Көзі тірісінде еленбеген профессор

0
4752

Петербор ғылым академиясының тұңғыш әйел корреспондент-мүшесі, профессор атанған әлемдегі алғашқы әйел, математика майталманы, философия ғылымының докторы, әдебиетші Софья Ковалевская (1850-1891) Патшалық Ресейдің идеологиялық шектеуіне бағынбағандықтан, өз отанында қайтыс болғаннан кейін ғана тиісті дәрежеде бағаланғанын біреу білсе, біреу білмес.

ТЕКТІДЕН ТУҒАН ТЕКТІ ҚЫЗ

«Ат тұяғын тай басар» дейді қазақ. Десе дегендей, 1850 жылы 15 қаңтарда Мәскеу қаласында дүниеге келген Софья Ковалевскаяның бойындағы асыл қасиеттері де әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыса керек. Айталық, әкесі – Василий Корвин-Круковский генерал-лейтенант, анасы – Елизавета Шуберт төрт тілді жетік меңгерген өз заманындағы көзі ашық, көкірегі ояу әйел, музыкант, атасы – Василий Круковский капитан, ал нағашы атасы – Федор Шуберт академик болыпты. Бәлкім, «Тектіден тексіз тумайды» деген осы шығар.

Софья Ковалевская ағасы Федор мен әпкесі Аннамен бірге өсті. Қос қыздың білімге деген құштарлықтары жоғары еді. Жас кездерінен еркін ойлау қабілеттерімен ерекшеленді. Ата-анасының өздеріне назарын аудару үшін сабақтарын өте жақсы оқыды. Дегенмен, олардың бастамасына әкесі үнемі қарсы болып, қолдау көрсетуден бас тартатын еді. Есесіне, қыздарына қарағанда әкесі жалғыз ұлын қатты сүйді. Шамадан тыс еркелетті. Өз кезегінде «семіздікті қой ғана көтеретінін» тағы бір дәлелдеген Федя әке сеніміне селкеу түсірді. Үкілі үмітті ақтамады. Әке байлығын шашып-төккен ерке ұл қарындастарына бағынған биік белесті бағындыра алмады. Ал, әкенің қамқорлығын аз көрген екі қыз ата-ананың қарсылығына қарамастан өз саласының озық мамандары болды. Біріншісі (Анна Жаклар) революцияға қатысқан жазушы болса, екіншісі (Софья Ковалевская) әлемге әйгілі математик атанды.

Кейбір деректерге сенсек, Софья жарық дүниеге келгенде Василий Корвин-Круковский мен Елизавета Шуберт аса қуана қоймапты. Өйткені, олар ұл баланы асыға күткен. Ал, анасы бұл отбасында әйелдің орны тек отбасы – ошақ қасы екенін жақсы түсінген.

ӨЗ ҚЫЗДАРЫН ӨЗЕККЕ ТЕПТІ

Қаршадай қыздың математикаға деген қызығушылығы былай басталған екен: Софьяның бөлмесiне ата-анасы түсқағаз жапсырады, жетпей қалған жеріне математика кiтабының бiр бетiн жамайды. Сол беттегi математикалық өрнектi күнде көрiп жүрген қыздың математикаға деген қызығушылығы артады. Ол он жасқа толғанда алгебралық есептер жинағын түгел жатқа бiлдi және оны шығарып та үлгерген едi. Кiтап жұп-жұқа емес, қалың болатын. Әкесi қызының мұнысын ерiккеннiң ермегiне балап, болашақ математиктің зеректігін елемейді, нақтырақ айтқанда, елегісі де келмейді. Өйткені, ол заманда қыздардың тағдыры қарапайым болуға тиісті еді. Кез келген қыз өзі үшін ғана білім алады, тұрмыс құрады, бала бағады… Орыстың атақты ғалымдарының қызы болған Софьяның анасы Елизаветаның да тағдыры солай болды. Елизавета Федоровна төрт тілде еркін сөйлеп, пианинода тамаша ойнағанымен, өз дарынын үйде ғана көрсете алатын.

Софья сегiз жыл бойы ер балалар гимназиясында оқыды. Содан кейiн Санкт-Петерборда белгiлi педагог Александр Страннолюбскийден сабақ алды. Патшалық Ресейдiң университеттерiне оп-оңай түсер едi, бiрақ ол кезде әйелдердің кез келген жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі болмады.  Білім алуға өзге елге бару үшін тек қана ата-анасының рұқсаты қажет болды. Ал,  Софьяның әкесінің ойына бұл кірмеген де еді. Әке қыздарын күйеуге беріп, білім алуға деген құштарлықтарын біржолата сөндіруге барын салды. Осылайша, әкенің қамқорлығын, қолдауын мүлдем көрмеген Анна да, Софья да шетелге қашып кетуге мәжбүр болды.

«БЕЛДЕМШЕ КИГЕН ЖАҢА ПАСКАЛЬ»

Софья Ковалевская шетелде бiлiмiн одан әрi жалғастырғысы келдi. Ол үшiн шетелде қоныстануға арналған ықтияр хаттың болуы шарт едi. Ықтияр хат бiреумен заңды түрде некелескен жағдайда ғана беріледі. Сондықтан болашақ профессор жалған некеге тұрмақшы болады. Ақыры, 1868 жылдың көктемiнде жас ғалым Владимир Ковалевскиймен келiсiм бойынша некеге отырады. Әйтсе де, Владимир Онуфриевич бұл некенiң жалған екенiн мойындамайды. Сөйтiп, тойды Корвин-Круковскийлердiң ата-бабаларынан қалған қонысы – Полибинода өткiзедi.

Бiр жылдан кейін Софья Ковалевская Германияның Гейдельберг университетiнде физика, математика сабақтарынан дәрiс алады. Мұнда да әйелдер оқуға жiберiлмейтiн-ді. Бiрақ, Софьяның бiлiмiне тәнтi болған профессорлар оны сабаққа кiргiзедi. Төрт жыл немiс математигi Карл Вейерштрастан бiлiм алады. Оның негiзгi математикалық еңбегi дербес туындылы дифференциялық теңдеулер теориясына арналған.

Вейерштрастың ұсынуы бойынша, 1874 жылы Геттинген университетi оған философия ғылымының докторы атағын бередi. Сол жылы ол Ресейге қайтып оралады. Оның арманы – туған елінде математикадан университетте сабақ беру еді. Содан Еуропада «профессор Соня» аталып кеткен Ковалевская Санкт-Петербор университетiнен жұмыс сұрайды. Оның өтінішіне Патшалық министр миығынан күліп, «профессор Соняның» өзіне де, қызына да мұндай мансап ешқашан бұйырмайтынын бетіне басып айтады. Қазір ол министрдің атын ешкім есіне де түсіре алмайды, ал көзі тірісінде Еуропаның өзге елдері құрмет тұтқан математиктің есімі тарихта алтын әріптермен жазылды.

Иә, Патшалық министрдің айтқаны келмеді. Софья Ковалевскаяның қызы Софья Владимировна (есімі анасының құрметіне қойылған, – ред.) дәрігер болды, 1952 жылға дейін өмір сүрді. Швед тілінен анасының көптеген еңбектерін аударып, анасы жайында көптеген естеліктер қалдырды.

Өзі армандаған Санкт-Петербор университетiне жұмысқа орналаса алмаған «профессор Соня» алты жылдай ғылыммен айналыспай, әдеби-публицистикалық жұмыспен шұғылданды. Өзiнiң өмiрiн, iшкi сезiмiн, жан тебiренiсiн қағазға түсiрдi. Сөйтiп ол повесть, мемуар, драма жазды.

Сол тұста Патшалық Ресей Софьядай талантты перзентінің бетіне түкірген еді. «Белдемше киген жаңа Паскаль» өзінің ғылыми мансабын жалғастыру үшін қайтадан шетелге кетеді. 1881 жылы Берлинге, кейiн Парижге қоныс аударады. 1883 жылы Стокгольм университетiне (Швеция) шақыртылады. 1884 жылдан аталған университеттің профессоры болды. 1888 жылы «Қатты дененің қозғалмайтын нүкте маңайынан айналуы туралы есеп» атты атақты еңбегін жазды. Бұл еңбегі үшін Париж ғылым академиясының сыйлығын алды. Қатты дененің қозғалысы туралы екінші еңбегіне (1889 жылы) Швеция ғылым академиясының сыйлығы берілді.

Айта кетейік, Софья Ковалевская – «Нигилистика» (1884), «Бақыт үшін күрес» (1887), т.б. кітаптарының авторы.

ТӘЛКЕКТІ ТАҒДЫР

Күйеуi Владимир Софьяны қатты жақсы көрдi. Ол әйелiн ғылымды тастап, бар өмiрiн отбасына арнайтынына сенді. Алайда олай болмады. Соның салдарынан отбасында ұрыс-керiс жиі болып тұрды. Күйеуi бiрнеше рет үйiнен кетiп, бизнеспен, жылжымайтын мүлiкпен айналысты. Мұнысынан түк шықпады. Софьяның еншiсiнен де болмашы ғана тиын-тебен қалған едi. Софья бәрiне күйеуiн кiнәлайды. Мiне, дәл сол кезде ол жүктi болып қалады. Өзiнiң күннен-күнге үлкейiп бара жатқан iшiнен де, жерiктiгiнен де, қайта-қайта лоқсудан да жиiркенедi. Депрессиялық жағдайға душар болады. Ал күйеуi… Мәскеуге кетiп қалады.

1883 жылдың сәуiр айында Мәскеу университетiнiң кеңесшiсi Владимир Ковалевский өз-өзiне қол жұмсайды. Өлер алдында ағасына: «Софьяға айт, мен оның алдында кiнәлiмiн, оның өмiрiн құрттым», – деп хат қалдырыпты. Күйеуiнiң қайтыс болғанын естiген Ковалевская 4 күн тамақ iшпейдi. Ал бесiншi күнi ол есiнен танып қалады. Өз-өзiне келгенше бiрнеше айлар өтедi.

1890 жылдың соңында Еуропаны аралап, өзіне отанындай болып кеткен Стокгольмге келе жатқанда «профессор Соня» тұмау жұқтырып алады. Сырқат өкпе қабынуына ауысады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, бұған бала кезінен келе жатқан жүрек ауруы да қосылады. Содан, 1891 жылдың 10 ақпанында Софья Васильевна Швецияда ауыр науқастан қайтыс болады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, Софья Ковалевская жалған дүниеден ерте кеттi. Небәрi 41 жыл ғана өмiр сүрдi. Қамшының сабындай ғана қысқа болған ғұмырында математика майталманының ғылымға сiңiрген еңбегi Франция, Швеция, Германия ғылым академияларында зор бағаланса, Патшалық Ресей оған бір жұмыс тауып беруге жарамады. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, көзі тірісінде «профессор Соняның» қадірін ата-анасы да, туған елі де білмеді. Керек етпеді. Қайтыс болғаннан кейін ғана КСРО-да Софья Ковалевскаяның аты ардақталды. Есімі көшелерге (1999 жылға дейін Алматыдағы Нұрғиса Тілендиев атындағы көше Софья Ковалевскаяның есімімен аталды, – ред.), мектептерге көптеп берілді. Кітаптар жазылып, фильмдер түсірілді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here