«Ел аман, жұрт тыныш» жатқанда… еліміздің 10 облысын су басты

0
698

Биылғы жылдың көктемі – елімізде «су апаты мезгілі» боп тарихқа кірді. Әсіресе, мына ғаламның сырына тұншыққан адам қиялы мен миында ақпаратқа орын қалмай бара жатқан қазіргі сын-сағаттарда…

Қазақ атам айтпақшы: «Ел аман, жұрт тыныш» жатқанда…

Су тасқыны орын алды. Қазақстанның 10 облысын су басты және 8 өңірінде төтенше жағдай жарияланды.

ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ…

Елімізде төтенше жағдай орын алғанда, мемлекет тарапынан қандай ауқымды іс-шаралар атқарылды? Алдымен осыған тоқталайық:       

Мемлекет басшысы өткізген шұғыл кеңеске Премьер-министрден бастап Үкімет мүшелері, Президент әкімшілігінің басшылығы және өзге де саланың лауазымды тұлғалары қатысты.

Апаттың алдына дер кезінде шара қабылдамағаны үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатаң сөгіс арқалады, ал Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері қатаң сөгіс пен қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту алды, Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне де қатаң сөгіс жарияланды. Сондай-ақ Президент – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында байланыстың жүйелі түрде жұмыс атқарылмағанына, сондықтан үлкен көлемдегі шығынның орын алуына өкініш білдіре отырып, зардап шегушілерден кешірім сұрады және барлық азаматқа көмек көрсетілетінін жеткізді.

Күні кеше Президент су тасқынына байланысты жедел штабтың отырысын өткізді. Штабтық жиында алда-жалда бола қалатын су тасқынының алдын алу шараларына мән беруді ерекше тапсырды.

«Көктем мезгілінде қар шығару, өзендердің қауіпті учаскелеріндегі мұзды жару, қарғын су жүретін арналар жасау және басқа да қажетті шаралар алдын ала жүргізілуге тиіс. Жаз-күз маусымында өзендердің арналарын уақытылы тазалауды, табанын тереңдетуді және сағаларын кеңейтуді, автомобиль мен теміржолдардың бойындағы қолданыстағы су өткелдерінің қуаттылығын арттырып, жаңасын салу қажет. Қорғаныс бөгеттері мен су жүретін каналдар салу керек. Бұл міндет Республикалық штабқа және Үкіметке жүктеледі. Табиғи және техногенді апаттардың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдарға бақылау жүргізу құқығын беру керек. Мұны заң жүзінде бекіту қажет», – деген Мемлекет басшысы суы мол өзендердің арнасын реттеу үшін су қоймаларын салудың маңыздылығын және сол қоймада көктем-жаз мезгілінде шаруашылық үшін қажетті су қорын сақтауға мүмкіндік көп болатынын жеткізді. Мұнымен қоса мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезіндегі бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу және бұл құжатта төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге және дүние-мүлікті қалпына келтіруге дейінгі барлық құзырлы органның міндеттері мен іс-қимылы қамтылу қажеттігін нақтылады.

Штабтық отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, уәкілетті органдарға, облыстардың әкімдеріне қысқа мерзімде жаңа тұрғын үй салу және үйлерді жөндеу, коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды тез арада қалпына келтіру үшін тиісті шараларды қабылдау, күнделікті тұтынатын азық-түлік пен аса қажетті тауарлардың бағасын бақылау жөнінде да бірқатар тапсырмалар берді. Және малдың жаппай қырылуына байланысты ушыға түскен эпидемиологиялық жағдайға да жеке тоқталды.

ГМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК

Жалғастардың жалғасы деп, ұрпақты тәрбиелеп, ұлтты қорғаймыз деп жүргенде…

Ауыл, дала, ел деген ұғымдарды ой төрінде ғана сақтап, бәріміз «қалалық», «заманауи жан» болуға ұмтылып жүргенде…

Немесе мәңгілік әуренің (дүниенің) жетегінде кеткендер үшін де бұл үлкен сабақ болды!..

Ал осы бір жанды, жүректі қажаған табиғи апат орын алған өңірлерге гуманитарлық көмектер қалай көрсетілуде? Сауалдарға ресми деректермен жауап берелік:

  • Еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлер үшін «Күшіміз бірлікте» Қорына қаржылай көмек жолдауда (бұл 2022 жылдың қаңтарында алматылық кәсіпкерлердің бастамасымен талан-таражға түскен және жойылған кәсіпкерлік субъектілеріне көмек көрсету мақсатында құрылған қор еді. Және бұл қор 2023 жылдың ақпан айында Түркия мен Сирияда 50 мыңнан астам адамның өмірін қиған күшті жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде 72,7 миллион теңге жинап берген болатын).
  • «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 1432 call байланыс орталығына хабарласып, су тасқынынан мүлігі бүлінген немесе зардап шеккен кәсіпорындар кеңес ала алады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары облыстық жедел штабтар жұмысын жұмылдырып, нәтижесінде өңірлік кәсіпкерлер палаталарына 100-ден аса өтінімдер түскен және бизнес субъектілеріне келтірілген залал көлемі нақтылануда.
  • Қазақстандық волонтерлар белсенді түрде жұмыс атқаруда. Жалпы еріктілер су басқан аумақтардан тұрғындарды эвакуациялап, медициналық көмектер көрсетіп, заттар мен азық-түліктерді жинау пункттерінен эвакопункттерге тәулік бойы тасымалдап, тұрғындарға ыстық тамақ ұйымдастырды. Және де Ұлттық волонтерлер желісі жедел штабының жұмысы аясында еліміздегі 20 аймақтың әрқайсысында өңірлік волонтерлер фронт-кеңсесі базасында call center құрылды (байланыс нөмірі +7 708 706 4242).
  • Kaspi.kz «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорымен білесіп, зардап шеккендерге көмектесу үшін мобильді қосымша арқылы ақша жинауды ұйымдастырды. Санаулы күнде 55 мың қазақстандық шамамен 80 миллион теңге жинады.
  • «Қазақстан халқына» қоры су басқан ауылдарға үй салуға 5 млрд теңге бөледі. Қор бұл қаражатқа ауылдық елді мекендерде 200 баспана салуға болады деп есептейді.
  • Екінші деңгейдегі банктер зардап шеккендердің несиелерінің мерзімін 30 маусымға дейін ұзартып, айыппұл мен өсімпұл есептемейтінін хабарлады.

МИНИСТРЛЕР ҚАНДАЙ УӘДЕЛЕР БЕРДІ?

Қазіргі таңда мемлекеттік тиісті орындар төтенше жағдайдың тұманы сейіліп, жағдайдың біршама болса да тұрақталып келе жатқанын айтады. Соған орай, кей өңірлерде шығындарды есептеу жұмыстары қолға алынды. Мәселен, Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен 26 млрд теңге қарастырылған, бұл қаражат жетпеген жағдайда Үкімет резервінен көмек беріледі.

Ал, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жарамсыз үйлерді қайта салуға бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөлінетінін айтты. Ол үшін алдымен әкімдіктер өңірлердегі қираған баспаналардың нақты санын шығару керек және қанша баспана салу керектігін есептеп шыққан соң-ақ зардап шегушілерге көмек беру басталатынын жеткізді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі болса, су тасқынынан мал басы шығын болған тұрғындарға өтемақы жергілікті бюджеттен төленетінін мәлімдеді. Апатты аймақтан алып шығарылған мал басына азық жетіспеген жағдайда, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізу ұйымдастырылады делінді.

Сонымен, су басу қаупі әлі де бар өңірлердің тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мемлекет тарапынан барлық қажетті көмектер жасалуда.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here