Ордалы елге – отыз жыл!

0
2391

«Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар:
елдің қолына зарықтырып келіп қонған бақыт құсынан –
Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді…»
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Ақиқатын айту керек, қазақ халқында дәл бүгінгідей жаймашуақты, қолайлы кезең болмағаны тарихымыздан аян. Бұрын айта алмай келген, айтқызбай келген толғаныстарымызды да ашық айтуға мүмкіндіктер туды. Дұрысында, сол ой-толғанысымызды ұлттық татулығымызға, ұлтаралық жарастығымызға жұмсасақ, парасатпен, кемел байыптылықпен ортаға салып отырсақ, қасиетті кезеңнің қадірін тереңдете түсер едік. Сонда ғана азаттығымыздың бабалар үшін қандай зәру болғанын түсінер едік. Тіпті, бұл тәуелсіздіктің ұлттық жауапкершілік екенін ұғынып, қатарымызды түгендеуге берілген үлкен бақыт екендігіне жыл өткен сайын көз жеткізе түсудеміз. Ал, сол бақытты рәсуа етсек, ол тарихымызға да, болашағымызға да кешірілмес күпірлік болатыны сөзсіз.

…Тарихтың талай-талай кесірлі сүрлеулерінен өткен қазақ дербес мемлекеттігін алды. Ғасырлар бойы аңсаған асыл арман орындалды.  Тәуелсіздіктің алғашқы билік тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап алды. Тұңғыш Президенттің халқының жаңа заманауи ұлт болып қалыптасуында рөлі орасан зор. Әсіресе, саясаттағы жанқиярлығы өз алдына үлкен әңгімеге арқау болады. Ел көсегесін көгертетін өрелі ізденістері де жетіп артылады. Тәуелсіздік туының астына өз халқын ынтымақта ұстап, тарих төріне алып шыға алды. Тіптен әлемдік өркениетке қазақ деген ұлттың барын ресми танытып, мемлекеттік рәміздері – Елтаңбасы, Туы, Әнұраны арқылы паш етті. Бұл турасында Елбасы: «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді», – деген-ді. Сөйтіп, бүкіл әлемге Қазақстан өз жерінің иесі, өз тағдырының иесі екенін дәлелдеді.  

Мұнан әрі тізбелей түссек, ең алдымен тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді, «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлық қабылданды, шекарамыз мықтап шегенделді, Ата Заңымыз бекітілді. Осыншалықты қарбалас тірліктің арасында тәуелсіз Қазақстанның жаңа буынын қалыптастыру қажеттігі де ұмыт қалмады. «Болашақ» бағдарламасы жасалды. Мұнда ұлттық рухани ұстындарымыз бен құндылықтарымызды сақтап қалу жолдары нақтыланып, осынау жобаның арқасында жаhандық элита даярлаудың әлемдік жүйесіне қосылдық. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде «Болашақтың» түлектері алдыңғы қатарлы мамандардың бірі екендігін дәлелдеп отыр.

Сонымен қатар, отыз жылдықта жеткен жетістіктеріміздің бірі – төл теңгеміздің айналымға кіруі. Ал, Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылуы да еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың жемісі екені шүбәсіз.

Ел тарихындағы елеулі құжаттардың біріне айналған Жолдау да азаттығымыздың алғашқы жылдарының еншісіне тимек. Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауын дәстүрлі түрде бүгінгі Мемлекет басшысы да жалғастырып келеді. Сондай-ақ, Елорданың Алматыдан Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан) көшірілуі, бас-аяғы аз ғана уақыттың ішінде Сарыарқаның нақ ортасында Батыс пен Шығыс өркениеттерінің мәнді белгілерін бойына жинаған әсем шаһардың пайда болуы да Қазақ Елінің мәртебесін асқақтатты.

Отыз жылдықтың жемісі деп, рухани құндылығымызды дәріптеген екі бағдарламаны баса айтып кеткен жөн шығар. Оның бірі – «Мәдени мұра»,  екіншісі – «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру». Елбасы бұл бағдарламалар туралы өз сөзінде былай деп түсіндіреді: «Біздің елімізде Мысыр пирамидалары және Римдік Колизейлер жоқ, бірақ Қазақстан аумағында көне дәуірде өмір сүрген көшпелілердің рөлі Еуразия үшін ғана емес, сондай-ақ әлемдік тарих үшін бағасыз. Біз дала өркениетінің ұлылығын әлемдік деңгейде көрсетуіміз керек». Аталмыш екі жобаның да түпкі мақсаты – қазақ даласында өмір сүрген және өмір сүріп жатқан  халықтың мәдени игілігін сақтау болып табылады.

Ел ертеңін бағдарлайтын «Мәңгілік Ел» ұлттық бағдарламасы қазақ халқы үшін құнды бағдаршамға айналды. Демек, Елбасымыздың «Заманның өзгергенін көру аз, заманды меңгеру керек» деген ұстанымы ақиқатқа айналды. Шын мәнінде, Елбасы жасаған жобалардың өз заманынан озық екенін халық кейіннен, уақыт өте келе түсінді, әлі де түсінеді. Бәлкім, көпшілік айтып жүрген «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деген осындай асулар болар…

Жарастық арқауын ширатқан Нұрсұлтан Назарбаев тізгінін бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаев жалғауда. Ол елдің ішкі тұрмысы мен қиындықтарын күрделі кезеңде Үкімет басқарған Премьер-министр ретінде қалай ой-санасы арқылы өткізе білсе, Елбасы қасында жүріп, өзін тынышсыз әлеммен тілдесе білер тәжірибелі Сыртқы істер министрі екенін халықаралық деңгейде таныта білген бірден-бір тұлға. Сағы сынбайтын даму жолына түскен елінің мәртебесіне де, елінің ел болып сақталуына да, оның өркендеп-өсуіне де барынша ықпал етіп келеді.

Ел тілегі мен ел аманатын арқалаған Нұрсұлтан Назарбаев елін сеніп тапсырған осы бір тұлға туралы былай деп еді: «Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі БҰҰ деңгейінде жоғары бағаланғанын білесіздер. Осы жаһандық құрылымда ол Бас хатшының орынбасары ретінде қызмет етті. Дипломатиялық жетістіктерімен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинады. Ол ел дамуының ең күрделі кезеңінде Қазақстан Үкіметін басқарды. Естеріңізде болса, 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін экономиканы қалпына келтіруге атсалысты. Сол жылдары ол менің Ұлттық қор құру туралы идеямды толық қолдап, оның құрылуына үлес қосты. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Даму институттары осы кезде пайда болды. Әлеуметтік жаңғыру жолында алғашқы қадамдар жасалды. Жаңа зейнетақы жүйесі қалыптасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы ретінде Қазақстандағы парламентаризмнің жаңа заң шығару қызметіне мол үлес қосты. Осы жылдар ішінде ол маған сенімді серік болып, елімізді одан ары өркендетуге қатысты ұстанымымды қолдап келеді. Ол менен бір мүшел жас кіші, осы күні ел басқарып отырған төңіректегі көршілеріміздің құрдасы және замандасы болып саналады. Жұмыс істеуіне ыңғайлы».

Мемлекет басшысы Елбасының биік азаматтық өресін, елге деген жанпида еңбектерін бір сұхбатында былай жеткізгені бар: «Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жаңа мемлекеттілік жасаудың барлық тауқыметін басынан өткерді. Қиындыққа толы осы жолда толағай табыстарға қол жеткізді. Қазақ елін төрткүл дүниеге әйгілеп, барша әлемге мойындата білді. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Түрлі сәуегейлік жасаушылар бұрын да болған, қазір де бар, кейін де бола береді. Ең бастысы, біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда өткізе білдік. Тағы да қайталап айтамын, бұл ең алдымен Елбасының парасаттылығы мен көрегендігін және халқымыздың даналығын көрсетеді. Біз әлемге өркениетті ел екендігімізді, жұртымыздың саяси мәдениетінің жоғары екендігін дәлелдедік. Кейбір мемлекеттердегідей алаңға шығып, шу көтерген жоқпыз. Бәрі заң шеңберінде өтті және мен де осы бағыттан ешқашан таймаймын, ешқандай «екіұдайылыққа» жол бермеймін».

Өте орынды пікірлер. Шен-шекпенге таласқан ешқайсысы жоқ. Адами түсінік, азаматтық түсінік басым. Осындай түсінік болған жерде ғана біздердің мақсатымыз да, тілегіміз де бір болып, үлкен істерге  жұмыла кірісеріміз анық.

Қасым-Жомарт Кемелұлының билікке келгеніне үшінші жылға аяқ басыпты. Өлшеммен қарасақ, тым қысқа мерзім. Алайда, Мемлекет басшысының есімімен қазақстандықтар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ қанық. Ол кісінің сыртқы саясат пен ішкі саясатты тең игергендігін, Мемлекетті басқаруда да, Үкімет ісін жүргізуде де тәжірибесінің молдығына ешкім шүбә келтірмес.

Қазақ сөз баққан және сөзге тоқтаған халық. Өйткені, бабалардан жеткен даналық сөздердің мағыналық төркініне үңілсеңіз, олардың әрбір сөзі – философиялық мәнге ие. Атап айтсақ, адамның қасиеті мен тегі туралы «Тектіден текті туар, тектілік тұқым қуар, тектілігі тектінің биіктен көрініп тұрар» деген қанатты тіркестердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тағылымдық мектепке айналғаны ешкімге жасырын емес. «Артында баласы қалса – көзі қалды де, сөзі қалса – өзі қалды де» дегенді де қазақ айтқан. Бұл сөзімізге Тоқаевтар әулеті дәлел. Бүгінде ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі қазақ әдебиетінде өзіндік сара жолы бар қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері – Кемел Тоқаев. Ал, анасы Тұрар Шабарбаеваның Шет тілдер педагогикалық институтында үздік оқытушылар қатарында болғандығы да ортақ ақпарат.

Рас, қайраткер бойынан тұтас бір дәуірдің кескіні мен келбетін көреміз. Өткен ғасырдың 1975-91 жылдарында КСРО Сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметтерін атқарып, жас болса да биік-биік мінбелерден көрініп, елдің сыртқы саяси жұмыстарының бел ортасында жүрген, еліміз азаттық алғаннан кейін де өзіне жүктелген үлкен қызметтерді абыройлы атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев есімі сол кеңестік дәуірде де, тәуелсіздік тұғырына қонған осы дәуірде де қолынан іс келетін, ұлтқа жаны ашитын үлкен қайраткерлер қатарынан көрінді. Сөйтіп, адал жүріп, анық басқан адамның алды қашан да кең екендігін уақыт дәлелдеді. Ендеше, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Қасым-Жомарт Тоқаев – ел тізгінін ұстауға лайықты қайраткер.

Көпшілік Тоқаевты, әсіресе саясаткерлер «Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің негізін салушы, ел дипломаттарының жетекшісі, халықаралық дипломатияда салмағы бар тұлға» деп бағалайды. Таяуда осы саяси салмағы бар Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Nur Otan» партиясының Төрағалық өкілеттілігі тапсырылды. Бұл да кезекті сенімнің бірі. Сенім бар жерде ынтымақ қоса жүреді. Егемен ел атанып, мемлекет іргесінің бекуіне Елбасының да, бүгінгі Президентіміздің де үлестері мол.

Тәуелсіз Алаш елі өзінің абырой биігінен көрініп тұр деуге әбден болады.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here