Үш жүз жылдан кейін сөзбен атылған оқ

0
2189
Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Украинаның шығысындағы «ДХР» және «ЛХР» жікшіл аймақтарын Қазақстанның мойындамайтынын мәлімдеді

Ол «оқ» Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Санкт-Петербург қаласында өткен Петербург халықаралық экономикалық форумында ресейлік истеблишменттің алдында атылды. Мемлекет басшысы оны дискрециялық билігінің шеңберінде жасады. Бірақ, ол диффамациялық (масқаралау) тұрғыда жасалған жоқ. Осы тұста тарихқа сәл шегініс жасайық. Айталық, осыдан тура 110 жыл бұрын АҚШ-тың 26-шы Президенті Теодор Рузвельт: «Саясатта істеуге болмайтын көп нәрсені істеуге тура келеді», – деген екен. Расында, біз ұзақ уақыт үндемей келдік. Айтатын кез де келді. Оны Қазақстан Президенті өз жауапкершілігіне алды.

ПРЕЗИДЕНТ КӨПТІҢ КӨКЕЙІНДЕГІ СҰРАҚҚА НҮКТЕ ҚОЙДЫ

Пікірталас модераторы, RT (Russia Today) телеарнасының бас редакторы, медиаменеджер Маргарита Симоньянның Қазақстанның Украинадағы арнайы операцияға қалай қарайтыны туралы сұрағына Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда азаматтық қоғамның дамығандығын, сондықтан Украина мен Ресей арасындағы қақтығысқа елімізде түрлі көзқарастар барын айта келіп, БҰҰ Жарғысының екі негізгі қағидасы – ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы мен мемлекеттердің аумақтық тұтастығы бір-біріне қайшы келетінін тілге тиек етті.

«Егер халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, жер бетінде 500 я 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл қағида квазимемлекеттік бірлестіктерге, яғни Луганск пен Донецкіге де қолданылады», – деп өз ойын ашық білдірді.

Мемлекет басшысы Ресеймен арадағы достық қарым-қатынасты атап өте келе, бірқатар ресейлік депутаттардың, журналистер мен қоғам қайраткерлерінің Қазақстан туралы түрлі мәлімдемелер жасап, олардың деструктивті күштердің отына май құйып отырғанын да жасырмады. Сондықтан абракадабрадан (мағынасыз, мәні жоқ сөздерден, әрекеттерден) сақ болу қажеттігін, олай болмаған жағдайда оның апломбқа (өркөкіректікке, менмендікке) апаратынын ескертті.

Владимир Путин өз кезегінде Қазақстанды бауырлас ел ретінде атап, егер Украина билігі Қазақстан билігі сияқты әрекет етсе, онда ешқандай «арнайы операция» болмайтынын айтып қалды.

Қазақстанның ресми түрде Мәскеудің әрекетіне аполитизм (саясат мәселесінде бейтараптық) көзқарасын ұстанатыны да айтылды.

«Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, тілдердің бөлектігі де емес, бөлетін надандық пен араздық қана», – депті ағылшын жазушысы Джон Рескин.

Рас, ежелден туыс, бауыр, көрші отырған екі халық – орыс пен украин арасында қазір жарияланбаған соғыс жүріп жатыр. Адам шығыны да көп. Біз бұл соғысты сырттан бақылап қана отырмыз. Жанымыз ашиды, қабырғамыз қайысады. Кеңірдекті керіп, өңешті жыртып айқайлағымыз-ақ келеді…

СОЛТҮСТІКТЕГІ КӨРШІДЕ ДОС ҚАЛДЫ МА ӨЗІ?

Бүгінде Ресей Федерациясы бүкіл әлем тарапынан қарсылыққа ұшырап отыр. Ол негізсіз де емес. Бүгін оған көз жұмып қарасақ, ол ертең екінші тарапқа бас сұқпақ. Демек, шындық айтылуы тиіс. Украинада Ресейдің әскери күші байқалды. Сонымен, «Әскери күшпен орнатылған империялар әскери күштің жәрдемінсіз өмір сүре алмайды» деген француз философы Шарль Луи де Монтескьенің сөзі бүгінде Кремль үшін мәні өткір болып тұр. Дәл бүгін орыс ұлтының басын біріктіру аса маңызды болса да, ол енді ұзаққа созылады. Оған ағылшын жазушысы Джордж Оруэлл айтқандай, Ресей сияқты елге кім болса ол болсын, «сырттан жау, қауіп төніп тұр» деп елдің басын біріктіру маңызды болмақ. Қазіргі бар мақсат осыған саяды.

Осындайда «…Отанды алдамау үшін, өзім алданбау үшін мен онымен, Отанмен қандай да болсын қатты сөзге баруға дайынмын», – деген ойшыл Петр Чаадаевты қолдағымыз келеді. Атақты ойшыл осынау ашық ойы үшін бірнеше рет тар жерде таяқ та жеді.

«…Ресейде құлдықтың мөрі басылмаған түк те жоқ – ізет пен игілік, ұмтылыс, бұлқыныстар ол бер жағы, ағартушылық пен азаттықтың да күні сол». Бұл – Батыс әлемінің шылауында тайғанақтаған Ресейдің тұрмысын байқаған Чаадаевтың ашумен айтса да нақты айтқан сөзі.

Ресей императоры І-ші Николайдың арнайы Жарлығымен «ауыш» (есуас) деген атаққа ие болған сол Петр Чаадаев өзі өмір сүріп отырған орыс қоғамының кемшілігін аямай сынай келе: «…Ресей хақында ойға қалғанда, оны, Ресейді он екі мүшесі бүтін, орнықты мемлекетке қосатын қияли ауру бар. Бұл – бекершілік. Ресей Руссия болғалы бері жеке адамның зорлығы мен зомбылығына құмбыл болған ел. Ол дөкейдің ныспысы Петр ме, Иван ба – бәрібір. Олардың арман қаруы – қанау. Ресей бүкіл адамзат мойындайтын заңдарды, шарттарды, жарғыларды жұла тартып, бұра тартып өзінің мұрат-мақсаттарына жұмсайды. Әсіресе, өзімен қапталдас-жапсарлас өзгелерге құлдықтың қамытын кигізуді мақсат тұтады. Бұл орайда өзінің де, өзгелердің де игілігі үшін Ресейді тізеге салған жөн, оған ізгілік пен ізеттің құбыласын нұсқаған жөн», – деп бар сырын ақтарып тастайды.

Ұлы ойшыл тағы бірде: «Мен өз Отанымды аузымды тігіп, тіземді иіп, көзімді жұмып жақсы көруге мойынсұнған емеспін. Менің ойымда, Отанға мейлінше пайдалы болудың әрі төте, әрі жалғыз жолы – оны қапысыз тану. Менің ойымда, көзжұмбай құштарлықтың заманы әлдеқашан өткен. Барды жоқ деме, әсіресе, жоқты бар деме. Менің ойымда, біз алдыңғы толқындардан кейін олардан қарға қадым болса да ілгерілеу үшін келгенбіз. Олардың кеудесоқты көрсоқырлығын қайталамау үшін келгенбіз. Ел тарихына адамзат ойының ұшар биігінен қарамайынша түк те шықпайды», – дейді.

Содан бері қаншама уақыт өтсе де, орыстың пиғылы айналасындағы халықтарға өзгерген жоқ. Тіпті, соңғы кездері Ресейдің астамшыл пиғылы күшейіп кетті. Әсіресе, Путиннің билік басына келуімен көрші елде теріс пиғыл шегінен асып кеткендей әсер қалдырады.

Ресей басшылығы өз елiнiң қазiргi әлеуетiне қарамастан, империялық пиғылынан айырылған емес. Ол пиғыл соңғы екi Президенттiң кезiнде әсiре өршiп кетті. Қазіргі Президент Владимир Путин де, бұрынғы Президент Дмитрий Медведев те: «Бiз елiмiздiң мүддесi үшiн өзiмiздi қоршаған мемлекеттерде болып жатқан саяси оқиғаларға араласуға тиiспiз», – деген мәлiмдеме жасаудан тайынбауы жиіркеніш тудырды.

Мәскеу соңғы кездерi өзiнiң сыртқы саясатындағы мүдделерiн әскери күштi араластыра отырып қорғауға күш салып отыр. Саяси сарапшылар Ресейдiң бұл саясатын Кавказдағы күрделi жағдайға байланысты деп санап келді. Ал, бүгінгі Украинаға жасап отырған озбырлығын немен ақтауға болады? Сондықтан солтүстiк көршiмiз сыртқы саясаттағы өз мүддесiн қорғау үшiн бұрын әскердi сыртқа шығару туралы заң қабылдаса, енді өз көршісіне әскер кіргізуге дейін барды. Әйтсе де, Мәскеу қандай жағдайда көршi мемлекеттердiң iсiне араласатыны туралы құпиясын ашқан емес.

Ресей соңғы жылдары көршiлерiн өзге мемлекеттердiң агрессиясынан қорғағаннан гөрi, өзi басты қауiп-қатер ошағына айналды. Балтық жағалауы елдері, Грузия, Украина, Молдова, Польша, Болгария Ресейден аулақ болғанды жөн санайды. Бұрынғы социалистiк лагерьдегi мемлекеттердiң бәрi де Ресей саясатынан дербес болуды қалайды.

Ежелгi Ресейдiң басқаруында болып, революциядан кейiн бөлiнiп кеткен, одан соң большевиктер тарапынан қайта жинастырылып алынған ұлттардың да орыстармен арақатынасы нашарлай түскен. Ақын Николай Некрасов айтқандай, осындай бақытсыз, бейбақ елмен Қазақстанның бауырын жазбай жүргенi ежелгi достықты қимастығынан емес пе?! Арғы тарихқа көз жiберсек, кезiнде орыс әскерлерi мен жұмысшы шаруалары тарапынан Түркiстан халқына iстеген жауыздықтарын әшкерелейтiн дәлелдер мен дәйектер жетiп артылады.

Ақиқатқа қарсы жүргiзiлетiн астыртын әрекет Ресейдiң қоғамдық өмiрiнiң өзегiне айналған. Олар қазiргi әлеуетiне қарамастан, империялық пиғылынан айырылған емес. Халықаралық қауымдастық Ресей басшылығының қазiргi амбициясына қарап, оны осыдан жиырма жыл бұрынғы қуатты держава деп қабылдамайды.

Американың атақты жазушысы Марк Твен: «Тәуелсіздікке қол жеткізген ел саяси лотереяда піл ұтып алғанмен бірдей, ал ол пілді асырау керек», – депті. Бұл жерде жазушы тәуелсіздіктің жүгі мен жауапкершілігіне, алға ұстаған нысанаға жету жолының қауіп-қатерге, күмән мен күдікке толы екенін меңзесе керек.

Саяси басшылық пен өңiрлердегi бүгiнгi нақты көрiнiстiң арасы екi бөлек. Сондықтан мұның өзi халықтың ақыл-ойын басқа арнаға бұрып әкету пиғылынан да шығып отыруы мүмкiн.

Орыс адамының ақыл-ой парасатына ұлы орыстық ар-намысты ұялату үшiн қазiр Ресей Президентi жанындағы академияда орыстану факультетi ашылып отыр. Элиталық басшылық құрамды дайындайтын бұл оқу орнында Ресейдi қоршаған елдердiң тарихы, саяси бағыты мен табиғи байлығы туралы жан-жақты оқытылатын көрiнедi. Оған қалай қарсы тұруға болады? Демек, оған біздің жалғыз қаруымыз – рухымыз болмақ.

Нағыз ұлтжанды Алаш баласын тәрбиелеу үшін түптің түбінде қос көршіміздің көңіл-күйіне қарамастан, нағыз ақиқатты айтуымыз керек. Тарихтың тар бұралаңында таяқ жемеген тұсымыз жоқ. Біздің ең бір талмауыр тұста қатты таяқ жегенімізден есімізден танып қалғанымызды олар жақсы біледі. Соған орай қос көршіміз ойына келгенін істеп, жас ұрпағын Қазақ даласын өздерінің жері ретінде көрсетуден, оқытудан тайынған емес.

РЕСЕЙДІҢ САЯСИ КҮШТЕРІ БҰРЫНҒЫ ОДАҚТАС РЕСПУБЛИКАЛАРДЫҢ
ТӘУЕЛСІЗДІГІН МОЙЫНДАМАЙ МА?

Ресейдегi қазiргi экономикалық, саяси, әлеуметтiк жағдайдың аса ауыр жағдайда екенiн мынадан бiлуге болады. Бұрнағы жылы «Казачий курьер» газетiнде Славян ұйымдары үйлестiру кеңесiнiң төрағасы Юрий Захаровтың сұхбаты жарияланып, онда Ресейдегi бүгiнгi жағдай жан-жақты сөз болады. Захаровтың пайымдауынша, бүгiнгi таңда 700 мың бала жетiмдiктiң қамытын киiп, жылына 1,5 млн адам түрлi ауыртпалықтың әсерiнен қаза табады екен. Ал, Ресейдiң iшкi түрмелерiнде 1 млн адам қамауда отырған көрiнедi. «Ресейдегi қазiргi жағдайдың ауыртпалығы соншалық, дағдарыс кезеңi аяқталғанға дейiн әлем картасында Ресей мемлекетiнiң болу-болмауы екiталай» деп ой түйедi. Ресей бюрократиясын «екiжүздi, алаяқ» деп айыптай отырып, осындай елмен Қазақстанның одақтас болуын көксейдi. «Ресейдi су аяғы құрдымға кетуден Қазақстан ғана құтқара алады» деп өзеурейдi. Ал, өз халқын осыншалық тұралатқан мемлекетпен қандай одақ құруға болады?!

Ресейдің кейбір саяси күштері бұрынғы бір лагерьде болған одақтас республикалардың тәуелсіздігіне әлі сенбейді. Мұндай күштер Ресейдің Мемлекеттік Думасында көп шоғырланған. Ресей Федерациясының сыртқы саясаты жөніндегі тұғырнамада Ресейдің сыртқы саясаты үшін Ресейді қоршап тұрған «тәуелсіз мемлекет» деген ұғым жоқ, тек «бұрынғы одақтас республикалар» деген термин ғана бар. Алайда, жалғыз Украина ғана бұл саяси құжатқа жем болмаған. Міне, мәселе қайда жатыр?! Егер Украина бұл құжатты қолдағанда баяғыда Ресейдің қол астына көшер еді.

Орыс зиялысы Юрий Афанасьевті Ресей ғана емес, бүкіл әлем біледі. КСРО-ны қайта құру идеологтарының бірі ретінде кенжелеп қалған Ресейдің өркениет, демократиялық даму жолын таңдауына ықпал жасап, сандаған жылдар бойы жан аямай тер төккен саясаткер Ресейдегі рухани кері кету мен Кремль билігіндегілердің өктемдіктері және өрескел саясатына жүрегі ауыратынын үнемі айтып келді. Саясаткер «Новая газета» газетінің тілшілері Сергей Асриянц және Людмила Рыбинамен кеңінен сұхбаттасып, Ресейдің екіжүзділік пен даңғойлық, зұлымдық батпағына белшесінен батқанын және бұған ел билігі тікелей айыпты екенін ашық әрі батыл мәлімдеді. Ресейдің рухани азғындауына күн сайын куә болып жүрген бұл саясаткердің шынайы пікірлері ешкімді бейжай қалдыра қоймағаны аян. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

1990 жылы 11 желтоқсанда Мәскеуде КСРО Жоғарғы кеңесінде Борис Олейниктің ұйымдастыруымен демократиялық қозғалыс ұйымдары өкілдерінің қатысуымен КСРО Жоғарғы кеңесінің арнаулы мәжілісі өтеді. Оған сол тұстағы Қазақстаннан «Азат» партиясының жетекшісі Михайл Есеналиев қатысып, сөз сөйлейді. Ұлт қайраткері өз сөзінде: «Біздің республикадағы орыс тілді ағайындар не болса соған, байыбына бармай жатып, байбалам салуға құмар. Құрудың аз-ақ алдында тұрған тілімізді сақтауға да, республикалық егемендігімізге де аза бойлары қаза болып, өре қарсы тұрады. Ұлттық сана-сезіміміздің күрт оянуы оларға ұнамайды. «Азат», «Азамат», «Алаш» десе болды, шеттерінен кірпіше жиырылады. Өзінің ұлттық салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін, ұлттық мемлекеттігін, территориялық тұтастығын сақтап қалғысы келгені үшін олар кінәлі ме?! Жоқ жерден бәле іздеп, бір біріміздің жүйкемізді тоздырғаннан не пайда таппақпыз?!» деген болатын.

Міне, шырқыраған шындық!

Мұны аз десеңіз, ресейлік тарихшы, режиссер Александр Сокуровтың да пікірін келтірейік.

«Мен Ресейдің болашағына үлкен үреймен қараймын. Өйткені, бұл бағыттағы мәселелер шешілмеді, шешілетін түрі де байқалмайды. Ресейді алда үлкен, ауыр соғыстар күтіп тұр», – деген екен Александр Сокуров.

Оның осыдан 14 жыл бұрын айтып кеткен болжамынша, Ресейдің оңтүстігінде Украинамен соғыс күтіп тұрды. Айтқаны айдай келді. 2014 жылдың күзінде Украина жерінде қарулы қақтығыс болды. Ресейдің Украинамен соғысы әлі аяқталған жоқ, осы қыста «Путин Украинаны өзінің саяси орбитасына толық қайтару үшін соғыс ашып, ашық жаулауға тағы кіріседі» деп шулаған еді. Қазір әлемдік БАҚ екі елдің арасындағы соғыста Ресей тарапынан болған әділетсіздікті жазуда. Екі славян елінің ортақ тіл табысып, араласа алмай отырғаны кім-кімді де ойландырады. Украина өздерін «Ресей басып алады» деп үрейленеді.

Осы орайда орыстың демократ жазушысы Федор Достоевскийдің сөзін мысалға келтіре кетсек артық болмас. Атақты жазушы өзінің 1877 жылғы жазған күнделігінде былай депті: «Менің шүбәсіз ішкі түйсігім бойынша, дәл қазіргідей, Ресейді славян тайпалары сияқты аса жеккөрушілер, көре алмаушылар, өсектеушілер, тіпті ашық жауығушылар болған емес және болмайды да, ал Ресей оларға еркіндік берсе болғаны, оларды Еуропа мойындауға әзір. Олар еркіндік алған бойда жаңаша өмір бастайды, қайталап айтайын және де Еуропа, Ұлыбритания мен Германиядан өздерінің бостандығына кепілдік беріп, қамқорлығына алып қорғауды сұрайтын болады, олардың Ресеймен «жыр-әуендері» бар болғанымен, олар Ресейден қорған үшін сондай әрекетке барады. Сөз жоқ, олар ашық болмағанымен, іштей мынадан бастайды: «біз Ресейге ешқандай да, кішкентай да қарыздар емеспіз, керісінше, бейбіт келісімге қол қоюда билікқұмар Ресейдің үстемдігінен еуропалықтардың араласуымен әзер құтылдық, егер де Еуропа араласпаған болса, онда Ресей өзінің шекараларын ұлғайту және сараң да қу әрі рақымсыз ұлы орыс тайпасына славяндарды құл етумен бүкіл славян империясының негізін нығайту арқылы оп-оңай жұтып қояды» деп жариялап, өздерін соған сендіретін болады».

Ұлы демократ мұны күнілгері қалай білген дерсің?!

«РЕСЕЙДІҢ БАР ҚАЙҒЫСЫ КӨРШІ ЕЛДЕР МЕН
ОЛАРДЫҢ ІШКІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» МЕ?

Қайта айналайық. Жоғарыда сөз болған Захаров: «Украинадан кейін Қазақстанмен қақтығыс болуы бек мүмкін. Өйткені, қазақ билігі кезінде қазақтарды Ресейдің қырып-жойғанын халықаралық дәрежеде мойындатуға тырысады әлі. Украина да өз жерінде қолдан ұйымдастырылған аштыққа қатысты қайта-қайта жаңа құжаттарды жария қылуда. Латыштардың, якут, черкестердің геноциді бар. Біздің билік башқұртқа зиян жасады, ноғайға, татарға қорлық көрсетті. Ресейдің православ діндарлары соның бәрін қолдады. Адамдардың санасы солай қарай ойысып барады, кезінде кеткен есесін түгендетуге. Оны бағамдап, байыптайтын Ресей жоқ. Ресей Кавказдағы соғыстарда ақылға сыймайтын әрекеттерге барды. Өзге ұлттарды қынадай қырдық. Кей халықтар жүздеген мың адамдарынан айырылды. Оны ұмыту, тарихтан, санадан сызып тастау мүмкін емес. Оның бәрін Ресейдің жауынгерлері, қолбасшыларының соғыстағы жетістіктері деп салтанатты түрде өзіміз тарихта қалдырып қойдық. Орыс армиясы императорға келіп, мақтанды ғой, талай жетістігін тізіп.

Тарихқа көз салсақ, бөтен жерлерді жаулау кезеңінде Ресей черкес, ноғай, қырым татарлары, башқұрт, якут, татар, латыш, даур, ителмен, мансы, чукча, коряк, алеут, эскимостардың 50-90 пайыз халқын қоғадай жапырды. Бұл сұмдықты «Сібірді қосып алу» немесе «Еуропаға есік ашу» саясаты деп, екіжүзділікпен ақтап алмақ болды.

Қазақтар деген, тіптен, бөлек тақырып. Алдымен, түркілерге моңғол-жоңғарды айдап салды. Екі халықты да солай әлсіретіп алып, оны Қытай Манчжуриясымен бөліске салды. Ресей жауламай тұрғанда, қазақтар саны ең көп түркі халқы болатын. ХVІІІ-ХХ ғасырларда жүздеген ереуіл-бүлік, жоспарланған аштық-геноцид, Қазақстанға өзге ұлт өкілдерін үйіп-төгіп, аямай ассимиляция жасалған соң, қазақ өз жерінде саны аз ұлт болып қалды.

Енді соның барлығын саралап, қарап отырсаңыз, Ресей қазір жан-жағы түгел дау, түгел жау болатын қақтығыс аумағында қоршауда қалып тұр. Ресей Еуропамен енді ешқашан жақсы қарым-қатынаста болмайтынын бәріміз жақсы түсініп отырмыз. НАТО Ресейге қарай тереңдеп жылжи береді. Оған беретін жауабымыз белгілі. Бірақ, жаңағы өз ішіміздегі қансыраған ауыр жаралар Ресей мемлекетінің тағдыры мен біздің өмірімізге үлкен қауіп екенін түсінуіміз керек. Ресей кез келген уақытта, бірнеше жылдардан кейін төбесіне тас құлайын деп тұрған жағдайда. Сол себепті орыс интеллектуалдары мен мемлекеттік ұлдар үлкен бір жүйелі стратегиялық қамға көшіп, соған күш салу керек, сол сұмдықтың алдын алу үшін… Ресей тұяғын кеш сермеп қалмас үшін… Ресейге енді кешігуге болмайды. Ресейде геосаясат жоқ, өйткені бізді сыртқы әлеммен байланыстыратын түк те жоқ. Ресейдің Еуропа немесе басқа әлеммен үндес келетін мәселесі жоқ. Ресейдің бар қайғысы да, бас қайғысы да – көрші елдері мен олардың ішкі мәселелері», – деген екен.

Захаровтың Қазақстанда өмiр сүрiп, Ресейдiң мүддесiн мансұқ ете тұра, бiзге таяуда өзi болып қайтқан Беларусь мемлекетiн үлгi етiп ұсынуын қалай түсінуге болады? Сөйте тұра өзiнiң тарихи Отаны Ресеймен емес, Қазақстанның ол елмен де жедел арада одақ құру қажеттiгiне жол сiлтейдi. Осы жылдар iшiнде қол жеткен табыстарымызды Ресей мен Беларусь елiне сыралғы тарту ретiнде ұсынуымызды қалайды. Сөйтiп, Беларусь арқылы бұл сыйлы табақтан Ресейдiң де мұрты майланғанын қалайды.

«Дәл қазiр Беларусьтiң де Ресеймен табақтас болуға тәбетi жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей-Беларусь басшылары бас қосқан алқалы жиында көкезу Жириновский «бiздiң халықта бауырластық жоқ» деп салды. Президенттерi болса, соны тыңдап отырды. «Қойыңыз, беларусьтер бiзге бауырдан да артық» дей салса болар едi ғой, жоқ, ондайды айтпайды. Мен қарап отырдым да, iшiмнен «Медведевтi көрмегелi екi-үш күн өтiп едi, осыншама өзгерiп кеткен бе» деп қоямын», – депті бірде Беларусь Президентi Александр Лукашенко да.

Рас, Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынас барған сайын күрделенiп барады. Қазiргi екi ел арасындағы тартысқа Үкiмет адамдарын берi қойғанда, қарапайым саясаткерлер де араласа бастады. Әсіресе, оған тіс қаққан байырғы саясаткерлер белсенді араласуда.

Таяуда украиналық саясаткер Ярослав Кендзьор: «Кремль тарапынан украиндер мен гүржiлерге қарсы шовинистiк көзқарас жалғаса бередi. Бұл, бiле бiлсеңiз, қан арқылы берiледi. Керек десеңiз, орыстың қаңғыбастарының (бомж) өзi украиндар мен гүржiлердi өте төмен санайды және одан бiрдеңе дәметiп тұрады», – деп салды. Мұны жоққа шығаруға да болмайды. Себебі, ондай көзқарасты байқап та жүрміз.

Жалпы, ұлтшылдық орыс зиялыларының үлкенінен бастап, кішісінің бойында тумысынан бар қасиет. Оны жаман қасиет деп айтуға болмас, бірақ ол өзгелерге жеккөрушілік тудырмауы тиіс.

Қоғам қайраткері Аманкелді Айталы ол туралы былай дейді: «Ұлттың басқа ұлтты қабылдауының астарында психологиялық, мәдени, тарихи астарлар жатыр. 1831 жылы поляктардың патша өкіметіне қарсы көтерілісін алғашқыда баса алмай, жеңіліске ұшыраған Ресей әскерін отарлаушы әрекеттері үшін Еуропа баспасөзі, орыс интеллигенция өкілдері өткір сынаған. Қолдаушылар да бар. Ал, А.С.Пушкин «Ресей жауларына» деген өлеңінде отарлау саясатын қолдап: «Өңшең ділмар, шуылдақтар, пәлеқорлар, қу жақтар, /Ресейді кінәраттап, не жөнің бар, қылжақтар?» деген болатын. «Даурығудың керегі жоқ, сан шайқаста шамырқанған орыстардың ерлігіне қарсы тұру мүмкін емес» дейді ақын одан әрі».

Астамшылдық ұлттық идея, тіпті парасатты, адамгершілігі зор адамның да басын айналдырады. Ал, орыстар мен поляктардың арасында бүгін де селқостық басым. Билеушілерде кек алу, ашу шақыру, өктемдік басым болмауы тиіс. Кезінде әйгілі Махатма Ганди: «Кек – адамдарды топастыққа апарады» деген болатын. Демек, қоғам кекшілдіктен, жағымсыз синдромдардан таза болуы тиіс.

Ресей мен Беларусь елдерінің Одақ құруының өзi түсiнiксiз бiрдеңе болуына қарамай, осы Одақтың хатшысы болған Павел Бородиннiң абайсызда айтқан сөзi көптеген елдердiң шымбайына батқаны рас.

«Осы бiз Оңтүстiк Осетия мен Абхазияны жақын тарту туралы айтып жүрмiз. Алайда, экономикалық тұрғыдан келгенде бiз Грузияның өзiн одақтас елдердiң қатарына қабылдауға дайынбыз. Ол тұрмақ, бүкiл Еуропаны қабылдап жiберемiз. Қайда қашады дейсiң…» деуi сасқан үйрек артымен жүзедiнiң керi болар деп түйдік. Ендi қайтсiн, бiрдеңе айту керек болды.

«Бiрдеңе айту» демекшi, бірде Путин Польшадағы екiжақты кездесу барысында он бес поляк жауынгерiн кеңес әскерлерiнiң атып жiбергенi туралы сөз болғанда «Кеңес өкiметi Польшаға азаттық әкелгенін» айтты. Оған жауап ретiнде Польша премьерi «Орыстар өзiнде жоқ азаттықты бiзге қалай әкелдi?» – деп мысқылдап жауап бердi. Мiне, саяси диалогтың әуселесi.

Посткеңестiк елдердiң егемендiк, тәуелсiздiк алғандарына 30 жылдан асты. Турасын айтсаң, тарих осыған дейiн мұндай өресiздiктi, сорақылықты бастан кешiп көрмептi. Дәл қазiр Ресей орыс аты аталған кез келген шараға өре түрегелетiндi шығарып отыр. Әсіресе, тілге келгенде тайлы-таяғымен жабылады.

Айтқасын, бәрін айтайық. Қайбір жылы Тәжiкстан тәжiк тiлiнiң мемлекеттiк мәртебе алғанының 20 жылдығын бүкiл халық болып атап өттi. Осыған орай өткiзiлген алқалы жиында Тәжiкстан Президентi Эмомали Рахмон орыс тiлiнiң ұлтаралық қарым-қатынас тiлi мәртебесiнен айырылатыны жөнiнде сөз сөйледi. Тәуелсiз елдiң iшкi саясатына жататын бұл мәселеге Ресей басшылығы қарсы шығып, саяси мәлiмдеме жасады. Тiптi, Тәжiкстан басшылығы осындай қадамдарға баратын болса, өздерiнiң экономикалық санкциялар қолданатынын жариялады. Осыдан соң өзi де әупiрiмдеп, қалтырап күн көрiп отырған Тәжiкстан бастапқы райынан қайтып қалды. Өткен жылы Ресей Тәжікстанда Орыс тілін оқытып, насихаттау институтын және Мәдени орталығын ашты.

Тәуелсiздiк, мемлекеттiк тiл, мәдениет туралы Ресей сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Александр Яковенко: «Орыс тiлiне ресми мәртебе беру – жақын шет елдегi бiздiң отандастарымыз бен тұрғындар үшiн маңызды iс», – деп салды. Осы мәселе бойынша министрлiк бұрынғы Одақтас Республикалардың басшыларына ұсыныс-хат жасауды қолға алып отырған көрiнедi. Әр сөзi бақылауға алынатын мемлекеттегi лауазымды тұлғаның аузынан шыққан мұндай ұсыныс тектен тек айтылмаса керек. Осыған орай Ресей қоғамында «бұрынғы КСРО кеңiстiгiнде орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлсiн» деген ұрандату саясаты белең алуда.

Есесiне, Украинаның Әдiлет министрлiгi орыс тiлдi тұрғындардың құқығын қорғаймыз деген желеумен орыс тiлiн мемлекеттiк тiл деңгейiне көтерудi көксеп жүрген оппозициялық «Родина» партиясының жұмыс iстеуiне тыйым салды. Билiктiң бұл шешiмi ұлттық мүдде тұрғысынан қабылданды.

РЕСЕЙДЕ КЕРЕНСКИЙЛЕР ҚАЗІР ДЕ КӨП ЕМЕС

Кезiнде «ұлы орыс халқы» деген түсiнiк әбден санаға сiңiру жолында идеологиялық жұмыс жүргiзiлдi. КСРО-ның iшiнде жергiлiктi ұлттарға орыстарды сыйлап, оларды әдiл, өте мейiрiмдi ұлт ретiнде көрсету насихатталды. Бiрақ, анау айтқандай, олардың бойынан «ұлылық» байқала бермедi. Әрбiр адам өзiнiң тәрбиелiлiгi мен iшкi мәдениетi тұрғысынан өзге ұлттарды да сыйлауы тиiстiгi жөнiнде алғашқы пiкiр бiлдiрген Ресейдiң Уақытша өкiметiнiң төрағасы Керенский едi.

Александр Керенский – Ресейдiң қол астындағы орыс емес ұлттар мәселесiнде, эмиграцияда жүрген атақты орыс саяси қайраткерлерi арасында өзiндiк орны бар адам. Оның 1916 жылы Ресей Мемлекеттiк Думасында мұсылман фракциясын жақтап, патша өкiметi саясатына қарсы шығып, Түркiстанда дүрбелең тудыруға итермелеген сөздерi Керенскийдiң атын Түркiстанда ғана емес, Ресейдiң күллi түрiктерi қоныстанған аймақтарына да белгiлi еткен. 1916 жылы 22 тамыз күнi Керенский Әндiжандағы жәмиғат мешiтiнiң ауласында түркiстандықтар мен орыстардың «достық адамгершiлiк қатынастарына» арнап дұға бағыштатқан. Ол өз сөзiне түркiстандықтар орыстармен тең болып, бiрдей құқықтарды пайдалану керек екендiгiн айтқан едi. Ташкенттегi бiр қонақасында сөйлеген сөзiнде де Түркiстандағы жергiлiктi тұрғындардың құқықтарын қорғау жолындағы өздерiнiң демократиялық мiндеттерiн өтей алмай келе жатқаны үшiн орыс демократтарын жазғырған да болатын.

1916 жылғы қазақтардан әскерге адам шақыру саясатына байланысты Торғай уәлаятынан келген өкiлдердiң адам орнына он мың ат бергiсi келетiндiктерiн бiлдiргенде Керенский оларға қаратып: «Мен Сiздерге мынадай кеңес бергiм келедi. Орыс өкiметiне сенуге болмайды. Ол Сiздердiң аттарыңызды да алады, одан соң жiгiттерiңiздi де жұмысқа жегедi», – деген. Сонда Керенскийдiң бұл сөзi қазақ даласында ескi орыс үстемдiгiн жақтаушылардың рухын түсiрiп, халық бұқарасы арасында дүниежүзiлiк соғыста Ресейдiң жеңiлiске душар болуын тiлейтiндердiң қатарын көбейтуге септiгi тиiптi.

Бұрынғы Ресейдiң басқаруында болып, төңкерiстен кейiн бөлiнiп кеткен, одан соң большевиктер тарапынан қайта жинастырылып алынған ұлттардың орыстармен арақатынасы тiптi нашар болған. Украина, Кавказ, Түркiстан, Едiл бойы халықтары және Қырым татарлары түрлi кезеңдердi бастан кешiрiп, ақыры большевиктiк Ресейдiң бұғауына ерiксiз мойынсұнған. Осылардың арасында екеуi бiраз уақыт тәуелсiз өмiр кештi. Түркiстан басқалармен бiрге автономия дәуiрiн бастан кешiре бастағанда, орыс большевиктерi тарапынан байлап маталған. Алайда, Түркiстанды орыстар екiншi рет жаулап алғанда, жаугершiлiк аса қатыгездiкпен жүргiзiлген. Орыс әскерлерi мен жұмысшы-шаруалары тарапынан Түркiстан халқына жасалған жауыздықтарды әшкерелейтiн дәлелдер мен дәйектер көп. Орыс большевиктерiнiң Түркiстанды аштық құрсауына алу саясаты салдарынан 1 млн 114 мың түркiстандық қырылған. 1917 жылы үшiншi Кеңестер конференциясында түркiстандықтарды басқару iстерiне жолатпау туралы қаулы шықты. Орыс әскерлерi кiнәсiз Түркiстанның бейбiт жатқан қыстақтарын қылышпен кескiлеген. Орыс мұжықтары малшы қазақтардың малдарын тартып алуға «заңдық» негiз жасау мақсатымен, олардың көштерi өтетiн жерлерi мен жолдарының үстiне омарталар қойып тастаған. Мұның өзi Түркiстанда ұлтты құтқару қозғалысының бой көтеруiне алып келген.

Егер тарихқа көз жiберсек, ағылшындардың Үндiстанға ұзақ уақыт билiк жасаған кезiнде дәл осындай озбырлық жасамағанын байқаймыз. Ағылшын өкiметi Үндiстанға билiк жүргiзгенде оның егiстiк алқаптарын суландырғанын, көптеген бiлiм ошақтарын ашып, жергiлiктi халықтың тiлi мен әдебиетiнiң дамуына ықпал жасағанын көремiз. Ал, Ресей Түркiстанда су жүйелерiн жасау былай тұрсын, жергiлiктi тұрғындардың иелiгiндегi шұрайлы жерлерiн тартып алып, зәбiр көрсеткен. Бiздiң өз тiлiмiзде «жабайы» мектептер ашуымызға да құлықты болмаған. Олар бiздiң «көне славян» әлiппесiн оқып-үйренуiмiзге ғана ыңғай бiлдiрген. Ағылшындар Үндiстанда жергiлiктi баспа мен баспахана iстерiнiң жолға қойылуына және дамуына жағдай жасаса, Ресей қазақтарға мұндай iстерге мүмкiндiк бермеген. Керенский өз мақаласында «Орыс демократиясының ешбiр әдебиетi мен басылымдарында Украинаға, Грузияға, тiптi, Түркiстанға да «Азия жауыздығы» мен жабайылығы (варварлық) туралы жазылмағанын қанағаттанған сезiммен айта аламын», – дейдi. Ол орыс демократ газеттерiнiң түркiстандық жастардың Алманияға оқуға барған кезiнде үстерiне киген киiмдерiн суреттеп, «Түркiстан түйелерi мен Бұқара есектерi» деп келемеждеп жазғандарын да жасырып қалмаған (Мұстафа Шоқай, «Яш Түркiстан» журналы, №9-11, 1930 ж.).

Ресейдiң өзiне тән менмендiк, тәкаппарлық мiнездерi күнi бүгiнге дейiн жалғасып отыр. Кезiнде «Известия» газетiнiң Қазақстандағы меншiктi тiлшiсi болған жазушы Эдуард Мацкевич бұл туралы былай дегенi бар: «Известияның» негiзгi саны Мәскеуде жарық көрсе, Одақ құрамындағы өзге елдерге бөлек нөмiрi дайындалатын. Олар Ресейдiң өзiнен басқа кеңестiк елдердi кейiн қалған периферия деп санап, аса жақтыра бермейтiн. Алайда, мен бұл көзқарасқа түбегейлi қарсы жанмын. Периферия – артта қалған деген артық түсiнiк. Бiздiң (Қазақстанның, – авт.) мәдениетiмiз бен әдебиетiмiз ешқашан кейiн қалған жоқ. Тiптi, кейбiр тұстарда артығырақ түстi. Өзiм тұрғылас бiрталай журналистер жергiлiктi тiлшiлiктен Мәскеудiң өзiне ауысуды көздеп, ауысып жататын. Менде де мүмкiндiктер болды, алайда, Орталыққа ұмтылған жоқпын. Менiңше, адам өзi туған жерiнде еңбектенуi керек. Тауларға көзiм түскен сайын, шет жерде қалай өмiр сүрем деушi едiм» («Қазақ әдебиетi», №39, 1989 ж.).

Мiне, Ресей пиғылы мен «ұлыорыстық» мiнезге деген шынайы ашық пiкiр.

Бұл енді Ресей зиялыларының соңғы сөзі бола қоймас. 2011 жылы ресейлік жазушы Михаил Веллер «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында тағы да жер мәселесін қозғады. Ол өз сөзінде: «Мен «Курил аралдары мәңгілік Ресей жері болып қалады» деген сөзбен келіспеймін. Жердің өзі мәңгілік емес. Мемлекеттер де мәңгі емес. Солтүстік Қазақстан Ресейдің жері еді, жеріміздің қалған біраз бөлігін Украинаның құрамына беріп, Жаңа Ресейді жоғалттық. Сөйте тұра, керексіз сүйекке ұмтылған иттей осы бір үш жартасқа (Веллер бұл жерде Курил аралдарын айтып отыр) жармасып отырғанымызға не жорық? 1945 жылы бұл аралдар стратегиялық плацдарм еді. Қорғаныс маңызды болды. Қазір оның саяси маңызынан басқа түгі жоқ», – деп салды.

Ресей өзгелерге жер бере ме? Ол өз шаруасы. Бірақ, олар өзгелердің жеріне көз алартпауы тиіс. Жер мәселесі қозғалғанда Ресей саясаткерлерінің қазақ жерін алға тарта беретіні несі?

Жазушы Александр Грибоедовтың «Ақылдың азабы» пьесасының бас кейіпкері Чацкийдің «Біз немістерсіз күн көре алмаймыз дегенге, ерте бастан сенуге бой алдырып алғанбыз» деген сөзі бар. Осы сияқты «орыстарсыз қырылып қаламыз» дегенді орысшыл пиғылдылар біздің де санамызға сіңдіруге тырысып жүр. Осыдан сақ болғанымыз абзал.

Әлем бәріне тиесілі. Жақсы әлем құру үшін барлық елдер мен халықтар өзара тату, әділетті, бауырластық, достық, сындарлы қарым-қатынас жасап, ынтымақтастықта болуы тиіс. Біздің халқымыздың мақсаты – осыған саяды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстан тәуелсіздігін қалай сақтап қала алады? Қазақстанның белгілі саясаткері, бірнеше елдерде елшілік қызмет атқарған Болатхан Тайжан қызмет барысында осы сұрақпен арпалысып, ресми кездесулерде өзге елдердің басшыларынан осыған жауап іздепті. Сондағы ортақ жауап: «Кем дегенде бір ғасыр Ресейден бойларыңды алыс ұстап тұрғанда ғана тәуелсіздікті сақтап қала аласыңдар!» дегенге сайыпты. Оған Қытай көсемі Сунь Ятсеннің: «Қытайды біріктіру үшін қытай халқы басқа елдерден шеккен азабын білуі тиіс, сонда ғана олар бірігеді», – дегенін қосып қойдық.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here