Қазақстан инвестициялық тартымды елге қалай айналды?

0
5366
2021 жылы Қазақстанға тікелей тартылған шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі – 23,7 млрд долларды құрады, бұл – 2020 жылға қарағанда 37,7%-ға артық көрсеткіш

Қаржы саласының майталман мамандарының арасында «Ақша тыныштықты сүйеді» деген тәмсіл бар. Қаражат үшін ең бастысы – тұрақтылық пен сенімділік. Бұл тарапта заңдардың орындалуы мен ашықтық та елеулі рөл ойнайды. Әсіресе, аталған факторлар шетел ақшасы үшін үлкен маңызға ие. Қазақстан отыз жыл көлемінде осы талаптарға толықтай жауап беретін мемлекетке айналды. Нәтижесінде еліміз берісі Орталық Азия, арысы әлемдегі бірден-бір инвестициялық тартымды мемлекеттердің санатына енді. Іскер топ өкілдері арасында мойындалды. Мәселен, соңғы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде жаһанның 120-дан астам мемлекеті біздің елдің әлеуетінің артуына 330 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Қомақты қаржы, салмақты цифр. Қазақстанға ең көп қаржы салғандардың көш басында Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ, Қытай сынды алпауыт мемлекеттер тұр. Таңдау неге Қазақстанға түсті? Инвестициялық тартымдылық үшін не нәрсе маңызды? Бүгінде инвестклиматты одан әрмен жақсарту тарапында қандай бастамалар қолға алынуда? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұрақтардың жауабын іздейді.

БАСТАПҚЫ БЕТБҰРЫС

Инвестиция – жаңа мүмкіндіктер мен зор әлеуетке жол ашады. Оның мемлекет үшін елеулі игілік екені бесенеден белгілі. Егемендіктің елең-алаң тұсында тұрмыстық һәм әлеуметтік қиыншылықтар, сондай-ақ елде қалыптасқан экономикалық дағдарыс тиімді инвестициялық саясат ұстану қажеттігін тудырды. Бұл аз уақыт ішінде өзінің жемісті нәтижесін де беріп үлгерді.

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында ел экономикасы мен іргелі жобаларға қаржы салуға ниеттілердің ұсыныстары белсенді түрде қабылданды. Бұл тарапта жүргізілген сындарлы саясат, қос тарапқа да тиімді шарттар шетелдік инвестициялар ағымының артуына ықпал етті. Ол – Қазақстан экономикасының өсу драйверіне айналып, жетекші рөл атқарды.

Қазақстан мен АҚШ-тың «Шеврон» корпорациясы арасындағы келісім «Ғасыр келісімшарты» атауымен төл тарихымызда қалды. Бұған негіз де жоқ емес болатын. Бұл – елімізге салынған алғашқы инвестиция еді. Шетел қаржысымен бірге әлемнің озық технологиясы ендірілді, білікті мамандары тартылды. Мұнай кен орындары тың тәсілмен игеріліп, шетелдіктердің біздің елге деген сенімі артты. Сенім жүйелі жұмыс пен ілкімді істерге ұласты. Тоқсаныншы жылдары тіршілігі тоқыраған кәсіпорындардың жұмысы қайта жанданды. Жұмыссыз қалған халықтың әл-ауқаты артып, тұрмысы түзелді.

Осы ретте атап өту керек, бастапқы жылдары ел Үкіметі сыртқы қарызға емес, тікелей инвестицияларға басымдық берді. Атап айтқанда, 1993-2002 жылдары Қазақстанға келген шетелдік инвестицияның жалпы сомасы 17 млрд доллардан асты. Тиімді жүргізілген инвестициялық саясаттың нәтижесінде ел экономикасы жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде тұралап қалмай, оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Қазақстан жан басына шаққандағы инвестиция көлемі тұрғысынан Шығыс Еуропа, Орталық Азия және ТМД кеңістігіндегі көшбасшы елдердің алғашқы үштігіне енді. Алғашқы жылдары республикалық инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ саласына тиесілі болды. Осы және өзге де секторда 40 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Жалпы айтқанда, біздегі шикізат қорының молдығы, инвестициялық климаттың қолайлылығы, саяси жүйенің тұрақтылығы және географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы шетелдік инвестицияға кеңінен жол ашқаны рас.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАРТЫМДЫЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТ ҮШІН БАСТЫ ИГІЛІК

Инвестициялар – отандық экономиканың сапалы әрі тұрақты өсуінің нақты кепілі. Бүгінде еліміз Орталық Азия аймағындағы мемлекеттер арасында инвестициялық тартымдылығы жағынан көш басында келеді. Мәселен, былтырдың өзінде ғана шетелдік компаниялар мен қаржылық институттар Қазақстан экономикасына 23 млрд доллардан астам қаражат салған. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 38 пайызға көп. Осы ретте атап өту керек, қазіргі күнде шетелдік инвестициялардың басым бөлігі отандық экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Атап айтқанда, 2018 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағымы ақпарат және байланыс саласында 27 пайызға дейін артқан. Ал, қаржы және сақтандыру қызметіне тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағымы 2018 жылы 3 есе көбейіп, 1,3 млрд долларға дейін жеткен. Сарапшылардың болжамынша, 2027 жылға қарай шетелдік инвесторлардың қатысуымен басымдықты секторларда ұсынылған жобалар саны 124-ке жетіп, оның жалпы сомасы 5 млрд долларды құрайды. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібіне салынатын инвестициялардың көлемі де айтарлықтай артпақ.

Бұл межеге қол жеткізу үшін не істемек керек?

Қазақстан бұл тараптағы ашықтық саясатын одан әрмен күшейтіп, қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруды басым бағыт ретінде қарастыруда. Осы орайда атап өткен жөн, шетелдік инвестиция тартуда елімізде Шетел инвесторлары кеңесінің құрылуы және «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы үлкен рөл атқарды. Шетел инвесторлары кеңесі тоқсаныншы жылдары инвестициялық саясатты жетілдірудің маңызды тетігіне айналды. Оның басты мақсаты – Үкімет пен инвесторлар арасында тікелей диалог алаңын орнату, ортақ мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал ету. Бұл кеңес өз миссиясын тиянақты орындап, инвестициялық қызметке қатысты мәселелерді жедел әрі қос тарапқа да тиімді шешуге серпін берді. Ал, Еуразияның «қаржы қақпасы» саналатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел дамуының бірегей құралы ретінде қызмет көрсетуде. АХҚО-ның негізгі мақсатының бірі – отандық және халықаралық деңгейдегі инвесторлар үшін Қазақстанның жаһандық профилін және елдегі мүмкіндіктерге қол жеткізудің түсінікті әрі сенімді тәсілін құру. Орталық өзіне жүктелген миссияны абыроймен орындап келеді. Бір ғана 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында халықаралық қаржы орталығы арқылы тартылған инвестиция көлемі 4,4 млрд долларды құраған.

Бұдан өзге, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы құрылды. Бұл компания инвестициялық жобаларды идеядан бастап іске асыруға дейін сүйемелдеудің толық қызметтер кешенін ұсынады. Сондай-ақ, инвестордың қажеттіліктерін нақты зерттеп-зерделеп, ұсыныстар мен алдын ала кеңестер береді. Ұлттық компания 2027 жылы қайта өңдеу секторын қаржыландыруға кем дегенде 91 шетелдік ірі компанияны тартып, сырттан келген инвесторлардың Қазақстанда тұрақтауына қолайлы жағдай жасамақ.

Осы орайда айта кеткен жөн, соңғы жылдары Қазақстанға инвестиция құюшы негізгі елдердің көрсеткіші айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, тікелей шетелдік инвестициялардың басым бөлігі Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Қытай, Түркия сынды мемлекеттерге тиесілі.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНЕ ТАРТЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ
70 ПАЙЫЗЫ БІР ҚАЗАҚСТАНҒА ТИЕСІЛІ

Бүгінде әлемде инвестиция ағынының күрт төмендеуі байқалуда. Мәселен, соңғы жылдары ол 35 пайызға кеміген. Бұған пандемияның тигізген ықпалы айтарлықтай зор. Сондай-ақ, аймақта қалыптасқан геосаяси ахуал да оң инвестициялық климат қалыптастыруға теріс әсер етуде. Жалпы алғанда, соңғы жылдары жаһандық экономикадағы инвестиция 1 трлн-нан астам долларға азайған. Басты себеп – 2017 жылдың аяғында АҚШ-та жүргізілген салық реформаларынан кейін Құрама Штаттар трансұлттық кәсіпорындарының шетелде жинақталған пайдасының ірі көлемін елге қайтарып алуымен байланысты. Саладағы сарапшылар осылай деп пайымдайды.

Инвестиция тарту саласында байқалған тағы бір үрдіс – дамыған мемлекеттерге салынатын инвестиция 2004 жылдан бері 27 пайызға төмендеген. Есесіне, дамушы елдерге ағылған инвестиция көлемі бірнеше пайызға артқан. Инвестициялар ағыны көбейген осындай мемлекеттер қатарында біздің еліміз де бар. Мәселен, 2021 жылы Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 13 триллион теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық.

Сала мамандарының ақпаратына сүйенер болсақ, қазіргі күнде Қазақстан инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көшбасшы ел санатында. Аймаққа тартылған инвестицияның 70 пайызы біздің елге келіп жатыр. Жағымды инвестклиматқа тікелей әсер ететін бірнеше фактор бар. Олардың қатарында аумақтың табиғи ресурстарға бай болуы, инвестициялық тәуекелдің төменгі деңгейі, тұрақты құқықтық жағдай, жұмыс күші, елдің негізгі қорлары, инфрақұрылымы мен халықтың тұтынушылық сұранысы сынды басты факторлар бар. Сондай-ақ, бұл тарапта мемлекеттік қолдау да елеулі рөл атқарады. Қазақстан жағымды инвестклимат қалыптастыру бойынша «Doing Business-2020» Дүниежүзілік банкінің рейтингінде 190 елдің ішінде 25-орын алды. Біздің еліміз миноритарлық инвесторлардың құқықтарын қорғау және келісімшарттарды сақтау тәрізді көрсеткіштер бойынша да әлемдік ондыққа кіреді.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ: БҮГІНГІ БАСТЫ БАҒДАР

Инвестициялық тартымдылық – кез келген елдің экономикалық тұрақтылығы және бәсекеге қабілеттілігінің айқын нышаны. «Doing Business» сарапшылары инвесторлар негізінен ашықтық, тұрақтылық, барлық жағынан қолайлылық және мемлекеттің бизнесті қолдау шараларына жіті назар аударатынын айтуда. Бұл орайда елімізде бірқатар нақты жұмыстар қолға алынуда. Атап айтқанда, Қазақстан 2026 жылы тікелей шетелдік инвестициялар көлемін 25,5 млрд-қа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл межеге жету үшін Үкімет Қазақстанның инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын бекітті. Тұжырымдама жобасы негізгі үш бағыт бойынша құрылымдалған жүйелі сипаттағы 45 нақты іс-шарадан тұратын іс-қимыл жоспарын қамтиды. Олардың қатарында ашық және болжамды инвестициялық саясатты қалыптастыруға бағытталатын инвестициялық экожүйені одан әрі дамыту, экономиканың инвестициялық әлеуетін ашу, компаниялардың қалыптасуы және дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау сынды басым бағыттар бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл сәуір айында елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы қалыптастырылды. Қазіргі күнде пул жалпы көлемі 24,4 трлн теңгені құрайтын 765 жобадан тұрады және 112 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Оның ішінде шетелдік компаниялардың қатысуымен 40 жоба бар.

Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы ел экономикасына тартылатын инвестициялардың өсуіне айтарлықтай ықпал ететін болады. Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 38 пайызға өсіп, шамамен 24 млрд долларды құраған. Салалар бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың ең көп өсімі өнеркәсіпте, саудада, қаржы және сақтандыру қызметінде, көлік пен құрылыста тіркеліп отыр. Өңірлер арасында 2021 жылы Ақмола, Алматы облыстары және Алматы қаласы негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жоғары өсім көрсеткен. Ал, Қарағанды және Түркістан облыстарында бұл тараптағы көрсеткіш көңіл көншітерліктей емес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Адами капитал – дамудың басты тетігінің бірі екендігі белгілі. Ол жағымды инвестициялық ахуалдың қалыптасуына да зор ықпалын тигізеді. Бүгінде еліміз адами ресурсты дамыту бойынша жаһандық рейтингте алдыңғы сапта. Өз кезегінде жоғары білікті адам әлемдік бизнеске де әсер етіп, тартымдылықты арттырады. Екіншіден, Қазақстанда өндірілген өнімдерге деген сұраныстың жоғары болуы – инвестициялық тартымды болуға тікелей ықпал ететін фактордың бірі. Бүгінде қазақстандық өнімдерге Орталық Азия, Ресей және Қытай елдерінде сұраныс жоғары.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here