Инклюзивті қоғамның алғышарты балабақша мен мектепте қалыптасады

0
2833

Ұлыбританияда жанары жарық дүниені көрмесе де, көкірек көзі нұрлы бір саясаткер бар. Ол – 75 жастағы Дэвид Бланкетт. Зағип болғанына қарамастан, саясаткер 28 жыл бойы депутат болды. 1987-2015 жылдары Парламент мінберінде халықтың сөзін сөйледі, өзі сияқты жандардың мүддесін қорғады. Одан кейін Білім министрі, Ішкі істер министрі, Еңбек министрі ретінде халқына қалтқысыз қызмет етті, әлі де «аттан» түскен жоқ. Өйткені, британ қоғамы ерекше жандарды еш кемсітпейді, өзгелермен теңдей көреді, олардың алаңсыз білім алуына, жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Біз мақаламызды британ саясаткерінен бастауымыз тегін емес. Неге десеңіз, сол Дэвид Бланкетт: «Ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беру – әрбір мемлекет үшін негізгі міндеттердің бірі. Бұл әрбір адам өз әрекетінің қажеттілігін және қатыстығын сезіне алатын нағыз инклюзивті қоғам құрудың қажетті шарты. Біз әрбір балаға оның қажеттілігіне және басқа жағдайларына қарамастан, өз әлеуетін толық жүзеге асыруға, қоғамға пайда келтіруге және оның толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік беруге тиіспіз», – дейді.

Ұлыбритания сияқты өркениетті елдерде инклюзивті қоғам бұрыннан қалыптасқан. Себебі, инклюзивті қоғамның алғышарты балабақша мен мектепте қалыптасады. Он екі мүшесі сау бала бойында кемістігі бар баламен бірге тәрбиеленеді, бірге білім алады. Ешкім оларды қоғамнан оқшауламайды. Мысалы, дамыған елдердің бірі Швецияда мүмкіндігі шектеулі балалардың 80 пайызы жалпы білім беретін мектептерге барады. Айталық, 1997 жылдан бастап билік денсаулық жағдайына қарамастан барлық балаларды балабақша мен мектепке қабылдауды міндеттеді. Өйткені, жас өрен үшін бес жасқа дейінгі кезең мидың тез жетілетін мерзімі. Он екі мүшесі сау балаларға мүмкіндігі шектеулі құрдастарымен қарым-қатынас пайдалы. Олар оқу кезінде бір-біріне қолдау көрсетіп, эмпатияны үйрете алады. Үлгерімді талдаудың нәтижесі инклюзивті сыныптар түлектерінің білім сапасы республикалық көрсеткіштен төмен емес екендігін көрсетеді. Осы елдің арнайы мектептерінен келетін деректерге сүйенетін болсақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға бөлек сыныптарда білім беру оларды жетістікке жеткізбейді екен. Сондықтан Швеция болашақты инклюзиямен байланыстырады.

Нәтиже де жоқ емес. Бүгінде Швецияда екі миллионға жуық мүгедек жан тұрады. Оның 60 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұл ел инклюзия бойынша Еуропада көш бастап тұр. Мемлекет мұндай нәтижеге жан-жақты жаңашылдық пен жаңа білімнің арқасында қол жеткізіп отыр. Демек, Швеция тәжірибесіне де үңілмеске болмайды.

Бір қуаныштысы, біздің еліміз де бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, соңғы жылдары арнаулы білім жүйесінде мүмкіндігі шектеулі балаларды сапалы біліммен қамту өзекті мәселенің біріне айналды. Осы орайда Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша мектептер мен колледждер ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар инклюзивті ортада балаларды сүйемелдейтін тиісті мамандармен қамтамасыз етіледі, педагогтерге, ата-аналарға, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға мобильді консультациялық-әдістемелік көмек енгізілетін болады, кәсіби стандарт негізінде инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істейтін педагогтер (пән мұғалімдері, педагогтер, педагог-ассистенттер, дефектологтар және басқалар) үшін біліктілік талаптары жаңартылады, ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балаларды түзеу арқылы педагогикалық қолдау мақсатында мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде жан басына шаққандағы қаржыландыру (әлеуметтік рюкзак) нормалары әзірленеді, білім беру ұйымдары ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар білім алушыларға жағдай жасауды қамтамасыз ету (арнайы жабдықтармен, жиһазбен, кадрлармен, оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен, пандустармен, көтергіштермен, лифтілермен және т.б. жарақтандыру) жұмысы жалғастырылады. Демек, мұндай жұмыстардың бәрі инклюзивті қоғам құруда кездесетін кедергілерді жояды.

Ұ.Б. СПАНҚҰЛОВА, педагог-ассистент,
Ж.Ә. ҚАЙЫРОВА, дефектолог,
Б. Момышұлы атындағы №131 лицейі

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here