Францияда Қазақстан киносының күндері аяқталды

0
843

27-30 қазан аралығында Париж көрермендеріне бірқатар қазақстандық картиналар көрсетілді, олардың қатарында «Паралимпиадашы», «Ұлы Дала Таңы», «Соңғы сеанс», «От», «Зояның оралуы», «Қызғалдақ» және бірлесіп шығарылған «Тарлан» мен «Инфинити» фильмдері бар. 

– Биыл Қазақстан киносының күндері 15 елде өтеді. Франциядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі кино күндерін өткізуге үлкен көмек көрсетті. Іс-шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырды, – дейді ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов. – Мұндай іс-шараларды өткізудегі мақсаттардың бірі – отандық фильмдерді тек фестивальдерде ғана емес, сонымен қатар кинотеатрларда да көрсету. Шетелдік көрерменнің қазақстандық киноға кинотеатрдан көруге болатын прокаттық фильм ретінде қызығушылық танытуы маңызды.  Ал бұл өнімді экспорттауды білдіреді. Бұл жерде біз тек табыс туралы ғана емес, идеология, біздің өмір салтымыз туралы айтып отырмыз. Бұл өз кезегінде кез-келген кинематографтың мақсаты. Сондықтан, ҰКҚМО делегациясының іскерлік бағдарламасы бірқатар кездесулерді қамтыды, олардың ішіндегі ең маңыздысы Францияның Ұлттық кинематография және анимация орталығының (CNC) кеңсесінде өтті. Халықаралық копродукция жөніндегі кеңесші Жюльен Эзаномен өткізген келіссөздеріміз екі елдің фильмдерін бірлесіп шығару, ілгерілету, сондай-ақ ҰКҚМО және CNC сарапшылары арасында тәжірибе алмасу мәселелеріне арналды.

Тағы бір назар аударарлық іс-шара – екі ел кинематографистерінің копродукциялық жобаларының питчингі. Жеңімпаздарды халықаралық қазылар алқасы анықтады, оның құрамында белгілі және атақты режиссерлер Сергей Дворцевой, Нино Киртадзе, Дәрежан Өмірбаев және Рахмату Кита, сондай-ақ LOCO Films компаниясының басшысы Лоран Данелу, ФИПРЕССИ мүшесі Барбара Лорей де Лашарьер, Франция елшілігінің аудиовизуалды ынтымақтастық жөніндегі аймақтық атташесі Эммануэль Фосильон, прокаттау компаниясының басшысы Паскаль Рамонда және продюсер Гийом де Сей болды.          

Сарапшылар қарауына жеті көркем және екі деректі таспа ұсынылды. Беделді қазылар алқасының шешіміне сәйкес, Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» картинасы Продюсерлер қауымдастығынан және Франциядағы Қазақстан киносы фестивалінің  президенті Андре Ивановтан пост-продакшенді аяқтауға және ілгерілетуге көмек алады. Дарина Манапованың «Сара» және Катерина Суворованың «Қызболсын» жобаларын қазылар алқасы «ҰКҚМО» КЕАҚ және CNC питчингтерінде қолдау үшін ұсынды. Ал режиссер Алина Мұстафина және оның In between жобасы сыйлық ретінде Парижге билет алды.

– Бұл питчингтің алғаш рет өтуі өте керемет, – деп Алина Мұстафина өз әсерімен бөлісті. Мемлекет пен продюсерлердің қазақстандық кинематографияны қолдағанын қалаймын, сонда ғана бізде жақсы фильмдер көп болады.  

Париждегі Линкольн кинотеатрында өткен фестивальдің жабылуына көпшілік жиналды. Франциядағы Қазақстан киносы қауымдастығының басшысы Андре Рафаель Иванов мырза мен Франциядағы Қазақстан Республикасының елшісі Гүлсара Арыстанқұлова фестиваль қатысушыларына марапаттарды табыстады.

«Қазақстандық кинематографтың дамуына қосқан үлесі үшін» жүлдені режиссер Сергей Дворцевой алды. Дәрежан Өмірбаев «Қазақстан мен Франция арасындағы бірлескен киноөндіріс саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығымен марапатталды. Фестиваль елшісі актриса Самал Еслямова «Қазақ киносын насихаттауға қосқан үлесі үшін» наградасымен марапатталды, ал режиссерлер Айжан Қасымбек («От»), Юлия Захарова («Тарлан») және Алдияр Байракимов («Паралимпиадашы») сәтті дебюті үшін жүлделерге ие болды.

Сергей Дворцевой:

«Бұл марапатты Қазақстан елшісінің қолынан алғаныма өте қуаныштымын, өйткені кинематографистер соншалықты жоғары дәрежедегі болмаса да, Франциядағы Қазақстан мәдениетінің елшілері деп ойлаймын. Біз қазақстандық мәдениетті фильмдер арқылы танытуға тырысамыз, – деді ол. – Мен мемлекеттің бұл іске қатысуы өте маңызды деп санайтын адамдардың қатарынанмын. Мемлекеттің киноға, соның ішінде авторлық киноға қаражат бөлуі – үлкен артықшылық. Әлемде осындай қолдау көрсететін ел көп емес».

Айжан Қасымбек:

«Францияда біздің фильмнің көрсетілімі өткеніне өте қуаныштымын. Сонымен қатар, осындай сәтте жанымда менің продюсерім мен қоюшы-суретшімнің болғанына қуаныштымын. Картинаны шығару оңай болған жоқ, дегенмен осындай фестивальдерге қатысқан сәтте ерекше мотивация мен күш аламын».

Алдияр Байракимов:

«Мен бүкіл командаға, сондай-ақ Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына алғысымды білдіргім келеді. Болашақта біздің кинематограф дами түсіп, тек еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды тақырыптарды көтеруді жалғастырамыз деп сенемін».

Кештің жабылуында Франциядағы Қазақстан Республикасының елшісі Гүлсара Арыстанқұлова ханым көрермендерге айтқан сөзінде былай деді: «Бұл бізді біріктірген, Қазақстан мен Франция арасындағы достық байланысты нығайтатын фестиваль. Мен былай аяқтағым келеді: Vive le cinéma! Қазақстан мен Франция достығы жасасын!»

Айта кету керек, биылғы жылы Қазақстан киносының фестивалі өз шекарасын кеңейтті, ол Парижде, Страсбургте, Брюссельде, Люксембургте және Женевада өткізілетін болады. Фестиваль Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орайластырылған. Фестивальді Андре Рафаэль Иванов мырза басқаратын Франциядағы Қазақстан киносының қауымдастығы ұйымдастырды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here