«Ақылды көзілдірік»: Ғаламды өзгертуге талпынған жас өнертапқыштың жетістігі

0
8426

Әлемді өзгертуді арман еткен атыраулық Хайдар Атағұлла көру қабілеті нашар адамдар үшін жаңа үміт сыйлайтын ерекше жоба жасап шығарды. Көзінің көруі әлсіз болғандықтан, ол күнделікті өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды жақсы түсінеді. Бір күні өзіне-өзі: «Менің көруім нашар болғанымен, жан-жағымды еркін көре аламын. Ал, зағип жандар мүлдем көрмейді ғой, олардың жағдайы қалай болмақ?» деп сұрақ қойып, осы проблеманың шешімін ойланып көреді. Ақыры, зағиптар үшін құрылғы жасауға бекінеді. Оның «Ақылды көзілдірік» жобасы осылайша дүниеге келген еді.

КӨЗІ НАШАР КӨРЕТІНДЕР ҮШІН ӨМІРДІ ЖЕҢІЛДЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБА

Өз өнертабысын жасамас бұрын компьютерлік бағдарламалау тілдерін меңгерген Хайдар Python тілінде кәсіби деңгейде жұмыс істей алатын деңгейге жеткен. Бұл тіл ол үшін тек құрал емес, болашақтағы үлкен жобаларының іргетасы болды. Тіпті, өзіне бағыт-бағдар беретін адамды да табады. Өзі білім алатын «Білім-инновация» лицейінің информатика пәнінің мұғалімі Асқар Нұркейдің кеңестерінен көп нәрсе үйренген.

Хайдардың «Ақылды көзілдірігі» – ерекше интуитивті құрылғы. Саусақпен басып іске қосылатын бұл құрылғы ChatGPT және Wikipedia сияқты ақпарат көздерінен сұрақтарға жауап береді, мәтінді дыбыстап оқиды, тіпті көлік қозғалысы кезінде жолдағы кедергілер туралы ескертіп, зағип жанның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ең бастысы, көруі нашар жанға бөлмедегі жағдайды сипаттап, айналадағы оқиғалардан хабар беріп тұрады. Жоба арқылы жас өнертапқыш әлемнің үздік рационализаторларының қатарына қосылып, өз келешегін қалыптастырды. Небары бір жылда ол өз күшімен инновациялық құрылғы жасап, «Jasscience-2024» байқауының жеңімпазы атанды. Осы арқылы әлемдік 100 Rise Global Winners тізіміне енді. Бұл 11-сыныпта оқитын Хайдарға әлемнің кез келген университетінде тегін білім алу құқығын сыйлады.

«Ақылды көзілдірік» – көзі нашар көретіндер үшін өмірді жеңілдетуге бағытталған тұңғыш жоба. Бұл көзілдірік 50 түрлі затты танып, оларды сипаттау қабілетіне ие, сондықтан көру қабілеті төмен адамдарға қоршаған ортаға бейімделуге көмек береді.

Жас өнертапқыштың ең басты ұстанымы – ғылымға қызығушылығы бар адам үнемі ізденіп, бағдарлама тілдерін меңгеруі тиіс. Қызығушылық адамды әркез білімдегі жаңашылдық пен тың дағдыларды игеруге ынталандырады. Ал, ізденуші өз саласын терең зерттеп, қолайлы ортада жұмыс істегені жөн.

«Орта табу пікір алмасуға және бірлесе өсуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ғылым мен инновация саласында қаржы да айырықша рөл атқарады, өйткені жобаларды жүзеге асыру үшін қомақты ресурс қажет. Ғылымда табысқа жету үшін білім, орта және қаржылық ресурстардың үйлесімі қажет. Әсіресе, қаржылық сауаттылықтың маңызы зор, өйткені ғылыми жобаны дамытып, жүзеге асыру үшін қаржы табу дағдысы болуы тиіс. Менің тәжірибемде бұл салада орта болған жоқ, барлығын өзім аяқтай жүріп, терең ізденіспен жұмыс істедім. Мұндай жолда кедергілердің де кездесуі заңдылық. Сондықтан, өзіңмен ой-пікірі бір жандарды тапқан дұрыс», – дейді Хайдар Киікбайұлы.

Ересектерше ойлап, ересек адамша сөйлейтін жоба авторының ғылымға деген құштарлығы 3-сыныпта оқып жүргенде мектепте өткен компьютерлік бағдарламалар курсына қатысудан басталған. Курстан кейін ол өздігінен түрлі ойындар жасап, бағдарламалау әлеміне терең бойлай бастапты. Қазір Хайдар C++, JavaScript, Python, Java секілді төрт бағдарламалау тілін еркін меңгерген. Ал, қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде еркін сөйлейді. Көптілділігі мен бағдарламалау тілдеріндегі біліктілігі оған халықаралық деңгейде танылып, түрлі байқауларда жеңіске жетуіне көмектескен.

Жас өнертапқыш тек технологиямен шектелмей, бос уақытында сурет салумен де шұғылданады екен. Сурет салу оған ерекше шабыт беретін көрінеді, ойлау жүйесі демалып, тың идеялармен толығып отырады. Бұл хобби шығармашылық көзқарасын кеңейтіп, ішкі тыныштығын сақтауға көмектесетінін Хайдар жасырған жоқ.

Оның алға қойған мақсаты – зағиптарға арналған қолжетімді және көп тілде жұмыс істейтін толыққанды көзілдірік жасап шығару. Бұл жоба тек ғылыми зерттеулермен шектелмей, нақты адамдарға көмектесуді көздейді. Хайдар өз жобасы арқылы көру қабілеті шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсартып, олардың қоғаммен толыққанды байланыс орнатуына жағдай жасау мақсатын көздейді. Жаңа технологиялар әлеуметтік проблемаларды шешуге ықпал етіп, қоғамның барлық мүшелері үшін бірдей мүмкіндіктер туғызуға бағытталған.

ЕҢБЕК ПЕН ТӨЗІМДІЛІКТІҢ АРҚАСЫНДА ЖЕТКЕН ЖЕТІСТІК

Отбасындағы ортаншы ұлдың жетістіктері мен болашаққа деген ұмтылысы тек туабітті таланты мен еңбегінің нәтижесі емес, ата-анасының дұрыс тәрбиесі мен қолдауының жемісі. Сәби кезінен-ақ жауапкершілігі жоғары, сабақты жақсы оқып, күнделікті әрекетін жоспарлап жүретін Хайдардың білімге деген талпынысын ата-анасы әрдайым қолдап, оған дұрыс бағыт-бағдар беріп отырған. Әкесі Киікбай Атагуллиннің мамандығы информатик, қазір жеке кәсіппен шұғылданады. Ал, анасы – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Математика және математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі. Әкесі де бір кездері осы университетте дәріс бергендіктен, ғылым мен білімге зор мән береді. Отбасындағы білімге деген құштарлық Хайдарға да, өзге бауырларына да мол септігін тигізді.

«3-6 сыныптарда Хайдар Silkway жеке мектебінде оқыды, мұнда түрлі үйірмелер болды. Әсіресе, информатика және роботтық техника үйірмелері оған ерекше әсер етті. Сол кезде Атақылов Нұрлыбек ағай сабақ беріп, Хайдардың логикасын жоғары бағалаған. «Хайдардың логикасы мықты. Ойындар құрастырғанда басқа балалардан ерекшеленіп тұрады», – деуші еді. Бұл ерте жастан бастап Хайдардың ойлау қабілетінің ерекше екенін көрсетті. 7-сыныпта БИЛ-ге тапсырып сынақтан өткен соң, Хайдар информатика бағытын таңдады. 7-9 сыныптарда облыстық олимпиадаларға қатысып, өз білімін шыңдай бастады», – дейді анасы Дана Ибрашова.

9-11 сыныптарда стартап жобалармен көбірек шұғылданған Хайдардың алғашқы жетістіктері де осал болмапты. Мысалы, жүлделі орынға ие болған «Умный кормушка» жобасы оның шығармашылық ізденісінің ғана емес, еңбекқорлығының да жемісі. Ол үнемі жаңа нәрселерді үйреніп, әрқашан өз білімін жетілдіруге ұмтылады екен.

Өзі де жаратылыстану ғылымының математика саласында 40-тан астам ғылыми мақалалардың авторы, төрт баланың анасы Дана Қасиетқызы қазір ортаншы ұлы шетелде білім алу үшін құжаттарын тапсырып жүргенін айтты. Өйткені, осы «Ақылды көзілдіріктен» соң бірден бірнеше халықаралық университеттен ұсыныс келіпті. Ал, болашағын ІТ саласымен байланыстыратын Хайдардың өзі мұит асып, Америкаға оқуға баруды армандайды екен.

Хайдар Киікбайұлы тек дарынды бала емес, сонымен қатар көп білім алуға талабы мол оқушы. Қазірдің өзінде ол түрлі онлайн курстарды оқып, өз біліміне инвестиция салуға дайын.

«Ол бізбен ересек адамша сөйлеседі. Сондайда «егер білім керек болса, ақшасын ойлама. Қалай да тауып береміз» деп айтып отырамыз», – дейді анасы.

Бұл тек білімнің құндылығын көрсетіп қоймай, ата-ананың балаға деген сенімі мен қолдауының да айқын көрінісі болса керек. Дана Қасиетқызының ұстанымы қарапайым, бірақ өте салмақты: «Жас кезде білімге салынған инвестиция еселеніп қайтады». Хайдардың жетістіктерінің негізі де осы.

Өз жобасына бір жылдан астам уақыт жоғалтқан ол әр жетістігіне ата-анасымен бірге қуанып отырады. Тың идеясын жүзеге асырмақ ниетте талай таңды ұйқысыз өткізген Хайдар әрекеті нәтижесіз болса, жобасын қайтадан түзетіп, көп еңбек етеді. Бұл – нағыз еңбек пен ерекше төзімділіктің арқасында жеткен жетістік. Ол үшін ең басты нәрсе – өз жолында ешқашан тоқтамау және ата-анасының сенімі мен қолдауы.

«Баланы үнемі қолдау керек. Көзіне тіке қарап, «саған сенемін, балам» деп айтудың өзі оған үлкен күш-жігер береді. «Менен қандай көмек керек?» деп үнемі сұрап, қолдау көрсетіп, балаға оның артында алынбас қорған бар екенін сездіру – ата-ананың басты міндеті. Өзіміз де Хайдарды үйде артық мазаламаймыз, оның әрбір жұмысына зор сеніммен, жауапкершілікпен қараймыз. Баланың жұмысына сөзбен ғана емес, жан дүниеңмен шынайы сену керек. Ата-ана баласының ісінің ішінде болу, көмек сұрағанда оған қолдау көрсетуі қажет. Бастаған істі орта жолдан тастап кетпей, түпкі нәтижесіне дейін күресуіне мүмкіндік жасаған жөн», – дейді Дана Қасиетқызы.

Хайдар Киікбайұлы үшін ғылым мен технология – тек техникалық жетістіктердің жиынтығы емес, қоғамдағы ең өзекті мәселелерді шешуге бағытталған күшті құрал. Ол айналасына бейжай қарамайды, әрдайым әлемдегі қиындықтарды көріп, соларды өзгертуге ұмтылады. Оның арманы – әлемде болып жатқан соғысты, кейбір елдердегі аштықты жою, адамзаттың өмір сүру сапасын жақсарту. Өз өнертабысы мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланып, әлемді жақсы жағына өзгертуді мақсат етеді.

Алайда, өз мақсатының жауабын Хайдар бірден дөп басып айта алмайды. Жасанды интеллектінің әлеуеті мен оның қоғамға тигізетін ықпалын терең түсіну әлі уақыттың еншісінде. Бірақ, бұл оның арманын жүзеге асыруға деген ынтасына тоқтау сала алмайды. Оның арман-ниеті айқын – жаңа технологиялар мен инновациялар арқылы әлемді өзгерту, ол үшін ғылым мен технологияны пайдалану.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жас өнертапқыштың өмірлік дағдысы мен тынымсыз ізденісі – тек өзінің асқақ мақсатына ұмтылған бозбаланың ғана емес, әр адам үшін ынта-жігер мен адал еңбек арқылы зор жетістіктерге жетуге болатынын көрсететін шынайы үлгі.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

https://atr.kz/

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here