Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің құнды жәдігерлері

0
717

Музейлердің басты құндылығы – жәдігерлерінде, нақтырақ көне әрі тарихи жәдігерлерімен өзіне тартады. Ал, жәдігер дегеніміз келушілерге музей тарихын баяндайтын бірден бір материалдық әрі рухани байлық. Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі өткен ғасырдың 90 жылының басында құрылып, бүгінгі күнге дейін ұлы ағартушының өмірі мен қызметін, шығармашылығын көпшілікке насихаттап келе жатқан тағылым мектебі. Бастапқыда жеке меншік иелігінде болып, түрлі қиындықтарды басынан атқарған музей-үйі қазіргі таңда мемлекет қарамағында, бүгінгі күні жәдігерлер қатарын толықтыру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.

Музей-үйдегі жәдігерлер Ахмет Байтұрсынұлының тікелей өміріне қатысты заттай және тұлғаның тарихи қызметін айғақтайтын мұрағаттық деректі құжаттардан тұрады. Мәселен, заттай жәдігерлерден музейде қайраткердің 1920 жылдары ұстаған қолшабаданы (музейге 2005 жылы  Жангелді Отарбаев қостанайлық ақын әрі ғалым Серікбай Оспанұлының тапсыруымен жеткізген), сонымен бірге ағартушының зайыбы Бадрисафаның қолданған кейбір ыдыс-аяғы (қызы Шолпан арқылы жеткен), самаурыны және отбасылық үй-жиһазы – сандық қойылған. Бұл жәдігерлердің музейге тапсырылуының өз тарихы бар. Мәселен, Бадрисафа сандықты Ахмет ұсталып, абақтыға қамалған кезде, жұбайын іздеп баруға қаражат таппай отбасымен араласып тұратын Мағрипа деген көршісіне сатуға мәжбүр болады. Кейін музей-үй ашылғанда Мағрипаның қызы Бибі Хабиқызы сандықты музейге тапсырған екен.

Көзге тартымды көрінетін жәдігердің қатарында А. Байтұрсынұлының кабинетінде жұмыс жасаудағы муляжы. Жеке үстелінде жазу машинкасы мен кеңселік жабдықтар, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының макеттері сәтті бейнеленген. Ұлт ұстазының жұмыс кабинетінің көрінісі келушілер қызығушылық танытып жатады. 

Жалпы, музей-үйдегі құжаттық жәдігерлер екі кезеңді қамтиды: патшалық және кеңестік билік тұстарындағы тұлға тағдыры. Құжаттық деректердің басымы Ахметтің Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітіргенде алған куәлігінен бастап, Қарқаралыдағы қызметі мен Қарқаралы құзырхатын жазуға қатысуы, алғашқы істі болып, абақтыға жабылуы және сол сияқты өмір жолдарын айғақтайтын мұрағаттық деректер.

Кеңестік (большевиктік) билік тұсындағы Ахметтің өмір жолы мен шығармашылығын саралауда архив қорларына тиісілі фотоқұжаттардың да маңызы өте зор. Музей-үйі қорында осы архивтік фотоқұжаттар мен мұрағаттық деректердің телнұсқалары сапалы жасалынып, жақсы сақталған. Бұл архив деректерін мұқият жинақтап, ретімен сұрыптап, сканнұсқаларын жасаушы музей-үйі жетекшісі Райхан Сахыбекқызы.

Р.Сахыбекқызының тұлғаға қатысты 2010-2017жылдар аралығында жарық көрген: «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» монографиясы, «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі (Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы тағылым үйінің қалыптасу тарихы: құрылымы, дамуы, жүйеленуі, зерттелуі)» ғылыми жинағы, «Ахмет Байтұрсынұлы» атты фотожинағы кітаптары мүзей-үйі жәдігерлерінің тізімін жасап іріктеуде үлкен септігін тигізуде. Ахметтанушы ғалымның сараптауында тұлғаның әзірге табылған ұжымдық суреті – 17, жеке суреті – 6. Бұл деректі әрі ресми  суреттердің тарихын жазу – алдағы күндердің еншісінде.

Қордағы ерекше жәдігерлердің бірі – ақын домбырасы және «Арман» күйі. Олардың табылу тарихы туралы арнайы мақала жазуды қажет етеді. Музейге келушілер қордағы «Арман» күйін жеке және оркестрдің орындауында тыңдай алады. Сонымен бірге, тәуелсіздік жылдары салынған портреті бар. Бұл бейне туындылардың авторлары: Б.Мырзахметов, Қ.Шүкірбеков,  Д.Үстеміров және тағы басқа суретшілер.

А.Байтұрсынұлының аяулы есімі оралғаннан бастап қайта басылған туындылары, ғалымның өмір жолы мен шығармашылығына арналған зерттеулер, тұлға қайраткерлігі туралы ТМД және шетелдік ғалымдардың ғылыми еңбектері қойылған. Бұл кітаптардың қатары толықтырылып отырады. Музей-үйде ағартушы кітаптарының кейбірінің түпнұсқасымен қатар, муляждарымен және А. Байтұрсынұлының ұйымдастыруы және редакторлығымен 1913-1918 жылдары шыққан «Қазақ» газетінің қазіргі әліпбиге қопарылған 1913, 1914, 1915 жылғы қайта бастырылған жинақтарымен де танысады. Музей-үйінің бір бөлмесі «Ахметтану» оқу орталығы жұмысына арналған. Мұнда Алаш арыстарының және оларға қатысты жазылған кітаптар жинақталған.

2022 жылы 16 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаев  Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай қойылған ескерткіштің ашылуы салтанатына қатысып, музей-үйіне «Тұмар» сыйға тартты. Қазіргі кезде бұл жәдігер көрермендердің естелік суретке түсетін орнына айналды.

Шара Боздақова,
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі
қор сақтаушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here