Алматыда әскери оқу орны курсанттары туралы отандық сериалдың көрсетілімі өтті

0
59

«Әскери ант» атты сериалдың көрсетілімі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында ұйымдастырылды. Курсанттардың өмірі туралы түсірілген сериал Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, № 1 Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған.

Көп сериялы кинотуындыны «Qazaqstan» телеарнасының тапсырысы бойынша ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен «MG production plus» кинокомпаниясы түсірген. Елімізге танымал актерлер қатысқан фильмнің атқарушы продюсері Мұқағали Мырзамбетов, қоюшы режиссері Мейрамгүл Жанатқызы, қоюшы операторы Сайын Самалдықов.

Картина Құрлық әскерлері әскери институтының қабырғасында өрбиді. Сюжеттер болашақта офицер болуды армандайтын курсанттар өмірінен құрылған. Әскерилер туралы көптеген фильмдер сияқты мұнда да абырой, парыз, жауапкершілік сезімі, Отанға деген сүйіспеншілік сияқты маңызды тақырыптар қозғалған. Әрине, махаббат хикаяларын да айналып өтпейді.

Бұл еліміздегі әскери кадрлар ұстаханасы саналатын Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары туралы түсіріліп отырған алғашқы сериал. Фильм 42 минуттық 20 сериядан тұрады.

Телехикаяның алғашқы сериясын бүгін, яғни 2024 жылғы 22 сәуір күні сағат 21.25-те «Qazaqstan» телеарнасынан көруге болады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here