Кеше, 3 қазанда Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов Town Hall форматында белсенді студенттермен кездесті. Кездесуге академиялық мәселелер жөніндегі проректор Мақтағали Бектемесов, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков қатысты. Кездесудің модераторы Жастар ісі жөніндегі басқарманың төрағасы Райымбек Пірәлі болды.
Кездесу барысында университет басшылығы жоғары оқу орнының Академиялық саясатын түсіндіріп, оқу үдерісі мен университеттің инфрақұрылымы мен әлеуметтік тәрбие қызметінде, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, оларды әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.
Дархан Біләлов кездесудің маңыздылығын атап өтіп, студенттерді белсенділік танытып, өзекті мәселелерді талқылауға шақырды.
«Мұндай кездесулер біз үшін өте маңызды. Town Hall – университетіміздің мәселелерін талқылауға және жедел шешімдер қабылдауға тамаша мүмкіндік. Сондықтан нақты шешімдер әзірлеу үшін белсенділік танытып, барлық сұрақтарыңызды қоюға шақырамын», – деді.
Студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып, ректор ғылым мен шығармашылықпен айналысқысы келетін студенттерге әрқашан қолдау көрсететінін атап өтті.
«Сіздер еліміздің болашағы үшін ғылым мен білім беруді дамытуда үлкен рөл атқарасыздар. Сондықтан біліміңізді жетілдіріп, қосымша дағдыларға ие болғыңыз келсе, біз сізге әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Бәсекеге қабілетті маман болғандарыңызды қалаймыз», – деп пікір білдірді университет басшысы.
Шыңғыс Нұрланов студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және мұқтаж студенттерге әлеуметтік қолдау көрсету өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтіп, студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесі үнемі назарда болатынын мәлімдеді.
Кездесуге қатысушылардың барлығы ректорға сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алуға мүмкіндік алды.