Енді Алматының Медеу шатқалына қатынайтын автобус жиі жүретін болады. Бұл туралы қала әкімдігінің Баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қалалық мобилділік басқармасы таратқан мәліметке сенсек, тау-шаңғы маусымының ашылуына байланысты 26 қарашадан бастап №12 автобус бағытының жұмысы күшейтілді. Енді бұл бағыт бойынша 10 минуттық интервалмен демалыс күндері 20, жұмыс күндері 16 автобус жолға шығады. Бағыт «Алматы-2» темір жол бекетінен басталып, Абылай хан даңғылымен жоғары көтеріліп, Абай даңғылымен жүріп, «Медеу» мұз айдынына дейін барады. «Медеуден» соңғы автобус түнгі сағат 00:30-да шығады.
Айта кетейік, 26 қарашада «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінде тау шаңғысы маусымы ресми түрде ашылды. Онда сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері түнгі уақытта да сырғанауға болады. Демалушылар үшін ұзындығы 25 шақырым болатын түрлі қиындықтағы 14 жол қарастырылған.