Бейжің демократ ханымның Тайвань сапарына неге қарсы?

0
1310

Нэнси Пелоси – АҚШ Өкілдер палатасының спикері. Яғни, алпауыт елдің саяси жүйесіндегі Президенттен кейінгі ең лауазымды төртінші тұлға. Осы аптада Конгрестің төменгі палатасына жетекшілік ететін демократ ханымның Азияға сапары басталды. Сапар барысында Нэнси Пелоси АҚШ-тың Азиядағы одақтастары саналатын Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея мен Жапония елдеріне барады. Ақ үйдегі сенімді дереккөздеріне сүйенген америкалық бұқаралық ақпарат құралдары 82 жастағы демократтың жол-жөнекей Тайваньға да аялдайтынын хабарлады. Дегенмен, Бейжің Вашингтонға «егерде Пелосидің табаны Тайвань жеріне тиетін болса, Қытай қарап қалмайтынын» қатаң ескертті. Сонда Бейжің Америкадағы төртінші лауазымды тұлғаның Тайвань сапарына неге үзілді-кесілді қарсы? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұрақтың жауабын іздейді.

Иә, әлемдік қауымдастық Өкілдер палатасы спикерінің азиялық сапарына көз тігіп отыр. Өйткені, Бейжің америкалық лауазымды шенеунік аралға барса, «қатаң шаралар» туралы күні бұрын Вашингтонды ескертті. Ал, Қытай ешқашан «аузымен орақ ормайды», аспан асты елінің сөзі мен ісі әрқашан қабысады. Айталық, Пелосидің Тайваньға сапары туралы сыбыстар алғаш шыққанда-ақ Қытай әскері аралды материктен бөліп тұрған бұғазда жаттығуды бастап кетті.

Әрине, демократ ханымның Тайваньға сапарынан аспан айналып жерге түспес. Бірақ, Тайваньды өзінің ажырамас бөлігі санайтын Бейжің үшін америкалық лауазымды тұлғалардың аралға бармағаны өте маңызды. Осы жолда Тайпейдің қолтығына су бүркіп отырған Вашингтонмен Бейжің жан алысып, жан берісуге дайын отыр. Себебі, АҚШ Өкілдер палатасы спикерінің соңғы сапары осыдан 25 жыл бұрын болған екен.

Осы ширек ғасыр уақытта Қытай азаттығын мойындамайтын Тайваньға Ньют Гингричтен кейін АҚШ Өкілдер палатасының бірде-бір спикері аяқ басқан жоқ. Осы олқылықтың орнын толтырғысы келетінін Нэнси Пелоси сәуір айында айтқан болатын. Сол кезде де Бейжің қарсылық білдірді. Дегенмен, сол тұста Нэнси Пелосиді Си Цзиньпин тоқтатты ма, әлде Джо Байден райынан қайтарды ма, енді ол жағы белгісіз. Бір анығы, көктемде коронавирусты сылтауратқан Пелоси Тайваньға барған жоқ.

Дәл қазір қарулы қақтығыс Қытай мен АҚШ-қа керек те емес. Онсыз да Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан әлемде ахуал күрделі. Бұған геосаяси ахуал мен қайта қаһарына мінген коронавирусты тағы қосыңыз. Демек, Бейжің мен Вашингтон арасындағы қақтығыс әлем елдерін тығырыққа тірейді. Мұны қос алып ел жақсы түсінеді. Сонда Тайваньға Пелоси сапарының мәнісі неде?!

Расында, Қытай мен АҚШ – әлемдік аренада саяси бәсекелестер. Екеуінің де ықпалы зор. АҚШ Украина мәселесінде Ресейді тоқтатуға барын салып келеді. Бірақ, Мәскеуге Вашингтонның шамасы келер емес. Ал, ресейлік шикізатты су тегін алып отырған Бейжің бұл мәселеде Вашингтонға болыспады. Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкциясына да қосылған жоқ. Шет қалды. Вашингтон осыған күйінеді. Дегенмен, Вашингтон Бейжіңнің жанды жерін біледі. Ол – Қытайдан іс жүзінде баяғыда бөлініп кеткен Тайвань. Аралмен АҚШ-тың байланысы өте жақсы. Азиядағы сенімді серігі. Оның үстіне Бейжің Тайвань мәселесін қарулы жолмен шешуде Вашингтонға жалтақтайды. Өйткені, Вашингтон Тайпей үшін бәріне баратынын жақсы түсінеді. Сондықтан көктемде Вашингтон Бейжің тамырын басып көрді. АҚШ-тағы төртінші лауазымды тұлға Тайваньға баратынын айтты. Оның үстіне демократ ханым Бейжіңнің артып келе жатқан ықпалында Тайваньға қолдау көрсету үшін де аралға барғысы келеді. «Айтылған сөз – атылған оқ». Егерде осы Азия сапарында Нэнси Пелоси Тайвань аралын сырт айналып өтетін болса, онда АҚШ әлем алдында масқара болады, Бейжіңнен қорқып, Тайвань сапарынан бас тартқандай күйге түседі.

Әгәрәки, Пелоси табаны Тайвань жеріне тисе, онда Бейжің қайтеді? Соғыс аша ма, әлде бұғып қала ма? Бұған дейін Вашингтонды ескерткені сөз күйінде қалса, әлем алдында тағы ұятқа қалады. Қалай болғанда да, қарулы қақтығыс дәл қазір Бейжіңге мүлдем керек емес. Себебі, осы күзде Қытай коммунистік партиясының съезі өтеді. Онда келесі бес жылға ҚКП төрағасы мен Мемлекет басшысы сайланады. Елді қатарынан үшінші мерзімге Си Цзиньпин сайланатыны айтыла бастады. Бұл Дэн Сяопиннің кезінде енгізілген екі мерзімнен кейін ел көшбасшысын ауыстыру дәстүрін бұзады. Сол себепті Си Цзиньпинге күзгі ҚКП съезі алдында тұрақтылық ауадай қажет.

Демек, осы аптада «кіл мықтыдан кім мықты» анықталады.

Айта кетейік, Қытай Республикасы (Тайвань) – әлемдік қауымдастық ішінара мойындаған Шығыс Азиядағы мемлекет. Тайвань мен Қытай 1949 жылы бөлінген. Сол жылы елде революция болып, Мао Цзедун бастаған коммунистер билікке келді, ал Чан Кайши бастаған бұрынғы билік Тайваньға қашқан. Уақытша астанасы ретінде Тайпей қаласын жариялаған. Содан бері Тайвань өзін тәуелсіз мемлекет санайды. Ал, Қытай оны бөлініп кеткен ауданға балап, елге қайта қосуды көздейді. Былтыр Тайвань Президенті Цай Инвэнь Қытаймен тең дәрежеде сөйлескісі келетінін мәлімдеді. Бұған көнбеген Бейжің «мемлекет біртұтас болуы керегін, ал тәуелсіздікке ұмтылу келіссөздерге жол ашпайтынын» айтқан. Қытай Тайваньға «бір ел, екі жүйе» саясатын, яғни автономия үлгісін ұсынған. Қазір Гонконг осы саясатты ұстанады. Дегенмен, демократия жолын таңдаған Тайваньдағы негізгі партиялар бұған келіспей отыр. Қазір аралды елде 24 млн халық тұрады. Экономикасы мықты әлемдегі 20 елдің қатарына жатады.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here