Сайлау алдындағы пікірсайыс қалай өтті?

0
230

Келесі жексенбіде қазақстандықтар үшін маңызды саяси науқан өтеді. Яғни, кезектен тыс президент сайлауына санаулы күн қалды. Басты саяси дода жақындаған сайын кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Үміткерлер мен олардың сенімді өкілдері сайлаушылармен кездесіп жүр. Ал, 11 қарашада Қазақстан президенттігіне үміткерлердің арасында теледебат өтті. «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде сағат 20.00-де басталып, 1 сағат 40 минутқа созылған пікірсайысқа кандидаттардан Нұрлан Әуесбаев, Қарақат Әбден, Мейрам Қажыкен, Салтанат Тұрсынбекова, Жигули Дайрабаев және қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәл сол күні Өзбекстанның Самарқанд қаласында алдын ала жоспарланған Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне байланысты жұмыс сапарына орай сенімді өкілі Ерлан Қошанов қатысты.

ТЕЛЕВИЗИЯЛЫҚ ПІКІРСАЙЫС

Сайлау алдындағы пікірсайысты өткізу қағидасы мен шартын Орталық сайлау комиссиясы бекітті. Регламент бойынша президенттікке кандидаттардың пікірсайысы төрт раундқа бөлінді. Әр раундқа сәйкес пікірсайысқа қатысушыларға өздерінің сайлау бағдарламасын таныстыруға, қарсыластарына сұрақтар қоюға, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беруге және сайлаушыларға үндеу жасауға мүмкіндік берілді. Бірінші раунд – «Сайлау алдындағы бағдарламамен таныстыру», екінші раунд – «Пікірталас сессиясы», үшінші раунд – «Сайлаушылардан сұрақтар», төртінші раунд «Сайлаушыларға арнау» деп аталды. Қорытынды раундта қатысушылар сайлаушыларға сөз арнады.

Тағы бір ерекшелігі, кандидаттардың сенімді өкілдері мен жақтастары пікірсайысты студияда отырып, көзбе-көз бақылауға мүмкіндік алды.

Бірінші раундта әр қатысушыға сөз сөйлеуге 3 минут, екінші раундта қарсыластарға екі сұрақтан қоюға 30 секунд, екі сұраққа жауап беруге 2 минут, үшінші раундта сайлаушылардың сұрағына жауап қайтаруға 2 минутқа дейін, төртінші раундта сайлаушыларға сөз арнауға 2 минут уақыт берілді.

Айта кетейік, «Хабар» телеарнасы қазақстандықтарға 10 қарашаға дейін «Кандидаттан сұра!» деген айдармен кез келген кандидатқа бейне форматта сауал жолдау мүмкіндігін ұсынған болатын. Демек, сайлаушылардың өзінің көкейінде жүрген сұрақтарды кандидаттарға қоюға мүмкіндігі болды.

КАНДИДАТТАР БАҒДАРЛАМАСЫН ТАНЫСТЫРДЫ

Алдын ала тартылған жеребе бойынша кандидаттар кезекпен сөйледі.  Алғашқы кезеңде алғашқы сөзді Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Ерлан Қошанов алды.

«Бүгінгі таңдағы халқымыздың ең басты талабы қандай? Ол – әділдік! Бағдарламаның негізгі өзегі де осы. Біріншіден, Әділетті қоғам. Яғни, қоғамда заң үстемдігі мен тәртіп салтанат құруға тиіс. Екіншіден, Әділетті экономика. Ендігі жерде билік те, байлық та бір қолға шоғырланбайды. Шетел асқан халық қазынасы елімізге толықтай оралады. Үшіншіден, Әділетті мемлекет. Яғни, мемлекет ешкімнің жеке меншігі емес. Әділетті, байқуатты және қауіпсіз мемлекетті бәріміз бірге құратын боламыз», – деген Ерлан Жақанұлы бағдарламаны таныстыруға берілген 3 минутты ұтымды пайдаланды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілінен кейін Қарақат Әбден қысқаша бағдарламасымен таныстырды.

«Қариясы жоқ ел жетім. Ақ жаулықты әжелеріміз бен ақсақал аталарымыз көненің көзі ғана емес, ұрпақ үшін маңызды өмірлік тәжірибесін жинаған қазыналар. Оларды қолдау арымызға, елдігімізге сын», – деген «Ұлттық альянс» қоғамдық ұйымынан президентікке кандидат әлеуметтік мәселелерді көтерді.

Үшінші сөз кезегі «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кандидаты Жигули Дайрабаевқа берілді.

«Мен Ата заңымыздың басты қағидаты – билік те, байлық та халыққа тиесілі болуын сөз емес, іс жүзінде жүзеге асырамын. Қарапайым еңбек адамының рөлін арттырамын. Әр адамның азамат болып қалыптасуына, тынымсыз еңбек ететін мұғалімдердің, жан мен тәніміздің сақшысы болып жүрген дәрігерлердің, ел ырыздығын молайтып отырған ауыл еңбекшілерінің беделін бәрінен жоғары қойып, қайта асқақтатамын», – деп нық сөйлеген Жигули Молдахалықұлы елді дамытудың үш бағытын атады.

Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасынан кейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұсынған кандидат Нұрлан Әуесбаев сөйледі.

«Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту керек. Жемқорлық қылмыс барынша ұзақ мерзімге жазалануы тиіс. Олигархиялық капитализм емес, халықтық экономика құру қажет», – деді Нұрлан Сатыбалдыұлы.

Саясаткер өзінің бағдарламасы саяси реформаларға, соның ішінде Қазақстанды парламенттік-президенттік республикаға айналдыруға және сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталғанын тілге тиек етті.

Бесінші болып өз бағдарламасын таныстырған Салтанат Тұрсынбекова ең төменгі жалақы мен күнкөріс мөлшерін қайта қарау керектігіне, кедейшілікпен күрес бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды.

«Отбасыларға ана капиталын беріп, барлық баланы жәрдемақымен қамтуға тиіспіз. Ең бастысы, әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендетуіміз керек», – деді саяси додаға «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің атынан түсіп жатқан кандидат.

Алғашқы кезеңдегі соңғы сөзді «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінің кандидаты Мейрам Қажыкен алды.

«Өңірлерде мемлекеттік басқару жүйесі дамитын болады. Әкімдердің дербес шешім қабылдау мүмкіндігі кеңейеді. Халық барлық әкімді өзі сайлайды. Бұл азаматтардың жергілікті биліктің халық алдындағы шешім қабылдау және есеп беру деңгейін арттырады», – деді Мейрам Қажыкен.

Айта кетейік, алдағы жексенбі, 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here