11 сәуірден бастап Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен шекарада бүкіл шектеулер алынады

0
387

ВАК Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты бірқатар шектеуді алып тастау жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, биылғы 11 сәуірден бастап:

– Ресей Федерациясымен, Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларымен құрлықтағы өткізу пунктерінде ҚР азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдіктердің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтуіне қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылданды.

– Сондай-ақ әуе қатынасы арқылы ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге қойылған барлық шектеулер алынып тасталады. Бұл ретте қазақстандықтар мен Қазақстан Республикасының аумағында тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерге және шетел азаматтарына ПТР әдісімен COVID-19-ға тестінің теріс нәтижесі бар анықтаманы немесе вакциналау паспорттары өзара танылған жағдайда COVID-19-ға қарсы вакциналаудың, ревакциналаудың толық курсынан өткені туралы құжатты/паспортты міндетті түрде ұсыну жөніндегі талап сақталады.

Вице-премьер өз сөзінде мемлекеттік шекараны ашу мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты жеке бақылауында екенін айтты. Отырыс соңында Е. Тоғжанов әкімдіктерге коронавирус инфекциясына қарсы егу науқанын ерекше бақылауға алуды тапсырды және халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here