре жөнелді. Аз уақыттың ішінде олар бір інішекті сүйреткендей алып келді. Ол бір жақынының үйінен шығып, өз үйіне келе жатқан ұйғыр баласы екен. Машина шақырылып, милицияға жөнелтілді. Онда оны не күтіп тұрғаны айдан анық. Тапа тал түсте үкіметке ол «сорлы» қандай қауіп төндіргенін түсінбедім.

Бұл орыс азаматтары «қарақшылардан» мекеме, кеңселерді қорғауға жасақталған «дружина» екен. Бұндай «қорғаушылар» қазақтарға қырғидай тиді. Олардың өкілеттілігін қадағалайтын жан болмады. Қазақтан біреу «бұл қалай» десе, сол жерде сазайын алады. Осындайлар көшеде кетіп бара жатқан зиялы азаматтарымызды ұрып-соғып, шешіндіріп, басындағы жақсы құлақшындарын жұлып алып, өздері кісі тонаумен айналысқан. Бұл – факт. Былайша айтқанда, қазақ өз жерінде заңсыз, екінші сортты жанға айналды.

Сол кездегі қылмыстық құқық кодексінің 60 және 65-баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, оны тергеу прокуратура органының құзырына жататын. Сондықтан істердің көпшілігін прокуратура және милиция органдары жүргізді. Милиция тергеушілерінің арасында осы КГБ органы бүлікшілерге бүйірлері бұрып, тергеу ісін әдейі жүргізбей отыр деген де сөздер болды. Ал, қылмыстық іс жүргізу кодексінің баптарына сай КГБ органы бұл баптарда көрсетілген істер бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуге тиіс емес еді. Екі органның арасында күндес әйелдердей осындай ұсақ-түйек сөздер ертеде де болатын.

Тағы бір жағдай, Орталық бұл іске үлкен бір саяси мән бергісі келмеді. Жұртшылыққа «бұл мас, нашақор, бұзық жастар­дың біреулердің айдауымен ойланбай жасаған істері» деген рең бергісі келді.

Республикалық КГБ органы 1963 жылдан бастап (мен осы органға келдім) ерекше қауіпті мемлекеттік істер бойынша іс қозғап, оны жүргізіп көрген жоқ. Ондайға баруға шетелдердің айқай-шуынан да тайсақтайтын. Бірақ, Орталық КГБ-дан 4-5 полковниктер іссапармен келіп, кейбір маңызды деген істерді өздері жүргізгендерін білемін. Олар тіс жарып ешкіммен сөйлеспейтін, тек қана «ананы істеп әкел, мынаны істеп әкел» деп біздер­ге нұсқау беретін-ді. Бұл полковниктер үшін республикалық КГБ  қызметкерлерінің өздері сол көшеге шыққандармен бірдей болды десем артық болмас. Өздерімен өздері еді. Олардың бет-жүздерін анық көрген де жоқпыз. Тіпті, республикалық КГБ-ның Тергеу бөлімінің бастығы Н.П.Ловягиннің өзі де олармен сыр бөлісіп көрген жоқ-ау шамасы. Себебі, оның мәскеуліктердің кабинеттеріне кіріп-шығып жүргенін байқамадық. Ал, Николай Петрович болса, аса сауатты, мінезі жайдары, өте кішіпейіл, тәжірибесі мол, республикалық КГБ органының басшылығы да айтқанына тоқтап, өте сыйлайтын кісі еді. Ол қазір қолдана қоймайтын терминмен айтқанда, нағыз интернационалистің өзі болатын. Ол қазаққа көбірек жақын болды. Сол кісінің біздерге – тергеушілерге бір айтқан сөзін қазір келтірмесем болмас.

Николай Петровичтің ешкімнен қаймықпай: «Болып жатқан жағдайды құптауға болмайды, даурықпаңдар, ертең-ақ әр нәрсе орындарына қойылады, мәскеуліктер кетеді, ал біз осы жерде қаламыз», – дегені әлі есімде. Мүмкін Орталықтан келгендер оның осы көңіл-күйін сезген де шығар. Ал, сол кезде мұндай батыл ойын кім ашық айта алды?!

Аз уақыттан кейін КГБ органының кейбір тергеушілерін қалалық прокуратураларға бөліп жіберді. Заңды бұрмалаушылық болса да, мен де сол бір қалалық прокуратурада жауап алу кезінде қатысып отырдым. Айта кетер жай, іні-қарындастарымызға тергеушілер қолымыздан келгенінше көмегімізді беруге тырыстық. Бұл – шындық.

Комитеттің бір жігіттері күнде кешке біздің қонақ үйімізге келіп, пікір бөлісіп жүрді. Аты-жөнін ұмытып қалдым, бізде оперативтік бөлімде істейтін арық, бадырақ көзді жігіт: «Балаларымызды сақтап қалуға тырысайық», – деп ашықтан ашық айтатын еді. Онысы бізге сенгендігі ғой. Себебі, осындай қиын-қыстау кезде әркім зорлық-зомбылықты, әділетсіздікті көп көрді. Көпшілігі намысты жастарға көмектесуден қашқан жоқ. Өкінішке қарай, интернационалист болып көрінгісі келгендер де, біреуден «өшін» алуға асыққандар да болды. «Іштен шыққан жау жаман» деген осы…

Ленин (қазіргі Достық) даңғылындағы көп қабатты бір үйдің алдында бір қазақтың қызын «дружинниктер» шашынан ұстап тепкілеп жатқанда, жоғарғы қабаттан қазақтың кемпірі шыдай алмай: «бұл не деген хайуандық, дереу тоқтатыңдар!» – деп айқай салыпты. Ешқайсысы құлақ аспаған соң, әжеміз балкондағы гүл салған горшокты төмен қарай лақтырып жіберіпті. Ол ешкімге тимесе де, милиция қызметкерлері сол кемпірді іздеп шаршағандарын білемін. Бұл іздестіру нәтижесіз болғанына біз іштей қуандық.

Рас, көтеріліс кезінде ғана емес, одан кейін де көптеген зиялыларымыз қуғынға ұшырады. Сол кездегі Қазақстан Орталық Комсомол комитетінің хатшысы болған Серік Әбдірахманов деген зиялы азаматымызды қайта-қайта тергеу органына шақырып, одан бір кінә тауып, барлық пәлені соған жапқысы келгенін естідік. Сөзге пайымды, ақыл иесі Сәкең өзін ғана қорғап қалмай, басқа да комсомол жастарына араша бола алды.

Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болған Өмірбек Жолдасбековты да көп жазғырды. Оған «Қазақстандағы қазақтардың жалпы пайызына шаққанда, осы университетте оқитын ұлты қазақ студенттердің, әсіресе заң факультетінде саны басқа ұлттардан көп» деп пәле салыпты, мұны «жасырын ұлтшылдық» дегеннен де тайынбапты. Оқымысты кісі ғой, оған да орынды жауап беріпті. Ол кісі студенттерді оқығысы келіп арыздарын берген абитуриенттердің санына сәйкес алынғандығын алға тартыпты. «Неге заң факультетіне қазақ жастарынан көп арыз берілген?» деген сұраққа, ол кісі: «Қай қазақ отбасында сот, прокурор қызметінде істеп жүрген балаларын көргісі келмейді», – деп жауап беріпті. Бұл сөз де оларға түрпідей тиіпті, көпке дейін бұрмаланып айтылып та жүрді.

Дінмұхамед Қонаевтың сағын сындыру мақсатымен көптеген жақсы азаматтарымыз қуғынға ұшырады, былайша айтқанда, тырнақ астынан кір іздеді. Мысалға, ағамыздың көмекшісі Дүйсетай Бекежановтың ешқандай негізсіз қалай әурелегендерін көпшілік білуге тиісті.

Қостанайдың жағдайына келсек, жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ жастары бейбіт шеруге шықпақшы болды. Мақсаттары алматылық студенттермен өздерінің пікірлестіктерін көрсету. Егер сонда ауылдан келген албырт көңілді жастар көшеге шыққанда, үлкен бір қайғылы оқиға болуы мүмкін еді. Себебі, күректерін жалаңдатып ішкі істер министрлігінің әскери жасақтары тұрды. Қаладағы халықтың санын еске алғанда, біздің жастардың жағдайы жаман болар ма еді?! Істі насырға шаптырмау жолында ҰҚК облыс басшылығымен бірлесе отыра көптеген үгіт-насихат, ұйымдастырушылық шараларын жүргізді, студенттермен кездесіп, тыныштыққа шақырды. Үлкен жұмыс жемісін берді. Олар үлкендердің ақылын алып, алаңға шықпады. Бұл дұрыс па, әлде бұрыс па, оны бүгін айту қиын.

Сол кезде тергеуші ретінде осы кісілердің іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы бар ма, не жоқ па, оны шешу менің құзырымда еді. Сондықтан, әрбір материалды мұқият зерттеп, өз пікірімді жазбаша түрде басшылыққа жеткізіп отырдым. Бір анығы, жоғарыда көрсетілген шаралардың арқасында, біздің облыста бұл оқиғаға байланысты қылмыстық істер қозғалған жоқ, КГБ органына шақырылып, жауап алынғандар да болмады. Басқармалық бойынша жалғыз ғана тергеуші болғандықтан, менің бұл сөзім ақиқат. Ал, «біз де шеруге шығайық» дегендердің кейбіреулері партия, комсомол органдары тарапынан жаза алғандары болды. Бұл органдарға «олай істе, не бұлай істе» деп айтуға біздің құзыретіміз жоқтығын оқырман біледі.

Көп ұзамай Орталық Комитеттің қаулысы бойынша бұл халыққа «қазақ ұлтшылдығы» деген айдар тағылды. Ақжарқын халыққа кір жағып, оған сенімсіздік туғызды, Орталықтан келген бұйрықтарда қазақ ұлтшылдарын тауып, әшкерелеу туралы мақсаттар қойылып жатты. Билікте отырған, басқа ұлт өкілдері әрбір оперативтік кеңестерде тілдерін шайнап: «Біз қазақтардың ішінде болып жатқан терең процестерді білмейміз, соны Орталық бізге жүктеп отыр», – деп сандалды. «Ондай процесс жоқ» деп көр, сені ешкім қолдамайды да, одан ешнәрсе шықпайды да. Содан тілімізді тістеп қана отырдық. «Жоқты бар» деген отызыншы жылдың ойранына оралдық.

Осы науқанда қолынан іс келетін азаматтарымыз жазықсыз орындарын босатты. Айталық, 1987 жылғы қаңтар айында болған облыстық партия комитетінің пленумында басшылықтағы қазақ кадрлары орындарынан босатылып, олардың орындарына басқа ұлт өкілдері тағайындалды. Мысалы, облыстық партия комитетінің бірінші, екінші, үшінші хатшылықтарына басқа ұлт өкілдері «сайланды». Пленумнан кейін «енді әділеттілік орнады» деп қуанған облыстық бір мекеме басшысын өз көзіммен көрдім, құлағыммен естідім. «Кунаевщинаны құрттық» деп аяғын шолтаңдатқан кісілердің кейбіреулері біраз жылдар билік басында отырды. Көбінің қолынан ешнәрсе келмесе де, қазақтан ат-тондарын ала қашатын қазақ болса да, әйтеуір қара көздің отырғаны көзге тоқ еді…

1990 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығының арқасында Орталық өзінің «қазақ ұлтшылдығы» деп жапқан жаласынан ашық түрде бас тартуына мәжбүр болды. КОКП Орталық Комитеті өзінің қаулысымен оның алдындағы қаулысының күшін жойды. Оған қазақ зиялылары да зор үлес қосты. Мұхтар Шаханов сияқты тұлғаның еңбегі де өз алдына бөлек әңгіме. Ал, 1991 жылдың 12 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен осы көтеріліске қатысушыларды толығымен ақтап шығарды. Көптеген істер қайта қаралды. Сөйтіп, кештеу болса да, әділеттілік орнады, істі болған қазақ жастары отбасыларына оралды.

Ғалихан МӘУЛЕТОВ,
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here