Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Фараби» заманауи обсерваториясы ашылды. Еліміздің жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет іске қосылып отырған бұл орталық соңғы үлгідегі телескоптар арқылы таңғажайып аспан әлемімен танысып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндік береді.
Аталмыш нысан оптикасының диагоналы 12 дюйм және фокустық ұзындығы 3048 мм болатын «Meade LX90-ACF оқу» телескопымен жабдықталған. Сонымен қатар мұнда қолданбалы телескоптың үш түрі қойылған. Телескоптар Сатурн, Марс, Юпитер ғаламшарын және олардың серіктерін, жұлдыздарды, Айды, Күн жүйесіндегі өзге планеталарды, жақын ғарыштық денелерді бақылауға мүмкіндік береді.
«Фараби» обсерваториясы студенттерге тәжірибелік сабақтар өткізуге, жас ғалымдардың ғылыми зерттеулермен айналысуына арналған. Жаңа нысанда білім алушылар аспан денелерін бақылай алады. Бұл бастама ғарышты зерттей отырып, адамдардың ой-өрісін дамытуға ықпал етеді. Деректерді өңдеу, жинау және тарату, қашықтан басқару, фотометрлерді қолдану тәжірибесі жастардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесін жоғарылатып, алдағы уақытта ірі телескоптармен жұмыс істеулеріне жол ашады.
Алдағы уақытта обсерваторияда студенттер үшін тәжірибелік сабақтардың бір бөлігін өткізу жоспарланып отыр. Бұл тәсіл білім алушыларға далалық жағдайда білімдерін шыңдауға және еркін форматта сабақ оқулары үшін тиімді болмақ.
Дизайны күмбезді шатыр ретінде жасалған «Фараби» обсерваториясы ҚазҰУ қалашығындағы Әл-Фараби кітапханасының алдындағы ашық алаңға орналастырылған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі