Егемендік декларациясы: Мемлекеттік рәміздерге – 30 жыл

0
1638

1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің №307-XII Қаулысымен «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларациясы» қабылданып, тарихи құжат болып саналады.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің II сессиясының кешкі пленарлық отырысында Нұрсұлтан Назарбаев Декларацияның қайта қаралған жобасын баптар бойынша қарауға белсенді қатысты. Сырттай дауыс беру процесінде 261 депутат бұл құжатты қолдайтындығын білдіретін дауыс берсе, 18 қарсы, 2 адам қалыс қалды, бір депутат дауыс бермеді. Осылайша дауыс беру нәтижелері бойынша Жоғарғы Кеңес жалпы алғанда «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылдады. Қабылданған Декларация 17 тармақтан тұрды.

Декларация алғаш рет басқа егемен республикалармен ерікті түрде одаққа бірігіп, олармен келісім-шарт негізінде қатынас құратын Қазақ КСР-нің егемен мемлекет мәртебесін жариялады.

Алғашқы деларацияның 16 тармағында көрсетілгендей, «Қазақ ССР мемлекеттік егемендігінің символдары – герб, жалау, гимн – қасиетті болып табылады және оларды қорлаудың қандайы болса да заңмен жазаланады» делінген.

Осыдан 32 жыл бұрын, дәл айтсақ, шілдесінің 28-сі күні Қазақ КСР Президенттік Кеңестің мүшесі Мырзатай Жолдасбеков сол кездегі Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақ КСР халық депутаты, Республика Ғылым академиясының академигі, тарих, археология және этнография институтының директоры Манаш Қозыбаевтың мемлекеттік биліктің символикасы мен атрибутикасының қазіргі жүйесін жетілдіру қажеттілігі туралы мәселені уақытылы көтеріп, КСРО құрамындағы егемендігі республиканың қазіргі рөлі мен орнын, оның ұлттық түсі мен әлеуметтік – экономикалық келбетін көрсететін Қазақ КСР-нің жаңа елтаңбасы мен әнұранын жасау және оны мәселені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясының күн тәртібіне енгізу жөнінде келісім сұрағныдығы жөнінде хатын жолдайды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік Кеңестің атына түскен хабарлама жауаппен таныса келе, рәміздік жобалар даялайтын құзырлы жұмыс тобын құруды тапсырады.

1990 жылдың 21 тамызында Президенттік Кеңестің мүшесі, белгілі заңгер-ғалым Сұлтан Сартаевтың атынан Президенттің атына жазылған келесі хатта республикамыздың іс жүзіндегі дербестік статусқа ие болуына орай мемлекеттік рәміздерді өзгерту жөніндегі мәселені арнайы қарастыру ұсыныс жасалған. Қазақ КСР-нің Президенті келісімін берген жағдайда жаңа ту мен елтаңбанының эскиздерін жасауға және жаңа әнұран мәтінің даярлауға кірісетіндерін баяндаған. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Идеологиялық бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сұлтановтың Президенттік Кеңестің мүшесі Сұлтан Сартаевтың ұсыныстарына байланысты Мемлекет басшысы атына жазған хатында идеологиялық бөлім толықтай қолдайтынын хабарлайды.

2022 жылғы 19 қазандағы «Egemen Qazaqstan» газетінің №200 санында Бану Әділжаның «Тұлғалар тағылымы» мақаласының авторы алғашқы рәміздерді қабылдау бойынша мына естелікті жазады. «Бір жыл өткеннен кейін, дәлірек айтсақ, 1991 жылдың 9 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Халық депутаттары өкілдерінің жиналысы өткен еді. Осы жиында сөз сөйлеген депутаттар – Сұлтан Сартаев пен Манаш Қозыбаев декларация қабылданғаннан кейін шешілуге тиіс елдік мәселелер­ді – мемлекеттің атауы, елтаңбасы мен туын белгілеу секілді маңызды мәселелерді ортақ талқыға салады.

Сөзбе-сөз сақ­талған осы жиналыс­тың стенограм­масын «сөйлетер» болсақ, Cұлтан Cартаевтың мінберде тұрып егемен еліміздің гербі мен туының алғашқы нұсқаларын жасау туралы маңызды мәселе көтергенін аңғаруға болады. Депутат: «Енді осы жерде жолдас­тар айтқан рес­публикамыздың туы және гербі туралы. Кезінде Ерік Асанбаев жолдас маған осы мәселеге қатысты қағаздарды жинақтауды тапсырған еді. Қазір ол қағаздың бәрі менің қолымда. Біз Асанбаев жолдаспен және кейбір әріптестермен бірге бар­лық жобаны қарап шықтық. Алай­да олардың арасында бірде-бір нағыз лайықты жоба болмады. Сон­дықтан біз еліміздегі жетекші сәулетші және мүсіншілердің біріне тапсырма бердік. Сол маман республикамыздың гербі мен туының ондаған нұсқасын дайындады. Егер сіздер рұқсат берсеңіздер, еліміздің туы мен гербін таңдау үшін сол нұсқа­лар­ды осы жерде көрсетсем деймін. Мен қараған нұсқалардың арасында жақсы жобалар да бар. Мүмкін солар­дың бірін таңдауға болатын шығар. Ең басты айтайын дегенім, бүгін бәрін толғандырып жүрген аса маңызды мәселелерді көтеріп, сөз сөйлеген жолдастарға басымды иемін», дейді.

Ал, Манаш Қозыбаев респуб­ликамыздың атауына қатысты алаңдау­шылығын білдіріп, егемендіктің ең басты нышандары – ту мен гербтің тағдырын созбалаңға сала беруге қарсы шығады. «Егер Қазақстан егемен, тәуелсіз мемлекет, республика ретінде қалатын болса, онда ол өзінің тәуелсіздігін жариялауы керек. Бұл мәселе бүгінгі күн тәртібіне енгізілмеген. Тағы бір мәселе бар. Біздің республикамыз қалай аталады? «Қазақ Кеңестік социалистік» деп пе немесе «Қазақстан Республикасы» бола ма? Әлде тағы басқаша атала ма? Бүгінде бізден басқа барлық республика ол жағын айқындап алды. Бұл жерде сөз республиканың тәуелсіздігі туралы заң және оның атауы жөнінде болып отыр. Күн тәртібіне осы мәселе қосыла ма? Ту мен гербті де бекітуіміз қажет. Ол мәселені қашан қараймыз? Біз комиссия құрдық. Мен комиссияның мүшесі ретінде отырыстардың біріне қатыс­тым. Қаралатын мәселелер бөлін­беуі керек. Бұл түйткілдер осы сессия­да қарала ма, жоқ па? Егер жоқ болса, не үшін қаралмайды?», деп депутат сол кезде-ақ сұрақты төтесінен, мәселені ашығынан қоя білген еді.

Білім-білігі, күш-жігері жеткенше елін қолдап, қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру дейтін ұлы мұратпен болған халық қалаулысы Cұлтан Cартаев жиналыс кезінде егемендіктің заңмен бекітілгенде ғана қуаттанып, беки түсетінін алға тартады. Бұдан бұрын Cұлтан Cартаев, Еркеш Нұр­пейісов пен Талғат Донақов өз баста­маларымен Тәуелсіздік туралы конс­титу­циялық заңның жобасын жасап, құжатты 1991 жылдың шілде айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына тапсырады. Алайда бұл құжат көпке дейін қараусыз, мүлде елеусіз жата береді. Тіпті кей депутаттардың «Онсыз да тәуелсізбіз ғой, осы заңның қажеті қанша?!» деген сөздері де әр-әр жерден айтылып қалып жатады. Осы 9 желтоқсан күні өткен  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мәжілісінде депутат Сұлтан Сартаев пен Манаш Қозыбаев Тәуелсіздік туралы конституция­лық заңды қабылдау қажет екен­дігі тура­лы мәселе көтереді. Осы мәселеге қатысты баяндама жасаған Сұлтан Сартаев: «…Осылайша, біз қазір кейбір маңызды заңдарды қабылдаймыз деп ойлаймын. Бүгін Конституция сияқты маңызды заңды да қабылдау керек. Бұл жағынан кейбір әріптестерім мені қолдайды деп сенемін. Мұндай заңдар осы Конституцияның негізі болады деп санаймын. Сондықтан бұл заңдарды ертең тағы өзгертіп жүрмес үшін, дұрыстап қабылдау керек. Бұл біріншіден. Екіншіден, осы жерде жолдастар неге «Тәуелсіздік туралы» заңды талқылаған жоқпыз деп айтып жатыр. «Қазақ КСР-нің тәуелсіздігі туралы» заңды қабылдауды бірнеше адам қолдады. Дегенмен біздің басшылар бұл заңды талқылағысы келмейді. Меніңше, Одақ құлаған кезде біз өзіміздің тәуелсіздігіміз тура­лы нақты шешім қабылдауымыз керек. Әр тәуелсіз мемлекет кез келген одаққа қосыла алады. Бұл еш нәрседен қорықпай, «Мемлекеттің тәуелсіздігі туралы» заңды қабылдауымыз керек деген сөз», деп азаматтық сөзін жеткізеді.

Бұл ұсынысты Президиум мүшелері бірауыздан қолдап, араға жеті күн салып депутат Сұлтан Сартаев Жоғарғы Кеңестің мінбесіндегі «Қазақстан Респуб­ли­касының тәуелсіздігі туралы», Конститу­циялық заңның жобасы жайында баяндама жасайды. Дәл осы сәтті Сұлтан Сар­таевтың өзі «мінбеге кеудемді кер­неген үлкен ұлттық, патриоттық сезім­мен шықтым» деп баяндап берген.

Шындап келгенде, бұл сөздер – империя құлдырағаннан кейін қазақ халқының ел болып қалуға жасаған алғашқы қадамының бірі. Өйткені мұндай айтылған әр сөзден Қазақ­станның тәуелсіз мемлекет ретінде тарихтан өз орнын алуға деген тал­пынысын сезуге болады. Ел тағдыры шешілер сын сәтте тура сөзін жет­кізіп, төрелігін айта білген тарихи тұлғалардың әр сөзінен талай ақиқатты аңғаруға болады. Бұл осыдан 30 жыл бұрын өткен Жоғарғы Кеңес жиынында қазақ халқының тағдыры мен ел тәуелсіздігі қызу талас-тартысқа түскенінің айғағы.

Ту мен тәуелсіздік, елтаңба мен ел атауы тартысқа түскенде, бүкіл халықтың тағдыры таразы басында тұрғанда табанды күрескерлігін танытқан тарихи тұлғалардың сөздері бұл. Сан ғасырдан бері егемендігін армандап, тәуелсіз ел болуды көксеп келген қазақ елінің асқақ арманы мен биік мұраты итжығысқа салынғанда идеологиялық бодандықтан арыла қоймаған биліктің тұтастай буынына қасқайып қарсы тұрып, тағдыршешті сұрақты төтесінен қойған қос тұлға­ның тарихта қалған үндері бұл. 

90-жылдардың басында бүкіл халық қайта серпіліп, қоғам қайта түле­ген тұста республика дербестігін алу, мем­лекеттің өз басшысын сайлау, елдіктің басты белгілері – Ту мен Елтаң­баны бекіту туралы елдік мәсе­лелер күн тәртібіне шыққан еді. Осы сын сәтте депутаттық мінберден халық үнін, мұңы мен тілегін жалтақтамай жеткіз­ген ел азаматтарының алды Сұлтан Сартаев пен Манаш Қозыбаев болатын».

1991 жылы 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Тәуелсiздiгi туралы» Конституциялық заңы қабылданып, онда 7 тараудың Қорытынды ережесінде 17-бабында «Қазақстан Республикасының өз мемлекеттік символдары елтаңбасы, жалауы, әнұраны бар» деп енгізіледі.

Осылайша 1992 жылдың 4 қаңтарында Жоғарғы Кеңестің VIII сессиясының төрағасы Серікболсын Әбділдиннің бірінші мәжілістің отырысында мемлекеттік нышандарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын екі кіші топқа бөлу жөнінде ұсыныс жасайды. Жоғарғы Кеңестің шешімімен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандар бойынша конкурс жариялайды. Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясында мемлекеттік жалауы туралы талқылауда сөз алған депутаттар Ізбасқан Аймағамбетов, Әнуарбек Әлімжанов және Өмірбек Жолдасбековтер өз сөздерінде мемлекеттік жалауға байланысты талқылаулардың тиісті процедуралардың толық өтпегенін алға тартып күн тәртібіне алдыртып тастау жөнінде ұсыныс енгізген. Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясына қатысып отырған Президентте бұл ұсынысты құптаған. Бұл тарихи үдерістің терең астары болды. Қоғамда әлі де Кеңестік Одақтың идеологиялық уыты саналарынан тарқамаған және тәуелсіздіктің жарияланғанына ай өтер-өтпесте, оның ән-мағынасын халық енді ұғынып жатқан шақта Жоғарғы Кеңестің сессиясына рәмізге қатысты мәселенің шығарылуының өзі үлкен іс болды. 

Әрі қарай, хронология бойынша жасасақ, 23 қаңтарында Жоғарғы Кеңесінде Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің төрағалық етуімен өткен арнаулы комиссияның мәжілісі мемлекеттік Әнұран жобасын әзірлеудің барысын талқылады.

24 қаңтарында Жоғарғы Кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік Әнұранды әзірлеу жөніндегі арнаулы жұмыс тобының кезекті мәжілісі болып өтті. Оған республиканың халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов төрағалық етті.

25 ақпанда Жоғарғы Кеңесте халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің төрағалық етуімен ҚР Мемлекеттік Әнұраның әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының кезекті мәжілісі өтіп, Жоғарғы Кеңестің баспасөз хатшысы Ербол Шаймерденовтің конкурстың барысы туралы хабарламасын тыңдайды. Өкінішке орай, «Қайнар» баспасы қызметкерлері конкурсқа Шәмші Қалдяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әнін қосу туралы  ұсыныс жолдағанымен конкурстың қорытындысымен қолдау таппады. Көрнекті композитор Ғазиза Жұбанова, «жаңа Әнұран марш сияқты естілмеуі керек» деген қорытындысына келеді.

Ал, 3 наурыз күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы АҚШ елінің Нью-Йорк қаласындағы біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ғимаратының алдында Дүниежүзі елдерінің тулары қатарына қосылды деп ресми түрде хабарлағанымен, сол кездегі Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Жалауы уақытша ілінеді.

18 наурызында Академик, халық депутаты Салық Зимановтың төрағалық етуімен     Жоғарғы        Кеңесте    Қазақстан     Республикасының    жаңа Мемлекеттік Туы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өткізеді.

21 сәуірде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының, Елтаңбасының және Әнұранының таңдаулы жобаларына жарияланған республикалық конкурсқа жұмыстар қабылдау мерзімі аяқталды. Жоғарғы Кеңесте республиканың халық депутаты, академик Салық Зимановтың төрағалық етуімен өткізілген мәжілісте мемлекеттік Туы мен Елтаңбасының жобалары жөнінде кеңінен әңгіме болды.

30 сәуірде Республиканың жаңа Әнұраны жобасына жарияланған конкурсқа келіп түскен шығармаларды іріктеп, таңдау жұмыстары одан әрі жалғастырылды.

6 мамырында Республиканың халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің төрағалық етуімен Қазақстан Мемлекеттік Әнұран жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының кезекті мәжілісі өтті.

11 мамыр – Жоғарғы Кеңестің шешімімен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандар бойынша конкурстың қортындысымен мемлекеттік Тудың үздік жобасына 453 сүлба-сурет, 142 ұсыныс хаттар, мемлекеттік Елтаңбасының жобасына 245 жобалық жұмыс, 67 хаттар түсіп, сарапталып қаралды.

Келесі күні Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы туралы қаулысы қабылданып, Жандарбек Мәлібековтың және Шота-Аман Уәлихан мен бірлесіп жасаған Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасының жобасы мақұлданып, Жоғарғы Кеңесінің VIII сессиясының қаулысына енгізілді. Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранының тексі туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы туралы қаулысы қабылданып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасының жобасы мақұлданып, Жоғарғы Кеңесінің VIII сессиясының қаулысына енгізіледі.

Екі күннен кейін Серікболсын Әбділдиннің төрағалық етуімен Жоғарғы Кеңес Президумымен республиканың жаңа мемлекеттік белгілерін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының бірлескен көшпелі мәжілісі өтеді.

4 маусымда Жоғарғы Кеңестің кешкі мәжілісінде Мемлекетік Ту мен Елтаңбаға қатысты депутаттар тарапынан әрқилы пікірлер орын алған қызу талқылаулар барысында сөз алған Президент Елтаңбадағы элементтердің символикалық мәніне аса маңыз бере келе, мемлекеттік Елтаңбаны тұңғыш рет жасап жатқанымыз жайлы тарихта қалар сөз айтты: «Символика характеризует народ, его стремления. Мы создаемвпервые в нашей истории первый государственный герб, первую свою геральдику. Самое главное, что наша геральдика никакой другой не повторяет». Жоғарғы Кеңестің кешкі мәжілісінде Президенттен кейінде сөз алған депутаттар пікірлері сайып келгенде Мемлекет басшысы таңдау жасаған және элементтік толықтыру енгізген Елтаңбаға тоқталды. Елтаңба бойынша бірінші дауыс беру қортындысында жақтап 232 депутат дауыс берді, алайда 5 дауыс жетпей қалып, екінші мәрте дауыс беруге қойылды. Екінші дауыс беру қортындысында 238 депутат жақтап дауыс беріп, Елтаңбамыз қабылданды.

Келесі кезекте мемлекеттік Туды қабылдау мәселесі болды. Тағы да жобалық нұсқадағы Туға байланысты депутаттардың қызу талқылауы, тудың түсі мен элементтерді орналастыру жөніндегі ұсыныстары барынша айтылды. Сөз алған Елбасы: «Единый небесно-голубой фон – единство многонационального народа. Мы выбрали его с самого начало и до конца были едины в этом плане. … Нельзя не отметить в символике то, что мы живем на Востоке. Солнце восходит. Мы – государство, имеющее Тянь-Шанские горы. Беркут – это национальный символ, никакой не враждебный. … Этот казахский орнамент должен всех удовлетворить.». Елбасы сөзінен кейін мемлекеттік Ту бойынша басым дауыс беріліп, қабылданды. 

Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Әнұранның әуені пікірталассыз қабылдады. Әнұранның сөзіне байланысты конкурс жалғасатын болып шешім қабылдайды.

Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Жалауы туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойды.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңестің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Жалауы туралы» Қазақстан Республикасының Заңның күшіне енгізу туралы» қаулысы қабылданды.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңестің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңның күшіне енгізу туралы» қаулысы қабылданды.

Ал, 6 маусымында Алматыда Абай атындағы опера және балет театрының Үлкен залында тәуелсіз еліміздің тұңғыш мемлекеттік рәміздерінің тұсаукесер салтанаты өткізілді. Тұсаукесерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік Жалауының авторы Шәкен Ниязбеков, мемлекеттік Елтаңбасының авторлары Жандарбек Мәлібеков және Шот-Аман Уәлихандар қатысты.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Сағат Нұрмағамбетовтың №89 бұйрығымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз мемлекеттің жаңа символдарын   Ту,    Елтаңбасы және Гимн қабылданған құрметіне орай, Президент резиденциясының және Қазақстан  Республикасының Жоғарғы Кеңесі Үйінің төбелерінде мемлекеттік Ту көтерілген кезде Қазақстан Республикасының астанасы Алматы қаласында 21 дүркін зеңбіректен оқ атып, салют беріліп және 22:00-де – мерекелік от-шашу атылды.

18 маусымында Жоғарғы Кеңесінің Президиумының қаулысымен Мемлекеттік Әнұранның ең үздік тексін әзірлеу жөнінде  Жоғарғы Кеңесінің төрағасы С.Әбділдин жетекшілік ететін жұмыс тобы құрылады.  Жұмыс тобының өткізілген алғашқы мәжілісінде мемлекеттік Әнұранның өлең өлшемі мен көлемі Әнұранның Жоғарғы Кеңес бекіткен, М.Төлебаев, Е.Брусиловский және Л.Хамиди жазған музыкалық редакциясына сәйкес болуы керектігі, ең үздік мәтінге жабық бәйге жариялау қажеттігі атап көрсетілді. Бәйге 20 маусымнан  20 тамызға дейін жүргізіледі.

10 желтоқсанда жаңа мемлекеттік Әнұранды қабылдау жөнінде кезекті комиссия отырысында қаралып, сөзімен қоса 51 әуен нұсқасы, 132 өлең нұсқалық жобалар қаралды. Комиссияның қорытындысымен мемлекеттік Әнұранның 9 нұсқасына сарапқа салып, 98%-ға жаңа мемлекеттік Әнұранының мәтіні бекітіледі. Конкурста 4 атақты ақындар: Мұзафар Әлімбаев, Қадырғали Мырза әлі, Тұңғышбай Молдағалиев және жас ақын Жадыра Дарибаевалар жеңіске жетеді.

11 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні туралы» заңға қол қояды.

Жоғарғы Кеңестің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны туралы» Қазақстан Республикасының Заңның күшіне енгізу туралы» қаулысы қабылданды.

Республика Тәуелсіздігінің бір жылдығына Президент резиденциясында егемен Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары қойылады.

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша он екі жылдан соң ғана 2006 жылы 6 қаңтарында еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов болып бекітілді.

Осылайша, алғашқы қабылданған еліміздің алғашқы рәміздеріміз – Туы, Елтаңбасы және Гимнімізге қабылданғанына 30 жылға келіп, жоғарыда айтылған әр рәмізіміз Қазақстан Республикасының барлық азаматтар мен азаматшаларының жүрегінде ойып тұрып орын алуы қажет. Бұл байлықтарды біз тек соғыста ғана емес өмірдің кез-келген уақытында қорғап ардақтап жүргеніміз абзал. Бейбіт аспанның астында өмір сүріп жатырған әр-бір қазақ азаматы өзінің рәміздерімен елін-жерін байлығым деп білуі қажет.

Рәміз ол мемлекеттің беделі және бет-бейнесі. Рәміздерімізді бағалап жоғары дәрежеде ұстайық ардақты қазақстандықтар!

Руслан Пангерейұлы ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі
ұлттық орталығының атқарушы директоры

АТЫРАУ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here