Дене шынықтыру – денсаулық тірегі

0
4646

Салауатты өмір салты дегенді ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет деп білеміз. Олай болса салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Ал, денсаулықтың 50 пайызы салауатты өмір салтына тәуелді болады екен. Қазіргі кездегі еліміздегі негізгі талап студенттердің жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын берік ұстанатын жеке тұлға болып қалыптасуына тәрбиелеу.

Меніңше, салауатты өмір салты дегеніміз – денсаулықты нығайту мен сақтау, ағзаның дұрыс дамуын қамтамасыз ететін гигиеналық ережелерді орындау болып табылады. Ол үшін денсаулыққа жағымсыз әрекеттерден, атап айтқанда, нашақорлық, шылым шегу, ішімдік ішу, улы заттарға әуес болудан аулақ болу керек. Салауатты өмір салтын сақтау сонысымен бағалы. Көне ғұламалардың бірі Аристотель: «Жанды дене қозғалмаса өледі», – деген екен. Сондықтан да, осы айтылған тұжырымдама біздер үшін салауатты өмір сүрудің негізгі қағидасы болуға тиіс.

Салауатты өмір салтын ұстануда спорттың рөлі зор, себебі денсаулыққа тек дене шынықтыру арқылы қол жеткізуге болады. Дене қозғалысы адам ағзасын дамытып, жұмыс істеу қабілетін арттырады, ауруды алыстатып, өмірді ұзартады. Демек, денсаулық – адамға табиғаттың берген ең ұлы құндылығы екенін ұмытпағанымыз жөн. Сол себепті студенттерге салауатты өмір салтын қалыптастыруға күш салып, зиянды әдеттерден сақтандыруымыз керек.

Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тиімді қолдану, жаңа технологияны әркім өз сабағында пайдалану арқылы дене шынықтыру сабақтарының сапасын арттыруға болады. Ол үшін тоғызқұмалақ, футбол, волейбол, баскетбол ойындарынан түрлі жарыстар ұйымдастыру қажет. Себебі, осындай шараларды жүргізу нәтижесінде студенттердің белсенділігі артып, спортқа деген бейімділігі қалыптасады. Студенттер салауатты өмір сүру, адам денсаулығы осы спортқа байланысты екендігін түсінеді. Тіпті, кейбір студенттердің білім сапасы артып, білімге деген құлшынысы артады. Міне, сол себептен біз студенттерімізді дене шынықтыруға, спортқа қызықтырып баулуымыз керек. Сонда ғана жастарымыздың денсаулығы да, болашағы да жақсы болмақ. Саналы түрде дене жаттығуларымен, спортпен айналысу – әр азаматтың жеке басының міндеті. Өйткені, денсаулықты ақшаға сатып алуға да болмайды, оны қорғау, жақсарту, жетілдіру, нығайту қажет екенін есте сақтауымыз керек.

Егемен еліміздің болашағы – жастар. Қоғамда болып жатқан жаман әдеттерден бойын аулақ ұстау, төзімділік, табандылық, шыдамдылық танытқан, адамгершілік құндылықтарды бағалай білген адамның келешегі зор, өмірі мәнді болмақ. Олай болса денсаулықты сақтау, салауатты өмір сүру өз қолымызда дегім келеді. Алла табиғатты адам үшін жаратты және тіршілігінде қажетіне дұрыс пайдалануды, денсаулығына зиян келмейтіндей жағдайда болуын қадағалауды парыз етті. Яғни, салауатты өмір салтын сақтау арқылы ғана дені сау қоғамға жетеміз, олай болса студенттерімізге өз денсаулығын сақтауды және оларға шынықтыру жолдарын үйретіп, әрбір ісін, алға қойған мақсаттарын саналылықпен ойлайтын тұлға ретінде қалыптастыра алсақ, пәнді оқытудағы мақсатқа жеттік деген сөз.

Құдаш Серік,
Талдықорған агро-техникалық колледжінің
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі

ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here