Талғам, таным және аударма жайы

0
918

Бүгінде отандық әдебиетті дамыту төңірегінде екіұдай пікірлер көп. Тіпті, әдебиетіміздің өзі жаңа кезеңде басынан түрлі экспериментке толы қызық құбылыстарды өткеріп жатыр: мәселен, кейбір тақырыптарды оқудан мезі болсақ, кей дүниелер жазарманның қаламы мен назарынан тыс қалуда; күн сайын мың түрленген қоғаммен бірге оқырманның да талғам-таразысы өзгеріске ұшырауда. Бұдан тыс, әлемдік әдебиеттің табалдырығынан еркін аттауға аударма мәселесі қолбайлау болып отыр. Сапалы аударма болса, қазақтілді шығармалардың оқырманы да көбейе түсетіні анық қой.

Әдебиет – сөз құдыретінің «алпауыт күші». Ал, «алпауыт күш» иелері – жазушылар. Ендеше, жалпы әдебиет туралы қаламгерлер не айтады? Ортақ сауал қойып, уақыттың үкімімен жазылған, жазылуы тиіс шығармалар, аударма және талғам мәселелері жөнінде айтылған жазушылардың ой-пікірлерін оқырмандарға қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік. 

  1. Қазақ әдебиетіндегі бүгінгі күннің ең өзекті шығармалары қандай? Олар (сіздің таңдауыңыз) несімен ерекшеленеді?
  2. Қазақстандағы аударма саласының негізгі мәселелері қандай деп ойлайсыз? Сізге шетел әдебиетін қазақ тілінде оқыған қаншалықты қолайлы?
  3. Бүгінгі оқырманның талғамына сай шығармалар жазылып жатыр ма? Жалпы қаламгерлер оқырман талғамына икемделуі тиіс пе?

 

Ардақ Үсейінова, жазушы:

  1. «Өзекті» дегенді оқып-тоқығандар әрқилы атайды. Оқырманның оқығанынан нені өзекті деп, түйгеніне сай қалыптасатын талғамға байланысты айтылса керек. Аллаға шүкір деп айтайын, қазақ әдебиетінде ондай шығармалар бар. Баршылық. Мықтылары – әлдеқашан мойындалғандар. Тізбекті «мынау бірінші» деп емес, ойыма оралып, тіл ұшына келген есімдерден бастап айта берсем, онда алдымен Несағаны, Несіпбек Дәутаевты ауызға аламын. Ұстазым болғандықтан, қолдау-көмегі, жақсылығы көп өткеннен кейін ғана емес, кешегінің, бүгіннің, ертеңгінің ең өзекті тақырыптарын жазып кеткендіктен.

Несағаның «Алтын балық» деген повесі бар. Ертеректе жазған. Ертерек болғанда, тағдырдың талайымен кезінде жан-жаққа тарыдай шашылған қазақтардың атамекенге оралатын күн туғанда, алғашқы көштің легі басталғанда жазылған. Әлі өзекті. Ертең де өзектілігін жоғалтпайды. Өзек- арқауы атақонысын тауып, арман арқалаған Бекенайдың үміт-тілегін елдегі ердің тілеуімен ұштастырғанында жатыр. Таяуда «Ана тілі» газетінде алматылық, әдебиет пәнінің мұғалімі Нұрмахан Азаматұлының осы шығармаға шағын талдау жасаған материалы жарияланыпты. Астарын жақсы ашқан.

« – Ал енді алтын балықты ұстап алсаң, сұрайтын тілегіңді айтайын ба? Мысалы, сен оған ең әуелі, елімді аман қыл де. Неге деймісің? Аман елдің азаматы көп болады. Азамат деген – ақылдылар деген сөз. Азаматы көп елдің кісілігі де ұлан-ғайыр. Еңсесі биік, ертеңі жарқын. Қазақ атаң «Әруақты жерден ат үркеді» деген. Азаматы көп елге солай, қиянат, кесір, кесапат сияқты пәлекеттер жоламайды. Ұғып отырмысың?

– Адамдардың бәрінің өз үйі бола ма?

– Азаматы көп елде солай.

– Бәріне жұмыс табыла ма, іздесе?

– Азаматы көп ел ешкімді жұмыссыз тастамайды.

– Аналар жыламайды ма, қашан жаримыз деп?

– Азаматы көп ел әйелдерді жылатпайды.

– Қазір, көке, сонда немене, азаматы көп емес пе?

– Енді, бар ғой, жалпы. Сірә, аз-ау, әлі. Бірақ олар, сөз жоқ, көбейеді. Білесің бе, қайтсе?

– Білмеймін.

– Алтын балық ұстап алсаң, аман елде аналар көбейсін деп те тіле. Аналар көбейсе, ұрпақ көп болады. Көп ұрпақтан азамат көп шығады. Міне, сонда жақсылыққа кенелеміз», – деп шығармадан үзінді келтіре келіп, осы диалогты әрі қарай былай тарқатып, талдайды:

«Кейіпкер арасындағы қарапайым диалог болып көрінгенмен, кейіпкерді типтендіру, образ жасаудың даралау формасын аңғарамыз. Алтын балық ұстауға ниетті болған бала арманы повестке жүк болғанын байқаймыз. Автор бала тілегінің мазмұны арқылы елдегі әлеуметтік мәселені, кедей өмірдің бала танымында бедерленген шынайы өмірдің объективті бейнесін көрсетеді. Бұл – заңды құбылыс. Жоқшылықтың зардабын тартқан ата-ана тәрбиесіндегі Бекенайдың басқалай тілек білдіруі мүмкін емес еді. Алайда осы тілекті ұлттық әрі адамзаттық деңгейге көтеруге себепкер болатын кейіпкер сөзі толғандырмай қоймайтыны анық. Бұл ойдың түпкі байламы қазақ ұлтының өркендеуі үшін тер төккен ұлт зиялыларының идеясымен үндес екенін атап өткен жөн. Автордың астарлап жеткізгісі келген идеяға үстірт қарасақ, көркем туындының концептуалдық жетістігін танымағанымыз. Өстемірдің отбасы, ошақ қасындағы ой-сананы ұлттық деңгейге жетелеп, жоқшылықта өмір сүрген балаға эмпатиялық көзқараспен қарауы оқырманға эстетикалық әсер сыйлайды».

Жиенім, филология магистрі Нұрдәулет Омарбек: «Несағаның көзі тірісінде «Алтын балығын» талдап жазсам деп едім, ғылыми негіз беретін астар көп онда, ой терең», деп айтып жүрді. Бірақ сол күйі жазылмай қалды.

Рахымжан аға Отарбаевтың әр шығармасын іздеп жүріп оқимын. Жақында Жамбыл облыстық драма театрда жазушының ертеректе жазған «Айсырға» әңгімесі «Құсалық» деген атпен сахнаға жол тартты. Әңгіменің өзін жазушының жары Сәуле Отарбаевадан сұрап алып, оқыдым. Ішкі жан дүниеңнің астаң-кестеңін шығарады. Кешегінің де, бүгіннің де өзегін жалғап тұрған тарихи құндылық бар. Ертең де жоғалмайды. Жоғалтқысы келмейтіндер үшін, әрине. Жазушының оқырманына айтпақ болғаны, сахнада тіпті ашыла түскендей көрінді. Режиссердің автордың ойын оқи білгені, рухымен үндес болғаны шығар. Бір сөзбен айтқанда, сұмдық тандем!

Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» деген әңгімесі бар. Бар-жоғы үш беттік дүние. Ал көтерген жүгі, айтар ойы – ауыр. Адамзаттың қашып құтыла алмайтын жалғыздығын алақандай әңгімеге сыйғызып берген. Мәңгілік құндылықтар – туған жер, туған ана, туған елдің қадір-қасиеті… Қандай дулы ортада отырсаң да, ізіңнен өкшелеп, өңмеңдеп қалмайтын жалғыздығыңмен бетпе-бет қалғанда арта түсетінін түсінесің.

Жалпы, қазір жаңаша жазатындар төңірегінде аға буын да әжептеуір талқылап, тіпті талас тудырған әңгімелер де айтылып жүр ғой. Өзінің соқпағын тапқандар мақталып, талданып жатады. Көпшілігі тың тәсілге, соны соқпаққа салғандардың бәсі биік болатынын іштей мойындайды. Ал кеңестік кезеңдегі әдебиет туралы сөз қозғалса, «сылап-сипай» айту әлі бар.

Ойыма оралған-оралғанынша айтам деген, өзіндік тізімімде Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы, Несіпбек Дәутайұлының «Айғыр кісісі», Жүсіпбек Қорғасбектің «Жынды қайыңы», Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпағы», Ділдәр Мамырбаеваның «Дарын жасушасы», Мақсат Мәліктің «Аспалы керуеті»… Осылай жалғаса береді…

Жүсіпбек ағаның «Желтоқсанын» оқыдым. Былтыр. Сұмдық әсер етті. Қысқа әңгіме. Ал қасіреті мың батпан. «Желтоқсанды» осылай да сүйекті сырқыратып отырып, жаныңды түршіктіріп отырып жазуға болады екен ғой» деген ой түйдім.

Кейде бір шығарманың астарынан өзімше ой түйіп, мүлде басқа қырына тартып кететінім бар. Төлен Әбдіктің «Парасат майданын» белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлының мақаласынан кейін қайта оқып шықтым. Амангелді Кеңшілікұлы: «Парасат майданы» көркем шығарма ғана емес – жазушының адамзат баласына айтқан ескерту-аманаты. Ол философиялық туынды. Бұл повесінде басқа шығармаларымен салыстырғанда, жазушының жанын кемірген ой-толғаныстары, үміті мен күдігі, ар азабын кешкен шақтағы уайымы, қоғамның келешегін ойлаған мазасыз қайғысы, жүрегін жаншыған ауыр сезімі бояуы қанық, айшығы анағұрлым анық етіп суреттелген», – дейді.

Рас. Жалпы жазушының шығармалары ішкі қайшылыққа толы. Қазақ әдебиетінде адам жанының екіге жарылуын шығармасына арқау еткен жалғыз Төлен Әбдік қана емес. Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романында да адам жанының екіге бөлінуі көрініс тапқан. Толық ғылыми анықтамасын ала қоймаған, бұл құбылысты қаламгер Төлен Әбдік те айналып өтпеген. «Парасат майданында» ізгілік пен зұлымдықтың шайқасы да бір адамның ой-санасының екі тарапқа тартқан арпалысы екенін оқырман соңында бір-ақ пайымдайды.

Негізі Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» мен «Оң қол» шығармасының түйінін бірге іздеу керек сияқты көрінеді. Екі шығарма да ауруханада басталып, сонда өрбиді. Ажалмен арпалысқан – Алманың тағдыры арқылы жазушы не айтқысы келді? Неге оң қол? Неліктен сол қол емес. Әдетте, діннен тарқатып, шариғатпен жалғағанда айтатын: «Оң қолың бергенді – сол қолың көрмесін» дейтін сөз бар. Біздің ұғымымызда, жамандыққа жуық жүретіні – сол қол. Бірақ жазушының шығармасында кейіпкерін «Оң қолы» буындырып өлтіреді.

  1. Жалпы шетел әдебиетін орысша аудармасынан оқыған түсініктірек. Себебі жазушының қолтаңбасын, стилін тану үшін сөйткен дұрыс. Қазір аудармаға батыл барып жүрген жастар бар. Аздап тәжірибе мен көркемдік жетіспейтіні көрінеді. Кейінгі буын, жалпы бізде, аздаған асығыстық, тілдегі жұтаңдық бар…

Ақын Дәурен Берікқажы аударған Харуки Муракамидің «Норвег орманы. Токиодағы мұңның» қазақшасын оқыдым. Бұл жазушының ең танымал романдарының бірі екені белгілі. Өмірдің өзі қарама-қайшылық екенін еске салады. Жалпы адам баласы көкейіндегі сұрақтардың жауабын таба алмағанда, тылсымға көп иек артады ғой. Мистика – Харуки прозасының өзегі. Қазақша аудармасына жазушы Жүсіпбек Қорғасбек біраз сын айтты. Кемшіліктерді атын атап, түсін түстеп тоқталды. Келіспеске болмайды. Дегенмен аударма ісінде сең қозғалды. Мықтылардың айтулы шығармаларын батылдықпен аударуға кіріскендер, аударып жүргендер бар. Уақытпен бірге келетін тәжірибе толысқанда, ізденіс артқанда, әлем әдебиеті қазақ тілінде батыл «сөйлейтін» болады деген сенім бар.

  1. Бір жылдарда журналистикада «жеңілдетіп» жазыңдар деген талап болды. «Оқырман орамы терең ойға салатын мақалаларды оқымайды, нақты, қысқа жазыңдар» дейтін. Талапқа қарай солай жазуға көштік. Соңында астарлы ойды, терең мағынаны танымайтын оқырман қалыптасты.

Әдебиетте оған жол жоқ. Оқырман қаламгерді емес, қаламгер оқырманды жетелеуі керек. Жазушы Асқар Сүлейменовтің: «Ең терең идеялар – қиын идеялар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті – идеяны ашу емес, оны мұзартқа көміп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шыңғырғандай болып қиналса несі ерсі? Алсын қамау терін!» деген сөзі – осы сауалдың нақты жауабы. Рахымжан Отарбаевтың «Көрген-баққан» күнделіктерінде жазған мынадай сөзі бар: «Талғамсыз көп тобыр үшін жаза алмай қойдым. Ал олар мен сүйген биіктікке көтеріле алар емес. Екі ортада ауасыз бос вакуум жатты. Біріміздің даусымызды екіншіміз ести алмадық. Сонда санаулы топ үшін ғана қалам ұстаймын ба?!». Ойланатын мәселе. Осы ауасыз бос ваккумды толтыру керек. Қалай? Талғам солай екен деп жеңіл жазса, сөзден салмақ жоғалады.

Арман Әлменбет, жазушы, баспагер:

  1. Менің ойымша, бүгін өзекті болатын шығармалар жазылмай қалды. Олар тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдары жазылуы керек пе еді?!. Егер Алашорда арыстары туралы кәсіби жазылған шығармалар болғанда, қазір сол шығармалар оқылар еді деп ойлаймын. Өйткені жақында Міржақып туралы алдымен сериал, сосын кино шыққан кезде өте көп қаралым жинады. Негізі бірінші шығарма, содан соң кинотуынды шығуы керек еді. Өкінішке қарай көп нәрсе жазылмай қалды. Кеңес үкіметіне дейінгі заманды көргендер, олардың балалары бар еді. Кеңес кезінде, кеңестік кезеңге дейінгі қазақтарда жазатын дүниелер көп екенін біздің жазушылар есепке алған жоқ. Соны біз енді түсініп, салдарын енді сезініп жатырмыз. Әйтпесе тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдары сол кісілер қария болса да арамызда жүрді. Олардың көргені мен білгені көп еді. Жазушылардың солардың аузынан көп дүние жазып алуға мүмкіндіктері мол еді. Бірақ біз одан айырылып қалдық. Қазір сол кезеңнің шығармалары жақсы оқылатын еді. Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабына қарап солай топшылаймын. Бізде 1937 жылы қуғын-сүргін болса, Қытайда 1950 жылдары болды. Сол үшін оларда бір буын кешірек бұзылды. Ұларбек Нұрғалым ағалар қазір сол тұстағы Оралхан, Тынымбайлармен замандас. Олар қалыптасып кеткеннен кейін тәуелсіздік келді. Ұларбек ағалардың жас кезі тәуелсіздікке тұспа-тұс келді. Сол тұрғыдан алғанда жолы болып тұр. Екі заманды да көрді. Бұрынғы жазушылар болса, арғы заманды көрді де, мына заманды көруге кеш боп кетті. Негізі «Дайағашшы» секілді еңбектер біздің олжамыз. Осы еңбек секілді етіп біздің жазушылар ескіліктің адамдары туралы біраз шығарма жазғанда керемет болар еді. Осындайда ойға мына әңгіме оралады. Мұны өзі журналист, өзі ғалым, бір ағамның өзінен естіп едім. Ағам КСРО кезіндегі үкіметті боқтайды екен. «Қызылордада атамнан қалған бір жеміс бағы бар еді. 1928 жылы кәмпеске кезінде сол бақтың ағаштарын бәрін отап, тауыққа дейін қапқа салып алып кетті. Сол кезде әкемнің інісінің бір аяғын құшақтап отырып жыладым. Сол ағам кейін соғысқа барып, бір аяғынан айырылып келді. Бізді тонап кеткен үкімет үшін соғысып, аяқсыз келді» дейді. Заманның осындай көріністеріне куә болған жандардың тағдырын жазу керек болатын… Кеш емес. Әлі де мүмкіндігіміз бар. Әлі де ораламыз. Егер қолымыздан келсе, жазатын дүниеміз – бүгінгі заман тақырыптары. Осы тақырыпқа өзім де ниет етіп жүрмін. Сондай-ақ, кеңестік кезеңге дейін, КСРО-ның алғашқы жылдарындағы ахуалды, жадымыздағы деректерді оқи отырып қалпына келтіруіміз керек. Яғни кеңес өкіметі құрылғанға дейінгі «советтік емес» адамдар туралы жазуымыз керек-ау…
  2. Аударма мәселесі – ауқымды тақырып. Мені алаңдататыны, бұрынғы аудармаларды қайта басқанда, редактура жасаған кезде кейбір сөздерді білмей, түзеп жіберу мәселесі. Аударма емес, қазақ әдебиетінің шығармаларын қайта басып шығарған кезде де редактор, корректорлар түсінбей кей сөздерді өзгертіп жіберуі мүмкін. Солай болып та жатыр. Қазіргі аудармалардың көбінде аудармашылар бір сөзді әр түрлі мағынада аударуы, түпнұсқадағы ойды жеткізе алмауы мүмкін. Орысша ойланып, қазақша жазу деген пайда болды. Мұндай жұмыс әдебиетке үлкен кедергі келтіреді.

Аз-кем аудармашылар болмаса, көбін оқымаймын. Бұл «оқырман оқымайды» деген сөз емес, оқырман оқиды. Кітаптарды аударуға тапсырыс беріп жүрген адам ретінде талапты жоғары қоюым мүмкін, дегенмен аударма оңай шаруа емес.

  1. Қаламгер Кенжебай Ахметов, жазатын адамдарды: журналист, публицистер секілді баяндап жазатындар, болған оқиғаға өлең арнап отыратындар, оқырманға ұнайтын нәрселерді жазатындар және оқырманды алға жетелейтіндер, деп үшке бөледі. Талғам мәселесін осы үшінші топ шешеді. Шығармашылық адамы бірінші кезекте өзіне ұнайтын нәрсені жазады. Талғамы мен деңгейі жоғары болса, жақсы дүние шығады. Көпшілік ұнатуы да, ұнатпауы да, түсінбеуі де мүмкін. Ақырын-ақырын оқырман тәрбиелене келе үйренеді, түбі оқиды. Оқырманы санаулы болса да керемет дүние болады. Жалпы кино саласында «көпшілік көретін нәрсе мен биік өнер арасындағы алтын ортаны табу керек» деген пікір бар. Көбісі осыған ұмтылады. Осы жағынан оқырманды тәрбиелеу үшін, әдебиетті тірілту үшін арнайы тәсілдерді қолдануға болатын шығар деп ойлаймын. Қазір мен де сондай қадамға барып, бір дүние жазып жатырмын. Алайда ешқашан жұрт түсінбейтін, абстракт дүние жазуға ұмтылған емеспін. Жазып болған соң көре жатармыз. Ал жалпы оқырман талабына икемделу деген нәрсе. «Бір қадам артқа, екі алға» деген тәсілмен жүріп отыруы керек. Осылай оқырманды алға жетелейді. Ал оқырман авторды артқа тартып кетсе қиын. Қазір кинода сондай процес жүріп жатыр. Көретініміз боқтау, жеңіл әзіл, бет алды дөрекі дүниелер, тұрпайы қимылдар. Көрермен осындай көріністерге күледі. Күледі екен деп, одан сайын құлдырап барамыз. Енді керісінше тәрбиелеу керек. Он шақты жыл бұрын қазақша кино жоқ еді, қазір бар. Бірақ деңгейі төмен. Ал жазушы мен оқырман арасында мұндай алаң қалыптаса қойған жоқ. Әркім әр түрлі нәрсе жазуда, оқырмандар соны іздеп барып, біреуін оқып, біреуін оқи алмай жүр. Жақын арада бір дүние басталу керек. Танымал авторлар шығу керек. Мысалы, 3000 тиражбен сатылған кітабы бар жазушы шықса, әжептәуір жұлдыз болайын деп тұр. Бұл құбылыс осы бір-екі жыл ішінде болатын шығар. Сол кезде талғам қалыптасады. Қалыптасқаннан кейін барып осындай сұрақтар қоя бастауымыз керек. Талғам мәселесі сол, өзекті болады.

Есбол Нұрахмет, жазушы:

  1. Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі өзекті шығармалар – осы қоғамда өмір сүріп жатқан кез келген кейіпкердің, мейлі ер болсын, мейлі әйел болсын ішкі жан-дүниесіндегі құбылыстарын толық суреттеп көрсете алған шығармалар. Сондай туындылардың бірі – Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуездер» дейтін әңгімесі. Қазіргі қоғам жадында кеңестік кезеңнен кейінгі қалған дәстүрлі түсінік пен жаңа таным-түсініктер арасындағы қайшылықтар адамдардың психологиясы мен өмір сүру салтына едәуір әсерін тигізеді. Біреуге бақытын сезініп, жақсы өмір сүруге кедергі келтірсе, енді біреудің жолын жауып, ісінің жүзеге асуына мүмкіндік бермейді. Осындай түсініктер адам тағдырына тікелей әсер етеді. Ал бұл құбылыстарды толық суреттей алған шығарма – өзекті.
  2. Ең негізгі мәселесі – аталмыш саланың жоқтығы немесе аз екендігі. Біздегі аз ғана аудармашылықты «бар» деп айту ұят болар. Екінші мәселе – сапа. Редакторлық және корректорлық жұмыстардың дұрыс болмауы; кітаптардағы қателердің өріп жүруі – көп кездесетін мәселе. Аударма жұмысымен мемлекет емес, жеке баспалар айналысып жатқан соң, әрине, кәсіпкер ретінде олар экономикалық тиімділікті басты орынға қояды. Азын-аулақ ақшаға аударма жұмысын жасатқысы келеді. Сондықтан аударманың сапасы ойсырап тұр. Мемлекет тарапынан аударма ісіне байланысты жұмыстарға көмек көрсетуі қажет. Үшінші мәселе – талғам. Аударылған шығармалардың көбі – бестселлер мен көп сатылған туындылар. Сатылымдағы туындылардың әрқайсысын «шедевр» деп атауға болмайды. Мүмкін кейбірі оқуға жеңіл болған шығар, ал енді бірінің жарнамасы жақсы болса керек. Нәтижесінде кейбір шығармалар осылайша таралып кетеді.

Әлем әдебиетіндегі негізгі бір бағыттар мен ағымдарды таныта алатын, олардың ойы мен философиясын жеткізе алатын шығармалар назардан тыс қалып қояды. Нағыз ақын-жазушылар мен әдебиетшілерге керек шығармалар көмескіленіп қалады. Мұның шешімін шет тілдерін меңгеру арқылы қол жеткізуге болар. Бірақ бұл шығармашылық адамының уақытын алатын еңбек. Ал аударма ісі жақсы дамыған шетелдік жазушылар аталмыш жұмыстарға көп уақыт шығындамайды. Олар бар дүниені зерттеп, оқып, ізденіп, ары қарай өз шығармашылықтарында жаңалық жасауға кіріседі. Ал бізде сирек кітаптарды оқу, түсіну, тілді меңгеру керек. Бұл іспен айналысып жүргендер жоқ емес, десе де жас мамандар саны аз. Егер қазақ тілінің де деңгейі жоғары болғанда, әлемдік деңгейдегі шығармалардан асып түсетін туындылар бізде көп.

Мен бала кезімнен шетел әдебиетін қазақ тілінде оқып келемін. Бұрын-соңды қазақ тіліне аударылған кітаптарды тауып оқуға тырысамын. Мопассан, Бальзак секілді әлем классиктерінің қазақ тіліндегі нұсқаларын оқыдық. Әлі де қол жетпей жатқан туындылар бар, сол олқылықтың орнын толтыру үстіндеміз. Өзіме анамның сүтімен енген, бала кезден үйренген өз тілімдегі туындылар түсініктірек. Мен таза қазақ тілінің тұтынушысымын.

  1. Талғам мәселесін әр адамның ойлау, тану деңгейімен салыстырған Оқырманның талғамы биік те, төмен де болуы мүмкін. Мәселен, қазақ тілінде жаңадан жарық көрген туындыларға қарасақ, әрі жеңіл, әрі өмірден тым алыс фильмдер түсірілуде. Комедия жанрының өзі өмірлік ой-толғамдардан құралады. Сахналық «Жайдарман» деңгейіндегі әзілді өмірмен байланыстырып жатыр. Мұны «кино» деп атауға бола ма, білмедім. Ал халықтың сұранысы артуда дейтін болсақ, онда талғамға қатысты күмән туады. Сондықтан автор оқырманның талғам деңгейін биіктетін шығармаларды жазуы керек. Олардың талғамына икемделу қажет емес. Бірде Скорсезе, Нолан сынды Голливуд режисерларының дөңгелек үстел басындағы сұхбатын қарап едім. Сонда Тарантино «Мен өзім көргім келген дүниені түсіремін» деді. Осы ойды әрбір жазарманға айтар едім. Мен де өзім оқығым келетін туындыны жазғым келеді. Жазылған дүниені оқығанда, жалықпайтындай жазу керек. Сонда ғана оқырман бас алмай оқиды. «Біреуге ұнасын» деп жазуды түсінбеймін. Әуелі – өзіңді ойлау. Әрине, арасында шығармаға айтылған әділетті сын кездесіп жатады. Сыншылар пікіріне қатысты кемшілік пен артықшылықтарды түзетуге болар, алайда оқырманның деңгейіне түсіп, әрекет ету дұрыс болмайды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here