Ұстаздық еткен жалықпас…

0
2151

Мектеп – келешек ел басқарар, ел мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер, жеріне иелік етер, жасампаз жандарды тәрбиелейтін, бір ауыз сөзбен айтсақ, ұрпағымызды биік шыңдарға самғатып ұшыратын  қасиетті Ұя. Ал осы Ұяның басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Расында, ұстаз әр баланың сауатын ашып, білім жолына қалыптастырып, сол шәкіртінен тұлға дайындайды. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығамыз» деген қанатты сөз осындайда айтылса керек. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Тамыз кеңесінде ұстаздың әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға екендігін атап өтті. Олай болса, қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметте өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатқан ұстаз жайлы бір үзік сыр шертсем деймін…

Жақсылық атаулыны ішкі жан-дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімділік сынды мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім-шуағын төгіп тұратын ұстаздың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Өмірзақова Шынар Әлімханқызы.

Шынар Әлімханқызы 37 жылдай уақыттан бері ұстаздық жолында қажырлы еңбек етіп келеді. Өзі де жер жәннаты атанған Жетісу өңірінің тумасы. Бұрынғы Талдықорған облысы, Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылында 1963 жылы қыркүйектің 1-жұлдызында дүниеге келген.

1980 жылы А.С.Пушкин атындағы орта мектепті тәмамдап, І.Жансүгіров атындағы институттың «Педагогика-психология» факультетіне оқуға түсіп, аталмыш оқу орнын аяқтаған бойда туған ауылына оралып, Қарабөгет ауылдық «Тюльпан» балабақшасының меңгерушісі болып табаны күректей он жылға жуық қызмет етеді.

Шынар өзінің білімі мен біліктілігін ұштастыра отырып, іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түседі. Ұжымы мен ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген білгір басшы атанды. 1995 жылы балабақша өз жұмысын тоқтатуына байланысты Шынар Әлімханқызы еңбек жолын ауылдағы Әл-Фараби атындағы орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жалғастырады.

 Міне, сол күннен бері Шынар Әлімханқызы жоғарыда аталған білім ұясында құрметті ұстаздық еңбегін жалғастырып келеді. Мен, өзім де сол мектепте қызмет атқарған жылдары Шынармен кабинетіміз де көршілес болды, пәндеріміз де гуманитарлық бағытта болғандықтан мен бірлестік жетекшісі ретінде де, жай мұғалім ретінде де ол кісінің сабақтарына, сынып жетекші ретінде өткізген өте мағыналы да мәнді тәрбие сағаттарына талай мәрте қатысып, оның оқушыларына деген ыстық ықыласына, сабақ беру методикасына, жинақылығына, ұқыптылығына, талапкершілігіне сан рет тәнті болғам. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деуші еді ғой. Жақсы жандарға қарата айтылатын осы бір әдемі теңеу сөзге Шынар ұстаз да әбден лайықты дер едім.  

Шынар ұстаздың  балаға білім берудегі орасан еңбектері өзі алдына, оның сол шәкіртттерінің жеткен жетістіктерінің, олардың нәтижелі марапаттарының астарында көзге көрінбес қаншама күш-қуат, қаншама тер төгілгенін кез келген ұстаз бен кез келген білім иесі аңғарары сөзіз.

«Ұстаздың еңбегін ұлы ететін өзі емес, шәкірті» демеуші ме еді. Қалай  дәл тауып айтылған сөз! Бәйгеден оза шауып, «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім. Сол шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмау, шығармашылық еңбек жолында шәкіртіне қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу – ұстаз қызметінің ең биік шыңы!

Шынар ұстазымыз оқушыларын талай-талай аламан бәйгеге жіберіп, өзі тақымын қысып, шәкірттерін тағатсыздана күткенін, олардың нәтижелерін естігенде балаша қуанғанын көрсеңіз ғой! Риясыз шаттанып, риясыз қуанады шәкірті үшін.

* * *

Сөздің ретіне орай, Шынардың өзі оқытқан, өзі тәрбиелеген, өзі ғана баулыған сол шәкірттерінің жетістіктеріне де тоқтала кетсек деймін.

4-ші Республикалық «ІО» байқауында 10 сынып оқушысы А.Қайыркен 1-орын, Ж.Каналбекова, А.Есжан 2-орын, Д.Нұртай, Е.Бейсенбай 3-орын (2017);

Халықаралық «Бейбітшілік әлемі», «Мәңгілік ел – Қазақстаным»  атты оқушылар мен жасөспірімдер фестивалінде 8 сынып оқушылары: А.Асқарқызы мен Г.Тұрсынхан Бірінші Дәрежелі жеңімпаз дипломымен (2018);

Республикалық «Ойзерек» шығармашылық байқауында 10 сынып оқушылары: А.Даулетханова, А.Есжан, Ж.Каналбекова Бірінші орын (2019);

 «Алтын ғасыр» шығармашылық орталығы «Өлең – сөздің патшасы»  «Абай-175» атты Республикалық өнер байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша 7 сынып оқушылары: С.Солтан – 1-орын, Б.Тлектес – 2-орын, «Шығарма» жанры бойынша 11 сынып оқушысы А.Даулетханова 2- орын (2019 );

 «Ұстаз – ұлы тұлға» атты Республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында «Шығарма» жанры бойынша 10 сынып оқушылары М.Төкен 1-орын, ал «Көркем сөз» жанрында Г.Тұрсынхан 1-орын (2020);

«Ұлы Дала дарыны» атты Республикалық білім мен өнер байқауында көрсеткен айрықша өнері мен сапалы білімі үшін «Жас қаламгер» номинациясы бойынша «Бас жүлде» 9-сынып оқушысы Н.Ерболатқа бұйырса,  С.Солтан 1-орын  (2021);

Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы «Мың бала» интеллектуалды білім порталы Республикалық «Халықтар достығы – ел бірлігі» атты эссе байқауында 9-сынып оқушылары Н.Ерболат пен Б.Тлектес  1-дәрежелі дипломмен (2022) марапатталған.

Байқаудан жүлдесіз оралмайтын шәкірттердің тізімін бұдан әрмен де жалғастыра беруге болар еді. Алайда, біз кейіпкер-ұстазымыздың болмысындағы ізгі қасиеттерін ашуды жөн көрдік.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан». Абай хакім осылай деп, ұстаз дәрежесінің биіктігін нақтылай түседі. Расында, жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ өмірде дұрыс бағытынан таймасы анық. Біз жоғарыда есімдері аталған шәкірттердің жеңісі Шынар оқытушының жемісі екенін көреміз.

* * *

Осылайша Шынар Әлімханқызының шәкірт үшін тер төгіп, қиындықтан қашпай, өзіне жоғары талап қоятын талапшыл мұғалім екендігін көреміз.  Ұстаз еңбегі ескерусіз емес. Атақ-даңқтан кенде емес. Бір басынан асып-жығылатын марапаттары жетерлік. Соның ішінен бірнеше құрметтерін қадап-қадап атап өтелік.

Сарқан аудандық әкімдігі «Құрмет» грамотасымен;

Қазақстан Педагогтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілген Республикалық «Үздік педагог-2017» байқауында Дипломмен және «Мағжан Жұмабаев» атындағы төсбелгімен;

Республикалық «Нұрлы болашақ» қазақ тілі пәні олимпиадасында Алғыс хатпен;

Республикалық зияткерлік олимпиада. Республикалық қазақ тілі пәнінен ұстаздар арасында олимпиадаға дайындағаны үшін Алғыс хатпен;

Республикалық қазақ тілі пәнінен ұстаздар арасында өткен олимпиадада 2-дәрежелі Дипломмен;

Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы «Мың бала» интеллектуалды білім порталы Республикалық «Шежіре сыр шертеді», «Халықтар достығы – ел бірлігі» атты байқауларына өз шәкірттерін белсенді қатыстырып, білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хат және  ҚР БҒМ Республикалық «Мұқағали оқулары» конкурсына жеңімпаз тәрбиелеп, белсенділік танытқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Сондай-ақ, Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы «Мың бала» интеллектуалды білім сайтының ұйымдастыруымен өткен білім саласы қызметкерлеріне арналған «Талантты мұғалім-2020» атты шығармашылық байқауына «Үздік сабақ жоспары» номинациясына қатысып, үздік нәтиже көрсеткені үшін 1-орынды иемденді. 

Ал А.Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы Абайды ұлықтау – ұрпақ міндеті» атты Республикалық өнер мен білім конкурсына қолдау білдіріп, ақыл-ойдың кені болған ұлы Абайды пір тұтып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне және өнер мен білім саласында жас дарындардың шеберлігін шыңдауға атсалысқаны үшін «Үздік педагог» Дипломы табыс етілді.

Шынар Әлімханқызы баспасөз беттеріне де белсенді. Өз тәжірибесін оқырмандарымен бөлісіп жатады. Ұстаздар қауымына арналған республикалық басылымдарда білікті оқытушының «Шұғаның белгісі» («Білікті ұстаз» журналы), «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» («Тағылым» журналы) атты ғылыми-танымдық үлкен еңбектері және облыстық, аудандық басылымдарда күн тәртібіндегі тақырыптар бойынша жазылған келелі мақалалары жиі жарияланып тұрады.

* * *

Ұстаздың ізін қуып, мұғалім мамандығын таңдаған ізбасарлары да баршылық. Осындай ұлағатты ұстаздан тәлім алған сүйікті шәкірттері Данекерова Маржан, Мұхамедкалиева Самал, Сәдет Ықылас апайлары  сияқты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері болса, шәкірті Төлеубай Айымгүл осы мамандық бойынша білім алуда.

* * *

Бақытын еңбектен тапқан ұстаз отбасылық өмірде де бақытты – адал жар, ардақты ана. Өмірлік жолдасы Аққубек екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген, немере көрген үлгілі жанұя.

Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбегің еселене берсін. Әлі де қанатың талмай, алар асуларың көп болып, қызығы мен шыжығы қатар жүретін қадірлі қызметіңде шығармашылық табыстарың ортаймасын!  

«Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті»  дегендей, атыңды Ай-әлемге паш ететін талантты да білімді шәкірттерің көбейе берсін!

Сондай-ақ, биылғы оқу жылында мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы тұрған сыныбыңа Ақ жол тілей отырып, солардың алар биік асуларына марқайып, қуанышқа бөлене бер деген жүрекжарды лебізімді жеткізгім келеді.

Р.К.АМИРЕНОВА,
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Алматы облысы,
Сарқан ауданы,
Қарабөгет ауылы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here