Фильмнің сюжетіне арқау болған қайғылы оқиғалар

0
2892

Шынайы оқиғалар негізінде түсірілген фильмдер көптен бері кинематографта өзіндік орынға ие және әрдайым көрермен тарапынан қызығушылық тудыратыны анық. Бір қуаныштысы, шынайы оқиғаларға негізделген фильмдер өте көп. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін фильмнің сюжетіне арқау болған шынайы екі оқиғаға тоқталады.

1986 жыл. 5 қыркүйек. Сағат 05:00. Карачи әуежайына «Pan American» әуе компаниясының ұшағы қонды. Бұл «PA-73» әуе рейсінің бағыты Мумбай – Карачи – Франкфурт – Нью-Йорк болды. Алайда, 400-дей жолаушы мен экипаж мүшелерінің сапары сәтсіз аяқталды. Өйткені, «Абу Нидаль» террористік ұйымының төрт мүшесі оларды тұтқынға алды. 17 сағат бойы террористердің тұтқынында болған «Pan American» әуе компаниясының аға бортсерігі Нирджа Бханот (1963-1986) ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қылмыскер оғынан қаза тапты. Бұл оқиға туралы 2016 жылы Рам Мадхванидің «Neerja» фильмі көрерменге жол тартты.

Нирджаның әкесі Хариш Бханоттың (журналист 2008 жылы 1 қаңтарда 86 жасында қайтыс болды, – ред.) 1986 жылы 5 қазанда Үндістанның ағылшын тілінде күнделікті жарық көретін «The Hindustan Times» газетінде қайсар қызы мен сол оқиға туралы естелігі жарияланды. Сол естеліктің негізінде бүгінгі мақаламыз дайындалды.

«1986 жылы 5 қыркүйекте Карачи әуежайында (Карачи – Пәкістанның оңтүстігіндегі 15 млн халқы бар портты қала, – ред.) менің қызым, яғни «Pan American» әуе компаниясының (1927-1991 жылдары қызмет атқарған АҚШ тарихындағы ең ірі әуе компаниясы, – ред.) аға бортсерігі Нирджа өзінің туған күніне екі күн қалғанда террористтердің оғынан қаза тапты. Болмысы бөлек, тірлігі ерек қызым қайтыс боларынан бір жыл бұрын маған «Әке, менімен әлі-ақ мақтанатын боласыз!..» деп хат жазған еді. Қайсар қызым сөзінде тұрды. Менің немесе отбасымның ғана емес, барша Үндістан халқының мақтанышына айналды», – деп жазыпты көзі тірісінде Хариш Бханот өзінің естелігінде.

Кейін белгілі болғанындай, қаруланған төрт террорист ұшаққа кіріп келгенде Нирджа экипаж мүшелеріне белгі беріп үлгереді. Кабинадағы рейс капитанына белгі беруге ұмтылғанда террористің қолына түседі. Дегенмен, Нирджаның орнына ақпаратты басқа бортсерік жеткізеді. Кабинадағы экипаждың үш мүшесі (аға ұшқыш, ұшқыш, бортмеханик) ұшақтан қашып шығады. Сөйтіп, 400-ге жуық жолаушы мен экипаждың 13 мүшесі қаруланған 4 террориспен бетпе-бет қалады.

Капитан (аға ұшқыш) қашып кеткеннен кейін экипаждың аға бортсерігі ретінде капитанның міндеті өзінің мойнына жүктелгенін Нирджа жақсы түсінеді. Істің насырға шаппау жағын қатты ойлайды. Қаласа да, қаламаса да қанішерлермен тілдеседі. Тұла бойын қорқыныш сезімі билегенін ешкімге байқатпайды. Жолаушыларды сабырға шақырады. Террористерге жолаушыларға ас-су беруге көндіреді. Бортсеріктер қол қусырып отырмайды. Өлім мен өмір арпалысы сәтіндегі осындай мазасыз шақта бортсеріктер жолаушылардың жағдайын жасайды.

Ұшақты тұтқынға алған олар АҚШ азаматтарына өшпенділікпен, қастықпен, ашу-ызамен қарайды. Сондықтан АҚШ азаматы екенін айтқан жолаушыны бірінші атады. Нирджа бастаған бортсеріктерге барлық азаматтардың жеке куәлігін жинауды тапсырады. Алдымен АҚШ азаматтарын ата бастайтынын жақсы түсінген Нирджа өзге әріптестеріне АҚШ азаматтарының құжаттарын жинамауды ыммен түсіндіреді. Содан бортсеріктер АҚШ азаматтарының жеке куәліктерін террористерге байқатпай еденге тастап жүреді. Ал, ұшақта Американың 18 азаматы бар еді.

Террористер жергілікті билікке ұшқыштар беру талабын қояды. Алайда, Пәкістан билігі бұл талапты орындауға асықпайды. Түрлі сылтау айтады. Арада 17 сағат өтеді. Ұшақтың жанармайы біте бастайды. Жарық бір өшіп, бір жанып тұрады. Бұдан ұшақтағы жағдай одан сайын күрделене түседі. Амалдары таусылған террористер ұшақ ішіне оқ жаудырады. Сол сәтте Нирджа апаттық жағдайға арналған қосымша есікті ашып үлгереді.

Куәгерлердің айтуынша, Нирджаның орнында басқа адам болғанда қосымша есіктен бірінші өзі шығатын еді. Дегенмен, ол үшін өзгелердің өмірі өз өмірінен артық болады. Атыс-шабыс орын алған сол ұшақтың ішінен сыртқа жолаушылардан кейін ғана ең соңғы болып шығуға шешім қабылдайды. Өкінішке қарай, оның бұл батыл шешімі өз өміріне қауіп төндіреді. Үш бүлдіршінге бағытталған террористің оғы оған тиді.

«Әттең, дәрігерлер оның өмірін арашалап қалғанда қызымыз өз үйіне  –  Бомбейге  (1995 жылдан бері бұл қала Мумбай деп аталады, – ред.) аман-есен оралар еді. Бірақ, біз оның 7 қыркүйектегі (жексенбі күні) туған күнінде әуежайдан қызымыздың табытын алдық», – деп естелігінде жазып еді Хариш Бханот.

Рейсте ата-анасыз үш бүлдіршін болды. Өзінің қара басын ойлаған жолаушылар атыс-шабыс кезінде үш бүлдіршінді ұшақта тастап сыртқа шығып кетеді. Ал, Нирджа қорқып отырып қалған оларды құтқармақ болады. Үшеуін байқап қалған қанішердің бірі оқ атады. Қас-қағым сәтте Нирджа сол бүлдіршіндерді құшақтап үлгереді. Осылайша, үш бүлдіршінге бағытталған оқ 23 жастағы қайсар қызға тиеді. Ол құтқарған үш бүлдіршіннің бірі кейін ұшқыш болады.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырын өзгелердің бақыты жолында құрбан еткен Нирджа Бханоттың есімі Үндістан мен АҚШ-та ардақталды. Үндістанның «Ашок Чакра» орденімен марапатталды. Ата-анасы «Pan American» әуе компаниясының өтемақысына «Neerja Bhanot Pan Am Trust» деп аталатын қайырымдылық қорын құрды. Қайсар қыздың атындағы қор жыл сайын екі сыйақы (әрқайсысы 1,5 млн рупий, біздің курспен 8,7 млн теңге) тағайындайды. Оны апаттық жағдайда ерлік көрсеткен экипаж мүшесі мен жұбайынан қорлық көрген әйел алады. Ал, 1990 жылы Нирджа Бханоттың есімі Мумбай қаласындағы бір алаңға берілді.

1996 жылы 27 шілдеде, Олимпиада ойындарының басталғанына сегіз күн өткенде Жүз жылдық Олимпиада саябағында жарылыс болды. Соның салдарынан екі адам өмірден өтті, ондаған адам түрлі жарақат алды. Дегенмен, Атлантадағы жарылыста күзетші Ричард Джуэлл (1962-2007) күдікті сөмкені байқап, уақытында дабыл қақпағанда құрбандар саны одан да көп болар еді. Қанқұйлы қылмыскерге айналған қаһарман туралы Клинт Иствудтың «Ричард Джуэллдің ісі» фильмі 2019 жылы көрерменге жол тартты.

Көлік жөндеу шеберханасында біраз уақыт жұмыс істеген Ричард Джуэлл құқық қорғау органының қызметкері болуға шешім қабылдайды. Құқық қорғау қызметкерлерін даярлайтын академияға оқуға түсіп, білім ордасындағы үздіктердің қатарынан көрінеді. Академияны ойдағыдай аяқтап, шерифтің көмекшісі қызметін атқарады. Ол бұл қызметіне өте риза еді. Жұмысты жан-тәнімен беріле істеді. Бірақ, күндердің күнінде Ричард Джуэлл жол апатына ұшырап, патрульдік көлікпен соқтығысып қалады. Соның кесірінен қызметінен қуылады. Осылайша, арманымен қоштасуға мәжбүр болған Ричард Джуэлл күзетшілікке жұмысқа тұрады. Сөйтіп, Атланта Олимпиадасының қауіпсіздігіне жауаптылардың бірі болады.

Ричард Джуэлл Олимпиада ойындарының жүз жылдық саябағында кезекшілігін атқарып жүрді. 1996 жылы 26 шілдеде түнгі ауысымға келді. Түнгі сағат ондар шамасында күзетшінің назары дүкеннің жанында тұрған бір топ мас жастарға ауды. Бөтелкелестер босаған сыра құтыларын шашып тастаған және олардың жанында – жерде үлкен әскери сөмке жатты. Көңілді топтың бұл қылығы дұрыс болмаса да, күзетшілерге тек қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда ғана шара қолдануға рұқсат етілген. Шаруаларын бітірген бөтелкелестер дуылдасып кете барды. Әскери сөмке орнында қалды.

Ричард Джуэлл мемлекеттік тергеу бюросының қызметкерін шақырып, алғашқыда өзіне жеңіл-желпі көрінген оқиға туралы баяндады. Тергеу бюросының қызметкеріне сөмкесін ұмыт қалдырған сыра әуесқойларын қуып жетуін өтінді. Бірақ, жігіттер қолға түскенде таңғалып: «Бұл біздің сөмке емес!» – деді. Мәселенің мән-жайын анық түсінген Ричард Джуэлл бірден дабыл көтеріп, өзге күзетшілермен бірге адамдарды сол маңнан эвакуациялай бастады. Дәл сол кезде полицияға белгісіз біреу қоңырау шалып: «Саябақта жарылғыш бар, ал сізде жарты сағат уақыт бар!» – деп хабарлады.

Ричард Джуэлл дабыл көтергеннен кейін 18 минут өткенде саябақта жарылыс болды. Сөйтіп, күзетшілер барлығын эвакуациялай алмады. Себебі, саябақта рок әншілерінің концертіне жиналғандар көп еді. 44 жасар Алиса Хоторн басына тиген жарылғыштың жарықшағынан қаза тапты. Түрік телеарнасының операторы орын алған төтенше жағдайды түсіріп жүріп, инфаркт алып қайтыс болды. Жүзден астам адам түрлі дене жарақаттарын алды.

Сарапшылар: «Егер Ричард Джуэлл дабыл көтермегенде, ондаған адам қаза табар еді», – деген тұжырым жасайды.

Ричард Джуэлл үш күн ұлт батыры ретінде дәріптелді. Содан соң… Содан соң «The Atlanta Journal-Constitution» газетінде FBI (Федералдық зерттеу бюросы) Ричард Джуэллді жарылысқа басты күдікті ретінде санайтындығы туралы мақала жарық көрді. Мақала соңында «Жарылысты атақты болуды армандаған жалғыз террорист ұйымдастырған» деген қорытынды жасалды. FBI жарылғыш салынған сөмкені бірінші болып көрген күзетші Ричард Джуэлл бұл рөлге әбден лайық келетінін хабарлады. Бір қарағанда, отыз үш жасар «анасының баласы», жеке отбасы жоқ, полицейліктен қуылған, яғни жолы болмаған күзетшінің портреті FBI сипаттаған қылмыскерге келіп-ақ тұр.

Рас, Ричард Джуэллге қатысты нақты айғақтар табылмады. Бірақ, оған қатысы айыптаулар басқаша өрбіді. Бұқаралық ақпарат құралдарында ол «лаңкес маньяк» ретінде сипатталды. Оның өмірбаянындағы барлық деректер сол бағытта іздестіріле бастады. Сөйтіп, үш күн батыр саналған күзетші FBI мен бұқаралық ақпарат құралдарының әсерімен қанқұйлы қылмыскерге айналып шыға келді.

1996 жылы 3 тамызда Ричард Джуэллдің үйіне тінту жұмыстары жүргізілді. Тергеуге ондаған сарапшылар қатысты. Осыдан кейін америкалықтардың Ричард Джуэллдің танымал болу үшін жарылысты өзі ұйымдастырғанына еш күмәндары қалмады. Күзетші 24 сағат бойы FBI қызметкерлерінің бақылауында болады. Ал, оның үйі журналистердің қоршауында қалады.

Ричард Джуэллдің сағы сынған жоқ, тығырыққа тірелген жоқ, өзінің ақтығын дәлелдеумен болады. FBI-ден нақты айғақты көрсетуін талап етеді. Ол телефон арқылы полицияға хабар берген белгісіз адамның сөйлеген сөзіне дауыстық сараптама жасау арқылы өзінің кінәсіздігін дәлелдей алатынын айтады. Тергеушілердің жауып жатқан жаласына сенбеген анасы да ұлының тазалығы үшін күреседі.

Ричард Джуэллдің басына төнген қара бұлт көп ұзамай сейілді. Әлемге әйгілі істің нүктесі 1996 жылдың 26 қазанында қойылды. Прокуратура бұдан былай Ричард Джуэллдің жарылыс ісіне күдікті ретінде қарастырылмайтындығы жөнінде хаттама жіберді. Барлық тексерулер лаңкестің басқа адам екенін көрсетті. Нағыз кінәлі оңшыл радикал Эрик Рудольфтің қылмысы 2005 жылы ғана әшкереленді. Қылмыскер бірнеше адамның өмірін қиып, Олимпиада ойындарының шырқын бұзу арқылы АҚШ үкіметінің беделін түсіргісі келгенін мойындады. Сот оны өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Толық ақталған соң қайтадан шерифтің көмекшісі қызметіне кірді. Оны шоуларға, соның ішінде комедиялық бағдарламаларға шақырды. 1997 жылы «Saturday Night Live» шоуында FBI-дің тергеуіндегі Диана ханшайым мен Терезаның анасының өліміне күдікті ретіндегі көріністе ойнады. Десе де, бұл Ричард Джуэллдің жағдайын жақсарта алмады. Денсаулығы нашарлай берді. Соған қарамастан қаһарман өз сүйіктісін жолықтыра алды. Аз ғана уақыт болсын отбасылық өмірдің дәмін татты. 2007 жылы 29 тамызда Ричард Джуэлл қант диабетінен 44 жасында қайтыс болды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here