«Қазақ» газетінің жеті томдығы жарық көрді

0
804

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы халқының азаттығы үшін отаршыл империямен алысып, саяси күрес майданына араласты. Басын бәйгеге тігіп, ұлтының қамын жеді. «Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» деп «Қазақ» газетін шығарды. Ұйқыдағы халқын «Маса» боп ызыңдап оятуға тырысты. Бір сөзбен айтқанда, «Тән көмілер, көмілмес  еткен ісім» деген Ұлт ұстазының халқы үшін еткен қызметі шаш етектен.

Ахмет Байтұрсынұлы шығарған ұлттық баспасөздің әліппесі болған «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Айқап» журналы енді оқырманға қолжетімді. Жұма күні Қонаев қаласының кітапханасында ұлттық басылым күнінде «Қазақ» газеті және ұлт зиялылары» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл күні «Қазақ» газетінің 266 нөмірі жарық көрген жеті томдықтың тұсауы кесілді. Айтулы шараға ұлт зиялылары, журналистер мен қаламгерлер және Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалы төрағасы Қанат Әбілқайыр, Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Кәдірбек Құныпия, Халықаралық «Алаш» сыйлығы лауреаты, ақын Бақытбек Бәміш, мәдениеттанушы Бердалы Оспан, жазушы Мәруана Хамзақызы, тарихшы Еркін Стамшал қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Айта кетейік, бұрын-соңды қазақ тілінде еш жерде жарияланбаған, отыз жыл бойы жинақталған тың мәлімет енген жинақтар көпшілік назарына ұсынылды. Жоба жетекшілері – алаштанушы ғалымдар Ғарифолла Әнес пен Сұлтан Хан Жүсіп. Бұл үлкен рухани еңбек «Ақ жол» партиясының қолдауымен іске асты.

«Елімізде тұңғыш рет шығып отырған «Қазақ» газетінің 7 томдығы, «Айқап» журналының 2 томдығы, «Сарыарқа» газетінің 1 томы, барлығы 10 томдықтың алғашқы тұсауын кесудің сәулелі сәті түскеніне де зор қуаныштымын. Жиырмасыншы ғасыр басында шыққан «Қазақ» газетінің көптомдық жинағының тұсаукесерін 111 жылдан кейін жиырма бірінші ғасырдағы «Қазақ үні» газетінің құрылтайшысы кесіп отырғанын жақсылыққа жорыдым», – деді ақын ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.

Рухани жиынды жүргізген «Қазақ» газетінің көптомдығын құрастырушы белгілі алаштанушы ғалым, филология ғылымының докторы, «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес: «Былтыр жазда депутаттық сапармен ел аралағанда белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне келген еді. Сол кезде айтқан өтініштеріміздің бірі осы «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы, «Сарыарқа» газетінің көптомдық жинағын шығаруға ықпал ету болатын. Енді міне, Алаш жолын ұстанған «Ақ жол» партиясының басшылары, Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Қазыбек Исаның қолдауының арқасында, «Ақ жолдың» мүшесі, алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Жүсіптің араласуымен сол аманатымыз іске асып, көптомдық жарыққа шығып отыр. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, өздерінің септігі тиген көптомдықтың тұсаукесеріне Қазыбек Исаның өзі тура келіп қалғаны өте дұрыс болды. «Ақ жол» партиясына көп рақмет, бірлесіп атқарар істеріміз де әлі көп», – деп өз ризашылығын білдірді.

Расында, төл тарихымызды тереңнен тартып түгендеу, тарихи ақтаңдақтарды ақтап алу, олардың есімдерін жаңғырту жолында атқарылар жұмыстар көп.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here