Ғалым Исаков: «2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің санын 25 нысанға жеткізу жоспарлануда»

0
5002

Қуаттылық жағынан Жамбыл облысы еліміз бойынша алдыңғы лекте. Нақты деректерге сүйенсек, республика аумағында әулиеаталықтар жаңартылатын энергия көздерінен 19% электр қуатын өндіруде. Ал, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясындағы жоспарларды іске асыру, саладағы шешімін таппай жүрген мәселелердің түйінін тарқату жұмыстары бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исаковтан сұрап, білдік.

Биыл Сарысу ауданында қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқпар» жел электр станциясы іске қосылды

«24 НЫСАН ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ӨНДІРУМЕН АЙНАЛЫСАДЫ»

– Ғалым Исабайұлы, Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылық лауазымына таяуда ғана келдіңіз. Салаға қатысты сұрақтарды қоймастан бұрын осы уақытқа дейінгі еңбек жолыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз…

– Менің еңбек жолым 2013 жылы Құрылыс басқармасына келісімшарт негізінде жұмысқа орналасудан бастау алды. Сол жерде бес жылға жуық бас маман қызметін атқарып, одан кейін үш жылдай Энергетика басқармасында бас маман, бөлім басшысы болып кәсібилігімді қалыптастырдым. Қазіргі қызметке тағайындалмастан бұрын Құрылыс басқармасында басшы орынбасары болып, басшылық қызметте тәжірибемді толықтырдым.

– Демек, салаға қатысты сұрақтарымызға жауап беретіндей жеткілікті тәжірибеңіз бар. Ендеше, алғашқы сөз тиегін өңірдегі энергия саласынан бастайын. Жамбыл облысында қандай баламалы қуат көздері бар?

Облыста 24 нысан электр энергиясын өндірумен айналысады, олардың жалпы қуаты 1 841,3 МВт құрайды. Оның ішінде дәстүрлі энергия өндіруші «Жамбыл ГРЭС» АҚ-ның қуаты – 1230 МВт және «Таразэнергоорталық» АҚ-ның қуаты – 60 МВт құрайды. Жаңартылатын энергия көздері бойынша 22 нысан бар, олардың жалпы қуаты – 551,3 МВт.

Өткен жылы 4 348,6 млн. КВт/сағ. электр энергиясы өндірілсе, 2024 жылдың 6 айында 1 982, 5 млн. КВт/сағ. электр энергиясы өндірілді.

Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 551,3 МВт құрайтын 22 жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) жұмыс істеуде, оның ішінде: 6 су электр станциясы – 24,4 МВт, 10 жел электр станциясы – 275,6 МВт, 6 күн электр станциясы – 251,2 МВт.

Түсінікті болу үшін айта кеткен жөн, жаңартылған энергия көздері өңірімізде Мойынқұмнан басқа аудандардың барлығында орналасқан. Ең ірісі Сарысу ауданында (жел электр станциялары), Жуалыда (күн электр станциясы) және Т.Рысқұлов, Меркі, Шу ауданында (гидроэлектр станциялары) бар.

– Алдағы уақытта жаңартылған энергия көздерін Мойынқұм ауданында іске қосу жоспарда бар ма?

– Әрине, Мойынқұмда алдағы уақытта 1 ГВт-ты құрайтын ең үлкен жел электр станциясын іске қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда ол бойынша «Total Eren» компаниясы барлау-іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Жел қуатының күшін есептеу мақсатында 4 жел мачтасы орнатылған. Олар кемінде бір жылдай тұруы керек. Өйткені, әр мезгілге қарай желдің бағыты мен күші өзгеріп отырады. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар жүзеге асырылуда. Келесі жылдан бастап жобаны іске асырамыз деген жоспарымыз да жоқ емес. Ол негізінен инвестор тарапынан іске асырылатын жұмыстар. Сөз басында атап өткенімдей, ниет білдіруші «Total Eren» компаниясы сол бойынша зерттеулерін бастап та кеткен. Зерттеу нәтижесі оларға қолайлы болған жағдайда өздерінің инвестицияларын салып, баламалы электр энергиясының қондырғыларын орнататын болады. Әзірге жұмыс барысы кезең-кезеңімен жүріп жатыр.

Мойынқұм ауданынан бөлек, алдағы жоспарлардың қатарында тағы 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Олар Masdar компаниясымен (БАӘ) Сарысу және Талас аудандарында қуаты 500 МВт жел электр станциясы және China Power International Holding Limited компаниясымен қуаты 500 МВт жел электр станциясы жобалары.

Қуаттылық жағынан облысымыз еліміз бойынша алдыңғы қатарда. Қазақстанда жалпы қуаты 2883,5 МВт құрайтын 146 ЖЭК жұмыс істеуде. Республика деңгейінде облысымыз жаңартылатын энергия көздерінен 19% электр қуатын өндіруде. Ағымдағы жылдың басында Сарысу ауданында қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқпар» жел электр станциясы іске қосылды.

Облыстың жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 25 нысанға жеткізіліп, қуаты 2,5 ГВт құрайтын болады.

– Алдағы уақытта жүзеге асырылатын негізгі жобалар туралы айтып өтсеңіз…

– Жалпы бізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ауылдық елді мекендерді және қалаларды 100% сумен қамтамасыз ету міндеті қойылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, бүгінде Жамбыл облысында 367 ауылдық және 4 қалалық, жалпы 371 елді мекен бар. Оның 313-і ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 54-і қамтылмаған. Жоспар бойынша 54 елді-мекеннің 36-сы биыл аяқталады. Оның 22-сі локалды ауыз су жүйесімен қамтылады. Ол дегеніміз – бір ауылдың толық ауыз сумен қамтамасыз етілуі. Ал, халық саны 200-ден кем 14 елді мекенге кезеңдік жоспар бойынша кешенді блок модулі қойылады. Яғни, елді мекендегі көшенің басына контейнер типтес қондырғы орнатылып, құдықтан алған судың фильтр арқылы тазалануына мүмкіндік береді. Өйткені, халқы 200-ден кем елді мекен үшін жүйені соғу экономикалық жағынан тиімсіз. Сол себепті республика деңгейінде дәл осындай шешім қарастырылған.

Ағымдағы жылы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 43 жобаға республикалық және жергілікті бюджет есебінен 21,7 миллиард теңге қаралды. Нәтижесінде жыл қорытындысымен облыс бойынша ауыз сумен жабдықтау көрсеткіші қалаларда 98,8% (524, 4 мың адам), ауылдық елді мекендерде 98,1% (651,8 мың адам) жеткізілмек.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасының құрамына «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы да кіреді. Ол бойынша Жамбыл облысында биыл 79 үйді қайта жөндеу жоспарға бекітіліп, 5,9 миллиард қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда республикадағы қаржы тапшылығына сәйкес, қаржы әлі түскен жоқ. Жақын арада бұл мәселе шешімін табады деп жоспарлануда. Қаржы жағы толықтай шешілсе, жыл соңына дейін жоспардағы үйлер толығымен қайта жөндеуден өтеді. Оның ішінде 53 үй Тараз қаласында, 4 үй Т.Рысқұлов ауданында, 10 үй Шу ауданында, 12 үй Жаңатас қаласында орналасқан.

«22 ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ»

– Жалпы, Жамбыл өңірінде орталықтың өзінде жарықтың сөніп қалатыны жасырын емес, аудандарда да осындай мәселе бар. Ал, қыста Жаңатаста мазут жетпей қалып жататынын да көзіміз көріп жүр. Осы мәселелер қашан шешімін табады?

– Жарықтың жиі сөніп қалуы бойынша сөз қозғасақ, бұл мәселе Шу ауданында жиі орын алатыны көпке мәлім. Ең әуелі Шу ауданы бойынша түсініктеме берейін: Шуда әкімдік тарапынан соғылған «Батыс» қосалқы станциясы бар. Қазіргі уақытта оның қызмет көрсету мәселесі бәсекелестік орта қалыптасқандықтан конкурста ұтып алған мердігерлерге байланысты болып отыр. Оларда құрал-жабдықтардың тапшылығына байланысты қандай да бір ақаулар орын алған жағдайда шұғыл түрде қалпына келтіру мүмкін болмай тұр.

Жамбыл облысы бойынша жалпы 16,2 мың шақырым электр желілері бар. Негізінен облыс бойынша барлық елді мекендер электр жүйесімен толық қамтамасыз етілген. Дегенмен, қазіргі уақытта электр желілерінің тозу деңгейі – 79 пайызды құрап отыр.

«Жамбыл электр жүйесі» ЖШС тарапынан инвестициялық бағдарламасы есебінен жыл сайын электр желілерін қайта жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы 2,070 миллиард теңге қаралып, 154 шақырым электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен электр желілерінің тозу деңгейі 78 пайызға төмендейтін болады. Жалпы, «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС құрамында 11 аудандық электр желілері мен 8 орталық өндірістік қызметтері жұмыс атқаруда. Электр энергиясының өшуінің негізгі себептерінің бірі – ауа райының қолайсыздығы. Яғни, қатты желдің салдарынан болуда. Соңғы жылдары облыс бойынша қатты жел жиіленіп, екпіні күшейіп келеді. Ең аз желдің күші кемінде секундына 20-25 метрді құрап отыр. Осының салдарынан электр желілерінің үзілуі орын алуда.

Сондай-ақ, электр жүйелерінің тозуына байланысты жоспарлы электр желілері мен трансформаторлық станцияларды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары кезінде қолдан өшірулер орын алып отырады. Жөндеу жұмыстары кезінде электр желілерінде болатын өшірулер бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде хабарламалар жарияланып келеді.

Жаңатас қаласына мазут жеткізу мәселесіне тоқталар болсақ, иә, расында өткен жылыту маусымы кезеңдерінде, яғни 2020-2021 және 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымында мердігер-тасымалдаушы мекемелердің жауапсыздығынан Жаңатас қаласының орталық қазандығына мазуттың уақытылы жетпей қалу фактілері орын алған. Ол кезеңдерде мазутты сатып алу-жеткізу қызметтері мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы өткізіліп, тарапынан мазутты кешіктіру, сапасыз мазутты жеткізу жағдайлары орын алған.

Бұл ретте, тиісті тұлғалар қолданыстағы заңнамаларға сәйкес құзырлы органдармен жауапкершілікке тартылған, әкімшілік және қылмыстық іс қозғалған болатын. Сонымен қатар, Жамбыл облысының ауданаралық экономикалық сотына арыз-шағым беріліп, заңнама талаптарына сәйкес айыппұл салынған.

Бүгінгі таңда мұнай өнімдерінің иесі «PETROSUN» ЖШС-мен шарт жасау арқылы Жаңатас қаласының орталық қазандығына тиісті мазут сатып алынып келеді.

Өткен 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымында Жаңатас қаласының орталық қазандығына жоспарланған 12 938 тонна әлеуметтік мазут толық жеткізілді. Жалпы облыстық бюджет тарапынан 1,6 миллиард теңге қаралған. Жылыту маусымында 10,9 мың тонна мазут тұтынылды. Бүгінгі таңда қоймада 30 тәулікке жеткілікті 1 883 тонна мазут қоры бар. Алдағы жылыту маусымына қалдық мазут қорын есепке ала отырып, 11,9 мын тонна мазут сатып алу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Жаңатас қаласын газдандыру жоспарына сәйкес орталық қазандықты газдандыру жобасы әзірленген болатын. Жалпы құны 4,2 миллиард теңгені құрайды. Өткен жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен 620,0 млн. теңгеге құрылыс-монтаж жұмыстары басталған болатын. Биыл 2,5 миллиард теңге қосымша қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Жоспарға сәйкес Германиялық BOSCH маркалы 4 қазан орнатылатын болады.

Алдағы уақытта Жаңатас каласы газдандырылғаннан кейін орталық қазандық газ отынымен жұмыс істейтін болады.

– Ғалым Исабайұлы, өңірден қандай энергия көздері немесе жыл сайын қанша қуат өндіріледі? Жылу электр станциясы, күн электр станциясы сияқты…

Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша күн, жел және су арқылы электр энергиясын салуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан осы бағытта Жамбыл облысы көбірек инвестициялардың назарын аудартады.

Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 551,3 МВт құрайтын 22 жаңартылатын энергия көздері жұмыс істеуде. Сөз басында атап өткенімдей, өткен жылы 4 348,6 млн. КВт/сағ. электр энергиясы өндірілсе, 2024 жылдың 6 айында 1 982, 5 млн. КВт/сағ. электр энергиясы өндірілді. Алдағы жылдары 3 ірі жоба іске асырылса, нәтижесінде облыстың жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 25 нысанға жеткізіліп, қуаты 2,5 ГВт құрайтын болады.

«ЖҰМЫС ЖҮРГЕН ЖЕРДЕ СЫН МЕН НӘТИЖЕ ҚАТАР ЖҮРЕДІ» 

– Қазақстанда 1 шілдеден бастап тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтың жаңа стандарты бекітіліп, жүзеге асырылмақ. Бұл стандарт тұрмыстық қатты қалдықтарға байланысты. Осы стандартқа байланысты қандай жұмыстар жүргізбексіздер?

– Әрине, тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты бұл жаңа стандарттар бойынша хабарымыз бар. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 28 желтоқсандағы №508 бұйрығымен Коммуналдық қалдықтарды басқару қағидалары бекітілген болатын.

Қағидада коммуналдық қалдықтарды басқару тәртібі айқындалған. Сонымен бірге, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерімен қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға және тасымалдауға арналған үлгілік шарты қарастырылып отыр.

Бұл бағытта, яғни Қағидаға сәйкес жұмыстармен әріптес басқарма – Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануда реттеу басқармасы құзіреттілігі бойынша айналысуда.

– Жыл сайын жылыту маусымы жақындағанда түрлі апатты жағдайлардан алдын алу үшін қандай шаралар жүргізесіздер?

– Жамбыл облысы бойынша жылыту маусымына дайындық және оның өту барысын қадағалау үшін облыстық штаб құрылған. Сондай-ақ, Тараз қаласы мен аудандарда жергілікті штабтар жұмыс атқаруда.

Штабтың жұмыс жоспарына сәйкес, ай сайын ауқымды штаб отырысы өткізіледі және көшпелі штаб отырыстары ұйымдастырылады.

Жылыту маусымы аяқталысымен барлық отын-энергетика кешендері, яғни тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар өздеріне қарасты жылу көздері мен жылу желілерінде, негізгі және қосалқы жабдықтарына түгендеу жүргізіп, жылыту маусымына дайындық аясында атқарылатын жұмыстардың іс-шаралар жоспары бекітіледі. Бұл іс-шараларға шамамен 15,4 миллиард теңге қарастырылып отыр, оның ішінде кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламасы аясында 4,8 миллиард теңге бюджет есебінен 10,6 миллиард теңге қаралған.

Дайындық іс-шаралары ағымдағы жылдың 10 қазанына дейін атқарылады. Оның ішінде білім нысандарының 100% дайындығы 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз етілетін болады. Облыстағы 4 қалада жоспарлы 18,6 шақырым жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде Тараз қаласында – 9,8 шақырым, Қаратау қаласында – 5,9 шақырым, Жаңатас қаласында – 1,2 шақырым, Шу қаласында – 1,7 шақырым жылу желілері жөндеуден өтуде. Бұқараны түрлі апатты жағдайлардан алдын алу үшін штаб деңгейінде алдымен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Өз меншігінде тұрғын үйлерін жылыту маусымына дайындау қажеттілігі туралы, өрт қауіпсіздік шараларын сақтау және қажетті көмір отынымен қамдану бойынша брифингтер өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы хабарламалар жарияланады.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалалары бойынша проблемалық тұрғын үйлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп, жылыту маусымына дейін сол үйлердің дайындығын қамтамасыз етуге көмек көрсетіледі. Ал, жылу энергиясына қосылу кезінде жылу беруші кәсіпорындардың тарапынан тұрғын үйлерді жылуға қосуға ықпал жасап, жылыту маусымына дайындық актісі толтырылады.

– Қазір Тараздың қақ ортасында М-1 жылу трассасы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жұмыстар қашанға дейін жалғасады?

– Тараз қаласының негізгі жылу желілерінің бірі – М-1 жылу магистралы. 1990 жылы пайдалануға беріліп, содан бері 34 жыл қолданыста болған. Ағымдағы жылы аталған жылу магистралындағы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін жалпы 7,1 миллиард теңге қаралды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024 жылдын 19 сәуірінен, полиция органдарымен жол жабу жұмыстары келісілген соң басталған болатын. 2024 жылғы жоспарға сәйкес М-1 магистралдық жылу желісі ТЭЦ-4 жылу көзінен бастал ТК-131-ге дейін Төле би даңғылы бойымен Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылының қиылысына дейін ұзындығы 4,6 шақырым ауыстырылады.

Бүгінгі таңда монтаждау жұмыстарының 30%-ы орындалды. Құрылыс жұмыстары бекітілген өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде, 2024 жылдын 1 қазанына дейін аяқтау жоспарлануда. Ұзындығы 1,4 шақырым құрайтын Жамбыл даңғылынан бастап Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы магистралдық жылу желісі 2025 жылы ауыстырылатын болады.

– Салаға қатысты ең түйіткілді мәселені атап өтсеңіз…

– Бірінші мәселе – судың бағасы. Себебі, судың бағасын көтеру арқылы суды үнемдеу мәселесі шешімін табады деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, таза ауыз суды басқа да мақсатта пайдаланып, халық өз-өздеріне мәселе туындатып алып жатқаны да бар. Бұл мәселе бойынша Таразда таза ауыз суды заңға қайшы пайдаланып отырған көлік жуу орындары мен моншаларға салық салынып, жабылу керектігі айтылуда. Тоқ етерін айтқанда, саладағы негізгі мәселенің шешімі ретінде суды үнемдеу және тарифті көтеру керек. Сонда ғана халық су мәселесіне ұқыптылық танытады деп ойлаймын.

Ал, электр энергиясы бойынша ең түйткілді мәселе – мемлекет тарапынан соғылған желілер мен станциялардың қызмет көрсету сапасы. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан арнайы мекеме құрылып, қызмет көрсету сапасын жіті назарда ұстаса бұл мәселе оң шешімін табады деген көзқарастамын.

– Басшы ретінде сынды қалай қабылдайсыз?

– Жұмыс жүрген жерде сын мен нәтиже қатар жүреді. Жөнімен айтылған сынды дұрыс қабылдап, жұмыс барысында ескеруге тырысқанда тұрған ештеңе жоқ.

Сұхбат барысында нақты көрсеткіштерді тілге тиек еттім, біздің салада да өзге саладағы секілді қордаланған мәселелер, шешімін әлі таппаған жағдайлар бар. Соның бірі – тозығы жеткен электр желілері. Мәселе мен сын тек оң нәтиже шығаруға себепкер болса, оның несі жаман?!

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here