Алматы жамағаты Ораза айт мерекесін тойлады

0
1067

Кеше, 2 мамырда отыз күн бойы ораза тұтқан Алматы жамағаты Ораза айт намазын оқуға жиналды. Екі жыл айт намазын оқи алмаған қала жұртшылығы Орталық мешіттің іші мен сыртына лық толды.

Шаһардың бас имамы Төлеби Дәділұлы айт мерекесіне жиналған жамағатқа ораза айтты тойлаудың тәртібі, мәні мен маңыздылығы турасында уағыз айтты. «Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне қуаныш сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке.
«Әсілі, Ораза айт қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі. Бұл – араздасқан адамдар татуласып, туысқандық байланысты күшейтетін мейрам. Алла Тағала Құранда: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр», – деп (Ағраф, 199) мұсылмандарды барынша кешірімді болуға шақырған. Сол себепті, ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да айт күндері аса маңызды», – деді бас имам.  

Қала әкімі Ерболат Досаевтың Айт мерекесімен арнайы құттықтауын қала әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы алматылық жамағатқа жеткізді. 

Айт намазынан соң кәсіпкерлердің демеушілігімен 200 балаға айттық сыйлықтар үлестірілді. Орталық мешіттің алаңында 500 адамға айттық дастархан жайылып, жамағат ынтымағы мен бірлігі үшін ұлттық ойындардан сайыстар өткізілді. Жүлделі орын алған қатысушыларға қаржылай және бағалы сыйлықтар берілді. Осылайша алматылық мұсылман жамағаты айт мерекесін имандылық сән-салтанатына сай атап өтті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here