Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы әлемдік деңгейде ұлықталады

0
5012

Жыл соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Қазыбек Иса бастаған бірқатар депутаттар Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Ералы Лұқпанұлы халық қалаулыларының депутаттық сауалдарына жауап қайтарып, Ұлт ұстазының 150 жылдығы аясында қандай жұмыстардың атқарылып жатқанына тоқталыпты.

Ералы Лұқпанұлының жауабына тоқталмас бұрын, алдымен депутаттардың 16 ұсынысына қысқаша тоқталсақ. Олар:

1) Ахмет Байтұрсынұлының туған ауданы мен ауылын жандандыру үшін туған жерінде мемориалдық кешен салу;

2) Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылына жол салу;

3) Ахаңдай ұлы тұлғаны дүниеге сыйлаған Байтұрсын бабамыздың қараусыз қалған, аянышты күйдегі қабірі мен қорымын ретке келтіру;

4) Қостанайдағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлы атын беру;

5) Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне ұлттық статус беріліп, штат саны шешіліп, мемлекет қамқорлығына алу;

6) Осы музей-үй жанындағы жер теліміне Алаш үйі ғимаратын салу, Алаш арыстары мұрасын кешенді зерттеу орталығын ұйымдастыру;

7) Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы саябағына тарихи тұлғаның еңселі ескерткішін қою;

8) Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына айырықша статус беру, қаржылық қолдау;

9) Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғимаратының алдына ғалымның ескерткішін орнату;

10) ЮНЕСКО бойынша Ахмет Байтұрсынұлы жылы болғандықтан, тіл атасы құрметіне орай елімізде 2022 жылды Мемлекеттік тіл жылы жариялау;

11) Астанамыз бен барлық облыс орталықтарында және Орынборда, Анкарада, Ташкентте, Бакуде Ахаңның ескерткіштерін орнату;

12) Еліміздің астанасында Ахаң атындағы көп салалы мәдени- танымдық орталық ашу;

13) Ахаңның асыл мұраларын Түркі әлеміне насихаттау жұмысын жолға қою;

14) «Қазақ» газетінің 7 томдығын, «Айқап» журналының 5 томдығын, «Сарыарқа» газетінің 1 томдығын шығару;

15) «Ағартушы» атты Ахмет Байтұрсынұлы туралы монография мен ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы» атты дайын кітабын қазақ, ағылшын, түрік, орыс тілдерінде шығару;

16) Тіл білімі институты астындағы «Марка», «Барвиха» түнгі клубтарын жабу.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бір топ Мәжіліс депутаттарының жоғарыдағы ұсыныстарына берген жауабында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар аясында Алаш қайраткерінің шығармашылық мұралары халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде насихатталатынын алға тартып, Қостанай облысына қарасты Жангелді ауданының Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы тұлға өмірге келген үйді қалпына келтіріп, жәдігерлермен толықтырып, музей-үй етіп ашу; Байтұрсын әулетінің қорымының қоршауын жаңарту; Қостанай облысының аумағында Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешенін салу; Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу; Қостанай облысындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайын», Алматы қаласындағы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін» абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарда барын айтқан.

«Ахмет Байтұрсынұлының есімін облыс орталықтарындағы мектептерге, орталық көшелерге (даңғылдарға) беру мәселесі жергілікті жерлердің ономастикалық комиссия отырыстарында қаралатын болды. Бұл мақсаттағы жұмыстар заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес барлық өңірлердің әкімдіктері тарапынан іске асырылады», – делінген Ералы Тоғжановтың жауабында.

Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесі де Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылатыны, Түркияның Анкара қаласында, Ресейдің Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесін қарастыру аталған жоспарда қамтылғаны, Ахмет Байтұрсынұлының мұраларын түркі әлеміне насихаттау мақсатында ТҮРКСОЙ ұйымының, отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ыстамбұл қаласында дөңгелек үстел, фотокөрме ұйымдастыру, Түркістан қаласында Халықаралық түркітанушылар конгресін өткізу, Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Баку қаласында «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция, Орынбор және Ташкент қалаларында мерейтойға арналған іс-шараларды өткізу қарастырылғаны айтылған.

«Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген Ахмет Байтұрсынұлының биыл осылайша ұлықталатыны қуанарлық жағдай. Бұл да азаттықтың арқасы. Өйткені, қазақты аяусыз қырған «қызыл империя» тұсында Алаш арыстарының аттарын атаудың өзі қылмыс саналды. Ендеше, туған халқының бостандығы жолында құрбан болған қайраткерлердің барлығы да елдік пен ерліктің өшпес өнегесі ретінде әспеттеле беруі керек.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here