Қазақстанда үш жаңа облыс құрылды

0
488

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Президент Жарлығын төменде жариялап отырмыз.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшірілсін.

2. Мыналар:

1) Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандарын, Семей және Курчатов қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасатын Абай облысы;

2) Алматы облысының құрамынан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарын, Талдықорған және Текелі қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасатын Жетісу облысы;

3) Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандарын, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында орналасатын Ұлытау облысы құрылсын. 

3. Алматы облысының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары, сондай-ақ орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерi мен ведомстволық бағынысты мекемелерi Қонаев қаласына көшірілгенге дейiн Талдықорған қаласында орналасады деп белгiленсiн.

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесімен, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (жол картасын) бекітсін және осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.

5. Орталық мемлекеттік органдар, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шараларды қабылдасын.

6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

7. Осы Жарлық 2022 жылғы 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 3 мамыр

№ 887

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here