Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) – кезінде әлемде жер көлемі бойынша бірінші, экономикалық және әскери қуаты бойынша екінші және халық саны бойынша үшінші орын алған держава. Жетпіс жылдай өмір сүрген КСРО құрамына 15 кеңестік республика енді. Ресей, Украина мен Беларусь басшылары 1991 жылғы 8 желтоқсанда «Беловеж келісімі» деген атпен тарихта қалған келісімге қол қойғаннан кейін КСРО ыдырады. Осылайша, ХХ ғасырдағы алып империя тарих қойнауына кетті.
1991 жылы КСРО халқы 290 млн адамды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Кеңес Одағы алдына Қытай (1,15 млрд) мен Үндістанды (910 млн) ғана салды. Содан келмеске кеткен алып империяның орнын АҚШ (253 млн) басты.
Қазір посткеңестік елдердегі халық саны 300 млн адамға жетті. 1991 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда Балтық елдерінде, Ресейде, Украинада, Беларусьте, Грузияда, Арменияда халық саны кеміген, ал Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты мұсылман елдерінде халық саны артқан. Мәселен, 31 жылда халық саны Украинада 10,7 млн адамға кемісе, керісінше Өзбекстанда 15,6 млн адамға көбейген.