«Нурикамал»: Триумф пен трагедия немесе Ханбибінің бес ерлігі

0
2057

Бүгінгі таңда «Нурикамал» әнін білмейтін қазақ жоқ. 7-қарашадан бастап бүкіл кинотеатрларға шығатын осы аттас фильм арқылы жұрт оны енді бұрынғыдан да жақсы, бұрынғыдан да көбірек білетін болады. Ал, кеше Шымкентте өткен жабық көрсетілімнен біз не байқадық?

ҮСТІНЕН ІС ҚОЗҒАЛҒАН КҮЙЕУІН ХАНБИБІ АБАҚТЫДАН ҚАЛАЙ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ?!

Фильм мелодрама жанрындағы жап-жақсы туынды болып шыққан. Актерлардың – Олжас Дәлелхан (Тұрдықылыш), Фариза Ескермес (Нурикамал) және Гүлбаһрам Байбосынова (Ханбибі) – барын салғаны және ол еңбектің жемісін бергені көрініп тұр. Шығармашылық ұжымды шын жүректен құттықтауға әбден болады.

Әннің халық әніне айналып кеткені секілді, кинофильм де отыз, қырық, елу жылдан кейін жұрт сүйсініп көретін дүниеге айналуы мүмкін. Неге біз «тамаша туынды», «керемет кино», «классика» демей, «жап-жақсы мелодрама» деп, сүйей салып отырмыз? Мәселе «біткен іске мінші көпте» емес, әннің мән-мағынасы әйел махаббатының триумфы мен еркектік болмыстың трагедиясы екендігінде жатыр. Фильм, біздің ойымызша, күйеуінің өзге қызға ғашық болып жазған музыкасын тыңдап отырып, «толыққанды дүние тууына көмектесейін» деп, әйелдігін ақындығына жеңгізіп, «Аспандағы ай ма дедім, жастық шағым қайда менің?» деп басталар өлең жазған соң «сенің айтқың келгені осы ғой?!» деп, оны күйеуінің қолына ұстатқан Ханбибінің бұдан кейінгі тағы екі ерлігі туралы болуы керек еді. Фильмнің аты да «Ханбибі» болуы тиіс еді. Себебі, әннің өзін ән етіп тұрған оның музыкасы емес, «Нурикамал, камалым-ай!» деп үздігіп, жан сырын жер-жаһанға жариялап тұрған өлеңі. Жалпы, «Қорлан», «Ғалия» деп, қазақта қыздың атымен аталған ән бар-жоғы бес-алтау ғана. Бұл – бірегейі.

Ал, өлеңді өлең етіп тұрған – Ханбибінің біртуар жаратылысы. Туғанда «іңгәлап» жыламай туған, оның үстіне Құрманғазы бабасы секілді жон арқасындағы жарты қарыс жалымен туған нәрестені жерден көтеріп алған кіндік шешесі: «Әттең, ұл болғаныңда Есенқараның сорын кесетін-ақ бала болатын екенсің!» деген, 9-сыныпта оқып жүргенде Т.Айбергеновтің «Сен шыққан биік жоқ әлі, сен шығар биік жоғары» деген батасын алған Ханбибінің Тұрдықылышқа қатысты тағы төрт ерлігі жайлы болуы тиіс еді. Бірінші ерлік бұл оқиғадан біраз жыл бұрын орын алады.

Тұрдықылыш он бес жыл кезекте тұрып, «Жигули» жеңіл автокөлігін сатып алады. «Аттың үстінің желігі болады» дейді қазақ. Ал, «Жигули» о заманда көп адамның қолы жетпейтін тұлпар. Оның үстіне өзі композитор болса, өзі студенттерді күзде жүзім теруге апарса… Сонда жүріп, қасында студент қыз бар, мас күйде жол апатына ұшырап (абырой болғанда, қыз аман), аурухана түскен, үстінен іс қозғалған күйеуін Ханбибі абыройсыздық пен абақтыдан қалай аман алып қалды десеңізші!

Жолдасының тағдыры қолына түскен обком хатшысы Сансызбай Бекбосыновқа барып, мән-жайды айтқанда, хатшы: «Есің дұрыс па өзіңнің? Күйеуің арақ ішеді, мас болады, еще қасында қыз болады. Ал, бұл келіп, мәшинемді жөндетіп бер дейді. Ақындарда бір шарик жетіспейді деген рас екен ғой. Күйеуіңнің қылығы арыз жазатын іс қой, менің әйелім болса соны істер еді» деп, таң қалады. «Жаза алмаймын» дейді бұл. «Е, неге?» «Ол – жалғыз, жетім өскен жігіт. Жетімдіктің не екенін сіз түсінбейсіз. Бір емес, бірнеше шешенің таяғын жеу, тезінен өту дегеннің де не екенін білмейсіз. Енді жеттім бе дегенде, әйелі ғана емес, әрі досы, әрі жолдасы мен сөйтсем, дос басына іс түскенде, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» болмай ма? Ер жігіттің қанаты – ат емес пе, атқа мінсе несі айып? Сері жігіттің қайсысы сұлу қыздан кенде, қасында қыз отырса несі айып? Бәріміз бір-ақ рет өмір сүретін мынау жалғанда адам жанын біз ұғынсақ несі айып?»

Бұл сөздің бәрі аузынан емес, жүрегінен төгіліп жатқанына өзі ғана куә. «Сынса темір сыныпты, ол қалпына келер. Адам өлсе, ол қайтып келмейді. Бір білместік кеткен екен, қазір адам да, қоғам да оны кешірмейді, кешірімшілдікке тағдыр тапшылық жасаған. Сонша айқайлайсыз, сол темірді жөндеуге көмектесер деген өтінішпен келіп едім, өкінішпен кетемін».

Соны айтып, орнынан түрегелгенде басын көтерген хатшының екі бетін жуып отырған жасты көріп, «не болды, аға?» дейді сасқанынан. «Ештеңе емес, тек сен менің өмірімді еске салдың… Отыр, қарағым, отыр. Сен ақын ғана емес, азамат әйел екенсің. Саған жолыққан жігіттің маңдайының бағы бес елі екен. Әттең, сендей адам аз. Ал, машинаңды уайымдама, жөндетіп беремін».

Мен өз басым осынау монологты қазақ әйелінің сүйген жарын ақтап алудың ең озық үлгісі ретінде адвокаттардың әлемдегі ең үздік сөздер жинағына кіргізер едім. Мұның қасында Плеваконың шәйнек ұрлаған орыс кемпірді қорғаған әйгілі сөзі түкке тұрмайды…

Кинофильмге қайта оралайық. Ханбибі өлең жазып қоя салмайды, ол Нурикамалға «құда түсуге» өзі барады. «Сен тыңсың ғой, бір ұл туып бер. Менің күйеуім жаман жігіт емес. Сенің пайдаң – байлы болып қаласың. Оның пайдасы – балалы болып қалады. Екуіміздің арамызда бір тентек жүре берсін».

Ханбибінің өзінің пайдасы қайда? Бұл туралы сөз жоқ. Өйткені, ол туралы ойламаған да, бар көксегені – жан жарының бақыты болған. «Бұл туралы Тұрекең не дер екен?» «Сен келіссең барып айтамын».

Айтады. Іші жылап, өртеніп, сырты қуанып тұрып айтады. Өйткені, апаларымыз баяғы заманда-ақ айтып кеткен: «Жан бермек – бар, жар бермек – жоқ!» Герольд Бельгер әкесін соғыс кезінде үш рет «еңбек майданынан» алып қалған жерлестері жайлы «Бұл тек қазақтың ғана қолынан келетін ерлік!» деген еді. Ханбибінің бұл ерлігі тек қазақ қызының ғана қолынан келетін ерлік. Ірілік. Қазақта ақын көп, ірілік көрсете алатын ақын – аз…

Ханбибі айтқанымен, композитор әйелінің «Нурикамалға үйлен» деген ұсынысын «бір кемпірден кетіп, екіншісіне бар дейсің бе?» деп, қабыл алмай тастайды, басқа бір жастау, ұлты өзге әйелге кетіп қалады. Міне, трагедия! Трагедия болмаса, жарқ етіп жанған ғашықтық оты неге жалп етіп өшіп қалды? Ақын апамыз да оны от деп, от деген қасиетті зат, қастерлі ұғым деп, «біз екеуміз ғана бақытты болмайық, үшінші адам да бақытты болсын, өзін сүйген адамға қосылсын, ана болу, перзент сүю бақытына бөленсін, өз бақытыммен, қуанышыммен бөлісейін, көбейе түссін» деген саф алтындай таза, таңғы шықтай мөлдір сезіммен барған жоқ па сондай қиын қадамға?!

Ақын Ханбибі сонда да болса «жас әйеліңнің алдында жүзің төмен болмасын» деп, күйеуін атқа, өзінің елу жылдық юбилейіне елі сыйлаған «Волгаға» мінгізіп жібереді… Ерлік демей, ірілік демей көріңіз мұны…

Әдетте, жұрттың бәрі «Нурикамалдың» тарихының немен аяқталғанын білгісі келеді. Ал, оның осындай, еркектердің көбінесе басындағы бағын бағалай білмейтіндігімен аяқталғанын білмейді. «Адаспаймын деген жігітті, қараңғы тұман адастырады» десек те, Тұрдықылыштың бақиға кейінгі үйінен де емес, хоспистен аттануы бөріктілердің бәріне де ой салуы тиіс.

Шіркін, Ханбибінің осы төрт ерлігі кинода тарқатылып көрсетілгенде ол қатардағы мелодрамадан трагедияға, ой салар трагедияға айналар еді-ау дейсіз. Әттең, киногерлер әуел бастан мелодрама түсіруге ниеттенген, тереңге бойлағысы келмеген. Ал, егер төменде сөз болатын өзге оқиғалар да киноға арқау болғанда, Ханбибінің болмысы жарқырап ашыла түсер еді-ау, сонда фильм «қазақтың классикалық кинофильмдері» деген қатардан ойып орын алар еді-ау, қазақтың кім екенін оның өзіне де, өзгеге де таныта түсетін теңдессіз дүние болар еді-ау дейсіз…

«СЕНСІЗ ҚАЛАЙ ӨМІР СҮРЕМ?
СЕНСІЗ ҚАЛАЙ ӨЛЕМ ЕНДІ?!»

…1990 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының екінші хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов бастаған бір топ ақын-жазушыға Шымкенттен Мұхамеджан Рүстемов, Мархабат Байғұтов, Әмзе Қалмырзаев және Ханбибі Есенқараева қосылып, бәрі Ташкентке барады. Оларды Өзбекстан ЖО екінші хатшысы Таһир Малик бастаған бір топ әріптесі күтіп алады. Іштерінде Бостандық (бұрынғы Қазақстанның жері) аудандық газеті редакторының орынбасары ақын Нұрбибі Омарова бар. Кешкі асты Өзбекстанның Қаһарманы, Хамза атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Саид Ахмадтың қолынан ішкен қонақтармен бұл кездесу (біз ол жайға қайта ораламыз) Ғазалкент қаласындағы Абай атындағы мектепте басталып, Домалақ ауылында жалғасатын болып аяқталғанда екі бибі қажеттілікпен сыртқа шығып кетпей ме? Онда бөгеліңкіреп қала ма, әйтеуір, келсе аулада жан адам қалмапты. Өмірінде бұндай қорлықты көрмеген Ханбибі тас-талқан болып ашуланып, қайтып кетпек болады. Нұрбибі өлердегі сөзін айтып жүріп, көшеден бір машинаны ұстап, көрші ауылдағы мектепке келеді екеуі.

«Кіргеніміз бар болсын, зал толы адам бізге аңтарыла қарады» деп еске алады Нұрбибі.

«Сахна төрінде отырған қонақтар, аупарткомның бірінші хатшысы Акбаралы Юлчиев орындарынан тұрып, бізді төралқаға шақырып жатыр. Ханбибі әпкем олардың ешбірін елемей, артқы жақтағы орындықтардың біріне отыра салды. Екі жаққа жалтақтап мен тұрмын…

Акбаралы Юлчиев:

– Егер Сіз төрге шықпасаңыз, біз де төрден түсеміз, – деді амалы құрып.

Ол кездегі қылышынан қаны тамып тұрған аупартком хатшысына солай дегізген қайран Ханбибі әпкем-ай! Назыңыз неткен күшті еді!

Төрге шығып отыра бергенде, ақын Есенғали Раушанов:

– Қайда жүрсіңдер?! – деп күңк ете қалды.

–…! – Ханбибі әпкемнің аузынан сондай бір сөз шықты, олардың бәрінің ауызына құм құйылды…

Кездесу көңілдегідей өтіп жатты. Ханбибіге сөз берілгенде, ештеңе болмағандай, жайдары қалпын тауып, сөйлеп кетті».

Ең қызығы әлі алда. «Кездесу ертесіне Низами атындағы пединститутта жалғасты. Сол жерде кешегі тастап кеткен ағаларына, Таһир Маликке арнап Ханбибі өлең оқыды:

СОЛ БІР СЕЗІМ
(Әзіл-шыны аралас)

Үнің – қоңыр, тілің – майда,
Ішке бүгер сырым қайда?
Алып-ұшқан ақ көбелек,
Отты көрсе ұрынбай ма?
Тағдыр бізді тілдестіріп,
Тапқандаймыз үндестілік.
Асқар тауға алып кеттің,
Ақ боз атқа мінгестіріп.
Сенімге бай сезімменен,
Қуаныштан көз ілмегем.
Жылы-жылы сөзіңменен,
Бақытты едім өзіңменен.
Назарында ем асқақ көптің,
Жаудыраттың, жасқап неттің?
Абайсызда адастық па,
Әлде әдейі тастап кеттің?
Таулар қандай, аспан қандай?
Бір мұңлы күй басталғандай.
Алды-артыңа қарамадың,
Алименттен қашқан жандай.
Бір барып, бір келсек деп ем,
Жақсы әсерді бөлсек деп ем.
Қас арландай ғайып болдың,
Өлігін де көрсетпеген.
Аңыздағы Төлегенді,
Қиялыма бөлегем-ді.
Сенсіз қалай өмір сүрем?
Сенсіз қалай өлем енді?!.

Онсыз да ұяттан қысылып отырған Таһир Малик апамның қолын қайта-қайта алып: «Бұл өлеңіңізді мен сатып алайын, ел-жұртқа мәшһүр етпей-ақ қойыңыз», – деп жалпылдап жатты. Әшейінде де сөзді бір-ақ түйетін Хан-апа:

– Менің өлеңім де өзім сияқты – сатылмайды. Оның құны қонақ күте алмайтын сен сияқтылардың бәсімен тең, – деп қойып қалды».

Қараңыздаршы, етті айтасыз, сүйектен өтіп кететін сөз ғой бұл: «Сенсіз қалай өмір сүрем? Сенсіз қалай өлем енді?!».

«Мақтамен бауыздады» деп осыны айтады! Сол сәтте жердің тесігі болғанда Таһир Маликов ойланбай кіріп кетер еді-ау…

Неге Ханбибі Юлчиевті басын идіргенін қанағат тұтпады?

Себебі, бұнда жеке адамның емес, тұтас ұлттың Ары мен Намысы тапталып тұр. Бес бірдей өзбек жазушысының есіне – ең болмаса сахна төріне отырғанда – ақын қыздың түспеуі мүмкін емес қой. Дұрысы, еске түскен шығар, бірақ, не де болса өзімізді масқараламай, мектептен шыққанша артын күтейік деген болар. Оның үстіне қазақпен өмір бойы бәсекелес халыққа, әскияға (әжуаға) ұста ұлтқа қазақтардың бұл жағдайдан қалай жол тауып шығары қызық көрінгеніне күмән жоқ. Өзбектің әскиясының не екенін Арқаның аңқау қазағы білмеуі мүмкін, күнделікті базары мен «бәлнисасы» Ташкент болып келген күнгейдегі бес ауданның қазағы оны өте жақсы біледі. Сарыағаштықтар үшін ол өз үйіндей тіпті…

Түсінген адамға одан да бұрын араларындағы «арпа ішінде бір бидай» жалғыз қызды іздемеген сабаудай-сабаудай сегіз қазақ азаматының қателігі – адам кешірмес қылық. Кішкентай болып көрінген нәрсенің артында өте үлкен мәселе тығылып тұрғанын көрген ақын қыз ертесіне қамырдан қыл суырғандай етіп, өзбектерге өлгенше естен шықпас сабақ та беріп, әрі өзінің қандастарының да, демек, өз халқының да абыройын сақтап қалып отыр.

Жүрегінде намысы жалындап жанып тұрмаса, Ханбибі осынша күйіп-пісер ме еді? Жаны өртеніп бара жатқан соң Жаратушы да оның аузына дәәл керек жерінде оттан да ыстық сөзді салып тұр ғой…

«Жігіттің құны – жүз жылқы, ары – мың жылқы» дейтін, «өлімге берер жаным бар, пендеге берер арым жоқ» дейтін, «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін ұғымды ата-анасы санасына есін білгеннен сіңіріп өсірген қазақтың ер-азаматы жоқ бүгінде. Бар болса, Ташкентте Ханбибіні шырылдатып қоймас еді ғой сегіз сері…

Сірә, ертелі-кеш «Нурикамалға» қайта оралып, «Ханбибі» деген атпен кеңейтіп түсірмей тынбаймыз-ау осы…

Өмірзақ АҚЖІГІТ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here