Сенат «кибербуллинг туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды

0
230

Бүгін Сенат отырысында депутаттар жұртшылықты алаңдатып отырған «кибербуллинг туралы» заң жобасын қарады. Оның қорытындысы бойынша құжатты Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы қоғамда белсенді түрде талқыланғанын атап өтті. Балаларды қорғау туралы  нормаларды іске асыру жөнінде азаматтық белсенділер түрлі ұсыныстар мен пайымдарды айтқан болатын. Сондықтан сенаторлар заң жобасында ұсынылған ережелерді мұқият зерделеді және келіп түскен өтініштерді ескере отырып, оның бірқатар баптарын қайта қарауды ұсынды.

«Сенаторлар заң жобасынан уәкілетті органға өз қалауы бойынша интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қолжетімділігін шектеуге не жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін өкілеттіктерді алып тастады. Соған сәйкес онлайн-платформалардың өкілдерімен өзара іс-қимыл кезінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға мән берілді. Мұндай тәртіп балаларға қатысты кибербуллинг фактілеріне жедел назар аудару мен қоғамның ақпаратқа деген сұранысы арасындағы теңгерімді ортаны табуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Біздіңше, мұндай қадам «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына және Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың мазмұнына сай келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осылайша, сенаторлардың ұсынысы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз қалауы бойынша интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектеуге немесе тоқтатуға мүмкіндігі болмайды. Тек балаға қатысты кибербулинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға болады.

Балаларға қатысты кибербуллинг қандай болмақ, өзгесі қандай болады, сенаторлар оны мемлекеттік органға емес, арнайы құрылған сарапшылар тобына шешуді ұсынды.

Осылайша, заң жобасының осы және басқа да бірқатар өзгерістері Мәжіліс депутаттарының қарауына жіберілді.

Осыған дейін шетелдік әлеуметтік желілердің ресми өкілдіктерін Қазақстанда міндетті түрде ашу туралы норма да жойылған болатын.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here