Торғай – Алаш алыптарының қастерлі мекені – М. Әшімбаев

0
877

Қостанай облысында тұтанған алапат өрттің салдарынан қыркүйек айының басына жоспарланған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған Торғайдағы іс-шаралар кейінге шегерілген болатын. «Ештен кеш жақсы». Сенбі күні Алаш арысының ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқан мерейтойы туған өлкесінде аталып өтті. Сол күні Торғай ауылында Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш ашылды және Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музей-үйі көпшілікке таныстырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы барған ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев осы іс-шараларға қатысты. Сөйтіп, Ұлт ұстазының «Асықпаңдар, артымызда қазы бар!» деген сөзі тағы да ақиқатқа айналды.

СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ
ЫСТЫҚ СӘЛЕМІН ЖЕТКІЗДІ

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлтына ғұмырын арнаған Ұлы тұлға» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мерейтойдың қазақ үшін қастерлі Торғай жерінде аталып өтуінің маңызына назар аударды.

«Торғай – Алаш алыптарының қастерлі мекені және ұлт намысының жалауы. Торғай – салтына берік, қазақылыққа бекем қазыналы жұрттың ордасы. Сондықтан, бірінші кезекте, Сіздермен кездесіп отырғаныма шын жүректен қуаныштымын. Бәріміздің басымыздың осы киелі қоныста қосылуына себепші болған – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы», – деп сөзін бастады Сенат Төрағасы.

Мәулен Сағатханұлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да Ахаңның мерейтойына ерекше маңыз беріп отырғанын еске салды.

«Өткен жолы өңірге арнайы келгенін де білесіздер. Дегенмен, төтенше жағдайға байланысты елдің амандығы үшін Ахмет Байтұрсынұлының тойы кейінге шегерілген еді. Сол торқалы тойды өткізудің реті енді келіп отыр», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы мерейтойды елмен бірге атап өту үшін арнайы келгенін айтқан Сенат Төрағасы Президенттің ақ тілегі мен ыстық сәлемін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді.

«Ахмет Байтұрсынұлы – тарихымызда айырықша орны бар бірегей тұлға. Алаш жұртының асыл перзенті халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше қайраткерлік танытты. Шын мәнінде, Ахаңның өмір жолы – ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Арыстарымыздың есімін ардақтап, ұлағатты ісін жалғастыру – халқымыздың қастерлі парызы», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

«АХАҢ ҰЛТЫМЫЗДЫ
ҚАЛАМГЕРЛІГІМЕН ДЕ, ҚАЙРАТКЕРЛІГІМЕН ДЕ
ЕГЕМЕНДІККЕ ЖЕТЕЛЕДІ»

Мәулен Әшімбаев Торғай өңірінің қазақ тарихында алатын орны ерекше екеніне тоқталып, торғайлықтар ғана емес, барша қазақ мақтан ететін таутұлғалардың есімін атап өтті. Әрине, олардың арасында тұтас ұлтымыздың ұстазына айналған Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі ерекше аталды.

«Ахаң туралы жарты ауыз сөз айтудың өзі үлкен жауапкершілік. Себебі, ол өте терең, жан-жақты тұлға болды. Ол ақын, тіл және әдебиет саласындағы ғалым, саясаткер, публицист, педагог болғаны баршамызға белгілі. Ахмет Байтұрсынұлы осы бағыттардың бәрінде ұлттың білімін молайтып, еркіндікке қол жеткізуіне бар күш-жігерін жұмсады. Ахаң ұлтына «Қырық мысал» арқылы үн қатып, қазағын «Маса» болып оятуға талпынды. Қайраткер тұлғаның жетекшілігімен тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газеті жарық көрді. Осы басылым ұлы классик Мұхтар Әуезов айтқандай, «қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына» түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырып, етек-жеңін жиғызды». Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалады. Ахаң – төл әліпбиімізді жасаған реформатор», – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Сағатханұлының айтуынша, Ахаңның саяси қайраткерлік қыры бір бөлек. Ол ұлт көсемі Әлихан Бөкейханмен және Міржақып Дулатұлымен бірге Алаш қозғалысының басында тұрды. Осылайша, ұлтымызды қаламгерлігімен де, қайраткерлігімен де егемендікке жетеледі. Сол жолдағы табандылығы таутұлғаның өз өміріне ауыр соққы болып тиді.

«Осындай ардақты арысымыздың есімін ұмытпау, ұлт санасында жаңғыртып отыру  –  баршамызға ортақ міндет. Себебі, Ахаңның тұлғасы қазақтың әлеуетін, деңгейін, болмысын көрсетеді. Сондықтан Ахаңның тойы – Алаштың абыройы деп санаймыз», – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Сағатханұлы Ахмет Байтұрсынұлы туралы айтқанда, Алаш арыстарын да  ұмыт қалдыруға болмайтынын, Ахаң сол шоғырдың алдыңғы легінде жүргенін баса айтты.

«Алаш қозғалысы қайраткерліктің биігі болды, ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісіне айналды. Алаш арыстары өте күрделі кезеңде өмір сүрді. Бірақ, қысым мен қудалауға, жала мен жазаға қарамастан ұлт мүддесіне адал болды. Олардың елеулі еңбегі, ұлты үшін басын бәйгеге тіккен жанкештілігі қандай құрметке де лайық», – деген Сенат Төрағасы Ахаңмен бірге Алаш қайраткерлерін де қатар ұлықтаудың маңызы зор екенін тілге тиек етті.

Мәулен Сағатханұлы Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа тарихи кезеңінде өңірлерді өркендету мәселесіне баса мән беріп отырғанын, осы бағытта тиісті органдарға нақты тапсырмалар бергенін және алдағы міндеттерді нәтижелі орындау үшін Парламент жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«Президентіміздің жаңа бастамалары қазақ үшін қастерлі мекен саналатын Торғайдың дамуына тың серпін береді деп сенеміз», – деп қысқа қайырды Сенат Төрағасы.

СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ
150 ЖЫЛДЫҒЫНДА ҚАНДАЙ
ІС-ШАРАЛАР АТҚАРЫЛҒАНЫН АЙТТЫ

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттауға үлкен көңіл бөлуіміз керегін баса айтқан Мәулен Әшімбаев мерейтой аясында қандай ауқымды жұмыстар атқарылғанын да санамалап берді.

«Бірқатар елдімекендерге, көшелерге және нысандарға Ахаңның есімі берілді. Соның ішінде Қостанай халықаралық әуежайын ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар, ұлт ұстазының 12 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Ахаң туған жерде кесенесі тұрғызылды. Сол жерде музей-үй бой көтерді. Бүгін Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған ескерткішті бәріміз барып аштық. Қос арыстың атындағы әдеби музейге реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Осылардың қатарында бүгінгі ғылыми-практикалық конференция да бар. Мұның бәрі мерейтой аясында іске асырылған ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана», – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Сағатханұлының сөзінше, Ахаңды ұлықтау мерейтоймен ғана шектелмеуге тиіс. Ұлт ұстазының еңбегін насихаттау және оны тану жұмыстары қарқынды жалғаса береді. Мемлекет бұл бағыттағы бастамаларға үнемі қолдау көрсетеді.

«Өздеріңізге белгілі, қазақ қоғамы осыдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасын дүркіретіп атап өтті. Яғни, арысымыз заманында-ақ мойындалды. Сол кезеңде Мұхтар Әуезовтің тереңнен толғап мақала жазғаны белгілі. Сонда заңғар жазушы Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты тарихта мәңгі сақталатынын айтқан еді. Рас, Ахаңды ұмыттырғысы келген кер кезеңдер де болған. Бірақ, әділдік орнап, Алаш қайраткерінің есімі халқымызбен қауышты. Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті асқақтай түсті десек, қателеспейміз. Әуезов айтқандай, тарих Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін ұмытқан жоқ, керісінше алыстаған сайын жарқырата көрсетіп келеді. Қазақ елі барда Ахаңның есімі мен мұрасы ешқашан ұмытылмайтыны анық. Бұл жолда бәріміз осылай тізе қосып еңбек ете береміз деп сенемін», – деп сөзін аяқтады Сенат Төрағасы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Конференцияда белгілі зиялы қауым өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері де сөз сөйледі. Олардың қатарында жазушы, ғалым Қойшығара Салғара, алаштанушы Әнес Ғарифолла, ахметтанушы Серікбай Оспанов және тағы басқа сарапшылар бар. Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсынұлы медалімен, «Тіл жанашыры» сыйлығымен және «Жангелді ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапаттау рәсімі өтті.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here