Бектеновтің 100 күні: Алғашқы адымдар нені аңғартты?

0
1447

Олжас Бектеновтің Қазақстан Үкіметінің тізгінін ұстағанына 100 күн толды. Адам ғұмырымен салыстырғанда – аз уақыт, қас-қағым сәт. Ұзақ та, қысқа да емес. Алайда, бұл мерзімде кез келген басшының аяқ алысы аңғарылып, білігі мен білімі бағамдалады. Неге 100 күн?

АҚШ президенті Франклин Рузвельтке телінетін 100 күн концепциясы қазіргі күнде саясатта кеңінен қолданылады. Ұлы тоқырау уақытында билікке келген Құрама Штаттардың отыз екінші президенті алғашқы үш айда елдегі сіңірі шыққан кедейлерге көмек беріп, жұмыссыздықты түбегейлі жоятын 15 заңды қабылдатып үлгерген. Бұл саяси дәстүр кейіннен өзге президенттерге мұра әрі сынақ ретінде қалып келеді. Бүгіндері кез келген жоғары лауазымдағы саяси қызметке кіріскен тұлғаның алғашқы жүз күнін таразылау үрдісі пайда болды. Осы уақытта ол өзіне жүктелген міндеттің бағытын бағамдап, стратегиясын айқындап, тиісті шешімдер қабылдап үлгеруі тиіс.

Қазақстанның он үшінші Үкімет басшысының жұртшылық назарындағы 100 күні қалай өтті? Олжас Бектенов қай тірлікті түзей алды, қай тұсты назардан тыс қалдырды? Өз тарапымыздан екшеп көрейік.

ОН ҮШІНШІ ПРЕМЬЕР-МИНИСТР

Қырықтың қырқасында Қазақстан Үкіметінің екі тізгін, бір шылбырын қолға алған Олжас Бектеновтің мамандығы заңгер. Алғашқы еңбек жолын Алматы қаласы Әділет басқармасының бас маманы ретінде бастаған ол әр жылдары еліміздің Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында, Президент Әкімшілігінде, Астана қаласы және Ақмола облысы әкімдіктерінде түрлі деңгейдегі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған. Артынан сөз ермеген, жымысқы істерге араласпаған. Қазіргі тілмен тәпсірлегенде, қызметтік репутациясында мін жоқ. Тағы бір артықшылығы – аз ғана уақытта мансабы жылдам өскендердің санатынан.

Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін яки 2022 жылдың ақпан айынан 2023 жылдың сәуіріне дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымында болды. Дәл осы Бектеновтің тұсында Елбасының айналасындағы тұлғалар тұтқындалды. Жемқорлық фактісі бойынша айыпталғандардың қатарында Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалды, Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев бар. Қазынаның қомақты қаражатын талан-таражға салып, қолды қылды деп айып тағылған олар иелігіндегі қыруар дүние-мүлікті мемлекет меншігіне қайтарып, жазаларын жеңілдетуге тырысуда.

Бұдан бөлек, 2022 жылдан күні бүгінге дейін мемлекет қоржынына 1,02 триллион теңге немесе 2,2 миллиард доллар қайтарылған. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қарқынды жұмысының нәтижесі. Сарапшылар осылай деп баға берді.

Жемқорлықпен күресте белсенді еңбегі мен қажырлы қызметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қазанында Олжас Бектеновке сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің генерал-лейтенанты атағын берді. Ал, 2023 жылдың 3 сәуірінде Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Бұл қызметті 2024 жылдың 6 ақпанына дейін атқарды.

«МӘСЕЛЕНІҢ СӘНІНЕН ГӨРІ МӘНІНЕ НАЗАР АУДАРАМЫЗ»

Мемлекет басшысының жаңа Премьер-министр туралы пікірі жоғары, көзқарасы оң.

«Ол тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Оның Қазақстан экономикасы және басқа да салалар бойынша білімі, ұйымдастыру қабілеті жоғары. Өзі тәртіпті, адал, еңбекқор азамат». Президент Премьер-министр туралы осылай пікір білдірді.

Тоқаев соңғы жылдары тірлігі тығырыққа тіреліп, мардымды ісімен ерекшеленбеген Үкіметтің бұл құрамынан үлкен үміт күтетінін де жоққа шығармайды. «Үкімет жаңа маңызды әрі шешуші рөлге ие болуы керек. Жедел шешім қабылдауы маңызды. Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беруі керек. Қоғам осыны күтіп отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында Президент Бектенов кабинетінің алдына жаңа міндеттер жүктеді.

Біріншіден, Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Бюрократияны тоқтатып, нақты нәтижеге басымдық беру керек. Жұмыс жүйелі түрде жүргізілгені жөн.

Екіншіден, Үкімет жаңа инвестициялық кезеңді бастауы тиіс.

Үшіншіден, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға жіті назар аудару қажет. Бұл бағытта талап барынша қатаңдамақ.

Елдегі өндірістің дамуына тың серпін беру де – Үкімет алдындағы басты міндеттердің бірі. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалануға да ерекше мән берілмек. Жылдар бойы жөнделмей, әбден тозығы жеткен коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдету басты назарға алынады.

Мемлекет басшысы Үкіметке елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, оны дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуді де тапсырды.

Бұдан бөлек, теміржол саласындағы өзекті мәселелерді шешу, елдегі жолдардың сапасын арттыру, экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру, жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану, азаматтарға әлеуметтік көмек пен қолдауды арттыру, денсаулық сақтау саласындағы қордаланған мәселелерді тиімді шешу – Бектенов кабинетінің жұмысының тиімділігін айқындайтын басты тетік болмақ.

Олжас Бектенов ауқымды тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалатынын жеткізіп, жаңартылған Үкіметтің құрамы оған тас-түйін дайын екендігін айтты. «Мәселелердің сәнінен гөрі мәніне көп назар аударамыз. Нақты іспен айналысамыз. Нәтиже болады деп уәде беремін», – деді Премьер-министр.

Осы ретте айта кетейік, ескі Үкімет мүшелерінің басым көпшілігі бұрынғы қызметінде тапжылмай қалып отыр.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ – ДАҒДАРЫС МЕНЕДЖЕРІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі басты проблемаларды тізіп бергенін жоғарыда айттық. Мақсат айқындалды, меже белгіленді. Былайша айтқанда, жаңа Премьерге қордаланған ескі проблемаларды шешу міндеті артылды. Қазақстандық сарапшылардың пайымдауынша, «аз сөйлеп, көп іс тындыруды» мақсат тұтқан Бектеновтің тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға мүмкіндігі мол.

Мәселен, саясаткер Оразғали Селтеев жаңа Үкімет басшысының бойында реформаторлық және жетекшіге тән талапшылдық қасиеттер жинақталған деп бағалайды. Бұл қасиеттер экономиканы демонополизациялау ісінде және активтерді қайтару процесінде септігін тигізуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл мінез аймақтарды толыққанды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Өңірлерді Үкімет тарапынан бақылау соңғы кездері босаңсып кеткені жасырын емес.

Ал, Данияр Әшімбаев Олжас Бектеновке әлеуеті зор, қауқары мықты тұлға деп баға берсе, Ғазиз Әбішев жаңа Премьердің күштік құрылымдардағы тәжірибесі мемлекет үшін пайдалы екендігін айтады.

«Бектеновті Үкімет басшысы ретінде тағайындаудың басты себептерінің бірі – билік тармақтарындағы сыбайлас жемқорлыққа түбегейлі тосқауыл қою және елден заңсыз шығарылған активтерді толығымен қайтару. Жаңа Премьер өңір көрген. Аймақта жұмыс істеген. Тәжірибесі бар. Бұдан өзге де артықшылықтары бар. Ал, оның ең басты ерекшелігі – Антикорда қызмет атқарған уақытта жемқорлық схемаларының жолын кесіп, коррупциямен күресті қарқындатуы», – дейді Ғазиз Әбішев.

Саясаткердің айтуынша, Олжас Бектеновтің «ескі Қазақстанға» қатысы жоқ. Ол үлкен саясатқа Тоқаев билігінің тұсында келген. Түрлі тосқауылдарға қарамастан көздеген мақсатқа һәм нақты нәтижеге қол жеткізе алу сынды қасиеттің жаңа Үкімет басшысында болуы – оның осы лауазымға тағайындауға басты себептің бірі болуы мүмкін. Бұл да «саясаттың жілігін шағып, майын ішкен» сарапшының пікірі.

Қоғамның Олжас Абайұлы басқаратын Үкіметтен күтетін үміті үлкен. Бұған халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі айқын дәлел болмақ.

ШЕТЕЛДІК САПАРЛАРДЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Олжас Бектенов үш айдың ішінде бірқатар шет мемлекеттерге арнайы ат басын бұрып, мемлекет басшыларымен кездесулер өткізді. Атап айтқанда, ең алдымен Мәскеуге табан тіреп, ресейлік әріптесі Михаил Мишустинмен кездесті. Келіссөздер барысында Үкімет басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін және Мемлекет басшылары жасаған уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.

Бұдан кейін Олжас Бектенов Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркияға барып, ынтымақтастың жаңа бағыттарына жол ашуға мүдделілік танытты.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесуде қазақ-өзбек қарым-қатынастары жоғары деңгейдегі сенім мен өзара түсіністікке негізделген стратегиялық әріптестіктің жарқын үлгісі екені атап өтілді.

Ал, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен болған жүздесуде тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерді жұмсауға дайын екенін білдірді. Кездесу барысында білім, мәдениет және туризм салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.

Премьер-министрдің Тәжікстанға сапары аясында, оны сол елдің Президенті Эмомали Рахмон қабылдады. Кездесуде сауда және инвестициялар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік байланысы, сондай-ақ су-энергетикалық салалары бойынша келелі әңгіме қозғалды. Тәжікстан аумағында кен орындарын бірлесіп игеру және жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі де қарастырылды. Жалпы алғанда, қазір екі ел Үкіметтері алдына тауар айналымын 2 есеге, яғни 2 миллиард долларға дейін арттыру міндеті қойылып отыр.

Олжас Бектеновтің шетелдік іс-сапарларының ішінде ең назар аударатын тұсы – оның Түркияға баруы. Сәуірдегі сапар барысында Қазақстан Үкіметінің басшысын Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған қабылдады. Сонымен қатар, қазақстандық делегация өкілдері Түркияның вице-президентімен келіссөздер жүргізіп, ірі түрік компаниялары мен холдингтерінің өкілдерімен кездесті.

«Еліміздің инвестициялық әлеуеті зор және біз Түркиямен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз. Қазақстан Үкіметі елімізге бизнес жүргізу үшін келгендердің барлығына сенімді серіктес болуға дайын», – деп атап өтті Олжас Абайұлы Қазақстан-Түркия бизнес форумында.

Үкімет басшысының Анадолыға сапары да жеміссіз болған жоқ. Бизнес-форум нәтижесінде Қазақстан мен Түркия делегациялары басшыларының қатысуымен жалпы құны 180 миллион доллардан астам инвестициялық ынтымақтастық саласындағы коммерциялық 10 құжатқа қол қойылды.

Премьер-министр өз қызметіне кіріскен қысқа уақыт аралығында елдің бірқатар облыстарын да аралап үлгерді. Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай және Атырау облыстарына ат басын бұрған Үкімет басшысы су тасқыны зардабын тезірек жоюдың және оның салдарынан туындаған мәселелерді жылдам шешудің тетіктерін таразылады.

ТАСЫҒАН СУ, ШАРЫҚТАҒАН БАҒА…

Соңғы сексен жылда болмаған алапат су тасқыны – Қазақстан Үкіметі үшін үлкен сынақ болды. Бүгінде билік су тасқыны салдарын жою және табиғат апатынан зардап шекіп, эвакуациялық пункттерді паналаған азаматтарға көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды белсенді жүргізуде.

Зардап шеккен тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету, қалалар мен елді мекендердегі инфрақұрылымдарды жөндеу және құрылыс жұмыстарына кірісу басты назарға алынып отыр. Осы мәселелер біржақты болғаннан кейін егжей-тегжейлі тексерулер жүргізіліп, су тасқынына кінәлілер анықталмақ.

«Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір басты міндет – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында тыңғылықты тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бұл мәселені Бас прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды», – деді Олжас Бектенов.

Қазіргі күнде залалды өтеу, оның ішінде үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі барлық іс-шаралар белгіленген мерзімде іске асырылып, зардап шеккен тұрғындарды мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз етуге барлық күш жұмылдырылуда.

Жығылған үстіне жұдырық. Соңғы бірер айда ел бойынша азық-түлік бағасының өсу қарқыны байқалуда. Соның ішінде күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон сынды әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы күрт қымбаттаған.

Үкімет басшысы бұл мәселені арнайы бақылауға алатынын, азық-түлік бағасының артуы – орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсететіндігін айтты. Бірқатар жедел шаралар қолға алынды.

Мәселені оңтайлы шешу үшін импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қолға алынбақ. Өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдер жасау сияқты пәрменді тетіктер белсенді пайдаланылмақ.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасын тұрақтандыру яки қараша халықтың қалтасына салмақ түсірмейтіндей етіп ұстап тұру – Бектенов кабинеті үшін тағы бір сынақ болмақ.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Премьер-министр Олжас Бектеновтің Үкімет басшысы қызметіндегі алғашқы 100 күні қарбаласпен, тынымсыз жұмыспен өтті деуге болады.

Президент берген тапсырмаларды іске асыру, жаңа міндеттерді жариялау, маңызды іс-сапарлар, су тасқыны, шетел басшыларымен кездесулер, азық-түлік бағасының құбылуы… Барлығынан абыроймен өтіп келеді.

Жоғарыда айтқандай, қоғамның жас Премьерден үміті зор. Халық Олжас Бектеновтен әлеуметтің әлеуетін көтеріндей тың бастамалар, оң нәтижелер күтеді. Жас келсе, іске…

Сараптай келгенде, Премьер-министрдің алғашқы 100 күні жемісті өтті деп нық сеніммен айта аламыз.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here