Halyk Bank Қостанай облысында өрттен зардап шеккендердің несиесін кешіріп, үйлері өртеніп кеткен әр отбасына 1 млн теңгеден береді. Бұл туралы Қазақстандағы ең ірі банктің Instagram парақшасында хабарланды.
«Halyk Bank Қостанай облысында үйлері өртеніп кеткен әр отбасына 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек жібереді. Үйінен айырылған адамдар күш жинап, алған қаражатын ең қажеттісіне – тұрғын үйді жалға алуға, киім-кешек, тамақ және қажетті тауарлар сатып алуға жұмсауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, банк басшылығы жанып кеткен үйлердің барлық иелеріне Halyk Bank-тегі қолданыстағы кредиттерді жабу туралы шешім қабылдады» делінген әлеуметтік желіде жарияланған жазбада.
Айта кетейік, негізі 1923 жылы қаланған Halyk Bank жыл басында қанды қаңтарда зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында 3 млрд теңге бөлген болатын. Бұл қаржы шағын және орта бизнес секторындағы зардап шеккен кәсіпкерлерге көмекке, қираған нысандарды қалпына келтіруге және дереу шешуді талап ететін басқа да міндеттерге бағытталды.