Құрметті демалысқа шыққандардың зейнетақысы қалай есептеледі?

0
589

Елімізде 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

«Азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, ал 30 жыл болса, онда 94%-ын құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бір айда бірнеше рет зейнетақы жарнасы аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды. Міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты.

Министрліктің мәліметінше, биыл тоғыз айда қазақстандықтарға 2,2 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 2 млн 261 мың зейнеткер бар. Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері – 109 171 теңге.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here