Құқықтық мәдениет қалыптаспай, қоғам дамымайды…

0
935

Расында, біз өркениет көшіне ілескен, авторитарлық әдістер мен бюрократиялық жүйеден ада құқықтық мемлекетте өмір сүргіміз келсе, ең алдымен қоғамның құқықтық мәдениетін, азаматтардың құқықтық сауаттылығын қалыптастырып, дамытуымыз қажет. Қазір заң тетіктерін, нормаларын жете білмегендіктен көптеген азамат өз құқығын қорғауда, тіпті күнделікті тіршілікте дегендеріне жете алмай жүргені анық. Одан бөлек, алаяқтарға жем болып жүргені және бар. Сондықтан құқықтық сауаттылық қазір әрбір азаматқа ауадай қажет.

Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің тұғыры мықты

Бұл – уақыт пен қоғам талап етіп отырған құндылық. Кез келген адам өзінің өміріне керекті құқығын және оның шегін барынша білгені абзал. Сол себепті, ел болып құқықтық мемлекет құрамыз деген ұранмен алға ұмтылған кезеңде әрбір отандасымыздың құқықтық сауатын жетілдіруге талпынып, барынша осы бағыттағы біліммен «қарулануға» ұмтылуы тиіс.

Жалпы Ата Заң талаптарының орындалуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына бірден бір кепіл болатын тұлға ретінде Мемлекет басшысы да бұл іске мүдделілік танытады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының құқықтық санасын қалыптастыруды түрлі маңызды жиындарда сөйлеген сөздерінде, халыққа арнаған Жолдауларында да ұмыт қалдырған емес. Мәселен, Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Білікті заңгер Серік Ақылбай атап өткен құқықтық сананы қалыптастыру мәселесі де өте өзекті. Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды. Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің тұғыры қашанда мықты болады», – деп отандастарымызға құқықтық сананы қалыптастырудың аса маңызды екенін айтып өтті.

Сондай-ақ 2023 жылғы 27 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде ынтымағы жарасқан қоғам құрамыз десек, біз заң мен тәртіпке мүлтіксіз бағынуымыз қажет екенін айрықша атап өтеді. «Бұл – Әділетті мемлекет құрудың ең басты қағидаты. Оны жүзеге асыру үшін кез келген құқықбұзушылық әрекет жазасыз қалмауы керек. Заң нормалары қағаз күйінде қалып қоймай, іс жүзінде, яғни қоғамдағы орнына немесе сіңірген еңбегіне қарамастан, азаматтардың барлығына бірдей қолданылуға тиіс. Екінші жағынан, халықтың құқықтық сауатын дәйекті түрде арттырып, қоғам санасына адами құндылықтарды сіңірген жөн. Әрбір азамат өз сөзі мен әрекетіне заң тұрғысынан есеп беріп, оның құқықтық салдары қандай болатынын нақты түсінуге тиіс», – дейді Ассамблея сессиясында сөйлеген сөзінде.

Бүгінде құқықтық сауаттылық пен мәдениет төңірегінде айтылатын болса, алдымен адам құқықтарын қорғау, нәсіліне, жынысына не басқа да ерекшеліктеріне қатысты кемсітуге болмайтыны туралы айтылады. Алайда, құқықтық мәдениеттің аясы айтарлықтай кең. Құқықтық нигилизмнің өзі сыбайлас жемқорлықты тудырса, оның салдары көлеңкелі экономиканың өркен жаюына жол ашады. Осы кедергілердің кесірінен мемлекеттің қалыпты жұмыс істеуі тежеледі. Оған қоса азаматтардың заң нормалары мен өз құқықтарын жетік білмеуі – мемлекет тағдырының өзгеруіне әкеп соғуы да әсте мүмкін. Өйткені, мұндай жағдайлар көбіне саяси ойындардың алғышарты болып кетуі ғажап емес.

Бұл тенденция бізде ғана емес, әлем елдерін де алаңдатқан өзекті мәселелердің қатарында тұр. Сарапшылардың айтуынша, құқықтық сауаттылық проблемасы біздің елде де өзектілігін жоймай тұр. Құқықтық сауатсыздықтың салдары қандай мәселелер туғызуы мүмкін, құқықтық сауаттылық неліктен маңызды, мемлекет құрылым қандай іс-шараларға басымдық беруі керек, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін қайтпек керек, нені өзгерту керек деген сауалдар төңірегінде заңгер мамандары аз айтып жүрген жоқ.

Құқықтық сауатты қайтсек арттырамыз?

Бүгінде мамандар халықтың сауаттылық деңгейінің төмендігін жиі айтып жүр. Әрине, мұндай қорытындымен келіспеске шара жоқ. Заң үстемдігі жөніндегі рейтинг бойынша Қазақстан посткеңестік елдерден алда тұр. Десе де, жемқорлық, адам құқығын қорғау, ашық үкімет, заң үстемдігі секілді мәселелер әлі де күн тәртібінен түсер емес. Сол себепті осы саланың мамандары ел халқының құқықтық сауатының деңгейін арттырудың маңызы зор екенін алға тартады. Өйткені, құқықтық сауаттылықтың төмендігі азамат үшін де, мемлекет үшін де қауіпті.

Көптеген заңгерлер соттың ресми істеріне негізінде жұрттың құқықтық сауаттылық деңгейіне баға беруге болмайтынын айтады. Тіпті, мүмкін емес деген пікірді алға тартады. Қалай десек те, заңгерлер әлеуметтік зерттеулердің қорытындысына сүйеніп, қазақстандықтардың құқықтық сауатының әжептәуір төмен екеніне көз жеткізген.

Белгілі заңгер Сағидолла Баймұрат БАҚ-қа берген сұхбаттарының бірінде құқықтық сауаттылықтың төмендігі қарапайым азаматтық құқықтық шарттар жасаспауымен сипатталатынын айтқан. «Өйткені, адамдар күнделікті тірлігін оңай шешем деп ойлап, қарапайым сауатты адамның жасайтын дүниелерін істемейді. Оның қатарында еңбек шарты, азаматтық, құқықтық шарттар. Мәселен, біреуден қызмет не зат сатып алатын кезде шарт жасаспайды. Шарт жасалмағаннан кейін құқықтық қатынастарды дәлелдеу мүмкін емес. Мысалы, Астана мен Алматыда мүлікті жалға алу көрсеткіші өте жоғары. Осы бойынша да көпшілік келісімшартқа отырмайды да, кейін соның зардабын шегеді. Сондықтан қарапайым деңгейдегі жазбаша келісімшарт мәселесін көтеру керек», – дейді заңгер сұхбатында.

Ал білікті заңгер, Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанның келтірген аргументімен де келіспеске амал жоқ. Ол отандастарымызды құқықтық сауаты жөнінен екі ортаға бөліп қарастырған. Яғни, қазақ тілді азаматтардың сауатының орыс тілділерге қарағанда біраз төмен екенін өзінің өмір тәжірибесінен алып отыр.

«Бұл мәселе өте өзекті. Мен қазақ тілді ортаның құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мәселесін көтеріп жүрмін. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде қолға алып, айналыспайтын болсақ, Қаңтар оқиғасы секілді жағдайлар қайталануы мүмкін. Сондықтан да қазақ тілді ортаның құқықтық сауаттылық мәселесін дереу қолға алу керек», – деген пікірін жеткізді. 

«World justice project» берген баға

«World Justice Project» деген халықаралық үкіметтік емес ұйым бар. Осы ұйымның зерттеуінше, Қазақстан «Заң үстемдігі» индексі бойынша 2021 жылы 66-орынға тұрақтаған екен. Түсінікті болу үшін заң үстемдігі индексін сипаттап берсек. Бұл – әлем елдеріндегі құқықтық мемлекеттің қағидаттарына негізделген және құқықтық ортамен қамтамасыз етілуі жағынан жеткен жетістіктерін бағалайтын зерттеудің қорытындысы. Нақтылай түссек, бағалау индексі 8 фактор мен 44 көрсеткіш нәтижесінің жиынтығы.

Көрсеткіштерге көз жүгіртсек, жылдан-жылға зерттеуге қатыстырылған елдер саны артып келе жатқаны байқалады. Айталық, 2020 жылы аталған ұйым 128 елді индекстесе, 2021 жылы олардың санын 139-ға көбейткен.

Бұл тізімде Дания алты жыл бойы алдына жан салмай, көш бастап  келеді екен. Дания бастап тұрған үздік бестіктің келесі орындарына Норвегия, Финляндия, Швеция және Германия орналасқан. Ал біздің еліміз 0,52 балмен 66-орынға тұрақтап, мұның алдындағы зерттеу қорытындысынан 3 позицияға жоғары көтерілген екен. Байқасаңыздар, негізінен дамыған елдерде заңның үстемдігі басым, сәйкесінше азаматтардың құқығын қорғау көрсеткіші де жоғары. Сол себепті де мұндай елдерде тәртіп пен қауіпсіздік салтанат құрған. Қалай десек те, Қазақстан жайғасқан орын еңсені түсіретіндей емес. Яғни, Молдова (73-орын), Украина (74-орын), Беларусь (97-орын), Ресей (101-орын) сынды елдердің алдында тұрғанымыз да жетістік.

Заң тілі де – шешуші фактор

Біз тәуелсіздік алып, азат ел болсақ та, заңымыздың тілі әлі қазақшаланар емес. Бұл, әрине, біріншіден, кеңестік кезеңнен заң шығару саласында қалыптасып қалған «қағида» болса, екіншіден, көпшілік заңгерлердің, осы саладағы ғалымдардың қазақ тіліне шорқақтығы да шешуші фактор болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, бізде әлі де қазақтілді білікті заңгерлер аз. Тіпті, журналистердің өзіне, материалына спикер ретінде пікір ала қояйын десе, қазақ тілінде қамшы салдырмай сөйлейтін сауатты заңгерлерді табу қиын. «Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жасалып жатқан әлеуметтік жобалар жоқ емес, бар. Бірақ, олардың біреуінің де пайдасы жоқ. Мен сондай жобаның біріне қатысып, сауаттылық деңгейін арттыруға атсалысқан адам ретінде айтқым келеді. Өйткені, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат аз, мүмкін бұл мемлекетке қажет те емес шығар. Екіншіден, сапасы жоғары деңгейдегі мамандар саны да аз. Әсіресе, қазақтілді заңгерлердің білімі мен біліктілігі көңіл көншітпейді. Сонымен қоса қазір аудандардан өз кәсібін жақсы білетін заңгер табу қиын болып тұр. Алматы мен Астанадан ондай проблема аз. Бірақ, өңірлерде бұл үлкен мәселе болып тұр», – дейді заңгер Сағидолла Баймұрат.

Мұны заңгер, депутат Абзал Құспан да қоштап отыр. Ол халықтың сауатын арттыруға септесетін айтарлықтай көзге көрінер жұмыс жоқ екенін айтады. Біздегі заңдар мен бағдарламалардың алдымен орыс тілінде жазылып, кейін ол қазақ тіліне калька түрінде аударылатынын айтып қынжылыс білдірді. Сол себепті де қазақ тілді аудиторияның калька аудармадан заңның нақты концепциясын түсіне алмай жүр. Расында, біздің елге бұл тұрғыдан әлі де көп жұмыс керек-ақ. Әрине, қозғалыс жоқ деп айта алмаймыз.

Әркім өз құқығын білуге мүдделі

Бұл шағын сараптамамыздың тақырыбында көрсеткеніміздей, расында көпшіліктің құқықтық мәдениеті қалыптаспай, қоғам дамымайтыны айтпаса да түсінікті жағдай. Зерттеулерге сүйенсек, күнделікті ғаламтордағы ақпараттар ағынын зерделесек, дамушы елдерге қарағанда көбіне дамыған елдердегі адамдардың құқығын қорғау тетіктері жақсы жұмыс істейді. Оның ар жағында сол елдердің халқының өз құқықтарын, елінің басты заңының талаптары мен міндеттерін бес саусақтай білетіні «менмұндалап» тұр. Яғни, әр азамат құқығының қорғалуы үшін өзі де оған мүдделі болуы керек.

«Әлем елдеріндегі құқықтық сауаттылық деңгейі әртүрлі. Мәселен, Еуропа мен Америкада жоғары. Ол жақта кез келген мәселеге адам құқығы тұрғысынан келеді. Біздің посткеңестік елдерде мәселеге мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарайды. Батыс елдерінде жеке адам құқығы тұрғысынан келетін болған соң, әр адам оқуға, үйренуге мүдделі. Мәселен, АҚШ-та заңгерлер саны бізден әлдеқайда көп. Алайда, олар біздегідей прокурор, сот, тергеуші болайын деп емес, «өзім үшін» деген мақсатта үйренеді. Ол жақта адамдардың өздері құқықтарын білуге мүдделі. Оған өмірін өзгертетін фактор ретінде қарайды», – дейді Абзал Құспан.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Егер сізге біреу күш қолданып, шабуыл жасаса, қарап тұрмай сіз де шұғыл қарсылық танытып, тіпті қолыңызға түскен затты қорғаныс қаруы ретінде қолдануыңыз мүмкін. Құқық мәселесінде де әр азаматта дәл осындай реакция іске қосылуы керек. Әрине, ол үшін сіздің құқықтық танымыңыз, логикаңыз, сауатыңыз, мәдениетіңіз жоғары деңгейде болуы керек-ақ. Білікті заңгерлер заңгерлікті қызметтік мансап үшін ғана емес, өз құқығыңды білу үшін үйренуіміз керектігін үнемі айтып келеді. Бұрынғы өткен ер-азаматтардың бес қаруы негізінен жаугершілік замандағы талапқа сай сайланса, бүгінгінің бес қаруы – заңды жетік білу дер едік.

Бүгінгі таңда бұзақыдан емес, азаматтарды арбауына оңай-ақ түсіре салатын алаяқтардан төнген қауіп басым болып келе жатқан мына күнде заңды құқығын білген адам – бес қаруы сай адам екені естеріңізде болсын!

Талғат БЕРІКБАЙҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here