Берік Асылов: «Қазақстан өзінің Тәуелсіздігі жылдарында мұндай қатыгездікке алғаш рет тап болды»

0
5578

Кеше, 14 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Өйткені, 9 наурызда депутат Жанарбек Әшімжанов Бас прокуратураға қаңтар оқиғасының тергелу барысы туралы ауызша жауап беруді сұрап, депутаттық сауал жолдаған болатын. Осыған байланысты ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың ауызша жауабы туралы мәселе қаралды.

Отырысқа негізгі баяндамашылар ретінде Бас прокурор Берік Асылов, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов қатысты. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Адам құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдардың өкілдері Айман Омарова мен Абзал Құспан да қатысып, сөз сөйледі.

БЕРІК АСЫЛОВ: «ЕНДІ ҚАСІРЕТТІ ҚАҢТАРДЫҢ АРТТА ҚАЛҒАН КҮНДЕРІН ТИЯНАҚТЫ БАҒАЛАУҒА БОЛАДЫ»

Депутаттар алдында баяндама жасаған Бас прокурор Берік Асылов тергеудің мән-жайы туралы жан-жақты баяндады.

«Бас прокуратураға қаңтар оқиғаларына қатысты депутаттық сауал келіп түсті. Азаматтар тергеудің қалай жүріп жатқаны, адамдар өлімінің мән-жайы, азаптауға қатысты тергеудің қаншалықты объективті жүріп жатқаны жайлы білгісі келетінін түсінеміз. Бүгін осы сұрақтардың барлығына жауап беруге тырысамын», – деген Берік Ноғайұлы алдымен Мәжілістің жалпы отырысына қатысушылардың назарына бейнероликті ұсынды.

«Осы қорқынышты кадрлар, анық көрсеткендей, Қазақстан өзінің Тәуелсіздігі жылдарында мұндай қатыгездікке алғаш рет тап болды.  Енді қасіретті қаңтардың артта қалған күндерін мұқият саралап, тиянақты бағалауға болады», – деді Бас прокурор.

Берік Ноғайұлы осы сөзінен кейін оқиғалардың хронологиясына тоқталды.

«Митингілердің бастапқыда бейбіт болғаны өздеріңізге белгілі.  Бірінші қаңтардан бастап батыс өңірлердің тұрғындары газ бағасын төмендетуді талап етті. Яғни, ешқандай саясат болған жоқ, таза әлеуметтік-экономикалық талаптар қойылды. Өңірге жедел түрде жолданған Үкіметтік комиссия газ бағасына қатысты талаптарды қанағаттандырды. Осыған қарамастан Алматы, Шымкент және басқа өңірлерде адамдар көшеге шықты. Қатысушылардың жалпы саны екі күнде 50 мыңнан асты. Ең көбі – Алматыда. Басында жиындар, бейбіт сипатта болды. Алайда, жағдайдың бақылаудан тыс шығу қатері сағат сайын арта бастады. Сондықтан әкімдер мен депутаттар халықпен сан рет кездесіп, қоғамдық тәртіпті бұзбауды сұрады. Прокурорлар жер-жерде наразылық акцияларының заңсыздығын және оларға қатысу үшін жауаптылықты түсіндірді. 3-ші, 4-ші және 5-ші қаңтарда Мемлекет басшысы демонстранттарға үндеу жолдап, заңды сақтауға және деструктивті күштердің арандатуына бой бермеуге шақырды. Алайда, бірнеше мәрте сабыр сақтауға шақыруға қарамастан қылмыстық және радикалды элементтер белсенді де қатаң әрекеттерге көшті. 4-ші және 5-ші қаңтарда азаматтар жиыны агрессивті топқа айналып, 11 аймақта зорлық-зомбылық сатысына өтті. Ұйымдастырушылар айқын жоспармен әрекет етті. WhatsApp және Telegram арқылы топтың жиналуы мен қозғалысын үйлестірді. Олар көп адамды жинап алып, арматура, таяқ, тас, Молотов коктейлімен қаруланды. Кейіннен топтың бір бөлігі дүкендерді қиратып, тонауға кірісті. Тонаудан кейін, қылмыстың ізін жасыру үшін, тіпті көп пәтерлі үйлердің бірінші қабатындағы үй-жайларды өртеген. Басқа қарулы топтар мақсатты түрде әкімдіктердің, Президент резиденциясының, полицияның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараттарына шабуыл жасап, басып алды. Алматыдағы әуежай мен басқа да нысандарды қиратты. Олар қоршауды қалай бұзу керектігін біліп, полицияға шабуыл жасады, атыс қаруын алу үшін аңшы дүкендерін тонады. Телеэфирге шығуға тырысты, ол іске аспай қалған кезде телекомпания кеңселерін тонап, өртеп жіберді», – деген Берік Асылов қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктердің қалай өткеніне тоқталды.

Бас прокурордың айтуынша, Алматыда және басқа да ірі қалаларда қылмысты жасыру үшін 800-ден астам видеокамераны қиратқан. Басып алынған қаруды, азық-түлікті және ауыз суды жеткізу ұйымдастырылған. Такси, жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілерін көшені жауып тастауға мәжбүрлеген. Яғни, бейбіт азаматтарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланған.

БАС ПРОКУРОР ҚҰРБАН БОЛҒАНДАРДЫҢ ТІЗІМІ НЕГЕ ЖАРИЯЛАНБАЙ ЖАТҚАНЫН ТҮСІНДІРДІ

Мемлекет басшысы құзырлы органдарға қаңтар оқиғасының себептерін егжей-тегжейлі тергеп-тексеруді тапсырғанын еске салған Бас прокурор соңғы мәліметтерді де жариялады.

«Аталған фактілер бойынша барлығы 3 770 қылмыстық іс қозғалды. Басым бөлігі Ішкі істер министрлігінің өндірісінде, олар – адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару ұрлау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 істі жүргізуде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде. Бұл істер бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мәсімов және оның 3 орынбасары сот санкциясымен қамауға алынды. Осы органның тағы 2 басшысы билікті асыра пайдалану күдігімен қылмыстық жауаптылыққа тартылуда. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің істеріне «өте құпия» деген белгі берілді. Осыған орай тергеу нәтижелерін жан-жақты жария ете алмаймыз», – деп түсіндірді Берік Ноғайұлы.

Бас прокурор қаңтар оқиғасы кезінде күш құрылымдарының жекелеген басшыларының іс-әрекеттерін құқықтық бағалау бойынша да мәлімет берді. 

«5 қаңтарда Алматы қаласындағы, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы 2 полиция департаменті мен ҰҚК-нің 3 департаменті өз ғимараттарын қарумен қоса тастап кеткен. Осы фактілер бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу әрекеттерінің негізгі бөлігі аяқталды. Алматы қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Мәжілов қамауға алынды. Басқа тұлғаларға қатысты қазір дәлелдерді жинау және талдау жүргізілуде», – деп нақтылады Берік Ноғайұлы.

Бас прокурор қаңтар оқиғасында құрбан болғандардың тізімі неге жарияланбай жатқанын да түсіндірді.

«Құрбан болғандардың тізімін біз ресми түрде жариялаған жоқпыз. Оны жариялаудың алдында құрбан болғандардың әке-шешелері мен туысқандарына қосымша қайғы әкелеміз деп ойлаймыз. Сондықтан осы мақсатта біз бұл тізімді ресми түрде жарияламай отырмыз», – деп түсіндірді Бас прокурор.

Берік Ноғайұлы оқиға кезінде мерт болғандардың қандай санатқа жататыны анықталатынын айтты.

«230 адам мерт болды деп айтып кеттік. Осылардың істері бойынша көптеген істер қозғадық. Адам өлу фактілері бойынша 94 факт, терроризм фактілері бойынша 46 іс қозғалды. Тергеу кезінде біз мән-жайдың бәрін тексеріп, қанша террорист, оның кім екенін, кімнің шабуыл жасаушы, кімнің бейбіт тұрғын екенін тексеріс арқылы шешім қабылдап, өзіңізге баяндаймыз», – деді Берік Асылов.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қайтыс болғандардың тізімін жариялауға тергеу амалдарының шектеулерінің әсері бар-жоғын сұрады.

«Шектеулер бар. Кімнің кім екені тергеулер кезінде зерделенеді. Соның бәрі анықталғаннан кейін біз оны жариялай аламыз», – деп жауап берді Бас прокурор.

Сөз соңында Берік Асылов бүгінде жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатқанын айтты.

«Қылмыскерлерді іздеу, дәлелдемелерді жинақтау мен бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу құпиясы және кінәсіздік презумпциясына қатысты заңнама талаптарын ескеріп, мен тергеліп жатқан істер бойынша шектеулі деректерді ғана келтірдім. Естеріңізге салайын, тергеу мерзімі екі айдан сәл ғана асты. Мұндай ауқымды трагедияның барлық мән-жайын анықтау үшін бұл уақыт жеткіліксіз.  Көп жағдайда куәлар жоқ. Кешенді сот сараптамалары және баллистикалық зерттеулер тағайындалды. Нәтижелерін күтудеміз. Осының барлығы, яғни фигуранттардың қатысу дәрежесі мен рөлін дұрыс саралау, ұйымдастырушылар мен орындаушыларды анықтау және ұрланған қаруды табу үшін қажет. Дейтұрғанмен, барлық қылмыстық істер бойынша түпкілікті шешімдер міндетті түрде халықтың назарына жеткізілетін болады», – деп сөзін түйіндеді Берік Ноғайұлы.

МАРАТ АХМЕТЖАНОВ: «ЗАҢСЫЗ ҚАРУДЫ ӨЗ ЕРКІМЕН ТАПСЫРҒАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛМАЙДЫ»

ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтан кейін мінберге ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов шығып, қаңтар оқиғасына қатысты баяндама жасады.

«Бас прокурор қаңтар оқиғасы бойынша тергеу нәтижесін жан-жақты баяндады. Бұл жұмысқа барлық құқық қорғау және арнайы органдар жұмылды. Өз кезегінде, министрлік тарапынан қабылданған шаралар туралы баяндауға рұқсат етіңіздер. Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылы «Бейбіт жиналыстар туралы» жаңа Заң күшіне енді. Митинг ұйымдастыру процесі «рұқсат беру» жүйесінен «хабарлама» қағидатына көшті. Осыған байланысты полицияның қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету әдістері өзгерді. Полиция қызметкерлері митинг өтетін аумаққа жақын жерде орналасады. Қару мен арнайы құралдарды қолданбайды. Жиналғандармен тікелей қарым-қатынасты тек әкімдік өкілдері ғана жүзеге асырады», – деп баяндамасын бастады Марат Мұратұлы.

Министрдің айтуынша, полиция митингті тоқтату үшін тек қана мынандай жағдайларда ғана тартылады:

  • азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке қауіп төну;
  • мүлікке залал келтіру;
  • әлеуметтік, нәсілдік, діни алауыздықты қоздыру;
  • конституциялық құрылысты, аймақтық тұтастықты күшпен құлатуға шақыру.

«Жаңа Заң күшіне енгеннен бастап, полиция мен наразылық білдірушілердің арасында ешқандай қақтығыс болмаған. Тура осы алгоритм қаңтар оқиғаларының алғашқы күндерінде де қолданылды.  Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл жағдай құқықтық тұрғыда қаралды. «Бейбіт жиналыстар туралы» Заңға сәйкес өз талаптарын ашық түрде мәлімдеу бойынша азаматтардың құқықтары сақталды. Барлық аймақтарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді.  Көтерілген мәселенің нақты шешімдері ұсынылды. Бірақ, өкінішке қарай, араға арандатушылар қосылды. Нәтижесінде, бейбіт жиналыс заңсыздыққа ұласты. Авто және теміржолдар жабылды. Вокзал мен әуежай қызметтеріне тосқауыл қойылды. Қызметтік автокөліктер өртелді. Мемлекеттік органдардың ғимараттары қоршалды. Заңды талаптарға бағынбай, қарсылық көрсетілді. Соның өзінде полиция ешқандай күш қолдану шарасын қолданған жоқ. Бұл жағдайды пайдаланып, мыңдаған бүлікшілер полицияға шабуыл жасады. Олардың жоғары деңгейдегі дайындығы және ұйымшылдығы байқалды.  Әрекеттері нақты тәртіппен ұйымдастырылған. Темірлер, тастар, таяқтар және тағы басқа құралдар іске қосылды. Осыған орай шұғыл түрде азаматтар мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында жаппай тәртіпсіздікті тоқтату қажет болды. Тек осы сәттен бастап полиция қызметкерлері адамның өміріне қауіп төндірмейтін арнайы құралдармен жабдықталды.  Алайда, бүлікшілер бұнымен тоқтаған жоқ.  Олар қару-жарақ дүкендеріне, полиция бөлімдеріне, басқа да мемлекеттік органдарға шабуыл жасады», – деп нақтылады Марат Мұратұлы.

Министрдің мәліметінше, 2 800-ден астам қару мен оқ-дәрілер ұрланды. Қаржы ұйымдарын, банктерді, сауда орталықтарын, дүкендерді тонады. Нәтижесінде, 1 700 азамат пен бизнес субъектілері зардап шекті. Жалпы шығын сомасы 100 млрд теңгеден асты. Өкінішке қарай, 19 қызметкер қаза тапты. 3 мыңнан астам полиция мен әскери қызметшілер жарақат алды. Көптеген қызметкерлер әлі де ем алуда.  Біразы денсаулықтарына байланысты болашақта қызметтерін жалғастыра алмайды. Сондықтан қызметкерлер төтенше жағдай және терроризмге қарсы операция аясында қару қолдануға мәжбүр болды.  Бұл ретте, қару қолдану «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 61-бабына сәйкес жүзеге асты. 

«Қазір полицияның тергеуінде 2 919 қылмыстық іс бар. 1 мыңнан астам күдікті қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатыр. Мемлекет басшысы жазаны жеңілдететін жағдайларды ескерудің маңыздылығын атап өткеннен кейін 400-ден аса күдіктінің ішінен 219-ы қамаудан босатылды. Ал, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 184 күдікті қамауда. Тергеу барысында 12 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. 2 мыңдай сараптама тағайындалды. Ұрланған мүліктің көп бөлігі тәркіленді (12 автокөлік, 311 бірлік тұрмыстық техника, 188 зергерлік бұйым, 261 ұялы телефон, 16 млн теңге). 229 айыпталушыға қатысты іс сотқа жолданды. Қазірдің өзінде 72 адам сотталды. Оның бесеуі бас бостандығынан айырылды. Қалғандары басқа жазаларына тартылды. Жалпы, тергеу қылмыстық процестің үш буынды моделіне сәйкес жүргізіліп жатыр. Яғни, тергеушілердің барлық негізгі шешімдері прокурордың сүзгісінен өтеді. Осылайша, үш сатылық бақылау арқылы процестің әділеттігі қамтамасыз етілуде. Күдіктілердің конституциялық құқықтары толығымен сақталуда. Қызметкерлердің өкілеттігін асыра пайдалану фактілеріне қатысты шағымдар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Объективті болу үшін бұл істер прокуратура және жемқорлыққа қарсы қызметке берілді. Тергеу амалдары міндетті түрде бейнекамераға жазылуда. Оған қорғаушылар да қатысуда. Дегенмен, қазіргі таңда заңсыз айналымда әлі де көптеген қару-жарақ бар. Оны қайтару бойынша барлық шаралар қабылданып жатыр. Республика бойынша арнайы «Қару» операциясы жалғасуда. Оның барысында 1 215 қару және 22 мың оқ-дәрі қайтарылды. Сонымен қатар, азаматтар ерікті түрде 120 қару тапсырды», – деді Марат Ахметжанов.

Министрдің айтуынша, заңсыз қаруды өз еркімен тапсырғандар жауапқа тартылмайды.

«Заңсыз қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар жауапқа тартылмайды. Бұл заңмен көзделген. Сондықтан табылған қару-жарақты полицияға тапсыруға шақырамын. Осыған қатысты кез келген ақпаратты «102» немесе 72-22-45 нөмерлеріне хабарлауды сұраймын. Елімізде құқықтық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда», – деп баяндамасын аяқтады Марат Ахметжанов.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ: «ТАРАЗЫ БАСЫНДА АДАМ ТАҒДЫРЫ ТҰР»

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  төрағасы Олжас Бектенов те сөз алды.

«Біздің басты мақсатымыз – оқиғалардың бүкіл хронологиясын анықтау және әрбір өтініш бойынша объективті құқықтық баға беру. Тәртіпсіздіктер бейберекет әрі жаппай болғандықтан, бұған біраз уақыт қажет», – деді.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тәртіпсіздік кезінде 1 630 шағын орта бизнес субъектісіне шамамен 38,6 млрд теңгеге шығын келтірілгенін айтты.

Роман Склярдың айтуынша, өтемақы залал сомасы құжаттық расталғаннан кейін жүзеге асырылмақ. Төлемдер Үкімет резервінен, сондай-ақ жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады. Осы жылдың 11 наурызындағы жағдай бойынша өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 1 192 өтінішті мақұлдады. Тағы 438 кәсіпкер бағалау рәсімдері аяқталғаннан кейін өтемақы алады.

Қаңтар оқиғасын зерттейтін қоғамдық комиссияның төрайымы, адвокат Айман Омарова қаңтардағы жағдайды тұрақтандырудағы Президенттің ерекше рөлін атап өтті.

Одан әрі депутаттар тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына сұрақ қойып, пікір алысты.

Жиынды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов: «Осы сын сағаттарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шұғыл да жігерлі шешімдер қабылдап, елді осындай ауыр соққыдан алып шықты. Жағдай қысқа мерзімде тұрақталды. Бүгінгі отырыста сөз сөйлеген азаматтардың барлығы да Президентіміздің табанды шешімдерінің арқасында мемлекеттігіміздің сақталып қалғанын атап өтті. Уақыт өте келе, бұл елдік пен тұтастықтықты сақтап қалу үшін жасалған бірден-бір дұрыс қадам екенін түсініп отырмыз. Заңдық тұрғыдан барлығы мінсіз болуы керек. Асығыстық танытуға болмайды. Себебі, таразы басында адамдардың тағдыры тұр. Бұл жөнінде Президенттің кінәсіз адам жазаға тартылмауға тиіс, ал қылмыскерлер қатаң жазасын алуы қажет деген тапсырмасы бар. Ол тапсырма мүлтіксіз орындалуы керек», – деді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here