Боксшылар мен зілтеміршілер Олимпиадамен қоштаса ма?

0
5741

Жаңа жылда спорт сүйер оқырманға жеткізер екі жаңалығымыз бар. Біріншісі – жағымды, екіншісі – жағымсыз жаңалық. Өкінішке қарай, жағымды жаңалықтан Қазақстанға келіп-кетер пайда жоқ. Ал, екінші жаңалық отандық спорт үшін жайсыз тиері сөзсіз.

ҚАНДАЙ СПОРТ ТҮРЛЕРІ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНДАҒЫ ОРНЫН САҚТАП ҚАЛДЫ?

Әдеттегідей жағымды жаңалықтан бастайық. 2021 жылғы 9 желтоқсанда өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) отырысында Атқарушы комитет өкілдері жазғы ойындар бағдарламасын қызу талқылады. ХОК ұзақ талас-тартыстан кейін былтыр Олимпиада бағдарламасына алғаш енген сёрфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг спорт түрлерінің өкілдері 2028 жылы Лос-Анджелесте (АҚШ) өтетін XXXIV жазғы Олимпиада ойындарында да сынға түсетіндері жөнінде шешім қабылдады.

Былтыр Токио Олимпиадасына қосымша спорт түрі ретінде алғаш рет қатысқан сёрфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасына да сол санатта қабылданған болатын. Енді ХОК сёрфинг, спорттық құзға өрмелеу мен скейтбордингті Олимпиаданың ресми спорт түрлері ретінде заңдастырмақ. Нақты айтқанда, алдағы ақпан айына жоспарланып отырған Халықаралық Олимпиада комитетінің 139-шы сессиясына ұсынылатын Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарының алдын-ала бағдарламасына енетін 28 спорт түрінің ішіне сёрфинг, скейтбординг пен спорттық құзға өрмелеуді де қосты.

Рас, сёрфинг, спорттық құзға өрмелеу мен скейтбординг өкілдері былтыр Токио Олимпиадасында алғаш сынға түсті. Сёрфингтен ерлер арасында Итало Феррейра (Бразилия) Олимпиада чемпионы атанса, Каноа Игараши (Жапония) күміс жүлдегер, Оуэн Райт (Аустралия) қола жүлдегер атанды. Әйелдер арасында Карисса Мур (АҚШ) топты жарса, екінші орынды Бьянка Буйтендаг (ОАР), үшінші орынды Амуро Цузуки (Жапония) алды. Ал, бұл спорт түрінен сынға түскен қазақстандық спортшылар болған жоқ.

Спорттық құзға өрмелеуге келсек. Алғаш Олимпиада бағдарламасына енген бұл спорт түрінде екі медаль жиынтығы сарапқа салынды. Ерлер арасында спорттық құзға өрмелеу тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде Альберто Хинес Лопестің (Испания) есімі алтын әріптермен жазылды. Күміс медаль Натаниэль Коулманға (АҚШ), қола медаль Якоб Шубертке (Австрия) бұйырды. Қыздар арасында словениялық Янья Гарнбрет (алтын) пен жапон қыздары Михо Нонака (күміс), Акиё Ногути (қола) қарсыластарынан басым түсті. Өкінішке қарай, Токио Олимпиадасында 26 жастағы отандасымыз Ришат Хайбуллин 11-орынмен шектелді.

Токио Олимпиадасында төрт медаль жиынтығы сарапқа салынған скейтбординг спорт түрінен Қазақстанның намысын қорғайтын спортшы болған жоқ. Скейтбордингтен Жапония бес медаль (үш алтын, бір күміс, бір қола), Аустралия алтын медаль, Бразилия үш медаль (үшеуі де күміс), АҚШ екі медаль (екеуі де қола) және Ұлыбритания бір қола медаль иеленді.

Міне, бұл спорт түрлерінен Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Париж Олимпиадасында да, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында да үміт арта алмайды. Жоғарыда «жағымды жаңалықтан Қазақстанға келіп-кетер пайда жоқ» деп жазғанымыз сондықтан.

БОКС, АУЫР АТЛЕТИКА МЕН ҚАЗІРГІ БЕССАЙЫСТЫҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН МАЙШАММЕН ҚАРАЛАДЫ?

Енді Қазақстан спорты үшін жайсыз жаңалыққа тоқталсақ. 4-20 ақпан күндері Қытай астанасы Бейжің қабылдайтын XXIV қысқы Олимпиада ойындары қарсаңында өтетін Халықаралық Олимпиада комитетінің 139-шы сессиясына Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарының алдын-ала бағдарламасына ұсынылатын 28 спорт түрінің ішінде бокс, ауыр атлетика мен қазіргі бессайыс болмай шықты. Мұндай шешім жоғарыда сөз болған желтоқсан айындағы ХОК отырысында қабылданды.

Дегенмен, бокс, ауыр атлетика мен қазіргі бессайысты ХОК мүлдем сызып тастаған жоқ. Оларға тағы бір мүмкіндік беріліп отыр. Аз уақыттың ішінде тиісті ұйымдар кейбір мәселелерді шешулері керек. Атап айтқанда жақында ғана аты өзергенмен, заты әлі өзгере қоймаған бұрынғы Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (АІВА), бүгінгі Халықаралық бокс қауымдастығы (ІВА) қаржылық ашықтық бойынша жұмыстың жақсарғанын көрсетіп, әділ төрешілерді тағайындауды дұрыс жолға қоюға міндетті; Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) допингпен күрес жөніндегі ұсыныстарды толық орындап, допингке қарсы бағдарламаның толық тәуелсіздігін дәлелдеуі тиіс; Халықаралық қазіргі бессайыс одағы (UIPM) атпен жарысуды алмастыратын жаңа бағдарламаны дайындап шығуы қажет.

Егерде осы үш спорт түрінің ұйымдары ХОК қойған бұл талаптарды орындамайтын болса, онда 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына боксшылар, зілтеміршілер мен бессайысшылар бармайды. Ал, 2023 жылғы ХОК сессиясына дейін бокс, ауыр атлетика мен қазіргі бессайыстың мәселесі майшаммен қаралады.

2028 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН СПОРТЫНЫҢ БАСЫНА ҚАРА БҰЛТ ТӨНЕ МЕ?

Қазіргі бессайысты есепке алмағанда, егер бокс пен ауыр атлетика 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасынан сызылып қалатын болса, онда Қазақстан спортының басына қара бұлт төнеді. Өйткені, азат еліміз 7 жазғы Олимпиада ойындарында алған 72 медальдің 36-сы осы боксшылар мен ауыр атлеттерге тиесілі. Жазғы спорт түрінен тәуелсіз елімізден шыққан 15 Олимпиада чемпионының 9-ы осы екі спорт түрінің өкілдері. Сондықтан Қазақстанның бокс пен ауыр атлетиканың тілеуін тілеуден басқа амалы жоқ.

Осындайда Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еріксіз еске түседі. Ал, бокстағы даудың басы әділетсіз төреліктен, ауыр атлетикадағы даудың басы допингтен басталған болатын.

2016 жылғы Рио Олимпиадасының финалында қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко арасында өткен кездесуде отандасымыздың басымдығына, көрермендердің жаппай наразылығына қарамастан, төрешілер жеңісті Ресей өкіліне тартып алып берген еді. Сол тұста қазақстандықтар ғана емес, Халықаралық Олимпиада комитеті де АІВА-ның қызметіне күдік келтірді. Содан оның жұмысын уақытша шектеген ХОК Токио Олимпиадасындағы бокс жарыстарын өзі ұйымдастырып, АІВА төрешілерін жақындатқан жоқ.

Әбден былыққа батқан ауыр атлетиканың да жағдайы мәз емес. Халықаралық Олимпиада комитетінің спорт директоры Кит Макконнелдің мәліметінше, Рио Олимпиадасында ауыр атлетикаға бөлінген квота саны 260 болса, Токио ойындарында ол 196-ға дейін азайған. Парижде зілтеміршілерге арналған квота саны 120 ғана болады. Сондай-ақ, Париж Олимпиадасында ауыр атлетикадан жүлдегер жиынтығы да азайтылады. Бұрынғыдай 14 емес, 10-ға төмендейді. Ерлер мен әйелдер арасында екі салмақ дәрежесі қысқартылады. Ал, ХОК 2028 жылғы Лос-Анджелестегі ойындарда ауыр атлетика додасының өту-өтпеуін әлі нақтылаған жоқ.

Иә, ХОК ауыр атлетикаға қатысты нақты шешімді әдейі созып отыр. Өйткені, соңғы 20 жылда Халықаралық ауыр атлетика федерациясында жемқорлықтың тамыры тереңге жайылып кеткені Халықаралық Олимпиада комитетінің беделіне зор нұқсан келтірді. Содан ХОК 2028 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасынан ауыр атлетиканы алып тастайтынын бірнеше рет ашық айтты.

«Халықаралық ауыр атлетика федерациясы мен оның экс-басшысы Тамаш Аянға қатысты баяндама жаға ұстатты. Біз былыққа батқан ауыр атлетикадағы тазалық үшін барынша күресуіміз керек. Әрине, таза спортшыларға обал. Дегенмен, жаза жеңіл болмайды. Бұл спорт түрін Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алып тастауымыз да мүмкін», – деп мәлімдеді ХОК басшысы Томас Бах.

ХОК басшысының айтуынша, Ричард Макларен бастаған тәуелсіз комиссияның  қорытындысынан кейін ауыр атлетиканың алдағы тағдыры белгілі болады.

ДОПИНГ ДАУЫ СӨЗ БОЛҒАНДА ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ ЖЕРГЕ ҚАРАЙДЫ?

Рас, зілтеміршілердің допинг-сынамалары оң нәтиже көрсетіп, Халықаралық ауыр атлетика федерациясындағы сыбайлас жемқорлық мәселелері өршіген соң ХОК осындай қадамға бармағанда қайтеді?! Ал,  допинг дауынан кейін аталған федерацияны 20 жыл басқарған венгриялық Тамаш Аян қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Маклареннің сөзінше, 82 жастағы Тамаш Аян өзі басқаратын федерацияға тиесілі 10 млн долларды заңсыз қалтасына басқан. Кейбір мемлекеттердің федерацияларынан ақша алып тұрған. Сөйтіп, допинг-сынамалары оң нәтиже көрсеткен ауыр атлеттерге көз жұма қараған.

Бұл тұста қазақтың «Жыртық тесікке күледі» деген мәтеліндей болып жүрмесін. Неге десеңіз, допинг дауы сөз болғанда жерге қарап, тілімізді тістеп қалатынымыз рас. «Ауруын жасырған – ажалсыз өлетінін» ескерсек, ауыр атлеттері ең көп допинг қолданған әлемдегі елдердің бірі болғанымызды жасырмай айтуға тиіспіз.

Соңғы жазғы төрт Олимпиадада Қазақстан қоржынын медальмен толтырғандар негізінен осы зілтеміршілер болды. Мәселен, 2012 жылы Лондонда күміс, қола жүлделерді айтпағанда, төрт қазақстандық ауыр атлет Олимпиада чемпионы атанды. Дегенмен, допинг дауына байланысты Ильин де, Подобедова да, Чиншанло мен Манеза да алтын медальдарын Халықаралық Олимпиада комитетіне қайтарып берді. Сөйтіп, соңғы үшеуінің 2012 жылғы Олимпиадада, алғашқысының қос бірдей Олимпиадада (2008, 2012) көрсеткен жетістіктері жоққа шығарылса, біздің ауыр атлеттердің Рио-де-Жанейрода жеңіп алған марапаттары әзірге өздерінде қалды.

«Әзірге» сөзі бұл жағдайда артықтау болмас, себебі сол кезде алынған допинг-сынамалардың сақталу мерзімі тек 2026 жылы бітеді, ал оған дейін көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Яғни, тыйым салынған заттарды анықтау әдісі ұдайы жетілдіріліп отырады. Айтса айтқандай, IWF өткен жылы Рио Олимпиадасының чемпионы Ниджат Рахимов допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жарыстардан уақытша шеттетілгенін хабарлады. Ол «2016 жылы зәр талдауын алмастырды» деп айыпталып жатыр. Ал, айыпталған ауыр атлеттердің ешқайсысы ақталмағандарын ескерсек, онда Рио Олимпиадасында ауыр атлетикадан алған жалғыз алтын медальді қайтарып беретін түріміз бар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазір Халықаралық ауыр атлетика федерациясының тізгіні уақытша британдық Майк Иранидің қолында. Ол Тамаш Аян басқарған 20 жыл ішінде былыққа батқан федерацияға реформа жасауға тырысып келеді. Халықаралық бокс қауымдастығын басқарып отырған өмірбаяны күмәнді ресейлік Умар Кремлев та қол қусырып қарап отырған жоқ. Қос ұйымдағы реформалар оң нәтиже көрсетсе, оған Халықаралық Олимпиада комитетін сендіре алса, алты жылдан кейін Лос-Анджелес төрінен ауыр атлеттер мен боксшыларды көретін боламыз.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here