Мемлекет тұрмысы төмен отбасынан шыққан оқушыларға қандай көмек көрсетеді?

0
611

Бұрын әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушыларға мектеп формасы заттай беріліп келсе, биылғы жылдан бастап ата-ананың жеке шотына қаражат түрінде аударылады. Дегенмен, ата-аналар ақша түскеннен кейін 15 жұмыс күні ішінде төлем түбіртегі, сурет сынды дәлелдемелер арқылы қаражаттың мақсатты түрде жұмсалғанын растауға міндетті. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев айтты.

Комитет өкілінің айтуынша, министрліктің мұндай шешім қабылдауына ата-аналардың өтініші түрткі болған. Биыл әр балаға 37 389 теңге қарастырылған. Бұл – министрлік бекіткен ең төменгі сома. Кей өңірлер бұл сомадан артық қаражат бөліп жатыр. Ал, көмек алатын адамдардың тізімін жергілікті атқарушы органдар жасайды. Оған ену үшін мектептің әлеуметтік педагогына барып өтініш жазу керек.

Биыл Үкіметтің №64 қаулысына өзгерістер енгізілді. Десе де, «Жалпыға міндетті білім беру қоры» аясында көмек алатын бес санат өзгерген жоқ. Атап айтқанда:

  • Әлеуметтік көмек алатын отбасынан шыққан балалар;
  • Атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ табысы күнкөріс шегінен төмен отбасынан шыққан балалар;
  • Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар;
  • Әртүрлі қиын жағдайларға тап болып, төтенше жағдайларда (өрт және тағы басқа) қалған балалар;
  • Жоғарыдағы төрт санатқа жатпайтын, бірақ материалдық жағдайы төмен отбасылар. Оны мектептің қамқоршылық кеңесі белгілейді.

Айта кетейік, Қазақстанда 150 мыңға жуық отбасы балаларын мектепке дайындау үшін мемлекеттен қаржылай көмек алып үлгерді. Қалғандарына қаражат 20 тамызға дейін аударылады. Жалпы бұл көмекті әлеуметтік осал санаттағы 440 мыңнан астам бала алады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here