Пәтерді жалға алған кезде оған тіркелу міндетті ме?

0
586

Пәтер иесі пәтерді жалға алушыларды тіркеуге міндетті ме? Уақытша тіркелудің пайдасы қандай? Тіркеуге тұрмаған жағдайда қандай қауіп бар? Krisha.kz порталы жалдамалы пәтерде тіркелу туралы жиі кездесетін сұрақтарға жауап берген екен. Соны оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Уақытша тіркеуге тұрудың артықшылығы неде?

Қазақстан заңнамасы бойынша уақытша тіркеу тұрғылықты жерін бір айдан астам уақытқа ауыстырған кезде берілуі тиіс. Яғни, бір ай немесе одан да көп уақытқа басқа мекенге көшкенде (мысалы, оқуға, іссапарға, туыстарының үйіне кеткенде және үй жалдаған кезде), қала немесе аудан ішінде тұрғылықты жерді ауыстырғанда уақытша тіркеуден өту қажет.

Уақытша тіркеуге тұрған кезде тұрақты тіркеу бұрынғы мекенжай бойынша қалады. Мысалы, бір адам Алматыда тұрақты тіркеуде тұр, бірақ Нұр-Сұлтанға жұмысқа барып, сол жерде уақытша тіркеуге тұрса да, Алматыдағы тұрақты тіркеуі сақталады.

Уақытша тіркеу жалға алушыға барлық қажетті әлеуметтік қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Мысалы, баласын мектепке немесе балабақшаға бере алады, емханаға тіркей алады. Сонымен қатар, уақытша тіркеуге өтініш бергенде, тұрақты тіркеу орны бойынша коммуналдық қызмет құнын азайтуға болады. Бұл қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару сияқты бір адамға есептелетін қызметтерге қатысты. Ол үшін қызмет көрсетуші компанияға барып, өтініш пен тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы анықтаманың мерзімін көрсету арқылы қайта есептетуге болады.

Пәтер иесі жалға алушыны тіркеуге міндетті ме?

Халықты тұрғылықты және уақытша тұратын жері бойынша есепке алу көші-қон, құқық қорғау және салық органдары үшін өте маңызды. Жалға берілетін тұрғын үйге уақытша тіркелу қажет. Сондықтан мүлік иесі пәтерді жалға алушыларды тіркеуге міндетті. Егер уақытша тіркеуден бас тартса, алдымен пәтер иесіне ескерту жасалады. Ескертуден қорытынды шығармаса, оған 10 АЕК (30 630 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Жағдай қайталанса, айыппұл көлемі 20 АЕК (61 260 теңге) мөлшерінде болады. Сондай-ақ, пәтерді жалға алушылар да тіркелмегені үшін 7 АЕК (21 441 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Айта кетейік, тұрғын үй ауданы онда тіркелген тұрғындардың санына әсер етпейді. Пәтерде немесе үйде қалағаныңызша адамды уақытша тіркеуге болады, оған ешқандай шектеу жоқ.

Қалай онлайн тіркелуге болады?

Тіркеуді жалға берушінің келісімімен ғана алуға болады. Мұны халыққа қызмет көрсету орталығында немесе eGov.kz сайты арқылы онлайн түрде жасауға болады. Тіркеу қызметі тегін.

Уақытша тіркеу мерзімі қандай?

Уақытша тіркеу белгілі бір мерзімге беріледі. Ең қысқа уақыты – 3 ай, ең ұзағы – 1 жыл. Тіркеуден шығудың қажеті жоқ, ол автоматты түрде жүзеге асады. Егер уақытша тіркеу бір жылға берілсе, ал пәтерді жалға алушы онда әлі де тұрып жатса, қайта тіркелу қажет. Керісінше, уақытша тіркеу мерзімі әлі өтпесе, ал жалға алушы пәтерден шығып кетсе, ол жаңа мекенжай бойынша тіркелген кезде пәтердегі тіркеуден автоматты түрде шығарылады.

Дереккөз: Informburo.kz

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here